Бала кезде тұмау тисе, лимон қосылған шай ішіп, аяқты ыстық суға салып, «жұлдызша» бальзамын жағып алатынбыз. Осындай халық емдерінің кейбірі шынымен ауруды жеңілдетеді, кейбіріне сенгеннен кейін ғана өзімізді жақсы сезінетінбіз. Ал кейбір әдіс денсаулыққа зиян болуы да мүмкін. Tamga Media нутрициолог-микроэлементолог Лилия Карпусевичпен бірге халық емінің қайсы көмектесетінін, қайсынан сақтану керек екенін анықтады.
Сарапшының айтуынша, кейбір шипалы шөп уақыт өте келе дәріханадағы дәрі-дәрмектің негізіне айналған. Бірақ басты мәселе халық емінің өзінде емес, адамдардың дәрігерге барып, дұрыс емделудің орнына осы әдістерге толық сеніп алатынында.
«Қазір ақпарат өте көп, тіпті мамандардың өзі шатасып жатады. Бірақ маманның ең құрығанда анатомия мен физиологиядан базалық білімі бар, соның арқасында қайсы дұрыс, қайсы бұрыс екенін ажырата алады. Ал қарапайым адамдар әлеуметтік желі мен YouTube-тегі видеоларға сене салады, ал ол жердегі кеңестер кейде адамды шошытады. Бірде маған: “Алмаға шеге қағып жесе, пайдалы болатыны рас па?“ деп сұрақ қойды. Әрине, жоқ. Оның үстіне, қазіргі шегелер мырышпен немесе алюминиймен қапталады, бұлар тамаққа араласса – өте қауіпті».
Дегенмен нутрициолог халық емін мүлдем жоққа шығаруға болмайтынын айтады. Себебі кейбір әдіс пен шипалы өнімдердің пайдасы ғылыми тұрғыдан дәлелденген, тіпті өмірде кеңінен қолданылады. Ең бастысы, мұндай емге байсалды қарап, шектен шықпау керек. Оған қоса халық емінен бірден сиқырды күтудің қажеті жоқ.
Тұмау кезіндегі бал, лимон мен зімбір
Суық тиіп, алғашқы белгілері біліне бастағанда, көбіміз бірден лимон, зімбір және бал қосқан шай әзірлейміз. Бұл өнімдер бұрыннан салқын уақыттарда үйде емделудің ажырамас бөлігіне айналған. Бірақ бұлардың шипасы біз ойлағаннан сәл басқаша әсер етеді. Мысалы, лимонды бәріміз С дәруменіне бай деп білеміз. Бірақ оны ыстық шайға салғанда дәрумендері толық кетіп қалады.

«С дәрумені ыстыққа төзбейді, қайнаған суға түссе, бірден жойылып кетеді. Ыстық шайдағы лимон тек қышқыл дәм бергені болмаса, ішінде ешқандай С дәрумені қалмайды».
Нутрициологтың айтуынша, лимоннан С дәруменін толық алғыңыз келсе, оны жаңадан кесілген күйінде жеу керек немесе суыған, жылы сусынға салған жөн. Бірақ бұл жерде де шектеулер бар.
«Аллергия беріп немесе асқазанды қыжылдатып жібермеуін ойлау керек. Асқазаныңыз ауырса, дәріханадағы С дәруменінің арнайы (аскорбат) түрін ішкен дұрыс. Өйткені ол асқазан-ішек жолына зиян келтірмейді».
Зімбір
Кейінгі жылдары жұрт зімбірді иммунитет көтерудің таптырмас емі көретін болды. Адамдар оны шайға ғана емес, лимонадтарға, түрлі сусын мен тәттіге де қосады. Әсіресе пандемия кезінде халық жаппай иммунитетті нығайтудың жолын іздегенде, зімбірді жарыса сатып ала бастады.

Маманның айтуынша, зімбірдің белгілі бір деңгейде пайдасы бар. Оның құрамындағы гингерол қабынуды басады.
«Зімбір денедегі қабынуды басып, қызуды түсіреді. Осылай, науқастың бойын жеңілдетеді. Алайда асқазан-ішек жолы мазалайтын жандарға зімбірді мүлдем жеуге болмайды. Әсіресе гастрит пен рефлюкс кезінде абайлаған жөн. Зімбірге ащы дәм беретін заттар асқазанды тітіркендіріп, ауруды одан сайын асқындырып жібереді»
Бал
Көбіміз оны еш зияны жоқ деп, ауырған кезде қасықтап асауға көшеміз. Бірақ балды да мөлшеріне қарап жеген жөн.
«Балдың құрамында микробтарды өлтіретін табиғи заттар бар, соның арқасында ол жөтелді басып, тамақтың ауырғанын тез қойдырады. Дегенмен шамадан тыс көп жеуге болмайды. Өйткені балдың калориясы өте көп әрі кей адамда аллергия тудыруы мүмкін».
Дәрігердің айтуынша, балдың сапасына да қатты мән беру керек, өйткені қазір нағыз таза балды табу оңай емес.
«Балды сенімді омарташылардан алған дұрыс, сондай-ақ құрамын міндетті түрде оқу керек. Дүкенде қаптап тұрған балдың бәрі бірдей таза әрі табиғи өнім емес».

Суық тигенде неге тосап қосқан шайдан гөрі кәдімгі су маңыздырақ?
Ауырған кезде көбіміз бірден бал, лимон, таңқурай немесе сүт қосқан шайға көшеміз. Бірақ нутрициолог Лилия Карпусевичтің айтуынша, суық тигенде ағзаға бәрінен бұрын кәдімгі таза су қажет.
Адамның дене қызуы көтерілгенде, терімен бірге өте көп сұйық жоғалтады. Ал денеде су азайған сайын адамның әлі құрып, буын-буыны сырқырай бастайды, сонымен бірге ағзаның бойдағы улы заттарды (интоксикацияны) сыртқа шығаруға қиналады.
«Суық тигенде мүмкіндігінше көп су ішуді ұсынамын. Су жылы немесе ыстық болуы мүмкін, бірақ ең бастысы, кәдімгі таза су болсын. Шай, кофе, компот, бал немесе лимон қосылған судың жөні бөлек, олар таза судың орнын баса алмайды. Таза су ағзаны улы заттардан тазартып, жоғалтқан сұйықты қалпына келтіреді, сондай-ақ асқазан-ішек пен бауырдың жұмысына демеу болады. Оның үстіне, адам су ішкенде ағзаға артық қант бармайды. Ең пайдалы әдет – таңертең аш қарынға бір стақан жылы су ішу. Бұл асқазан мен өт қабының жұмысын оятуға көмектеседі. Әсіресе өті дұрыс жүрмейтін жандарға бұл өте пайдалы».
Балмұздақ, сірке суы және бала кезден таныс басқа да орынсыз әдістер
Үйде еделу десе, көбіміз ата-әжеміз бен ата-анамыз айтып кеткен қызық, кейде тіпті оғаш әдістерді еске түсіреміз. Мысалы, дене қызуы көтерілгенде денені сірке суымен (уксуспен) ысқылау керек дейтіндер бар. Тіпті тамақ ауырғанда балмұздақ жеу керек немесе мұздай сусын ішіп емделетіндерді әлі кездестіруге болады. Бұл әдістер қысқа уақытқа ауырғанын басуы мүмкін, бірақ бәрі бірдей қауіпсіз емес.
Мысалы, бұрын дәрігерлердің өзі дене қызуы көтерілгенде сірке суымен ысқылаған. Бірақ қазір бұл тәсілді мүлдем қолданбаған жөн. Ал тамақ ауырғанда балмұздақ жеу туралы кеңес интернетте қаптап жүр. Желідегілер «мұздай нәрсе қабынуды басады» дегенімен, Лилия Карпусевич мұны құптамайды.
«Балмұздаққа қатысты ем-дом ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген. Керісінше, мұздай нәрсе тамақты қатты суытып, ангина тудыратын бактерияларды көбейтеді. Бұған зерттеулер бар».

Жүрек айнығанда мүсәтір спирті мен спирті бар майлықты иіскеу
Көлікте немесе кемеде жүрегі айнып, басы айналатындар «спирт иіскеу керек» деген кеңесті жақсы біледі. Біреулер бұл үшін спирт қосылған майлықтарды қолданса, енді біреулер мүсәтір спиртін пайдаланады. Лилияның айтуынша, кей жағдайда бұл әдіс аз уақытқа көмектесуі мүмкін. Бірақ ол жүректің не себепті айнып тұрғанын түсіну маңызды екенін ескертеді. Себебі көлікте немесе ұшақта жүректің айнуы бір бөлек те, ал улану немесе асқазан-ішек жолының бұзылуы мүлдем басқа әңгіме.
Түйін
Халық емі көбіне аурудың белгілерін аз уақытқа ғана басуы мүмкін. Бірақ адам дәрігерге қаралудың орнына тек осы әдістерге сүйеніп, нағыз емді елемей қойғанда жағдай одан сайын ушыға түседі.



