Денсаулық●Дене●Балалардың тілі неге кеш шыға бастады?

Балалардың тілі неге кеш шыға бастады?

30 маусым 2026
5 мин
Фото: Pexels

Бүгінде балалардың кеш сөйлеуі мен сөйлеу қабілетінің бұзылуы әлемдегі өзекті мәселелердің біріне айналды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде 50 миллионнан астам баланың дамуында, соның ішінде сөйлеуінде қиындықтар бар. Өкінішке қарай, олардың барлығына бірдей қажет көмек берілмейді. Осы мәселені тереңірек түсіну үшін Tamga Media 14 жылдық тәжірибесі бар логопедпен сөйлесіп, ғылыми зерттеулер мен нақты деректерге сүйеніп, балалардың сөйлеуіне қатысты маңызды сұрақтарға жауап іздеді.


Оқу-ағарту министрлігі редакциямызға берген мәліметіне сүйенсек, қазір Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) есебінде 18 жасқа дейінгі 78,1 мың бала бар. Мамандар кейінгі жылдары көмекке жүгінетін балалар саны айтарлықтай көбейгенін айтады. Бұл тек ата-аналардың бала дамуына көбірек көңіл бөле бастағанымен байланысты емес. Мәселенің артында басқа да маңызды себептер тұр. 


Айгерім Мухамедгалиева, логопед, психолог: 

«Меніңше, мұның негізгі себептерінің бірі – қазіргі жас ата-аналардың цифрлық технологияларға шамадан тыс тәуелді болуы. Соның салдарынан балаға азырақ көңіл бөледі. Ал баланың өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірі – 1,5 пен 2 жас аралығы. Дәл осы уақытта баланың сөйлеу қабілеті, ойлау жүйесі және қоршаған ортамен қарым-қатынасы қарқынды дамиды. Өкінішке қарай, көптеген ата-ана осы кезеңнің маңызын толық түсіне бермейді».


Көк экран және тілдің шығуы: зерттеулер не дейді?


Баланың гаджет алдында өткізетін уақыты мен тілінің кеш шығуы арасындағы байланыс – кейінгі жылдары балалар неврологиясында ең көп зерттеліп жатқан тақырып. Жыл сайын жинақталып жатқан мәліметтер бұл қауіптің растығын анық дәлелдеп отыр. 


Зерттеулерге қарағанда, бала гаджеттерді көп қолданса, бұл оның сөйлеу қабілетінің дамуына әсер етуі мүмкін. Мысалы, L.L.Abida жүргізген талдауда экран алдында ұзақ отырғанның салдарынан баланың тілі кеш шығу қаупі шамамен 2,7 есе артады делінген. Ал 2023 жылғы JAMA Pediatrics зерттеуі (бұған 7 мыңнан астам ана мен бала қатысқан) тікелей байланысты анықтады: бала 1 жасында экранға неғұрлым көп телмірсе,Cureus журналы 1-4 жас аралығындағы балалардың күніне 4 сағаттан артық гаджет қарауы тілдің кеш шығуына тікелей әсер ететінін бекітті. Ал Frontiers in Pediatrics ғылыми еңбегі мәселе тек баланың қолындағы телефонда емес, ата-ананың бала қасында отырып экранға үңілуі де үлкен қауіп тудыратынын мәлімдеді. Ғалымдардың айтуынша, мұның сыры өте қарапайым: экран сөйлегенімен, балаға жауап бермейді. Ал бала тілі тек тікелей қарым-қатынаста, яғни өзара диалог, шынайы эмоция, кідіріс пен көзбен түйісу болған жерде ғана дамиды.


Телефон немесе мультфильмнің өзі баланың сөйлеуінің кеш шығуына тікелей жалғыз себеп деп айту дұрыс емес. Алайда олардың шамадан тыс және бақылаусыз қолданылса, баланың тілдік және танымдық дамуына зиянын тигізуі мүмкін.


Айгерім Мухамедгалиева, логопед, психолог: 

«Мәселе мультфильмнің өзінде емес, оның сапасында, мазмұнында және баланың экран алдында өткізетін уақытында деп ойлаймын. Мысалы, баланың тілі мен түсінігі қалыптаса бастағанда өз балаларыма кейіпкерлері мейірімді, 2-3 жастағы балалардың деңгейіне сай қарапайым сөздер қолданылатын, қазақ тіліндегі мультфильмдерді көрсеттім».


Бірақ мәселе тек гаджетте емес…


Экранның зияны туралы көп айтылғанымен, зерттеушілер мәселенің төркіні тереңде жатқанын алға тартады. Ол – тірі қарым-қатынастың тапшылығы. Frontiers in Pediatrics журналында жарық көрген зерттеу мынаны анықтады: баланың тілі кешігуіне ата-ана мен бала арасындағы шынайы байланыстың азаюы тікелей әсер етеді.  Ересектердің назары басқа жаққа ауғанда, бала сөйлеуді үйренетін ең басты мүмкіндігінен айырылады.


Тағы бір ескерусіз қалып жатқан жайт – баланың үстінен тым үйіп-төгіліп, қамқорлық жасай беру. Ата-ана баласы аузын ашпай жатып, не қалайтынын өзі тауып беріп отырса, балада сөйлеуге деген қажеттілік болмайды.


Айгерім Мухамедгалиева, логопед, психолог: 

«Маманға ғана үміт артып, жауапкершілікті толықтай соған жүктеп қоятындар бар. Өзім ата-аналарды сабақ процесіне тікелей қатыстыра бастадым. Өйткені бала тәуліктің 24 сағатының тек бір сағатын ғана маманмен өткізеді, ал қалған уақытын отбасымен бірге болады. Ата-ана процеске белсенді араласқанда ғана маманның еңбегі толық нәтиже береді. Өз тәжірибемнен нақты мысал келтірейін. Төртінші ұлым кеш сөйлей бастады. Жұмыс кестемді қысқартып, үйдегі бір бөлмені арнайы босатып, шағын логопедиялық кабинет жасап қойдым. Балам ол бөлмеге ерекше ықыласпен кіретін, сабақтарды ойын түрінде өткізгендіктен белсенді қатысатын. Күнделікті жүйелі жұмыстың нәтижесінде балам өз жасына сай деңгейге жетті».


Баланың кеш сөйлеуіне қатысты мифтер


1-миф: «Үш жасқа дейін күте тұрайық». 


Кейбір ата-ана бала өзі сөйлеп кетеді деп үш жасқа дейін күтеді. Бірақ бұл дұрыс емес. Үш жасқа дейін баланың миы өте белсенді дамиды, сөйлеуге жауап беретін нейрон байланыстары дәл осы кезеңде қалыптасады. Сондықтан мәселені ерте байқап, көмек көрсетс, әлдеқайда тиімдірек нәтиже береді. Бала үш жасқа келгенше күтпей, маманға ертерек барған дұрыс.


2-миф: «Ұл балалардың тілі әрқашан кеш шығады».


Иә, кей ұл баланың тілі кеш шығады. Мұндай жағдай жиі кездеседі, бірақ «өзі сөйлеп кетеді» деп күте беру керек дегенді білдірмейді. Керісінше, баланың дамуына көбірек көңіл бөліп, қажет болса маманға ертерек барған жөн.


3-миф: «Біз екі тілде сөйлейміз, содан шатасып жүр».


Бала қос тілде сөйлейтін отбасыда өссе де, бұл оның тілінің кеш шығуына себеп бола алмайды. Баланың сөйлеу қабілетінде шынымен ақау болса, ол екі тілде де бірдей байқалады.

«Бала екі тілді қатар меңгерген кезде сөздерді араластыруы мүмкін. Бірақ билингвизмнің өзі бала тілінің кеш шығуына тікелей себеп болмайды».
– Айгерім Мухамедгалиева


Үйде не істеуге болады?


Логопедпен өтетін сабақтар – жұмыстың бір бөлігі ғана. Бала тілінің дамуы тікелей үйдегі жағдайға байланысты. Маман баланы аптасына бір-екі сағат қана көрсе, ата-ана қалған уақыттың бәрінде жанында болады.

  • Баламен үнемі сөйлесу. Сөздің бәрін балаға бағыттап айту керек. Тамақ ішіп отырғанда, серуендегенде немесе үй жинағанда әрбір әрекетті түсіндіріп, заттардың атын атап, айналада не болып жатқанын сипаттап отырыңыз.

  • Ас үйдегі қарапайым заттарды пайдалану. Қолдың майда моторикасын дамыту үшін кірқыстырғыш, жармалар, қамыр мен ыдыс-аяқтар – таптырмас құрал. Қол қимылы мен сөйлеу қабілетінің байланысы ғылымда дәлелденген: мидағы қол қозғалысы мен тілге жауапты аймақтар қатар орналасқандықтан, бір-бірін ықпал етеді.

  • Жауабын күту. Баланың орнына сөзді аяқтауға асықпаңыз. Бала өз қалауын алу үшін оған сөйлеуге тура келетіндей жағдай жасаңыз.

  • Күніне 15-20 минут көзбе-көз отыру. Бұл уақытта телефонды да, теледидарды да өшіріп, бала мен ересек адам ғана қалуы керек. Бірге ойнаңыз, кітап оқыңыз немесе жай ғана әңгімелесіңіз. 

  • Қозғалыс белсенділігі. Жүгіру, секіру, доппен ойнау және саусақ ойындары  мұндай белсенді қимылдар мидың сөйлеу аймақтарын қозғай алады.

«Балаға арнайы сабақтан бұрын, сапалы қарым-қатынас керек. Күніне 15-20 минут болса да, баламен көзбе-көз отырып, ойнап, сөйлесу керек. Балаға ең қажет құрал – ата-анасының уақыты, назары және жылы қарым-қатынасы».
– Айгерім Мухамедгалиева


Қазақстанда көмекті қайдан алуға болады?


Көптеген ата-ана логопед көмегін тегін алуға болатынын білмейді. Содан соң жекеменшік мамандардың бағасы қымбат болғандықтан, уақыт созып алады.

  • МӘМС (Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру): Тіркелген емханаңыз арқылы логопед маманға тегін баруға болады. Ол үшін әуелі педиатрдан жолдама алу қажет.

  • ПМПК (Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация): Баланың жағдайын анықтап, мемлекеттік мекемелерде тегін түзеу-дамыту сабақтарынан өтуге құқық беретін арнайы жолдама әзірлейді.

  • Ерте қолдау бағдарламасы: Дамуында ерекшеліктері бар 3 жасқа толған бүлдіршіндерге арналған көмек жүйесі.

  • Жекеменшік орталықтар: Мемлекеттік орталықтардағы кезекті күткісі келмейтіндер немесе баламен тығыз, жиі жұмыс істеуді қалайтындар үшін қолайлы нұсқа.

Бөлісу: