Ойын-сауықКиноБалалар «Синий тракторды» неге қайта-қайта көре береді?

Балалар «Синий тракторды» неге қайта-қайта көре береді?

24 шілде 2026
3 мин
Фото: Pexels

«Синий трактор» қосса болды, жылап отырған бала да тынышталып, экраннан көз алмай қалады. Қызығы, әлемнің түкпір-түкпіріндегі көптеген бала дәл осы мультфильмді қайта-қайта қос дейді. Бұл мультфильм балаларды несімен сонша баурап алды?


«Синий трактор» – кейінгі жылдары балалар арасында ең танымал мультфильмдердің бірі. Алғашында ол YouTube-ке арналған музыкалық жоба ретінде шыққан. Мультфильмді ресейлік продюсер Артур Днепровский ойлап тапты. Әндерін композитор Артем Колпаков жазып, өзі орындайды. 


Қазір бұл көк трактор туралы мультфильм, видеолар миллиондаған қаралым жинайды. Кейбірі кемінде үш-төрт миллион рет қаралса, ең танымал видеолардыкі  миллиардтан асады. Мәселен, YouTube-тегі «Балаларға арналған бірінші музыкалық арнадағы» бір ғана видео 1,5 миллиардтан астам рет қаралған. Мультфильмнің бірнеше тілге аударылған нұсқалары да бар.


Бірақ балаларды өзіне тартатын нәрсе көк трактордың өзі емес. Мамандар мұны бала миының даму ерекшелігіне байланысты дейді. 

  1. Қайталау балаға қауіпсіздік сезімін береді

Ересектерге бір мультфильмді қайта-қайта көру қызықсыз болып көрінуі мүмкін. Ал кішкентай балалар үшін қайталау – әлемді танудың табиғи жолы.


АҚШ-тағы Child Mind Institute балалар психологиясы орталығының маманы Джерри Бубриктің сөзінше, бала бұрын көрген мультфильмін қайта қосқанда алда не боларын біледі. Бұл оған өзін жайлы әрі қауіпсіз сезінуге мүмкіндік береді. Сондықтан ол жалықпай, сол мультфильмді тағы көргісі келеді.


Бала көк трактор туралы видеоны алғаш көргенде көбіне ән мен оқиғаға назар аударады. Ал келесі жолы бұрын байқамаған сөздерді, түстерді, жануарларды немесе басқа бөлшектерді аңғара бастайды. Әр көрген сайын мультфильмнен жаңа нәрсе табады, сондықтан жалықпайды.


Мұны ғылыми зерттеу де растайды. 2011 жылы ғалымдар қызық тәжірибе жасаған: үш жасар балалардың бір тобына бір ертегіні қайта-қайта, ал екінші тобына әр жолы жаңа ертегі оқып берген. Нәтижесінде бір ертегіні қайта-қайта тыңдаған балалар жаңа сөздерді әлдеқайда жақсы меңгерген. Бала бір ақпаратты бірнеше рет естісе, сөздік қорын дамиды екен.

  1. Сюжеті қарапайым

Көк трактор баланы күрделі оқиғалармен шаршатпайды. Әр бөлім бір ғана тақырыпқа арналады. Бірінде жануарларлы таныстырса, енді бірінде көлік түрлері немесе түстер айтылады. Кейіпкері де аз, оқиға жиі өзгермейді. Сондықтан бала назарын бір нәрсеге ғана аударады. Кішкентайлар дәл осындай қарапайым форматтағы ақпаратты жеңіл қабылдайды және жақсы көреді.

  1. Әндері назарды тез аударады

«Көк трактордың» тағы бір ерекшелігі – әндерінің көп болуы. Әр бөлімде жаңа сөздер қарапайым әуенмен, баяу ырғақпен бірнеше мәрте қайталанады. Әнде айтылған зат немесе жануар бірден экраннан көрсетіледі. Мысалы, әнде «сиыр» десе, дәл сол сәтте сиырдың суреті шығады. Осылай, бала естіген сөзі мен көрген бейнесін оңай байланыстырады.


Ғалымдардың айтуынша, мұндай әуендер баланың назарын аулауға, жаңа сөздерді есте сақтауға көмектесуі мүмкін. Мәселен, 2020 жылы Brain Sciences журналында жарияланған зерттеу авторлары 10 айлық сәбилердің әннің ішінен жеке сөздерді ажыратып, кейін сол сөздерді қарапайым сөйлескенде тани алғаны анықтаған. 


Дегенмен ғалымдардың бәрі бірдей бұл пікірді қолдамайды. Кейбір зерттеу әндер баланың қызығушылығын арттырып, ақпаратты есте сақтауға көмектескенімен, жаңа сөздерді толық меңгеруде, оларды күнделікті өмірде қолдануда ересектермен сөйлескен маңыздырақ екенін айтады. 


Ашық түстер көп


Кішкентай балалардың көру қабілеті әлі толық дамып үлгермеген соң, олар ересектер сияқты ұсақ бөлшектерге емес, анық көрінетін, ірі және ашық түсті бейнелерге көбірек назар аударады. Мысалы, Ұлыбританиядағы Sussex университетінің Baby Lab зертханасының зерттеуі бойынша, сәбилер қызыл, көк, күлгін және көгілдір сияқты қанық әрі қарапайым суреттерге ұзақ қарайтын болып шықты. Ал түсі солғын әрі бөлшегі көп суреттер оларды аса қызықтырмайды екен. Көк трактор туралы мультфильмнің авторлары да осы қанық түстерді, ірі бейнелерді сәтті қолданған.


Ата-аналар алаңдауы керек пе?


«Синий трактор» мультфильмінің өзі балаға зиян емес. Мұндай мультфильмдер жаңа сөздерді, түстерді, сандарды және қоршаған ортаны таныстыруға көмектесуі мүмкін. Дегенмен экран ата-анамен тірі қарым-қатынастың орнын алмастырмауға тиіс. Ең пайдалысы – мультфильмді баламен бірге көру. Сол кезде ата-ана көргенін бірге талқылап, сұрақ қойып, әндерді қайталап, мультфильмдегі ақпаратты күнделікті өмірмен байланыстыра алады. 


Сонымен қатар ДДСҰ  екі жасқа толмаған балалардың экран алдында отырмауын, ал екі-төрт жас аралығындағылар бір сағаттан артық экран алдында отырмағаны жөн дейді.  


Қорытынды


«Синий трактор» бекерден-бекер танымал болып отырған жоқ. Оның авторлары ерекше режиссерлық тәсіл ойлап тапқан жоқ – олар жай ғана ерте жастағы баланың миы қалай жұмыс істейтінін мұқият зерттеп, соған сай мультфильм жасаған. Қайталау, қарапайымдылық, ән және түс – бұлардың әрқайсы жеке алғанда кішкентай ғана деталь сияқты көрінеді. Бірақ бәрі бірге қосылғанда, бір-екі жасар балаға арналған сенімді әрі қауіпсіз әлем пайда болады.

Бөлісу: