EdTech●Ғылым●Бала кімге көбірек ұқсайды: генетика не дейді?

Бала кімге көбірек ұқсайды: генетика не дейді?

22 қазан 2026
4 мин
Фото: «Семейка Тененбаум» фильмінің промокадры

Ата-анасына түрі де, табиғаты да, мінезі де ұқсамайтын балаларды көрген шығарсыз? Бала туралы «ұқсамасаң тумағыр», «аузынан түсіп қалғандай», «түрі әкесіне тартқан» дегенді әр қазақ отбасынан естуге болады. Бір баланың бет-әлпеті әкесіне қатты ұқсаса, енді бірінің түрі анасының жас кезінен аумай қалған. Бала генетикалық ақпаратты көбірек әкесін ала ма әлде анасынан ба? Неге бір бала әкесіне, екіншісі анасына ұқсайды? Tamga Media тарқатып айтады. 


Балаға ген қалай беріледі?


Ген дегеніміз тұқымқуалаушылық ақпаратты сақтайтын ДНҚ-ның бір бөлігі. Адам жасушаларында 20-25 мыңға жуық ген бар. Ғалымдардың пайымдауынша, бала ядролық ДНҚ-сының шамамен жартысын анасынан, жартысын әкесінен алады. Адамның дене жасушаларында 46 хромосома бар. Оның 23-і анадан, 23-і әкеден келеді. Осылайша балаға әке-шешесінің екеуінен де генетикалық ақпарат беріледі. Бірақ бұл бала анасы мен әкесіне бірдей ұқсайды дегенді білдірмейді. Өйткені сыртқы келбет бір ғана генмен анықталмайды. АҚШ Ұлттық адам геномы зерттеу институтының (NHGRI) дерегінше, бойдың ұзындығына, терінің, көздің түсіне, шаштың ерекшелігі сияқты көптеген белгілерге бірнеше ген бір уақытта әсер етеді.

 Неге бір бала әкесіне, екіншісі анасына тартады?


Отбасыдағы әр балаға ата-анасынан берілетін ген үйлесімі әртүрлі. Кейбір гендердің әсері басым болады, оларды доминантты гендер дейді, ал кейбірінің әсері рецессивті болады. Балада ата-анасының екеуіне де тән белгілер әртүрлі үйлесім табады. 


Мұрын, көз, ерін, жақ, бет сүйегі сияқты ерекшеліктердің қалыптасуына көптеген генетикалық фактор әсер етеді. Мәселен, бір баланың бет-әлпеті әкесінікіне қатты ұқсаса, екінші балада керісінше болуы мүмкін. Сондықтан бір үйде екі баланың екі түрлі болуы – қалыпты жағдай.  


Айта кетейік, Nature Genetics  журналында жарияланған зерттеуде ғалымдар Шығыс Азиядан шыққан адамдардың бет пішінін генетикалық деректермен салыстырған. Зерттеу Шығыс Азия және Еуропа халықтарының деректеріне сүйеніп, бет әлпетінің қалыптасуына жүздеген генетикалық нұсқа қатысатынын көрсеткен. Олардың бір бөлігі мұрын, көз, жақ және беттің басқа да бөліктерінің пішінімен байланысты болған. Яғни адамның бет-әлпеті бір ғана генге емес, көптеген генетикалық фактордың өзара үйлесуіне байланысты қалыптасады.

Бала ешкімге ұқсамаса ше? 


Балаға әкесінің көз пішіні, анасының мұрны, әжесінің бет сүйегі, атасының шашы даруы мүмкін. Себебі ата-әжеден келген генетикалық нұсқалар ата-ананың гендері арқылы келесі ұрпаққа беріледі. Осылайша генетикалық комбинация бірнеше ұрпақ бойы жалғасып отырады. Осындай жағдайда адамның түрі ата-анасына мүлдем келмей қалуы мүмкін. Оның үстіне өсе келе адамның сыртқы келбеті де өзгереді. Мұның да қалыпты жағдай екенін ескертеміз. 


Баланың мінезі де ата-анадан беріле ме?


Қазақ халқы бір адам туралы «тегіне тартыпты», «қаны жібермепті» дейді. Адамның қайсарлығын, көңілшектігін, қолы ашықтығын, тіпті тұйықтығын ата-бабасынікіне ұқсатады. Ал генетикаға келер болсақ, мұндай күрделі қасиеттерге бірнеше ген қатар әсер етеді. Ғалымдар мінез-құлық генетикасына қатысты көптеген зерттеу жүргізген. Нәтижесінде адамның мінезі мен қарым-қабілеті де тұқым қуалайтыны анықталған. Бірақ бұл жерде адамның қалыптасуына орта мен тәрбие де маңызды екенін ұмытпаған жөн. Себебі ол түр-әлпетке, жүріске, дауысқа генетика тікелей әсер етеді. Бірақ баланың болашақ мінезін немесе қабілетін ата-ананың геніне «теліп» отыруға болмайды. Мысалы, 7-8 жасқа толса да төсекке зәр жіберіп қоятын балалар бар. Үлкендер «мұның әкесі де осындай еді» деп баланың әрекетін қалыпты жағдайға теңейді. Бірақ мұндай мәселені тек тұқым қуалаушылыққа жатқызып, қол қусырып қарап отыруға болмайды. Бұл жерде баланың жүйке-жүйесін, психологиялық жағдайын бақылап, маманға көрсету керек. 

Зерттеушілердің айтуынша,  «генетикалық тәрбие» деген ұғым бар. Ата-ана баланың мінез-құлқын ген арқылы ғана емес, тәртіп, тәрбие енгізу арқылы да қалыптастыра алады. Білімге мән беретін ата-ана баласына кітап оқып береді, оқуға ынталандырады, білімге құштар қылып өсіреді. Үлкендердің өз ерекшеліктері баланың болашағын қалыптастыруға жәрдем береді. Мамандар генетика мен қоршаған ортаны бір-бірімен тығыз байланыстырады. Осы бойынша мынадай қызық зерттеу жүргізілген. Зерттеушілер 79 мыңнан астам егіз баланың дерегін талдаған. Баланың қимыл-қозғалысына, тіліне, эмоциясын басқаруына генетиканың да, қоршаған ортаның да ықпалы бар екенін анықтаған. Мәселен, баланың жүріс-тұрысы геннің мықты болуынан десе, тілдің дамуына ортаның ықпалынан деп айтады. Демек бойдағы қасиеттің әрі қарай дамуына күнделікті жылы қарым-қатынас, тәрбие және жайлы орта әсер етеді. Айта кетейік, егіздерге жүргізілген зерттеулер баланың интеллект деңгейіне тұқым қуалаушылықтың да әсер ететінін көрсеткен.


Қорытындыласақ, адамның бойындағы ерекшеліктерді бір ғана себеппен түсіндіруге болмайды. Бір әулетте өскен балалардың өзі сырт келбетімен де, мінезімен де бір-бірінен ерекшеленіп тұрады. Бала ата-анасының дәл көшірмесі емес. Оның бойында бірнеше ұрпақтан жеткен генетикалық ерекшеліктер бар. Ал оның қандай адам болып қалыптасатыны ортасына және өзінің пайым-парасатына байланысты.  

Бөлісу: