«Аяваска» сөзін өміріңізде бір рет болсын естіген шығарсыз. Интернетте сусынды жасау жолы мен оның қасиеті туралы ақпарат өте көп. Біз тақырыпты терең зерттеп, осы рәсімді жасап, өзін табуға тырысқан екі адамның пікірін білдік. Сонымен қатар аяваска-туризмнің неліктен трендке айналғанын, оның қандай қауіптері бар екенін анықтадық.
Бұл не және ол туралы неге жиі естиміз?
«Аяваска» кечуа тілінен аударғанда «рухтар лианасы» немесе «өлілер лианасы» деген мағынаны білдіреді. Жергілікті үндіс тайпалары үшін бұл сусын – рухтармен және табиғатпен байланыс орнату құралы. Аявасканың отаны – Амазония ормандары. Оны Перу, Бразилия, Колумбия, Эквадор және Боливия аумағында кеңінен қолданған. Бұл рәсімнің нақты қашан пайда болғаны белгісіз, бірақ тарихи жәдігерлер оның кем дегенде мың жылдық тарихы бар десе, зерттеушілер 2-3 мың жылдық тарихы бар дейді.
Бұл галлюциногенді сусынды тек шамандар ем-дом мен арнайы рәсімдер үшін қолданған (шипибо тайпасы оларды «курандерос» немесе «онанья», яғни «бәрін білетін адам» дейді екен). XVI-XVII ғасырларда Америкаға барған испан миссионерлері аявасканы «көзін құрту керек шайтанның сиқыры» деп атапты. Әрине, ешкім ештеңені құрта алған жоқ, бұл ритуал әлі де бар. Кейін 1930-1950 жылдары аяваскаға ғалымдар қызыға бастайды. Гарвард этноботанигі Ричард Эванс Шультес Амазонияда жылдап тұрып, бұл туралы Батыс елдеріне алғаш болып айтады. Ал оның шәкірті Теренс Маккенна 1970-1980 жылдары аявасканы психоделика мәдениетінің трендіне айналдырып, бүкіл әлемге танытады.
Айжан:
«Бұл оқиға бес-алты жыл бұрын болды, ол кезде 33 жастамын. Ол уақытта психологқа барып жүргенмін, бірақ іштей қатты қиналып кеттім. Өмір сүру сондай қиын болды, сондықтан оны жеңілдетудің басқа бір амалын іздедім. Содан бір күні физика туралы сабақта мынадай қызық ой естідім: «Іштей мазасызданып, бәрімен алысып жүрсең, айналаңдағы дүние де саған солай жауап береді. Ең дұрысы – іштей толық тыныштықта болу». Бірақ мен ол «ішкі тыныштық» дегеннің не екенін мүлдем түсіне алмадым. Соны сезініп, түсіну үшін аяваскаға баруды шештім. Рәсімді өткізетін гидті (жолбасшыны) өте ұзақ таңдадым. Алматыға Перуден бір маман келген екен. Оған дейін де бірнеше адаммен кездестім, бірақ жүрегім осы соңғы маманға ғана жылыды. Соған жазылдым. Іштей үлкен бір сұрақпен бардым да, оған жауабымды алдым. Байқап көріп, бұл нәрсенің не екенін түсіндім. Өмірімдегі кей нәрсе тезірек ретке келе бастады. Бірақ бұл тәжірибеден бір нәрсені ұқтым: бір нәрсені түсініп, ақылға келу үшін міндетті түрде аявасканы ішіп, мұндай қиын жолмен жүру шарт емес екен».
1930 жылдары Бразилияда діни ағымдар пайда болып, аявасканы христиан дініне байланыстыра бастады («Санто Дайме» және «Уньяо ду Вежетал» деп аталды). Ел ішінде бұл сусынды еш қорықпай іше беретін болды және бәрі ашық түрде жасалды. Ал 1990-2000 жылдары аяваска бүкіл әлемге тарай бастады. Басында бұл сусынға ғалымдар, ерекше әсер іздегендер мен жан дүниесін түсінгісі келгендер қызықса, кейін оны интернеттен көріп, бәрі біле бастады. 2008 жылы Перу үкіметі аявасканы өзінің мәдени мұрасы деп жариялады. Шамамен осы уақытта аяваска-туризм үлкен бизнеске айнала бастады.

Қазір бұл рәсім Амазониядан шығып, бүкіл әлемде – Еуропа, АҚШ, Австралия мен Азияда жасалып жүр. Тіпті университеттерде оны арнайы тексеріп, денсаулыққа әсерін зерттеп жатыр. Осылай, мың жыл бойы кішкентай ғана тайпалардың арасында құпия болып келген рәсім, бүгінде артында көп дау-дамайы бар, бүкіл әлем талқылайтын үлкен тақырыпқа айналды.
Дарья:
«Мен Барселонада туристерге қызмет көрсетемін. Бір күні олар маған аяваска туралы жарыса айта бастады. Қазақстанда бір танысым бар, ол ай сайын Грузиядағы аяваскаға адамдарды топ-топ етіп апарып тұрады екен. Менің туристерім де барып көргісі келді. Барселона маңындағы бір шаманның нөмірі бар еді, соны бердім. Олар ритуалдан соң есі шығып, керемет әсермен оралды. "Мұны әркім бастан өткеруі керек" десті. Мен бұған өмірімнің қиын кезеңінде келдім. Өзімді жоғалтып алғандай едім, бәрі теріс кетіп жатты. Көп ойланып, сырттай бақылап жүрдім. Қорқынышты болды, әрине. Бірақ "егер аяваска туралы жиі ести бастасаң – демек, дайынсың" деген сөз бар. Бірақ әуестігім қорқынышымды жеңіп, тәуекел еттім».
Қалай бұл рәсімді бәрі біле бастады?
2019 жылы туризмнен түскен табыс 62 миллион долларға жетті. Ал 2020 жыл мен 2023 жыл аралығында әлемдегі аяваска орталықтарының саны 64-тен бірден 362-ге дейін көбейді. Перудің өзінде 2019 жылы 173 орталық істеп тұрды. Онда 36 мыңнан астам адам барған, барлығы 160 мыңнан аса рәсім өткен. Аявасканың танымал болуына Аарон Роджерс пен Джо Роганның өз тәжірибелерін ашық айтқаны қатты әсер етті. Екінші толқын пандемиядан кейін басталды. Себебі адамдар өз өмірін қатты өзгерткісі келді.
Айжан:
«Рәсімде қатты қорқатын нәрсемен бетпе-бет келдім. Менде трипофобия бар еді, яғни ұсақ тесіктерді көрсем зәрем ұшатын. Осы қорқынышымнан біржола құтылдым. Сондай-ақ, әкеммен арадағы бұрын өзім де байқамай келген реніштерді, ішкі мәселелерді шешіп алдым. Бұл өте қауіпті тәжірибе екен, екінші рет ешқашан бармайтынымды түсіндім. Сол сәтте көрген, ойыма түйген дүниелер мен сезімдерім әлі күнге дейін есімде, бұған тек ризамын. Өмірім өзгерді. Мен бұрынғыға қарағанда әлдеқайда қарапайым бола түскен сияқтымын».

Әрбір өрлеудің артында құлдырау болатыны секілді, бұл бизнесте де солай болды. Бәрі 2025 жылдың қаңтарында басталды. Перудегі АҚШ елшілігі өз азаматтарына қатаң ескерту жасап, аяваска рәсімдерінен мүлдем аулақ болуды талап етті. Арада бірнеше күн өтпей жатып, Коста-Риканың Денсаулық сақтау министрлігі де осындай орталықтардан сақтану керегін айтты. АҚШ елшілігі бұған дейін де – 2012, 2013 және 2022 жылдары да ескерту жасаған еді. Бұл жолы мәселеге өте шындап кірісіп отыр.
Дарья:
«Таңертең рәсімге бара жатқанда қатты қобалжыдым. Тіпті құрбыма: "Егер бірдеңе болып кетсе, денемді еліме әурелеп жібермей-ақ қой, күлімді Монсеррат тауына шаш, ал итімді жақсы адамдардың қолына бер" деп жазып жібердім. Әдейі ешкімге айтқан жоқпын, өйткені бәрі ақыл айтып, райымнан қайтаруға тырысатынын білдім. Ал маған ештеңеге алаңдамау керек болды. Әртүрлі оқиғаны оқығанмын, бірақ менің бастан өткергенімді ешкім жазбапты. Бұл шынымен әркімде әртүрлі болады немесе адамдар бұл туралы айтуға қорқады. Айтып отырсаң, есі ауысқан адам болып көрінеді екенсің. Бірақ мен барғаныма бір де бір рет өкінген жоқпын. Бадалонадағы йога залында он шақты адам болдық. Шаманымыз – Перуде оқып келген жергілікті каталондық екен».
Адамдарды не себепті бұл рәсімді жасайды?
Мұнда негізінен жоғары білімі бар, басқару ісіндегі, 35 жас шамасындағы адамдар барады. Бұрын тек арқасына сөмке асынып, әлемді аралап жүрген жастар қызығатын, қазір қалталы туристер де ішкі жан дүниесін түсіну, депрессиядан айығу немесе жаңа, ерекше сезімдерді бастан кешіру үшін барады.
Дарья:
«Сол кезде бойымды ерекше бір махаббат пен бақыт сезімі кернеді, өмірімде мұндайды сезініп көрмеппін. Ешқандай уайым-қайғысыз, ішкі жан дүниеңді ғана сезінеді екенсің. Мен өзімнің өткен өмірлерімді көрдім. Жан дүниемнің қаншалық терең екенін, бойымда қаншама күш-қуат барын түсіндім. Мұны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тіпті бұрын қай жерде, кім болып өлгеніме дейін көрдім – бүкіл Латын Америкасы елдерінде өмір сүрген сияқтымын. Ол кезде испанша мүлдем білмейтінмін, бірақ сол тілдегі әндерді өмірімде бірінші рет естісем де, еш мүдірмей, қатесіз айтып шықтым.
Сонымен бірге, физикалық тұрғыдан өзімді өте жақсы сезіндім. Дәретханаға барғым келсе, жай ғана көзімді ашып, тұрып, емін-еркін бара беретінмін. Денем жеп-жеңіл болды. Аяваска денемнің қай жерінде жүргенін әр секунд сайын сезіп жаттым. Бұл – рәсімнің бірінші бөлімі еді. Ал екінші бөлімі ішкі жарақаттарымды емдеуге кетті, бұл да сол күні болды. Қорқынышты түстер көрген жоқпын. Жақсы нәрселер кино сияқты көз алдымнан өтсе, жаман дүниелерді сезім деңгейінде өте жылдам, көзді ашып-жұмғанша өткіздім.
Шаманға қарап жаттым, көзімнен жас тоқтамай ақты. Бірақ бұл маған ауыр тиген жоқ. Дәретханаға баруға тұрғанымда, шашым жаңа ғана душқа түскендей су болып кетіпті. Шаман мұны ішімде жиналып қалған, уақытында шықпаған эмоциялардың жеңіл түрде сыртқа шыққаны деп түсіндірді. Рәсім аяқталғанда ішімде шексіз ризашылық сезімі ғана қалды. Осыдан кейін дүниеге мүлдем басқа көзбен қарап, өмірді көбірек бағалай бастадым. Шаман маған: "Ішің ауырып, құспағаныңа қарағанда, аяваска сені бірден қабылдады" деді».
Аяваскаға қатысты әртүрлі пікір бар, зерттеулер де жүріп жатыр. Бұл сусынның адам ағзасына зияны да аз емес. Көбінің жүрегі айнып, құсып, іші өтеді. Мұндайда денеде су жетпей қалуы мүмкін. Сондай-ақ адам қатты терлеп, дірілдеп, бойын үрей билейді. Қан қысымы көтеріліп, тамырлары тарылып кетеді. Тіпті бірнеше сағат миға әсер етеді. Негізі құсып, іштің тазаруы да осы дәстүрдің бір бөлігі саналады. Оны “la purga” (тазару) деп атайды. Әрине, мұндай нәрсеге екінің бірі шыдай бермейді.
Айжан:
«Басында туған күніме сыйлық ретінде кәдімгі шай рәсіміне жазылғанмын. Бірақ рәсімге аз күн қалғанда ұйымдастырушы жігіт басқа, қымбат баға айтты. Бас тарта салғанымда: "Шай таусылып қалды, бұл аявасканың бағасы ғой. Бірақ сіздің келуіңіз керек" деп қоймады. Қысқасы, аяваскаға шайдың бағасымен баратын болдым. Өзі алты адам жиналуымыз керек еді, қалған бесеуі Астанадан ұшып барды. Үлкен, екі қабатты үй екен. Олардың ұшағы кешігіп, рәсімді жалғыз өзім бастап кеттім. Күні бойы аш едім, әуелі йога жасатып, қауіпсіздікті түсіндірді де, мұрныма рапе (ұсақ ұнтақ түріндегі қоспа – ред) үрлеп жіберді. Сусынның өзі сұмдық дәмсіз екен, ішіп алып, көрпені бүркеніп жаттым. Есімнен танып, қозғала алмай қалған жоқпын, тіпті бір уақытта тұрып, жүргенімді өзім де байқамай қалдым. Тек жүрегім айнып, құсқым келді. Күні бойы нәр татпаған соң ба, жүрегім айныды».

Зерттеулер не дейді?
Аявасканың бір ғана дозасы ешқандай ем қонбайтын ауыр депрессияға оң ықпал ететіні байқалған. Бірақ заңдағы шектеулер кесірінен оны зерттеу қиын, сондықтан негізгі мәліметтер бұған рұқсат берген Бразилия сияқты елдерден ғана алынады. Ғылыми сынақтар көрсеткендей, сусынды ішкен науқастардың жағдайы бірінші аптада-ақ жақсара бастаған. Бұл аурудан толық айықтырмаса да, жағдайы ең ауыр адамдарға да тез әсер ететінін дәлелдеді. Тіпті 2026 жылы Бразилияда 280 науқасқа жасалған жаңа зерттеу депрессия белгілерінің азайып, нәтиженің жарты жылға (180 күнге) дейін сақталғанын көрсетті.
Ал ПТСБ (күйзеліс) бойынша нақты дерек аз. Қазір Сан-Паулу университеті ПТСБ-ні емдеуде аявасканың қаншалық көмектесетінін арнайы сынақтан өткізіп жатыр, оның қорытындысы 2026 жылдың ортасында шығады. Аявасканың адамды өлтіретін нақты мөлшері белгісіз. Дегенмен оны ішкен соң жүрегі ұстап қалған немесе өзіне қол жұмсағандар бар. Мысалы, 2024 жылы Америкадағы бір орталық қатысушының өлімі үшін 15 миллион доллар айыппұл төледі. Ол адам аяваскамен бірге камбоны (бақа уын) араластырып ішіп, қанындағы натрий күрт азайып кеткен.
Дарья:
«Араға уақыт салып, екінші рет жігітіммен бірге бардым. Ол дайын болмаған соң, уайымдадым. Негізі бұл жерге жұп болып баруға болмайды екен. Энергиямыз араласпасын деп, бізді залдың екі шетіне жатқызды. Рәсім Барселона сыртындағы ескі үйде үш күн болды. Алғашқы екі түнде ештеңе сезбедім. "Жай музыка тыңдауға ақша төледім бе" деп ашуландым. Бірақ бір сәтте жатысымды өзгертіп, ғарышқа тап болдым. Құдайды сезініп, басқа әлемдерді көрдім. Жан дүниемнің неге дәл осы жерде туғанын түсіндім. Сол кезде мен қатты толып кеткен едім. Салмақ тастағым келіп жүрген. Осыдан кейін асқазанымды кішірейтіп, қырық келі тастадым. Қазір түрім де өзгеріп, өзімді басқаша сезінемін. Үшінші түнде маған лаулаған жарық шар жақындап, көзіме шағылысты. Саусақ арасынан қарасам – шаман екен, ал жарық оның қуаты болып шықты. Аяваска маған бүкіл әлемнің қайғысын көрсетті, тоқтамай жыладым. Соңында ол маған: "Саған жаңа ештеңе көрсетпеймін. Бәрін көрдің. Қайтып келме", – деді. Шындығында, бүкіл сұрақтың жауабы өз ішімізде».
Перу үкіметі бұл рәсімдерді тексермейді. Сондықтан бәрі заңнан тыс, дәрігерлер жетпейтін шалғай джунглиде өтеді. Қазір бұл іс үлкен бизнеске айналып, жалған шамандар көбейген. Салдарынан алаяқтар қатысушы әйелдердің рәсім кезіндегі дәрменсіз күйін пайдаланып, зорлық-зомбылық жасайтын жағдайлар жиілеп кеткен.

Айжан:
«Бұл мүлдем түсініксіз күй екен. Бір суреттен екінші суретке тез ауысып кетесің. Ең бастысы – қорықсаң да, ауыр болса да қарсыласпау керек. Бірақ бұл өте қиын. Осы сегіз сағат ішінде мен жағдайға қарсы тұрмай, өзімді еркін жіберуді үйрендім. Мұндай жерге бірге баратын адамды дұрыс таңдау өте маңызды. Алғашқы дозаны ішкенде: "Бұл үйде не істеп отырмын? Мына адамдарды танымаймын ғой. Қазір есімнен тансам, маған не істесе де еркі" деген қорқыныш болды. Бұл мен үшін пайдалы тәжірибе болды, бірақ қайталамас едім. Денең қатты қиналады екен. Оған қоса, бұл нәрсеге үйреніп, тәуелді болып қалмау керек».
Қалай сақтану керек?
Басқалар не десе де, бұл қадамға бармай тұрып, жүз ойланып, мың толғану керек.
Денсаулыққа зиян
Сусынды күйзеліске қарсы дәрілермен (антидепрессанттармен), қан қысымы, жүрек дәрілерімен және антибиотиктермен араластыруға мүлдем болмайды. Бұл өте қауіпті, адам өліп кетуі мүмкін. Оған қоса жүйкесі жұқарған, жан дүниесі ауыратын адамдарға да болмайды, есінен алжасып қалуы мүмкін.
Жалған емшілер
Бұл жерде ешқандай бақылау жоқ. Кез келген адам өзін «шаманмын» деп таныстырады. Басқа елде жүріп, тіл білмесеңіз, оның өтірік-шынын тексеру мүмкін емес.
Қорғайтын ешкім болмайды
Сусынды ішкен соң адам өзін мүлдем басқара алмайды. Осы сәтті пайдаланып, қатысушыларды тонап кеткендер, алдап кеткендер немесе қорлық көрсеткендер аз емес.
Ішкі қорқыныш
Жан жарасы, үлкен қайғысы бар адамдар бұл рәсімнен соң жеңілдеудің орнына, сол қорқыныштарымен бетпе-бет келіп, жүйкесі мүлдем бұзылып кетуі мүмкін. Өйткені жаныңда ешқандай психолог болмайды.
Кейінгі зардабы
АҚШ елшілігі бұл рәсімнен кейін де адамдардың ұйқысы қашып, біраз уақыт көзіне түрлі нәрсе көрініп жүретінін айтқан.
Заң мәселесі
Көп елде бұған тыйым салынған. Өзіңізбен бірге алып жүрсеңіз, сотталып кетуіңіз мүмкін.



