МәдениетТұлғалар«Балаларым бұл мамандықты таңдағанын қаламас едім»: Қазақстандағы ең танымал каскадермен сұхбат

«Балаларым бұл мамандықты таңдағанын қаламас едім»: Қазақстандағы ең танымал каскадермен сұхбат

25 маусым 2026
5 мин
Своих детей в эту профессию я бы не отдал»: интервью с самым известным каскадером Казахстана
Фото: Жайдарбек Күнғожинов | Жеке архивінен

Экшен-фильмдерді бәріміз атыс-шабыс, төбелес пен қауіпті трюктері үшін жақсы көреміз. Мұндай сахналар адамды бірден баурап алады. Бірақ экрандағы жұлдыздардың орнына аттан құлап, көлікпен қабырғаға соғылып, отқа оранып жүрген кімдер екенін екінің бірі біле бермейді. Экрандағы небәрі бірнеше секунд әдемі кадрдың артында қанша күнге созылған дайындық, талай жарақат пен үлкен қауіп тұр. Көрермен жүзін де танымайтын бұл жандар киноға жан бітіріп тұр. Олар болмаса, фильмдегі көріністерге ешкім сенбес еді. 

Tamga Media «Монғол», «Көшпенділер», «Томирис», «Мулан» сияқты фильмдерде жұмыс істеген Қазақстанның Nomad Stunts тобының жетекшісі, каскадер Жайдарбек Күнғожиновпен сұхбаттасты. Ол алған жарақаттары, қорқынышы, шетелдегі жұмысы және бұл кәсіптің неліктен қызық әрі қиын екенін айтып берді.


– Бұл мамандыққа қалай келдіңіз?


– Кездейсоқ дер едім. Кеңес Одағы тарамай тұрып, ағаларыммен бірге Мәскеу циркінде істедім. Америкаға, Канадаға, Африкаға гастрольге барып, ат құлағында ойнап, трюк жасадық. Одақ тараған соң Қазақстанға қайттық. Ресейден аттарымыз бен костюмдерімізді сатып алдық. Ол кезде заман қиын болды, тіпті жем-шөп те табылмады. Қазақстандағы цирк бұндай жағдайға дайын болмады, сондықтан аттарды бағу үшін қосымша жұмыс іздедік.


Сол уақытта бізде Югославияның «Дербіш туралы аңыз» жобасы түсіріліп жатыр еді. Олар: «Атқа жақсы мінеді екенсің, одан құлай аласың ба?» деп мені шақырды. Түсірілім Медеу жақтағы тауда өтті. Басында маған бұл жұмыс ұнамады: бір түн бойы дайындалып, келесі түні түсірілімге баратынбыз. Таңға жуық әбден шаршап қайтатынбыз. Ақшасы да аз болды, тек қызыққаным үшін істедім. Ол кезде маған цирк ұнайтын, өйткені онда бәрі түсінікті әрі таза жерде жұмыс істейтінбіз.


– Бірінші трюгіңіз есіңізде ме?


– Иә, дәл осы аттан құлау еді. Циркте біз, керісінше, құламауға үйренгенбіз. Кейде байқаусызда құлап жататынбыз, бірақ жерге әдейі құлау – мүлдем бөлек нәрсе.


Өзіңді әдейі құлату да оңай емес. Соған қарамастан, бұл – ең жеңіл трюктердің бірі. Ең бастысы, денеңді дұрыс жинап, қол-аяқ пен бұғананы қорғау, әйтпесе олар тез сынып кетеді.


– Жұмыста қорқыныш көмектесе ме, әлде кедергі ме?


– Кедергі жасайды. Қорқып кетсең, денең тартылып, сіресіп қалады. Ал мұндай күйде жарақат алу оңай. Әрине, қорқыныш әрдайым болады, бұл – қалыпты нәрсе, бірақ оны бақылай білу керек. Мүлдем қорықпаған да қауіпті.


