EdTechБілімБаланың мектепке дайын екенін қайдан білеміз?

Баланың мектепке дайын екенін қайдан білеміз?

28 тамыз 2026
4 мин
"Эфирде Аека" сериалынан үзінді | Фото: Balapan TV

Кейде ата-аналар баласы 6 жасқа толар-толмас мектепке беруге асығады. Ең жақсы мектеп пен білікті мұғалімді іздейді, ең сапалы оқу құралдарын сатып алады. Тіпті баланы он түрлі үйірмеге жазып, уақытын минуттап жоспарлап қоятындар да бар. Бірақ, өкінішке қарай, бұлардың бірі де баланың мектепке психологиялық тұрғыдан дайын екеніне кепілдік бере алмайды. Ал оқудағы ең басты фактор — баланың іштей толысып, дайын болуы екенін жиі ұмытып кетеміз.  Осы орайда біз бұл мәселенің ақ-қарасын айырып, баланың мектепке шынымен дайын екенін және ол үшін қандай дағдылар қажет екенін сараптап көрдік. 


Тек әріп тану жеткіліксіз: мектеп нені талап етеді? 


Перзентін мектепке берген көп ата-ана баласының үлгерімі төмен екеніне, дұрыс жаза алмайтынына, тыңдамайтынына, есте сақтау қабілеті төмендігіне шағымданады. Сөйтеді де, бәрін баланың еркелігіне жабады немесе ұстазды кінәлайды. Ал керісінше, «балам 5 жаста, әріп таниды, есеп шығара алады» деп, ерте жастан баласын мектепке жіберетін ата-аналар да кездеседі. Алайда баланың әріп пен сандарды білуі оның мектепке психологиялық тұрғыдан толық дайын екенін білдірмейді. 


Сарапшылардың айтуынша, мектеп табалдырығын аттайтын баланың бойында, ең алдымен, мынадай базалық дағдылар қалыптасуы тиіс:  

  • Тәртіп пен зейін: 45 минут бір орында отыру, мұғалімнің нұсқауын орындау, тапсырманы соңына дейін жеткізу.

  • Эмоциялық интеллект: өз ойын сөзбен жеткізу, қателікке сабырмен қарау, сәтсіздікке төтеп беру.

  • Тұрмыстық дербестік: өздігінен киіну, тамақтану және дәретханаға бару.

Егер бала бұл іс-әрекеттерге іштей дайын болмаса  «мектепке бармаймын» деп байбалам салады, оқуға деген қызығушылығы жоғалады. 


Баланың мектепке дайын емесін қалай білеміз? 


Егер бала:

  • ойындағысын жүйелі түрде жеткізе алмаса;

  • қойылған сұрақтарға тек қысқа жауап берсе;

  • оқыған немесе тыңдаған ақпаратын өз сөзімен түсіндіре алмаса, тез ұмытса;

  • бір істі ұзақ уақыт көңіл бөліп істемесе;

  • тапсырманың шартын бірнеше рет сұрай берсе мектептегі оқу оған айтарлықтай қиындық тудыруы мүмкін. 

Сондай-ақ бала кезегін күте ала ма, өзгенің сөзін бөлмей тыңдай ма, қажет кезде көмек сұрай ала ма, осыған да назар аударған жөн. 


Ата-ананың назарына


Баланы мектепке дайындау — оны партаға отырғызып қойып, құр әріп пен санды жаттата беру емес. Ең алдымен, баланың сөздік қорын байытып, өз эмоциясын тізгіндей білуіне көмектесу қажет. Оның нәзік жүйке жүйесін жаңа ортаға, үлкен оқу жүктемесіне жұлмаламай, біртіндеп бейімдеген абзал. Сондықтан мектепке баруға шешім қабылдарда баланың төлқұжаттағы жасына емес, оның психологиялық, әлеуметтік және танымдық тұрғыдан қаншалықты пісіп-жетілгеніне қарау өте маңызды. Бір бала 6 жасында жаңа ортаға судай сіңіп кетсе, екіншісіне тағы бір жыл үйде ойнап, буынын қатайтып алу әлдеқайда пайдалы болуы мүмкін.


АҚШ ғалымдары 900-ден астам баланың деректерін талдап, олардың мектепке қабылданған жасындағы оқу үлгерімі мен эмоционалдық дамуын зерттеген. Нәтижесінде мектепке жасы үлкенірек кезде барған балалардың оқу үлгерімі жақсырақ болған. Олар сөздерді тану, есептерді шығару, сөйлемдерді есте сақтау және сөздік қоры жағынан да әлдеқайда ілгері болған. Зерттеушілер баланың қай жаста мектепке барғаны оның оқудағы жетістігін шешетін жалғыз немесе ең басты фактор емес екенін кесіп айтты. Өйткені баланың сабаққа ынтасы мен үлгеріміне, ең бірінші кезекте, отбасындағы жылы қарым-қатынас, ата-ананың мейірімі мен күтімі, жеке қабілеті тікелей әсер етеді екен.  


Баланы мектепке қалай дайындаймыз? 


Баланың ерік-жігері әлсіз екенін, гипербелсенді, есте сақтауы нашар, өзге балалармен бірден тіл табысып кете алмайтынын біліп, не істеймін деп ойланып жүрсеңіз, баланың қажеттілігіне қарай үйірме таңдаңыз. 


2025 жылғы жүйелі ғылыми шолулар белсенді спорт пен ойындардың мидың атқарушы функцияларын (жоспарлау, назарды ұстау, өзін бақылау) күрт дамытатынын дәлелдеді. 


Мысалы шахматқа, тоғызқұмалаққа баратын баланың логикалық ойлауы дамиды. Бала бірнеше жүрісті алдын ала ойлайды, ережені есте сақтап, шешім қабылдайды және назарын бір іске шоғырландырады.  


Би кезінде бала музыканы тыңдап, қимылдардың ретін есте сақтап, денесін музыка ырғағына сай қозғалтады. Бұл музыканы тыңдап білу, қимыл үйлесімін, зейін және дене қозғалысын бақылау функциясын іске қосады.


Дзюдо, каратэ, күреске баратын балалар қозғалыстар мен ережелерді есте сақтап, байыппен әрекет етеді. Олар қарсыласын зерттеп, келесі қимылын алдын ала ойлауға тырысады. Бұл баланың назарын шоғырландырып, өзін-өзі бақылау дағдысын дамытуға көмектеседі. Бала көп күш жұмсаса, бойындағы гипербелсенділік азаяды.  


Баскетбол, футбол ойнайтын балалар да бір уақытта бірнеше нәрсені назарында ұстау керек. Ойыншылардың қозғалысын, допты, кеңістікті бір уақытта қарап та, ойлап та тұру керек. Бұл мида көп ақпаратты қабылдауға және өңдеуге көмектеседі. Баланың есте сақтау қабілетін жақсартады. 


Баланың зейінін арттыру үшін үстел теннисіне де беруге болады. Ғалымдар ADHD (зейін тапшылығы және гипербелсенділік бұзылысы) бар балаларға зерттеу жүргізген. 12 апталық үстел теннисі жаттығуларының әсерінде балалардың атқарушы функциялары жақсарған. Бұл дегеніміз қозғалыс пен ми жұмысын талап ететін спорт түрлері бала дамуына айтарлықтай үлес қосады.  


Баланың бос уақыты да болу керек


Австралиялық ғалымдар 5 жасқа дейінгі 2 мыңнан астам балаға зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, ересектердің нұсқауынсыз еркін ойнауға уақыты бар балалар өсе келе өз эмоциясы мен мінез-құлқын әлдеқайда жақсы басқаратыны анықталған.


Мектепке дайындық — бұл баланы таңнан кешке дейін репетиторға немесе үйірмеге тықпалау емес. Балаға «енді немен айналысқың келеді?» деп таңдау беру — оның дербестігін қалыптастырады.


Ата-аналарға кеңес


Бала жазудан жалықпау үшін қол жаттығуларын аз уақыттан жиі-жиі жасау керек. Мысалы ермексазды илеу, моншақ тізу, қағазды жырту немесе бүктеу. Бұлар саусақтардың дәл қимылына көмектеседі.


Сондай-ақ нүктелерді қосуға арналған арнайы дәптерлер алып, баланы жазуға ынталандыру керек. Қаламды қатты қыспауына, күш жұмсамай жазуына баса назар аударған жөн.


Күнделікті үйде:

  • баламен сөйлесу;

  • ертегі оқып, «кейіпкер неге бұлай істеді?» деп сұрау;

  • бастаған жұмысты соңына дейін бітіруге үйрету;

  • өз киімін кию, заттарын жинау сияқты тұрмыстық әрекеттерді өзі орындауына мүмкіндік беру;

  • жеңілгенде немесе қателескенде сабыр сақтауға үйрету керек. 

Мектепке дайындық — академиялық білім емес, ең алдымен эмоционалды интеллект пен бейімделу қабілеті. Баланың тыңдай білуі, өз ойын жеткізуі және сәтсіздікке сабырмен қарауы сабақ үлгерімінен әлдеқайда маңызды. Оны дамытудың ең тиімді жолы — күнделікті ашық әңгіме мен еркін ойын. 

Бөлісу:

Баланың мектепке дайын екенін қайдан білеміз? — Tamga media