МәдениетСалт-дәстүрӘзіл, көрімдік: “Беташар” салты қалай өзгерді?

Әзіл, көрімдік: “Беташар” салты қалай өзгерді?

23 қаңтар 2026
5 мин
Беташар: обряд, норма и споры
Фото: gov.kz

2024 жылы “Беташар” салты ЮНЕСКО мәдени мұрасының тізіміне енді. Үйлену тойының басты салты бүгінде заманға қарай біраз трансформацияға ұшырады. Тарихты шолып, бұрынғы және қазіргі “Беташар” салтын салыстырып, қалай өзгергенін анықтап көреміз. 


Жас келінді қайынжұртымен таныстырады


Беташар – қазақтың үйлену тойында жасалатын салт-дәстүрдің бірі. Бұрын ауылдың ақыны, жыршысы “Беташар” жырын айтып, жас келінді қайын жұртымен, яғни жігіттің туыстарымен таныстырған. Оған дейін жас келінді қыз-келіншектерден басқа ешкім көрмеген. 


Дәстүр бойынша, келіннің бетін ақ орамалмен жауып, оны екі жағынан жігіттің жеңгелері сүйеп тұрады. Ырымшыл халық жаңа келіннің қолын жесір әйелдерге, екінші рет тұрмысқа шықпағандарға сүйетпеген. 


Кейін ақын, жыршы-жырау домбыра тартып, “Беташар” жырын ырғаққа, әуенге салып айтқан. Әуелі “Ақ келін-ай, ақ келін. Сауысқаннан сақ келін. Жұмыртқадан ақ келін” деп келіннің сұлулығын, жастығын сипаттаған. Кейін жаңа түскен келінге қайын жұртының алдында өзін қалай ұстау керек екенін өсиет етіп айтқан. Одан соң күйеу жігіттің туыстарымен таныстырып, оларға арнайы сәлем салғызған. 


Қазақта келіннің бетін жалаң қолмен ашпаған. Бұрын қазақ “Беташар” жыры біткен соң, жас келінің бетін қамшымен ашқан. Себебі қамшыдан зұлым күштер қорқады деп сенген. "Жас келінге жамандық жоламасын" деп ниет еткен. 


XXI ғасырда “Беташар” рәсімі қалай өтеді?


Қазақстанның көп өңірінде әлі күнге дейін “Беташар” салты сақталған, дегенмен біраз өзгерген. Қазір “Беташар” жырын айтыскерлер, әншілер, асабалар домбыра тартып, жыр айтып ашады. Тіпті, заманауи музыканы өңдеп, эстрада әуенінің ырғағына салып та айтады. 


“Беташар” жырын әзіл аралас форматта айтып, келіннің бетін ашатын да болған. Мәселен, блогер, әзілкеш, асаба Қабдол Тілек жырға әзіл қосып орындап, көпшіліктің арасында “Заманауи беташарист” деп танылып кетті. Қазір Қабдолды тойына шақыратындар көп. 


Қазір “Беташар” рәсімінде келінді қайын жұртына таныстырғанда әр туыстың аты аталады. Келіннің алдына арнайы қоржын қояды. Аты аталған туыстар сәлем салған келінге “көрімдік” деп қоржынға ақша салады. Әркім қалағанынша ақша салады. Бірақ “Беташар” жырын айтып тұрған тамада жиылған қонақтың көңілін көтеру үшін “Қай туыстың мәрт екені беташарда білінеді. Кім көп ақша салады екен?” деп әзілдеп туыстарды жарыстырып, шоу ұйымдастырады. Кейін бұл қоржынды беташар жырын айтқан ақынға немесе той иелеріне береді.

Келіннің бетін “осы әулеттің үлкенінің жолын берсін” деп жасы үлкен әжеге, “енесіне ұқсасын, жақын болсын” деп жігіттің анасына аштырады. Қазір көбіне ақ орамалды жалаң қолмен немесе домбырамен ашады. 


Екінші рет тұрмыс құрған әйелге “беташар” жасай ма?


Этнограф Аманжол Қалыштың айтуынша, бұрын екінші рет тұрмыс құрған әйелдің бетін ашпаған. Дегенмен этнограф Болат Бопай қазақтар әйел жастайынан жесір қалса, оған “Беташар” тойын жасай бергенін айтады. Ал 50-60 жасқа келген, балалары ержетіп не бойжетіп қалған әйел үшін бұл рәсім өткізілмейді. 


Ал қазір бұған қатысты халықтың ойы екіге бөлінеді. Бүгінде көбі әйелдің бұрын тұрмыс құрып-құрмағанына қарамай, “Беташар” рәсімін өткізе береді. Себебі Қазақстан заңы бойынша, барлық азамат тең құқылы және оларды кез келген сипатта дискриминациялауға болмайды. Ал екінші рет тұрмыс құрған әйелге “Беташар” рәсімін өткізуге болмайды деу – алалаудың бір түрі.


Мысалы, Маңғыстау өңірінде екінші рет тұрмыс құрған әйелге арнайы беташар жасамайды. Оның орнына “орамал ауыстыру” салты өткізіледі. Келіннің басындағы бұрынғы орамалды шешіп, жаңа отаудың белгісі ретінде жаңа орамал тартқан. Айтпақшы, Маңғыстау, Оңтүстік облысында “Беташар” кезінде келіннің бетін жапқан ақ орамалдың бір ұшы оқтауға байланып тұрады. Бұл оқтауды күйеу жігіттің інісі ұстап тұрады. Мұнда "інісіне де жұғысты болсын" деген ниет жатыр екен.

Десе де “Беташар” салты қатып қалған заң емес. Оны жасап-жасамау, қандай форматты таңдайтыны – әркімнің өз еркінде.

Бөлісу:

Әзіл, көрімдік: “Беташар” салты қалай өзгерді? — Tamga media