Бетіңіз, шашыңыз жылтырап тұрғанын, тырнағыңыз сынбай, мықты болғанын қалайсыз ба? Онда ағзаңызда коллаген жеткілікті мөлшерде болуы керек. Бүгінгі материалда көптің аузынан түспейтін коллаген деген не екенін, оның ағзаға пайдасын және коллагенді қалай таңдау керек екенін түсіндіреміз.
Коллаген – ағзадағы маңызды ақуыз. Адам денесіндегі ақуыздардың шамамен үштен бірі, яғни 30-40%-ы коллагеннен тұрады. Ол теріде, сүйекте, бұлшықетте, сіңір мен буында, қан тамырларында, көзде, тіпті қызыл иекте де кездеседі. Ағза коллагенді өз бетімен өндіреді, бірақ 25-30 жастан бастап оның мөлшері азайып, сапасы төмендейді.
Оған қоса, күнделікті тұтынып жүрген қант, бал, тәттілер, кәмпиттер және күріш сияқты көмірсулар ағзадағы коллагенді азайтады. Күн сәулесі де коллагеннің бөлінуіне кедергі келтіреді. Салдарынан адам терісі қатайып кетеді, әжім түседі, дақ пайда болады, терідегі жаралар ұзақ жазылады.
Дегенмен адам дұрыс тамақтанып, ағзадағы коллагенді көбейте алады. Ол үшін рационда С дәрумені, мырыш, мыс, аминқышқылдар болуы керек. Мұндай дәрумендер мен минералдар цитрус жемістерінде, болгар бұрышында, құлпынайда, жұмыртқада, сүт өнімдерінде, қырыққабатта, қасқыржемде, саңырауқұлақта, тауық терісінде, күнжіт тұқымында, какао ұнтағында және кешью жаңғағында көп кездеседі.
Сонымен қатар, сүйек сорпасы да коллагенге бай тағамдардың бірі болып саналады. Сол себепті қазақтың “сорпа ішсең, сүйекке жетеді”, “ет – етке, сорпа – бетке” деген сөзі нақты пайдасына байланысты айтылған.

Коллаген қоспаның қандай түрлері бар?
Ағзадағы коллагенді арттырудың тағы әдісі – коллаген қоспаларын ішу. Мұндай қоспалар әдетте тауықтан, балық сүйегінен, терісінен немесе қабыршағынан, сиыр немесе шошқа терісі мен буындарынан жасалады.
Зерттеулерге сенсек, балықтан жасалатын коллаген ең тиімді. Себебі оның молекуласы кіші болған соң, адам ағзасына оңай сіңеді. Оған қоса құрамындағы глицин, пролин, гидроксипролин сияқты аминқышқылдар бар. Олар адам терісін ылғал етеді.
Нарықта коллагенді ұнтақ, капсула, сұйық және желе түрінде сатады. Ұнтақ түрін таңдаған жөн, өйткені мұндай қоспа ағзаға тез сіңеді, теріні тез жақсартып, әжімді азайтады.
Коллаген сатып алғанда құрамында қосымша қант, жасанды дәмдеуіштер немесе қажетсіз қоспалар жоқ екеніне мән беріңіз. Себебі бұл қоспаның әсерін азайтады, ас қорыту қиындайды, тіпті кейбіріне аллергия беруі мүмкін.

Коллаген қоспасын қаншалық көп ішуге болады?
Зерттеулер күніне 2,5-15 грамм коллаген ұнтақтарын пептидтерін қабылдау тиімді дейді. Ал нутрициолог Джен Маккиндердің айтуынша, коллагеннің әсерін көру үшін күніне кемінде 5 грамм ішу қажет.
Әдетте коллагенді ішкеннен кейін үш-төрт аптадан соң тері ылғалданып, жылтырай бастайды. 8-12 аптадан кейін әжімдер азайып, тері жұмсарғаны байқалады. Коллагенді тұрақты ішетіндердің сөзіне қарағанда, олардың тырнақтары қатайып, жақсы өсетін, шаштары аз түсетін және сынбайтын болған.
Кімге ішуге болмайды?
Адамда коллаген құрамындағы өнімдерге аллергия болса, тұтынбаған жөн. Кейбір қоспада жағымсыз дәм не иіс болуы мүмкін. Коллаген – ақуыз, сондықтан шамадан тыс тұтыну бүйрекке ауыр болуы мүмкін. Сондықтан бүйрегі ауыратын, бүйрегіне қатысты диагнозы бар адамдар сақ болуы керек. Жүкті және бала емізетін әйелдер, 18 жасқа толмағандар, созылмалы ауруы бар адамдар дәрігер кеңесінсіз қабылдамаған жөн.




