EdTech●Білім●Балабақша не үшін керек? Баласы енді бақшаға баратын ата-ана не білуі тиіс?

Балабақша не үшін керек? Баласы енді бақшаға баратын ата-ана не білуі тиіс?

23 қараша 2026
6 мин
«Мария Монтессори: Жизнь ради детей» фильмінен үзінді | Фото: IMDb

Отбасы үшін баланы балабақшаға беру үлкен өзгеріс. Кеше ғана үй ішінде емін-еркін ойнап жүрген бүлдіршін енді бейтаныс ортаға қосылып, қатарластарымен тіл табысуды үйренеді. Балабақша ұғымы қалай пайда болды? Елімізде оны алғаш кім ашты? Баланы неше жастан бақшаға берген дұрыс және оның жаңа ортаға тез бейімделіп кетуі үшін не істеуге болады? Бұл мақалада Tamga Media тілшісі осы сауалдарға жауап іздеп көрді.


Мақала басында балабақшаның тарихына тоқталайық. Әуелде мектеп жасына жетпеген балаларды тәрбиеге баулитын орындар балабақша деп аталмаған. Бірінші болып кішкентай бөбектерге арналған тәрбие орындары ашылған. Мұндай орындар Роберт Оуэннің атымен тікелей байланысты. Әлеуметтік реформатор Оуэн Шотландияда 1816 жылы жұмысшы отбасыларының балаларына бағып-қағып, тәрбие беру үшін арнайы орындар аша бастады. Кейін осы тәжірибе негізінде мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқыту тәсілдері қалыптасты. 


1840 жылы 28 маусымда неміс педагогі Фридрих Фребельдің бастамасымен балабақша алғаш рет «Kindergarten» атауымен ресми құрылды. Бұл атау неміс тілінде «Балалар бағы» дегенді білдірді. 1870 жылы бақша мұғалималарын даярлайтын курстар ашылды.  


Осы мәлімет ізімен ХХ ғасырдың басында италиялық педагог Мария Монтессори бала тәрбиесіне жаңа тәсіл ұсынды. Ол 1907 жылғы 6 қаңтарда Римнің Сан-Лоренцо ауданында «Балалар үйі» деп аталатын тәрбие орнын ашты. Мұнда балаларға бәрін өз қолымен жасап, байқап көруге мүмкіндік берді. Бөлмедегі жиһаздар мен оқу құралдары да балалардың бойына, жасына сай жасалды. Монтессори мектепке дейінгі тәрбиенің өзіндік әдісін қалыптастырған педагог болды.


Елімізде алғашқы балабақша қашан, қай жерде ашылды?


Тұңғыш балабақша 1917 жылы мамырда Алматыда (Верный) ашылған. Бізде де алғашында балабақша деп емес, «Балалар алаңы» деп аталды. Абай атындағы ҚазҰПУ маманы А.Т. Искакова тарихи шолуында алғашқы балалар алаңы бұрынғы губернатордың үйінде ашылғанын жазған. Қоса кетейік, бақша балаларының дамуына ден қойған қазақтың Монтессориі Нәзипа Құлжанова болды. Оның 1923 жылы Орынборда «Мектептен бұрынғы тәрбие», ал 1927 жылы Қызылордада «Ана мен бала тәрбиесі» еңбектері жарық көрді. Бұл кітаптар қазақ тілінде бала тәрбиесін жүйелі түсіндіруге арналған маңызды еңбектердің қатарына кіреді.


Н. Құлжанова «Мектептен бұрынғы тәрбие» кітабында:

«Бала бұрынғы қалыпта өзінен-өзі өсіп, адам болып кетпей ме? Мектептен бұрынғы тәрбиені неге керек дейді? Әрине, бала бақшасыз да, мектепсіз де өсіп адам болады ғой. Бірақ бала бақшасының тәрбиесін көрмеген көп білімнен, көп жақсы әдеттерден құр қалады. Кейде сол білімдерге өмір бойы жете алмайды. Мектепке дейін бала оқымайды деген – зор қате», - деген. 


Ахмет Байтұрсынұлы Нәзипа Құлжанованың бұл кітабына жоғары баға береді. Ұлт ұстазы бала тәрбиесінің басты мақсаты – кішкентайынан дұрыс білім беріп, жақсы әдетке, көркем мінез бен әдептілікке баулу екенін айтады. 

«Нәзипа жолдастың кітабында айтылған үйлер қазақ ішінде жоқ. Қазақ балалары үшін жасалған кейбір шаһарларда «бала үйі» бар болса, олар әуелі аз, екінші, ол үйлерде бұл күнде көңілдегідей тәрбие жоқ. Олай болуының себебі – бала табиғатын жақсы біліп, балаларды жақсы баулырлық бала үйлерінде қазақтан кісі жоқ. Басқалар бала табиғатын жақсы білгенімен, баланың тілін білмеген соң, бала баулуына керек істердің көбін істей алмайды», - деп Ахмет Байтұрсынұлы пікір білдірген. 


Балабақша балаға не үшін керек?


Көп ата-ана баласын бақшаға үйде қарайтын адам болмағаннан кейін береді. Біразы баласының үйде құр отырмай, жаңа дүние үйреніп қайтқанын қалайды. Бақшаның қызметі бала күтімімен шектелмейді. Онда бала өз ойын айтуды, басқа балалармен тіл табысуды, ортақ іс тындыруды үйренеді. Қарапайым ойындардың өзінде баланың тілі, ойлау қабілеті, қол икемі қатар дамиды. Бұл тұжырымды анықтау үшін ұзақ мерзімді зерттеулерде жүргізілген.  Ұлыбританиядағы EPPSE жобасы 1997 жылы басталып, үш мыңнан астам баланың дамуын шамамен үш жастан жасөспірім кезіне дейін бақылаған. Зерттеуде мектепке дейінгі білім алған балалардың кейін ағылшын тілі мен математикадан жақсырақ нәтиже көрсететіні байқалған. Сапалы балабақшаға барған балалардың өзін ұстай білуі және тәрбиесі жақсырақ болған. Дегенмен мұны «балабақшаға барғанның бәрі сен тұр, мен атайын болады» деп түсініп қалмаңыз. Бұл жерде отбасының жағдайы, үйдегі тәлім-тәрбие мен баланың өз қабілеті де рөл ойнайды. 


Бақшадағы тәрбиенің сапасы маңызды


АҚШ-та жүргізілген зерттеу балабақшада жақсы тәрбие мен күтім көрген балалардың 15 жасында да оқуда жақсы нәтиже көрсеткенін анықтаған. Олар ойлау қабілеті мен оқу тапсырмаларын орындау жағынан қатарластарынан озық болған. Зерттеушілер мұнда тәрбиешінің балаға мейіріммен қарауы, қолдап отыруы, өз бетінше ойланып, жаңа нәрсе үйренуге баулуы маңызды деп топшылаған. 


Демек, ата-ана үшін балабақша ғимаратының сәнінен гөрі баламен күн сайын кімнің, қалай сөйлесетіні маңызды. Мысалы, бала суын төгіп алғанда тәрбиеші айқайлай ма, әлде сүртуді үйрете ме? Екі бала ойыншыққа таласса, кінәліні іздей ме, әлде екеуін татуластыра ма? Жылаған баланың қасына бара ма? Осының бәріне назар аудару керек. 


Баланы неше жастан бақшаға берген дұрыс?


Баланы балабақшаға беру үшін бәріне бірдей қолайлы, ғылымда бекітіліп қойған нақты жас жоқ. Мамандар баланың жасымен бірге мінезін, ата-анасынан алаңсыз ажырауын және жаңа ортаға қаншалықты бейім екенін бақылауға кеңес береді. Бір бала өзге балалармен тез тіл табысып, бірге ойнап кетсе, енді біріне бейтаныс адамдарға бой үйрету үшін көбірек уақыт қажет. 


Көп бала 3-5 жас арасында қатарластарымен ойнауға, топтағы қарапайым тәртіпке үйренуге дайын бола бастайды. Дегенмен бала үшке толды екен деп, алып-ұшып бақшаға сүйрей жөнелмеңіз. Баланың басқа балаларға қызығуы, қарапайым өтінішті түсінуі, не қажет екенін білдіре алуына мән беріңіз. 


Ата-ана белгілі бір жағдайлармен баланы 3 жастан ерте бақшаға берсе, балаға тәрбиешінің мейірімі мен тұрақты қамқорлығы ерекше қажет болады. Бұл жаста бүлдіршін сезімін билеуді, қорқынышын басуды, ойын бөлуді енді үйреніп жүреді. Сондықтан тәрбиеші болсаңыз, бірден тәртіпке бағынатын, жасын тез тия қоятын баланы күтпеңіз. 

Бүлдіршінді балабақшаға қалай бейімдейміз? 


Бала жаңа ортаға келгенде бірден топқа қосылып кете алмауы мүмкін. Оның алғашқы күндері байбалам салып жылауы бақшаның жаман екенін немесе өзінің ерке екенін білдірмейді.


UNICEF мәліметінше, алты айдан үш жасқа дейінгі балалар ата-анасынан алыстағанда жиі мазасызданады. Бұл жаста бала әкесі не анасы кетсе, олардың қайта оралатынын әлі толық түсіне бермейді. Сондықтан балабақшаға қалдырарда ата-анасына жармасып, жібергісі келмеуі, ал кешке үйге келгенде құшағынан түспей қоюы қалыпты жағдай. 


Бүлдіршіннің бақшада жыламай қалуы да оның бұл жерге әбден үйренгенін білдірмейді. Мынадай бір қызық зерттеу бар. Зерттеуде балабақшаға жаңадан барған 168 баланың кортизол, яғни күйзеліс кезінде бөлінетін гормон деңгейі он апта бойы бақылауда болған. Осы уақыт ішінде балалардың таңертеңгі және түскі көрсеткіштері екі түрлі нәтиже көрсеткен. Таңертең гормон рөл ойнамағанымен, түске қарай кортизол деңгейі көтерілген. Сондықтан бала жыламай бақшаға кіріп кетсе жаңа ортаға толық үйренді деуге асықпаған жөн. Оның ұйқысына, тәбетіне, көңіл күйіне де назар аударыңыз.


Балабақша таңдағанда ата-ана неге мән беруі керек?


Перзентіңізді жіберетін балабақшаның  күн тәртібі мен ас мәзірін көру жеткіліксіз. Қызметкерлердің балаға қалай қарайтынын да бақылаған абзал.


Америкалық педиатрия академиясы баланы балабақшаға бермес бұрын оның ішкі тәртібімен танысуға кеңес береді. Бала ауырып қалса не істейді, дәріні кім және қалай береді, ас мәзірі қандай, тәртіп бұзған балаға қандай шара қолданады, қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілген, осының бәрін алдын ала сұрап алған жөн.


Тәрбиешімен кездескенде бала жыласа қалай жұбататынын, топта қанша балаға неше адам қарайтынын, тәрбиешілердің жиі ауысатынын не ауыспайтынын, тамақ ішпесе, ұйықтамаса немесе киімін былғап қойса қалай көмектесетінін сұрап алыңыз. 


Бүлдіршін бақшаға бармай тұрып не істеген жөн? 

  • Балаңызға балабақшаны таныстырыңыз. Мүмкіндік болса, ауласын аралап, бөлмелерді көріп, тәрбиешімен баланың көзінше ашық сөйлесіңіз. Бала бұл қауіпсіз орта екенін түсінеді.

  • Күн тәртібін реттеңіз. Ұйқыға жататын және таңертең оянатын уақытын бірнеше апта бұрын ретке келтіріңіз. Таңертеңгі ұйқының қанбауы жаңа ортаны қабылдауға кедергі келтіреді.

  • Үйде көбірек ойнаңыз. Перзентіңізбен бірге қуыршақтарды тамақтандырып, серуендетіп, ұйықтатып көріңіз. Бала тәрбиеші болып ойнап көрсін. Осылайша күннің қалай өтетінін түсіне бастайды. 


Тәрбиешіге балаңыздың қалай ұйықтайтынын, неден қорқатынын, әлі сөйлемеген болса, су ішкісі келгенін қалай жеткізетінін, жылағанда немен жұбанатынын айтып беріңіз. Сонда ол балаңыздың тілін тезірек тауып, оған не қажет екенін жақсырақ түсінеді.


Ескерту! Баласы алаңдап тұрғанда ата-ананың білдірмей кетіп қалуы көп ересектер үшін қалыпты жағдай. Бірақ бала көзін ала бере жоғалып кетуге болмайды. Мамандар бала еш алаңсыз ойнап отырса да, міндетті түрде оған ескертіп, қоштасып кетуді ұсынады. 


Америкалық педиатрия академиясы күн сайын баламен бірдей тәртіппен қоштасуға кеңес береді. Мысалы, құшақтап, бетінен сүйіп, қашан келетініңізді айтып шығыңыз. 


Қашан алып кететініңізді оған түсінікті етіп айтыңыз. Мысалы, «сағат төртте келемін» дегеннен гөрі, «ұйқыдан тұрып, бесін асыңды ішкен соң келемін» десеңіз, түсінуі оңайырақ болады. Ұзақ уақыттан кейін келетіндіктен «қазір келемін» деп алдаусыратпаңыз.


«Үйреніп кетеді» деп күте беруге болмайды


Бір бала балабақшаға бірнеше күнде үйренсе, екіншісіне бірнеше апта қажет болады. Алғашында қуана барып, кейін барғысы келмей қалатын балалар да бар.


Егер баланың мазасыздығы басылмай, күннен-күнге қорқынышы күшейсе, себебін анықтау керек. Алдымен тәрбиешімен сөйлесіп, баланың күні қалай өтетінін біліңіз. Балаңызбен сөйлескенде оның сөзін бөлмей тыңдаңыз. «Апай ұрды ма?» деп бірден жағадан алмаңыз. Оның орнына «Бүгін не болды?», «Неге көңілсізсің?» деп, өзі айтып беруіне мүмкіндік жасаңыз.


Балабақшаның жүз жылдан асқан тарихы бар. Бірақ әр бала үшін оның есігі алғаш рет ашылады. Сол табалдырықтан сеніммен аттауына ғимараттың көркі емес, жанындағы ересектердің сабыры, мейірімі және бір-бірімен тіл табыса білуі көмектеседі. Бала бақшаға кірерде өзін жалғыз қалғандай емес, қамқор адамдардың ортасына қосылғандай сезінуі керек.

Бөлісу: