Әлемде●Қаржы●Балаға берілетін жәрдемақы: Қазақстан әлем елдерімен салыстырғанда қай деңгейде?

Балаға берілетін жәрдемақы: Қазақстан әлем елдерімен салыстырғанда қай деңгейде?

29 қазан 2026
6 мин
«Моя большая казахская семья» фильмінен үзінді | Фото: Кинопоиск

Дүниеге сәби келгенде, қай ел қаншалықты демеу болады? Бұл сұрақтың жауабы әр елде әртүрлі. Кейбір мемлекеттер бала ер жеткенше отбасыға ай сайын қаржылай көмектеседі немесе аналарды өмір бойы салықтан босатады. Басқа елдер ақшаның орнына демалыс уақытын ұзартады не ішінде ең қажетті заты бар қобдиша береді, ал кейбір елдерде көмек атымен жоқ деуге болады. Қазақстанда да бала туған отбасыларға арналған бірнеше төлем түрі бар. Сонымен қатар қазір жекелеген жәрдемақыларды отбасының әлеуметтік жағдайына қарай тағайындау және декрет төлемдерін есептеу тәртібін өзгерту мәселесі талқыланып жатыр. Осыған байланысты Tamga Media Қазақстандағы қолдау жүйесін басқа елдердің тәжірибесімен салыстырып көрді.


Еңбек министрлігі не дейді?


Қыркүйектің соңында Қазақстанда әлеуметтік көмекті отбасының нақты жағдайына қарай тағайындау тәртібін өзгерту жоспарланғаны хабарланды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің соңғы түсіндірмесіне сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджеттен төленетін 36 түрлі жәрдемақының 14-ін тағайындағанда отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы ескеріледі. Қалған 22 төлем бұрынғы тәртіппен беріле береді. Жаңа жүйеде Отбасының цифрлық картасы пайдаланылады. Ол мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер негізінде отбасының табысын, жұмыспен қамтылуын, баспанасы мен басқа мүлкін, көлігін, несие міндеттемелерін, кәсіпкерлік қызметін, отбасы құрамын және басқа да көрсеткіштерді бағалайды. Соның нәтижесінде отбасылар А-дан Е-ге дейінгі бес санаттың біріне жатқызылады.


Қолданыстағы әдістеме бойынша А санатына 1800 және одан көп балл, В санатына 730–1799 балл жинаған отбасылар кіреді. 2027 жылдан бастап жекелеген жәрдемақылар А және В санатындағы, яғни әл-ауқаты жоғары деп бағаланған отбасыларға тағайындалмайды. Ал С, D және Е санатындағы отбасылар басқа белгіленген талаптарға сай келген жағдайда бұл төлемдерді алу құқығын сақтайды.


Дегенмен отбасының санаты бір ғана жалақыға, пәтерге немесе көлікке қарап анықталмайды. Бағалау кезінде бірнеше ондаған көрсеткіш бірге ескеріледі. Оның үстіне отбасының жағдайы өзгерсе, санаты да қайта есептеледі. Қазір eGov Mobile қосымшасында отбасының әл-ауқатын алдын ала бағалауға арналған калькулятор да іске қосылған.


Жаңа тәртіп барлық әлеуметтік төлемге бірдей қолданылмайды. Мысалы, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен төленетін жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлем отбасының А, В, С, D немесе Е санатына жататынына қарамастан, төлем алуға құқығы болған жағдайда сақталады. Сондай-ақ заңда мүгедектігі бар балаларға, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, ата-анасынан айырылған кейбір балаларға және жекелеген басқа санаттарға арналған ерекшеліктер қарастырылған.


1 қазаннан бастап азаматтарға жаңа тәртіп туралы SMS, eGov Mobile және банк қосымшалары арқылы кезең-кезеңімен хабар беріле бастады. Ал жаңа тәртіп 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.


Қазір Қазақстанда қанша төленеді?