– Өміріңізге шынымен қауіп төнген сәттер болды ма?


– Иә, қиын трюктер жасағанда және айналаңда адам мен ат көп болатын сахналарда сондай сезім болады. Негізі жануарлармен жұмыс істеу қашанда қауіпті, өйткені олардың не істейтінін болжай алмайсың. Мысалы, сен жерде жатасың, ал үстіңнен аттар шауып өтіп жатады. Сондай сәтте жағдайдың кез келген уақытта бақылаудан шығып кететінін түсінесің.


– Жұмысыңыздағы ең ауыр жарақат қандай болды және қалай қалпыңызға келдіңіз?


– Жарақат көп болды: қол-аяғым да, қабырғам да сынды. Ең ауыры – омыртқаның сынуы, оны екі рет сындырып алдым. Қазір арқамда металл тұр, екі омыртқам бұрандамен бекітілген. Біздің жұмыста үнемі қозғалыстасың: жаттығасың, төбелесесің, аттан құлайсың, отқа оранасың. Сосын кенет жарақат алып, бір ай жатып қалғанда психологиялық тұрғыда өте ауыр тиеді. Басқалармен бірге жұмыс істеп, жаттыққың келіп тұрады. Сондықтан емделгенде команданың қолдауы маңызды. Олар хабарласып, түсірілімнен видео жіберіп тұрса, жұмыстан шеттеп қалмағандай сезінесің. Негізі каскадерлер тез жазылады. Мысалы, мен омыртқам сынып тұрса да, Тимур Бекмамбетовтің «Дневной дозор» фильмінде жұмыс істедім. Режиссер жобада қалуымды өтінген соң, орындықта рациямен отырып, каскадерлер тобын басқардым. Үндістанда да осындай жағдай болды. Қорғаныш кеудешесін тым қатты тартып байлап, омыртқамды екінші рет шытынатып алдым. Кейін аяғым жансыздана бастаса да, шыдап, бір ай бойы жұмысты соңына дейін жеткіздім. Тек үйге қайтқан соң ғана емделдім.


– Трюк жасаудан бас тартқан кездеріңіз болды ма?


– Ешқашан бас тартпаймыз деуге  болады. Ашықтан-ашық өлімге бас тігетіндей қауіпті болса ғана, трюкті басқаша жолмен жасауды ұсынамыз.


– Күрделі трюктерге қалай дайындаласыздар?


– Трюкті жасамай тұрып, оны бірнеше рет қайталап көреміз. Оның әсерлі әрі қауіпсіз шыққаны маңызды. Дайындықсыз жұмыс істеуге болмайды, әйтпесе жарақат алуың мүмкін. Әсіресе үлкен шайқастар мен аттар бар сахналарда қауіп өте жоғары, сондықтан оған ерекше дайындаламыз.


– Экранда бірнеше секунд болатын көрініске қанша уақыт кетеді?


– Әртүрлі. Кейде бір сахнаны бір-екі сағат түсіреміз. Егер трюк өте күрделі болып, оны әртүрлі қырынан түсірсе, бір жарым-екі сағат уақыт кетеді. Өйткені оны бірнеше рет қайталау керек.


– Кино каскадердің шынайы жұмысын бұрмалай ма?


– Графика, керісінше, сахнаны күшейтіп, оны әсерлі ете түседі. Бірақ біз бәрін тірідей жасауға тырысамыз. Мен каскадерлер арасындағы «Оскар» саналатын халықаралық Taurus сыйлығын дәл осы еңбегім үшін алдым. Ол жақта тек шынайы жасалған трюктерді бағалайды.


Әрине, кейде жасаған трюктеріміз монтажда қиылып кетеді. Шамамен жұмысымыздың 10-20%-ы өшіріледі, өйткені режиссерлерге сюжет маңыздырақ. Бұрмалау деген осы болар, мұндайда тек «қап, әттеген-ай» деп қаласың.


– Қазақстандағы каскадерлердің деңгейін қалай бағалайсыз?


– Өз командам туралы айтайын. Біз Германияда, Сауд Арабиясында, Оңтүстік Кореяда жұмыс істедік. Қазір Американың жобасына дайындалып жатырмыз. Бұл – халықаралық деңгей.


Шетелден бізге арнайы каскадерлер үшін келеді. Жалпы деңгейіміз өсіп жатыр. Тек кино емес, жарнамаға да түсеміз. Жігіттер экшен-оператор болып, төбелес сахналарын өздері де түсіре бастады. Тек бізде шетелге қарағанда ақша аз төленеді, содан кейін көбі сыртқа кетіп жатады.


– Біздің мамандардың халықаралық аренаға шығуға мүмкіндігі бар ма?


– Батыста жүйе өте қатал. Ол жақта таныс-тамырмен немесе келісіп жұмысқа кіре алмайсың. Тек нәтижеге қарайды: не істедің әрі алда не көрсете аласың, бастысы – осы.


Нәтиже болмаса, бұрын қандай болғаныңа қарамастан, сені бірден ысырып тастайды. Біздің кино мен шетел киносының басты айырмашылығы да осы шығар. Ол жақта қаншалық мықты болсаң да, бәсеке бірінші орында. Сондықтан нарықта қалу үшін біз де деңгейді көтеріп, талантты жігіттерді жинауға және трюктерді барынша күрделі етуге тырысамыз.


– Қазір елдегі киноиндустрияға не жетіспейді?


– Халықаралық бірлескен жоба аз. Қазақстанға ірі шетел компанияларын тартпайынша, өз қазанымызда өзіміз қайнап жүре береміз.


Шетелдік кино компанияларын тарту үшін көптеген елдерде арнайы қолдау жүйесі бар. Мысалы, Мароккода шетелдік студиялар фильм түсіруге жұмсаған қаржысының 25%-ын мемлекет қайтарады. Соның арқасында олар өз жобаларын осы елде түсіргісі келеді.


Бұл мемлекетке де тиімді: елге қомақты бюджет келеді, жергілікті мамандар жұмысқа тартылады, олардың тәжірибесі артады. Сонымен қатар киноиндустрия мен туризм де дамиды.


Бізде дәл осындай қолдау жетіспейді. Мемлекет киноны тек өнер емес, табыс әкелетін маңызды бизнес ретінде қарастыруы керек.


– Жұмысыңыз отбасыңыз бен жақындарыңызға қалай әсер етеді?


– Жұбайым кезінде менімен бірге циркте істеген, кейін қыз дублерлер жетіспеген соң каскадер болды. Қазір алған жарақатына байланысты бұл іспен айналыспайды.


Төрт баламыз бар – екі қыз, екі ұл. Үлкені менімен бірге жұмыс істейді, талай жобаға қатысып үлгерді. Тіпті екеуіміз үздік каскадерлер ретінде Голливуд актерлер ассоциациясының номинациясын бірге алдық.


Отбасым үйреніп кеткен. Әрине, жарақат алып қалсам уайымдайды, қолдайды, бірақ бұл кәсіптің қаупі мен қиындығы қатар жүретінін жақсы түсінеді.


– Сіз үшін бұл кәсіпте не маңыздырақ: ақша ма, адреналин бе, әлде еңбегіңіздің бағаланғаны ма?


– Еңбегіңнің бағаланғаны маңызды – бұл алдыңа қойған мақсаттарыңа жеткеніңді көрсетеді. Негізі көбіне ақша үшін жұмыс істемеймін. Иә, отбасым мен командамды асырау үшін ақша керек қой. Бірақ кейде алдағыны ойлап, сені байқап, еңбегіңді көрсін деп те істейсің.


Сол үшін де жас режиссерлерге жиі қол ұшын созып тұрамыз, трюктерді тегін немесе тиын-тебенге жасап беретін кездер болады. Адреналин де солай, біз онымен өмір сүреміз. Тіпті кейде жігіттердің өзі жұмыс істегісі келіп, тегін болса да жобаларға сұранып жатады.


– Өзіңіз ешқашан бұзбайтын ішкі ережелеріңіз бар ма?


– Тәртіп. Тек қана тәртіп. Жұмыстың негізі – осы. Бұл мамандықта тәртіпсіз мүлдем болмайды, өйткені жарақат алып қалу оп-оңай. Өзім де уақытқа өте ұқыпты адаммын, кешіккенді немесе жоспардың бұзылғанын қаламаймын.


Біз қол қусырып, демалып отыра алмаймыз, үнемі жаттығып, бабымызда жүруіміз керек. Бізде бәрі әскердегідей: қатал тәртіп пен басшыға бағыну.


Командада қыздар болса да, түсірілім алаңында ешкімді бөліп-жармаймыз – бәрі тек каскадер. Ешқандай жеңілдік жоқ, бәрі тең дәрежеде жұмыс істейді.


– Бұл мамандық сізге адам ретінде не берді?


– Өзімді табуға көмектесті. Бала кезден, тіпті мектепте жүргенде де бәрін өзгеше істеп, ерекшеленіп тұратынмын. Соңында бұл мінезім мені каскадер етті. Қысқасы, осы саладан өз орнымды таптым.


– Каскадерлерде жас шектеуі бар ма?


– Әрине бар, бірақ көп нәрсе адамның өзіне байланысты. Әркімнің денсаулығы, ағзасы әртүрлі ғой. Менің командамда әлі күнге дейін жұмыс істейтін 65-69 жастағы кісілер бар. Тек жасы келген соң, сіңірлері мен сүйектері сыр бермесін деп, оларға ауыр трюктерді бермеуге тырысамын. Ал кейбіреулер алған жарақаттарының кесірінен 40 жастан асқанда-ақ жұмысын тоқтатып жатады.


– Жұмысыңызды тоқтатқаннан кейін өзіңізді кім ретінде көресіз?


– Мен бұл кәсіпті тастаймын деп ойламаймын. Әлі істейтін шаруа көп. Қазір түсірілімдерді үйлестіріп, жүріп-тұруы үшін үлкен ұлымды дайындап жатырмын. Бірақ өзім де шетте қалмаймын, көмектесіп, жаттықтырып, жөн сілтеп отырамын. Өзімді бұл мамандықтан тыс елестете алмаймын. Соңына дейін жұмыс істей беремін.


– Балаларыңыздың осы жолды таңдағанын қалайсыз ба?


– Төрт балам бар, екеуі әлі кішкентай. Шынымды айтсам, каскадер болғандарын қаламаймын. Жарақаты көп, өте қиын жол. Үлкен ұлым талай жарақат алды, тіпті есін жоғалтқан кездері болды. Жұбайым да тізесіне ота жасатса да, әлі күнге дейін ақсаңдап басады. Балаларыма мұндай тағдыр тілемеймін. Ал үлкен ұлым бұл жолды өзі таңдады. Әскерден келген соң: «Әке, маған бір жыл бер, жұмысымды өзің көріп, бағала», – деді. Негізі ол бес жасынан, сонау «Көшпенділерден» бастап түсірілім алаңында өсті, «Монғолда» да дублер болды. Өзі талантты. Бірақ әке ретінде мен оның каскадер емес, координатор болғанын қалаймын. Себебі біздің жұмыста баспен ойлау керек — команданы басқару, бәрін жоспарлау, адамдарға жауап беру оңай шаруа емес. Бұл екінің бірінің қолынан келмейді.


Негізі бұл мамандықтың қызығы көп, үнемі бабыңда жүресің. Бірақ қауіп-қатері де аз емес, сондықтан бала үшін уайым бәрібір басым.

Бөлісу: