Кішкентай балалар да жыныс мүшесін ұстап, үйкелеуі мүмкін. Бұл әрдайым жыныстық қызығушылықты білдірмейді. Кейде бала осылай өзін тыныштандырады, кейде денесіндегі жайсыздықты басқысы келеді. Сондықтан ата-ана баланы ұрыспай, алдымен мұның себебін түсінуге тырысқаны дұрыс.
Бала неге бұлай істейді?
Кейбір бала мұндай әрекет кезінде аяғын айқастырып немесе бір-біріне қысып алады. Кейбірі жыныс мүшесін орындыққа, жастыққа немесе төсекке үйкеуі мүмкін. Мұндай әрекет кішкентай балалардың даму кезеңінде кездеседі. Бала бұл арқылы өз денесін танып, жағымды сезімді қайта сезінуге тырысуы мүмкін. Кей жағдайда ол өзін тыныштандырудың бір тәсіліне айналады.
Нейропсихолог Айнұр Алдаш «Бала үні» кітабында баланың мұндай әрекетін мазасыздықты басу тәсілдерінің бірі ретінде түсіндіреді.
«Бала өз денесін, соның ішінде жыныс мүшесін ұстап, зерттей бастайды. Бұл кезде оның мақсаты жыныстық қызығушылық емес, тек өз денесін танып-білу. Осылай, бала өзін жеңіл немесе тыныш сезінсе, ол осы сезімді қайта іздей бастайды. Кейін уақыт өте келе әдетке айналып кетуі мүмкін», – деп жазылған кітапта.

Бұл тақырыпты Түркия ғалымдары да зерттеген. Олар 8 айдан бастап 9 жасқа дейінгі 90 баланың жағдайын бақылаған. Зерттеушілер мұндай әрекеттің қашан басталғанын және оған қандай жағдайлар әсер етуі мүмкін екенін анықтауға тырысқан. Зерттеуге қатысқан балалардың кейбірінде
43,3%-ында анасынан уақытша алыстағаннан кейін;
24,4%-ында емшектен шыққаннан кейін;
16,6%-ында отбасына жаңа сәби келгеннен кейін;
7,7%-ында дәретке отыруды үйрену кезінде;
6,6%-ында ата-анасы ажырасқаннан кейін осы әрекетті жасай бастаған.
Яғни ғалымдар мынадай қорытындыға келді: балалар күйзелгенде, өмірінде бір жағдай болып, бірнәрсе өзгеріп, оған эмоциялық тұрғыда қатты әсер еткенде жыныс мүшесін үйкелуі мүмкін.
Кейде себебі қарапайым
Бала мұны әрдайым мазасыздықтан жасай бермейді. Кейде себеп өте қарапайым болуы мүмкін. Мысалы, іш киімі немесе шалбары тар болып, жыныс мүшесі қышуы, қатты терлеуі немесе терісі тітіркенуі мүмкін.
Сондықтан бала жыныс мүшесін жиі ұстай берсе, оны бірден психологиялық себеппен байланыстырмаған дұрыс. Алдымен қышу, қызару, тершеңдік немесе басқа жайсыздық бар-жоғын тексеріп көрген жөн.
Эпилепсиядан айырмашылығы
Баланың жыныс мүшесін ұстап, аяғын айқастыруы немесе бір-біріне қысуы кейде эпилепсия кезіндегі қимылдарға ұқсап кетуі мүмкін. Бірақ бұл міндетті түрде эпилепсия деген сөз емес.
Мұндай әрекет кезінде бала көбіне есінен танып қалмайды және біраз уақыттан кейін өз қалпына келеді. Ал эпилепсия ұстамында бала есінен танып қалуы, денесі еріксіз тартылуы, көзі бір нүктеге қадалуы немесе айналасына жауап бермеуі мүмкін. Егер мұндай белгілер жиі қайталанса немесе бала ұстама кезінде есін жоғалтса, міндетті түрде дәрігерге көрсету керек.

Баланы ұрысуға болмайды
Бала мұндай әрекет жасағанда «ұят», «жаман» деп ұрысу немесе жазалау дұрыс емес. Бұл баланың өзін кінәлі сезінуіне әкелуі мүмкін. Егер бала мұны жасаса, сабырмен назарын басқа нәрсеге аударуға тырысу. Ең бастысы – баланы қорқытпау және мазақ етпеу.
Балаға қалай көмектесуге болады?
Бала мұндай әрекет жасағанда бірден ұрысып немесе тыйым сала бермеген дұрыс. Алдымен оның неге бұлай істейтінін түсінуге тырысыңыз. Егер бала мазасыз болса, көңілін басқа нәрсеге аударып, өзін жайлы сезінуіне көмектесуге болады.
Балаға күн сайын жеткілікті қимылдауға мүмкіндік берген жөн. Жүгіру, секіру, доп ойнау, серуендеу, күресіп-алысып ойнау сияқты белсенді ойындар баланың көңілін басқаға бөліп, бойындағы мазасыздықты басуға көмектесуі мүмкін.
Сонымен қатар тыныштандыратын қарапайым ойындарды ұсынуға болады:
су құю, шашу сияқты ойындар;
пластилин, слайм, балшық, құм немесе түрлі жармалармен ойнау;
сурет салу;
жұмсақ ойыншықтармен ойнау;
жылы ванна қабылдау.
Баланы құшақтау, арқасынан сипау, бірге уақыт өткізу де оған өзін қауіпсіз сезінуге көмектеседі. Бірақ бала құшақтасқысы келмесе, оны мәжбүрлемеген дұрыс.

Мектеп жасына жақындаған балаға мазасызданғанда өзін тыныштандырудың басқа жолдарын да үйретуге болады. Мысалы, сурет салу, спортпен айналысу, серуендеу немесе өзіне ұнайтын іспен айналысу. Ең бастысы – баланы ұялтпай, жазаламай, оның сезімін түсінуге тырысу.
Қашан маманға апарған дұрыс?
Мұндай әрекет кей балаларда қалыпты даму кезеңінде кездесуі мүмкін. Бірақ:
бала мұны өте жиі қайталаса және тоқтату қиын болса;
басқа ойындарға немесе күнделікті істерге қызығушылығы азайса;
жыныс мүшесін жарақаттап алса;
басқа балаларды да осындай әрекетке мәжбүрлесе немесе үгіттесе;
әрекеті тырысуға ұқсаса, бала есінен танып қалса немесе денесі еріксіз тартылса, дәрігерге бару керек.
Ең бастысы – баланы жазаламау және ұялтпау. Ата-ананың міндеті – баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оның әрекетінің себебін түсінуге тырысу. Егер қандай да бір күмән болса, маманнан кеңес алған дұрыс.