Жоғарыда айтқан жаңа бастамалар – жәрдемақы алуды қиындататын кезекті шектеу. Мәселен, 2025 жылдың сәуірінен бастап декрет ақшасы жаңаша есептеледі. Формулаға кіретін табыс шегі  595 мың теңгеден (7 ең төменгі жалақы), ал декретке шыққаннан кейін аударылған әлеуметтік жарналар есепке алынбайды. Осылайша билік бұған дейін әшкереленген заңсыз әрекеттердің қайталануына жол бермеді (ол кезде декрет алдында табысты қолдан көбейту деректері бойынша 113 әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалған еді). Шектеудің нәтижесі көп күттірген жоқ. МӘСҚ мәліметіне сүйенсек, 2026 жылдың алғашқы алты айында Алматыда жүктілікке байланысты берілген орташа төлем 1,4 млн теңге. Бұл – былтырғы межеден (1,6 млн теңге) 15,5%-ға кем.


Қазір Қазақстанда аналар үш түрлі төлем ала алады:

  1. Жүктілік пен босану төлемі (тек жұмыс істейтіндерге, МӘСҚ-тан беріледі): соңғы 12 айдағы орташа табысыңыз (бұл сомма 7 ең төменгі жалақыдан аспауы тиіс, 2026 жылы ЕТЖ – 85 000 теңге) демалыс күндерінің көрсеткішіне көбейтіледі (әдетте 126 күнге есептеліп, 4,2-ге еселенеді). 2026 жылы бұл төлемнің ең жоғарғы шегі –  2 499 000 теңге, ал одан 10% зейнетақы жарнасы ұсталады. Нәтижесінде – 2 249 100 теңге қалады. Мәселен, егер айлығыңыз 300 мың теңге болса, қолға тиетіні – шамамен 1,13 млн теңге.

  2. Бала туғанда берілетін жәрдемақы (жұмыс істесін-істемесін, бюджеттен бәріне бірдей төленеді): бірінші, екінші және үшінші балаға – 164 350 теңге , ал төртінші және одан кейінгі сәбилерге – 272 475 теңге.

  3. Бала 1,5 жасқа толғанша берілетін күтім жәрдемақысы: жұмыс істейтін аналарға бұрынғы табысының 40%-ы төленеді (жоғарғы шегі – айына 238 мың теңгедей); ал жұмыс істемейтіндерге бірінші балаға 24 912 теңгеден басталып, төртінші балаға 38 493 теңгеге дейін барады.

Сонда осы төлемдердің бәрін қосқанда табысы 595 мың теңгеден асатын ана шамамен 6,2 млн теңге, жалақысы 300 мың болса – 3,2 млн теңгедей, ал жұмыс істемейтін ана тұңғышы үшін 612 мың теңгедей алады. Әлеммен салыстыруды осы сандарды қарастырамыз.


Польша мен Венгрия: бала ер жеткенше, тіпті өмір бойы көмек береді


Польшада 18 жасқа толмаған әр балаға ай сайын 800 злотыйдан (шамамен 97 мың теңге) беріледі. Бұл ақшадан салық ұсталмайды әрі отбасының табысына да қаралмайды. Бала кәмелетке толғанша жиналған сома 172 800 злотыйға жетеді, бұл – шамамен 20,7 млн теңге. Салыстырып көрсек: Қазақстанда ең жоғары жалақы алатын ана 22 айда жинап-тергеннің өзінде 6,2 млн теңге төңірегінде қаржы алады. Дегенмен Польша билігінің бұл қадамы да елдегі бала туу деңгейін өсіре алмады. Польшаның статистика ведомствосының мәліметінше, 2025 жылы елде бар болғаны 238 мың бала өмірге келді. Бұл – соғыс аяқталғалы бергі ең аз көрсеткіш, ал туу коэффициенті рекордтық 1,07 балаға дейін төмендеді.


Венгрия бұл мәселеде бетбұрыс жасады. Мемлекет жәрдемақы төлегенше, аналарды табыс салығынан босатып қойды. Төрт және одан көп бала өсірген әйелдер 2020 жылдан бері бұл салықтан өмір бойы босатылған, ал үш балалы аналарға бұл мүмкіндік 2025 жылдың қазанында берілді. 2026 жылдың қаңтарынан бастап бұл тізімге жасы 40-қа толмаған екі балалы аналар қосылды, ал 2029 жылға қарай жасына қарамастан екі баласы бар аналардың бәрі салық төлемейтін болады. Үкіметтің есебінше, салық жеңілдігінің арқасында екі баласы бар отбасының қалтасында ай сайын орташа есеппен 130 мың форинттей (165 мың теңгедей), ал үш баласы барларда 190 мың форинттей (240 мың теңгедей) қосымша ақша қалады. Бұл мүмкіндікті миллионға жуық отбасы пайдаланып отыр екен.


Сингапур, Корея және Ресей: Әр балаға сүйінші беріледі


Сингапурда туған алғашқы балаға отбасы қолма-қол 11 000 сингапур долларын (шамамен 3,7 млн теңге) және баланың есепшотына 5 000 доллар (шамамен 1,7 млн теңге) алады. Ал үшінші және одан кейінгі сәбилерге 23 000 долларға дейін (7,8 млн теңге) береді. Бұған қоса ата-ана осы шотқа өзі ақша салса, мемлекет ол соманы екі еселеп толықтырады. 2026 жылдың тамызында билік жаңа жүйені жариялады. 2027 жылдың сәуірінен бастап әр сәби туғанда 10 000 сингапур доллары (шамамен 3,4 млн теңге), есепшотқа 5 000 сингапур доллары  (шамамен 1,7 млн теңге), сосын 16 жасқа толғанша жыл сайын 2 000 сингапур долларын (шамамен 680 мың теңге) алып отырады. Жинақтарға қосылатын үстемелерді есептемегенде, бұл – әр балаға шамамен 47 000 сингапур доллары (15,8 млн теңгедей) беріледі деген сөз.


Оңтүстік Корея – бала туу деңгейі әлемде ең төмен ел. Мұнда бірінші баласы бар әр отбасыға 2 млн вонның (620 мың теңгедей) ваучері беріледі, кейін алғашқы жылы ай сайын 1 млн воннан (шамамен 300 мың теңге), екінші жылы 500 мың воннан (шамамен 150 мың теңге) төленеді. Жүктілік кезіндегі төлемді қосқанда барлығы – 21 млн вон айналасы (6,3 млн теңгедей). Ал 2027 жылдың шілдесінен бастап үкімет бірінші балаға бірден 10 млн вон (шамамен 3 млн), екіншісіне 12 млн (шамамен 3,6 млн теңге), үшіншісіне 15 млн вон (шамамен 4,5 млн теңге) беруді уәде етіп отыр.


Көршілес Ресейде жұмыс істейтіндерге төленетін декрет ақшасына қоса, баланың дүниеге келген фактісі үшін берілетін ірі біржолғы төлем де бар. Мұнда декрет төлемі соңғы екі жылдағы орташа айлықтан есептеледі, ал жоғарғы шегі Қазақстанмен салыстырғанда екі есеге жуық жоғары. Ресейдің Әлеуметтік қорының мәліметінше, 2026 жылы 140 күндік демалыс үшін 955 836 рубльге дейін (шамамен 5 млн теңге) алуға болады. Бала 1,5 жасқа толғанша берілетін айлық жәрдемақы бұрынғы табыстың 40%-ына жетеді, бірақ айына 83 021 рубльден (440 мың теңге маңайы) аспауы тиіс.


Ресейлік жүйенің басты ерекшелігі – мұнда ана капиталы тағайындалады. 2026 жылдың ақпанынан бастап бұл төлем бірінші балаға шамамен 737 мың рубльге (3,9 млн теңгедей), ал екіншісіне 1 млн рубльге жуық қаржыға жетеді. Бұл ақша қолма-қол берілмейді, оны тек баспана жағдайын жақсартуға, баланың біліміне немесе ананың зейнетақысына жұмсауға болады.


Швеция мен Финляндия: қомақты ақша орнына уақыт пен қобдиша


Швеция қаржыдан бұрын уақытқа басымдық береді. Мұнда біздегідей декреттік және бала күтімі демалысы деп бөлінбейді. Оның орнына әр туған сәби үшін ата-анаға 480 күндік (шамамен 16 айлық) ортақ демалыс беріледі. Осы күндері әкесі немесе анасы жұмысқа шықпай, баланы бағады, ал әлеуметтік сақтандыру қоры әр күн үшін жәрдемақы төлейді. Алғашқы 390 күнде бұрынғы жалақының шамамен 80%-ы төленеді (бірақ күніне ең көбі 1 259 кронадан, яғни 57 мың теңгеден аспайды), қалған 90 күнде күніне 180 кронадан (8 мың теңгедей) белгіленген сома беріледі. Бұл күндерді ата-ана өзара бөліседі, оның ішінде олардың әрқайсысы міндетті түрде 90 күн баланы жеке қарауы керек. Сондықтан бұл елде әкелерде бала күтімімен үйде отырады. Демалысты бірден пайдалану шарт емес, оны бала 12-ге толғанша бөліп, тіпті жарты не ширек күнге созуға болады. Ал Қазақстанда төленетін күтім демалысы бір жарым жылға созылады да, ата-ана жұмысқа шыққан бойда тоқтайды.


Финляндия 1938 жылдан бері босанатын әр анаға аңызға айналған қобдишасын (äitiyspakkaus) сыйлайды. Оның ішінде комбинезон, көрпеден бастап кітапша мен тараққа дейін 40-қа жуық бұйым бар, ал бос қораптың өзі баланың алғашқы бесігіне айналады. Бұйымдардың орнына ақшалай көмек алуға да болады. 2026 жылдың сәуірінен бұл сома 210 еуроға (шамамен 106 мың теңге) тең. Дегенмен отбасылардың үштен екісі, ал тұңғышын босанғандардың 80%-дан астамы осы қобдишаны таңдайды. Бұл сыйлықты алу үшін аналар жүктіліктің төртінші айы толғанша дәрігерге тіркелуі тиіс. Қобдишаның бастапқы мақсаты да осы – әйелдерді денсаулығын ерте тексертуге ынталандыру еді. Соның арқасында Финляндия сәби өлімі ең төмен елдердің біріне айналды.


АҚШ пен Қырғызстан: көмек жоқтың қасы


АҚШ федералды деңгейде төленетін декреттік демалысы жоқ жалғыз дамыған ел болып қала бермек. Отбасы жағдайына байланысты федералды заңы жұмыс орнын 12 аптаға сақтауға кепілдік береді, бірақ бұл күндері жалақы төленбейді. Төлемақы тек кейбір штаттарда бар, қалғаны жұмыс берушінің еркіне байланысты. Жаңадан енгізілген жалғыз шара: 2026 жылдың шілдесінен бастап мемлекет 2025-2028 жылдары туған әр баланың инвестициялық шотына (Trump Account) $1 000 (шамамен 445 мың теңге) салады. Бұл қаржы қор нарығының индексіне жұмсалып, оны тек бала 18-ге толғанда шешіп алуға болады.


Қырғызстанда ел бюджеті шектеулі болғандықтан төлемнің азырақ. Декреттің алғашқы 10 жұмыс күнін жұмыс беруші, ары қарай демалыс аяқталғанша мемлекет айына 2 000 сом (шамамен 10 000 теңге) төлейді. 2025 жылы мұнда жүктілікке байланысты орташа төлем 22,9 мың сом (шамамен 115 мың теңге) болды, ал «Балаға сүйінші» біржолғы жәрдемақысы – 4 000 сом (20 мың теңге). Бұл – Қазақстандағы орташа төлемнен шамамен 12 есе аз.


Арасы жер мен көктей. Қырғызстандағы айына берілетін 10 мың теңгеден Польшадағы бала есейгенше төленетін 20,7 млн теңгеге дейін жетеді. Қазақстан болса ең жоғарғы 6,2 млн теңге төлемімен дәл ортада тұр. Бірақ бұл жерде елдердің ұстанған бағыты маңызды: Польша, Сингапур, Венгрия сияқты демографиясы төмендеген мемлекеттер қолдауды кеңейтіп, оны бәріне бірдей беріп жатыр. Ал біздің ел керісінше, декрет төлемін шектеп, жәрдемақыны тек мұқтаждарға қалдырмақшы. Бізде бала туу көрсеткіші Еуропа мен Шығыс Азиядан әлі де жоғары болғанымен, жыл сайын төмендеп келеді. Сондықтан уақыт өте келе қазір бас тартып жатқан жеңілдіктерге қайта оралуға тура келмей ме деген заңды сұрақ туады.

Бөлісу: