Instagram-дағы кез келген тұсаукесердің видеосын алып қараңызшы. Үстіне шапан киіп, қолына қайшы ұстаған ер азамат, ұлттық киімдегі бала және әдемілеп тізілген заттардың ортасында жатқан домбыраны байқайсыз. Бірақ кадрға сәл тереңірек үңілсеңіз, бірқатар сұрақ туындайды. Жерге не үшін заттарды тізіп қояды? Бұл бізге қайдан келді? Тұсауды қандай жіппен кесіп жатыр? Тағысы тағы бар. Tamga Media этнографпен тілдесіп, дәстүрдің ұмыт болған және кейін пайда болған тұстары жайлы сұрап білді.
Тұсаукесердің мәні неде?
Түркі халықтарының дүниетанымында адам тағдыры көбіне жіппен байланыстырылған. Тұсаукесер салты да осы түсініктен туған. Оның негізгі мақсаты – баланың жолын ашып, болашағына ақ тілек айту.
Қазақ этнографиясында бұл дәстүр XIX ғасырдан бастап жазба деректерде кездеседі. Оны Шоқан Уәлиханов та, Радлов экспедициясының зерттеушілері де сипаттап жазған. Алайда оның тарихы одан әлдеқайда тереңде жатыр.
Қазақ халқы әр адамның туғаннан бастап жанында жүретін «құты», яғни өмірлік қуаты болады деп сенген. Тұсаукесер осы қуаттың бала бойына толық орнығып, оның алғашқы қадамын нық басуына жол ашатын рәсім ретінде қалыптасқан.
Бұлбұл Кәпқызы, тарихшы, этнограф:
«Қазақта бала тұсауы кесілгеннен кейін ғана жүреді деген түсінік болмаған. Тұсауы кесілмесе де бала өздігінен жүріп кетеді. Бірақ халық арасында “тұсауы кесілмеген бала сүріншек болады” деген сенім бар. Сондықтан бала тәй-тәй басып, жүре бастағанда оның тұсауын кескен».
Тұсауды үш түрлі жіппен үш рет қию керек пе?
Тұсаукесерге ұқсас салттар Еуразияны мекен еткен басқа көшпелі халықтарда да, мысалы, моңғолдарда, башқұрттарда және туваларда кездеседі. Бірақ қазақ дәстүрінің ерекшелігі – тұсаудың қандай материалдан жасалғанында.

Тұсаукесер әр өңірде әртүрлі өтеді: бір жерде тұсауды бір рет кессе, кей өңірде ала жіп, көк шөп және тоқ ішек пайдаланып, кезекпен үш рет кеседі. Ал қалаларда көбіне ақ және қара жіппен ғана шектеліп жатады. Мұның себебі – уақыт өте келе түрлі жоралғының араласып кетуі. Дегенмен негізінде бұрынғы қазақтар ала жіп, көк шөп және қойдың тоқ ішегін бірге өріп, бір-ақ рет кескен. Яғни, салттың ішкі мәні сақталғанымен, сыртқы сипаты өгерген.
Бұлбұл Кәпқызы, тарихшы, этнограф
«Бала өмірдің ақ-қарасын танысын, қуанышы мен ренішінде де сүрінбесін деп тұсауды ала жіптен өрген. Көк шөптей көгеріп, өсіп-өнсін деген ниетпен көк шөпті қолданған. Ал өмірі тоқ, майлы-жайлы әрі бай болсын деп қойдың тоқ ішегімен кескен. Негізінде тұсауды айтылғанның арасындағы біреуін ғана қолданып кесу қате емес, тек үш рет қию – кейіннен ел арасында қалыптасқан жаңсақ түсінік».
Баланың алдына зат қою қайдан шықты?
Мұндағы мақсат – бала өзіне ұнаған затты ұстап, болашақ мамандығын өзі таңдасын деген игі ниет. Алайда бұл жоралғының қазақтың байырғы дәстүріне ешқандай қатысы жоқ екен.
Бұлбұл Кәпқызы, тарихшы, этнограф
«Тұсау кескенде баланың алдына зат қою қазақтың төл салтында атымен болмаған. Бұл – бізге корей мәдениетінен келген ырым. Оларда баланың таңдаған затына қарап, болашағын жоритыны бар. Біз осы жоралғыны өз тұрмысымызға икемдеп, арасына домбыра мен қамшыны қосып, өзіміздікі етіп сіңіріп алғанбыз. Әйтпесе, ата-бабамыз бұлай істемеген».

Корей халқы сәби бір жасқа толғанда «дольджабы» салтын өткізеді. Оның шарты дәл осындай: баланың алдына түрлі дүние қойылады, содан алғаш ұстаған затына қарап, оның келешегін болжайды. Жіп ұстаса – ғұмыры ұзақ болады, ақша алса – байлыққа кенеледі, кітапқа ұмтылса – білімді болады деп ырымдаған. 1937 жылы Қазақстанға жер аударылған корейлер бұл үрдісті өзімен бірге ала келген. Уақыт өте келе, осы ырым қазақтың тұсаукесерімен бітеқайнасып, сіңісіп кетті. Қазір бұл жайттың төркінін білетіндер өте аз.
Тұсауды кім кесуі керек?
Бүгінгі той-думанда тұсау кесу мәртебесі көбіне елге белгілі, абыройлы адамдарға депутаттарға, әкімдерге, танымал спортшыларға немесе бизнесмендерге беріліп жүр. Мұндағы мақсат та түсінікті: ол адамның лауазымы неғұрлым жоғары болса, балаға соғұрлым көп бақ-дәулет дариды деп сенеді. Алайда этнографтар бұл түсініктің кейіннен мүлдем өзге арнаға бұрылып кеткенін айтады.
Ежелгі талап мүлдем басқаша еді. Ол заманда адамның лауазымы мен шеніне емес, оның тағдырына, мінезіне және жүріс-тұрысына қараған. Яғни сол адамның жер басып жүргендегі аяқ алысы маңызды болған.
Бұлбұл Кәпқызы, тарихшы, этнограф
«Ертеде тұсауды тек әйел адамға кестірген. Ол үшін ауылдағы жүрісі нық әрі ширақ, қимылы ылдым-жылдым, көп бала өсіріп-өндірген, сыйлы келіншектерді арнайы шақыратын. Ал кей өңірде балаларды жарыстырып, бәрінен озып келген ұшқыр балаға қиғызған. Ал тұсауы кесілген баланы екі жағынан жүрісі жеңіл, пысық балаларға жетелеткен. Қазақ ырымшыл халық болғандықтан, тұсау кесетін адамның өмірі таза, төрт құбыласы тең, жан-жағына сыйлы, отбасы бүтін болуын қадағалаған. Ал өмірде жолы болмаған, жесір қалған немесе ажырасқан адамдарға тұсау кестірмеген. Әрине, ондай жандардың көңіліне қаяу түсіріп, қоғамнан шеттетпеген, бірақ мұндай игі жоралғыларға олардың өздері де көп жоламауға тырысқан».




