EdTech●IT●Байлық бәріне бірдей бұйырмайды: ЖИ 2030 жылға қарай экономиканы қалай өзгертуі мүмкін?

Байлық бәріне бірдей бұйырмайды: ЖИ 2030 жылға қарай экономиканы қалай өзгертуі мүмкін?

10 қараша 2026
1 мин
«Я, робот» фильмінен үзінді | Фото: Кинопоиск

Жасанды интеллект экономикаға бұрын-соңды болмаған табыс әкелуі мүмкін. Тіпті жұмысыма қауіп жоқ деп жүрген адамдардың өзі жұмыссыз қалуы мүмкін. Claude чат-ботын әзірлейтін Anthropic компаниясының экономистері де осындай қорытындыға келген. Олар ЖИ 2030 жылға қарай АҚШ-тағы еңбек нарығын қалай өзгертетінін есептеп, үш сценарий ұсынған. АҚШ мысалы бұл өзгерістердің бізге қалай әсер ететінін де болжауға көмектеседі. Бір сценарийде ЖИ-дің әсері интернет пайда болған кезден аса байқалмайды. Екіншісінде экономика тарихта болмаған үлкен өзгеріске ұшырауы ықтимал. Біз осы зерттеудің негізгі тұстарын талдап көрдік.


Бұл модель 2026 жылдың қыркүйегінде интерактивті сайтта жарияланды. Сайтқа ЖИ-ден не күтетініңізді енгізіп, сол ойыңыз іске асса, экономика қалай өзгеретінін көре аласыз. Модельді экономистердің ғылыми есебіне сүйеніп жасаған. Авторларының арасында Антон Коринек пен Чад Джонс бар. Авторлар мұны болашақты дәл болжайтын құрал деп қабылдамауды сұрайды. Ол түрлі жағдайды елестетіп, сол өзгерістердің сізге қалай әсер етуі мүмкін екенін түсінуге көмектеседі. Есептеулер бір маңызды сұрақты алға шығарады. Бәлкім экономика өсе ме дегеннен гөрі, оның пайдасын кім көреді деген дұрыс шығар?!


Өзіңіз оқып, қолданып көруге болады:  https://www.anthropic.com/institute/econ-scenarios

Жұмыс бұл әртүрлі міндеттердің жиынтығы


Жасанды интеллектінің экономикаға қалай әсер ететінін түсіну үшін авторлар мамандықты тұтас емес, оның ішіндегі жеке міндеттерді қарастыруды ұсынады. Кез келген жұмысты адамның күн сайын атқаратын істерінің тізімі ретінде көрсетуге болады.  Бұл міндеттер тізімі АҚШ Еңбек министрлігі жүргізетін O*NET кәсіптер жіктеуішінен алынған.


Жұмыс – түрлі міндеттердің жиынтығы


Жасанды интеллектінің экономикаға қалай әсер ететінін түсіну үшін авторлар мамандықты тұтас емес, оның ішіндегі жеке міндеттерді қарастыруды ұсынады. Кез келген жұмысты адамның күн сайын атқаратын істерінің тізімі ретінде көрсетуге болады. Бұл тізім ойдан алынбаған: ол АҚШ Еңбек министрлігі жүргізетін O*NET кәсіптер жіктеуішіне негізделген.


Мысал ретінде мейіргердің жұмысын алайық. Ол палаталарды аралап, науқастардың жағдайын тексереді, қан алады, келген науқастардың қайсысына шұғыл көмек қажет екенін анықтайды, көрсеткіштерді медициналық картаға жазады және бөлімшеге қажетті материалдарға тапсырыс береді. ЖИ пайда болғанда бұл міндеттердің әрқайсысы әртүрлі өзгереді. Кейбірін тек адам атқарады: мысалы, ЖИ науқасты шомылдыра алмайды. Басқа істерді тезірек, кейде сапалырақ орындауға көмектеседі. Мәселен, ауруханадан шығатын науқасқа ұсыныстар дайындау немесе жұмыс ауысымдарының кестесін жасау. Ал көрсеткіштерді картаға енгізу, қажетті материалдарға тапсырыс беру сияқты міндеттерді толық өзіне алуы мүмкін. Сонымен қатар адамға жаңа міндеттер жүктеледі. ЖИ кімге бірінші көмек көрсету керегін дұрыс анықтады ма, ұсынған емдеу жоспары дұрыс па немесе бұрысын тексеру қажет болады.


Нәтижесінде мейіргердің қызметі жойылмайды, тек өзгереді. Бәрі ойдағыдай болса, оның науқастармен сөйлесуге көбірек уақыты қалып, жұмыс өнімділігі артады. Авторлар мұндай өзгерістердің бұрын да болғанын айтады. Мысалы, отыз жыл бұрын науқастарды қашықтан бақылайтын мүмкіндік болмаған, ал қазір медициналық карталарын қолмен сирек толтырады. Дегенмен алып отырған мысалымызда да, (жалпы бүкіл мәтінде де) бәрі ойдағыдай болатын жағдай сөз болып отыр. Зерттеуде де осы нұсқа қарастырылған. Алайда біз өмір сүріп жатқан капиталистік қоғамда бәрі біз күткендей бола бермейді. Мысалы, ЖИ күнделікті қайталанатын істерді жеңілдетіп, адамның уақытын үнемдейді деп күтілді. Тапсырмалар шынымен тезірек орындала бастады. Бірақ мұны байқаған жұмыс берушілер бұрынғы жалақыны сақтап, жұмыс көлемін азайтудың орнына, көбірек тапсырма бере бастады.

Болашақтың қалай болатыны үш нәрсеге байланысты. ЖИ қанша міндетті орындай алады, оны қолдану мүмкіндігі қаншалықты тез кеңейді және ол адамға көбірек көмектесе ме, әлде оның орнын толық баса ма?


Болашақтың үш нұсқасы


Anthropic болашақта жағдайдың қалай өзгеруі мүмкін екенін үш нұсқамен түсіндіреді. Барлығында экономика өседі, бірақ өсетін салалар мен өсім көлемі әртүрлі.


Қарапайым нұсқада ЖИ экономикаға кезінде интернет әсер еткендей ықпал етеді. Пайдасы бар, бірақ ол біртіндеп байқалады. Өзгерістердің ауқымы бұрынғы технологиялар әкелген жаңалықтардан аса қоймайды.


Келесі нұсқада ой еңбегінде үлкен өзгеріс болады. ЖИ жұмыстың жартысын орындай алады, оның көп бөлігін адамның көмегінсіз атқарады. Бірақ компаниялар мен адамдар бұл мүмкіндікті барлық жерде пайдалана бермейді. Сондықтан міндеттердің көбі әлі де ЖИ-сыз орындалады. Экономика әдеттегіден екі есе жылдам өсіп, 2030 жылға қарай ЖІӨ қалыпты өсім көрсеткішінен шамамен 8%-ға жоғары болады. Авторлардың айтуынша, бұл интернеттің немесе теміржолдың пайда болуынан да үлкен әсер береді.


Ең соңғы нұсқада экономика бұрын-соңды болмаған деңгейге жетеді. ЖИ ой еңбегін қажет ететін міндеттердің басым бөлігін адамнан тиімдірек әрі адамның қатысуынсыз дерлік орындайды және адамдарға жаңа міндеттер жоқтың қасы болады. Ол үшін өзін-өзі жетілдіре алатын аса қуатты ЖИ қажет болуы мүмкін. Оны қолданысқа өте жылдам енгізу де маңызды. Бұл жағдайда ЖІӨ жылына 15%-ға өсіп, экономика әр төрт жарым жыл сайын екі еселенеді. 2030 жылға қарай оның көлемі ЖИ болмаған жағдаймен салыстырғанда шамамен үштен бірге артық болады.


ЖИ кімнің орнын басатынын өзі шешеді


Ауқымды болжамдардан енді зерттеуде сөз болған адамдардың тағдырына көшейік. ЖИ жұмысына аз әсер ететін мамандардың жағдайы жақсырақ болатыны түсінікті.

Соңғы екі нұсқада ой еңбегіне сұраныс азайып, адамдар басқа салалардан жұмыс іздеуге мәжбүр болады. Авторлардың айтуынша, бағдарламашылар мен колл-орталық қызметкерлеріне электрик немесе мейіргер болып қайта оқуға тура келуі мүмкін. Алайда басқа мамандыққа ауысу қиын: біреулер өзгерістерді қаламайды, ал келіскендерге жаңа дағдыларды меңгеру қажет. Оқып шыққаннан кейін де жұмыс бірден табыла бермейді. Сондықтан кәсібін ауыстыруға мәжбүр адамдар қатар жаңа жұмыс тапқанша жұмыссыз жүретіндер де саны артады.


Көп нұсқада жұмыссыздық деңгейі бұрын байқалған көрсеткіштерден аспайды. Бірақ ЖИ ой еңбегін тым тез өзіне алса, көп адам ұзақ уақыт жұмыс таба алмай қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда жұмыссыздық бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін өсуі ықтимал.


Ал жалақы қалай өзгереді? Үш нұсқада да орташа жалақы өседі. Бірақ бұл өсім негізінен ой еңбегінен тыс кәсіптерге тиесілі болады. Мысалы, ЖИ құрылыс жобаларын дайындау мен мақұлдауды тездетсе, салынатын нысандар саны артады. Соған сай құрылысшылар көбірек қажет болып, жалақысы да өседі. Ал журналистерге, бағдарламашыларға, аудармашыларға, тіпті кассирлерге де қаржы қорын жинап, қиын кезеңге дайындалуға тура келеді.


Байлықтың өскені жақсы, бірақ ол кімге бұйырады?


Енді сол байлықтың қалай бөлінетініне тоқталайық. Орташа жалақы нақты жағдайды толық көрсетпейді. Мысалы, бір адам екі миллион теңге, ал екіншісі сексен мың теңге алады. Екеуінің орташа жалақысы миллион теңгеден асады. АҚШ экономикасында түскен әр доллардың шамамен 60 центі қызметкерлердің жалақысына жұмсалады. Қалған 40 центі жабдықтар, технологиялар мен компаниялардың иелеріне түседі. Бұған қарап, қызметкерлер көп ақша алып, компания басшыларына аз қалатындай көрінуі мүмкін. Бірақ мәселе адам санында: қызметкерлер әлдеқайда көп болғандықтан, әрқайсысына тиетін үлес те аз.

ЖИ көбірек жұмысты атқарған сайын, технологиялар мен жабдықтарға сұраныс артып, олардың иелеріне түсетін табыстың үлесі де көбейеді. Бұл қызметкерлердің жалақысы міндетті түрде азаяды дегенді білдірмейді. Олардың жалақысы өсуі мүмкін, бірақ капитал иелерінің табысы одан да жылдам өседі. Сондықтан жалпы табыстағы қызметкерлердің үлесі бірінші нұсқада 59,4%-ға, екіншісінде 56%-ға дейін төмендейді. Ал ең соңғы нұсқада табыстың шамамен 45%-ы қызметкерлерге, 55%-ға жуығы капитал иелеріне тиеді.


Соңғы нұсқада экономика рекордтық деңгейге дейін өседі, бірақ оның пайдасы жұртқа бірдей тимейді. Ой еңбегімен айналысатындардың көбі аз жалақы алады немесе жұмыссыз қалады. Экономика үштен бірге ұлғайса да, 2030 жылға қарай қызметкерлердің жалпы табысы айтарлықтай өзгермейді. Авторлар экономикалық өсімнің пайдасы санаулы адамға ғана емес, көпшілікке жетуі керек екенін айтады.


Америкалықтар не күтеді?


2026 жылдың тамызында Anthropic АҚШ-тың 10 мыңнан астам тұрғынына сауалнама жүргізді. Олардан ЖИ қазір не істей алатынын, болашақта қандай мүмкіндіктері болатынын және оны қолдану қаншалықты кең таралатынын сұрады. Сондай-ақ мамандығын ауыстыруға тура келген адам қаншалықты тез жаңа жұмыс таба алатыны туралы пікірін білді.


Сауалнамаға қатысқандардың болжамы екінші нұсқаға жақын болды. Егер олар күткендей болса, 2030 жылға қарай ЖІӨ ЖИ қолданылмаған жағдайдағыдан шамамен 10%-ға артық болады. Ал жұмыссыздық шамамен 5%-ға дейін өседі. Әр оныншы қатысушы ең шеткі нұсқадағыдай ауқымды өзгерістер болады деп ойлайды.


Модель нені ескермейді?


Авторлардың өзі бұл еңбекті көп нәрсені жеңілдетіп көрсететін алғашқы нұсқа деп атайды. Модельде мемлекеттің қандай шаралар қабылдайтыны, экономиканың өсуі мен құлдырауы, қаржы нарығындағы ықтимал күйзелістер және апатты қауіптер ескерілмеген. Сондай-ақ күрделі жұмыстарды атқара алатын роботтардың пайда болуы да қарастырылмаған. Ал мұндай роботтар қазір қауіпсіз көрінетін мамандықтарға да әсер етуі мүмкін.

Модель әр адамның жағдайын жеке талдамайды. Сол себепті жұмысынан айырылудың салдарын тек шамамен бағалайды. Кейбір мамандардың пікірінше, ЖИ әсер ететін салаларда жұмыс орындары қысқарудың орнына көбеюі мүмкін. Біреулер ең соңғы нұсқаны ойша қарастырылған жағдай деп қабылдаған. Ал басқалары бірінші нұсқа қазірдің өзінде байқалып жатқан өзгерістерді төмен бағалайды деп есептеген. Модель деректер орталықтарын салуға байланысты туындайтын сұранысты да ескермейді. Сонымен бірге ЖИ технологиялардың дамуын қаншалықты жеделдете алатынын толық бағаламаған болуы мүмкін.


Бұл зерттеуді ЖИ жасайтын Anthropic компаниясының өзі жүргізгенін ұмытпаған жөн. Яғни компания өз технологиясының ықтимал әсерін бағалап отыр. Оның айтуынша, мақсат  жаңа экономикаға көшудің қоғамға пайдасын тигізу. Компания зерттеу нәтижелерін өзі қаржыландыратын ғылыми жұмыстарда және еңбек нарығындағы қиындықтарды жеңілдетуге арналған саяси ұсыныстарда пайдаланбақ.


Болашақ біздің таңдауымызға байланысты


Anthropic зерттеуінің негізгі ойы - болашақтың қандай болатынын бүгінгі шешімдеріміз анықтайды. 2030 жылғы экономика ЖИ-дың мүмкіндіктеріне ғана байланысты емес. Адамдар мен компаниялардың оны қаншалықты тез қолдана бастайтыны, одан түскен пайданың қоғамда қалай бөлінетіні де маңызды.

Бөлісу: