МедиаҚоғамАвтономды таксилер дайын, ал біз ше?

Автономды таксилер дайын, ал біз ше?

27 сәуір 2026
5 мин
Автономные такси готовы, а мы – нет
Роботакси Cybercab | Фото: Tesla

Жақында Астана, Алматы және Қостанай көшелерінде автономды таксилерді көретініміз белгілі болды. Осындай технологияларды енгізу неге сонша ұзақ уақыт алады деп ойландыңыз ба? Неге бұл баяғыда іске қосылмады? Неге ол әлі күнге дейін әр жерде кездеспейді? Біз технологияның дамуын, яғни ақылдырақ ЖИ-ді, дәлірек датчиктерді, сенімдірек бағдарламаның құрылғанын немесе жақсырақ жұмыс істейтін сенсорларды күтіп жүрміз бе? Мәселе мүлдем онда емес екен. Дәл қазір Шанхай мен Сан-Францискода миллиондаған адам жүргізушісіз көлікпен қатынап жүр. Мәселе біздің мұндай көлікті күткенімізде емес, көліктің бізді күтіп тұрғанында. 


Рульді босатуға дайын емеспіз


Инженерлердің ең ірі кәсіби ұйымдарының бірі –  IEEE-дің мәлімдемесіне сәйкес, қоғам әлі толықтай жүргізушісіз көліктерге дайын емес. Сол себепті де мұндай технологиялар кең көлемде қолданылмай отыр. Бұл пікірді PMC жариялаған шолулар да растайды. Технология әлемі толық интеграция жолында технологиялық емес кедергілерге жиі тап болады. Бұған аға буынның банк карталарына алғашында күмәнмен қарағанын еске түсіруге болады: «Бұл қауіпсіз емес» деген пікір жиі айтылған. Сол сияқты 5G, QR кодтар, микротолқын пештер сияқты технологиялар да алғашында қоғам тарапынан толық қабылданбады.


Шын мәнінде, технологияның дамуын тежейтін негізгі фактор оның сапасы емес, қоғамның оны қабылдауға дайын болмауы. Көп жағдайда технология мәселесін шешкеннен гөрі қабылдау мәселесін шешу әлдеқайда күрделірек.


Цифрларға жүгінейік. АҚШ-тағы жол апатынан болатын өлім-жітімге шамамен 94% адам кінәлі. Бұл көрсеткіштер әлемнің қалған бөлігі үшін де өзекті. Қалай десек те, жолды қолданатын – адамдар. Адам секілді қателеспейтін, бәрін мінсіз істейтін машинаны халық шын мәнінде қуана қарсы алуы керек еді ғой.  Бірақ зерттеу нәтижесі басқаны көрсетеді: адамдардың 74%-ы жүргізушісіз таксидің адамнан жақсы айдайтынына мүлдем сенбейді. Кез келген көлікке қатты қызығатын адамнан оның көлікті қалай айдайтынын сұраңызшы. Жауабы айдан анық: «өте жақсы». Алайда, ол бір жерде біреудің алдын кесіп өтуі мүмкін, бір жерде бағдаршамның жасыл түсіне өтіп кеткен болар, бірақ ешкімге зиянын тигізбеді ғой!


Мұның бәрі біздің санамызда. Гарвард бизнес мектебінен Джулиан Де Фрейтастың Journal of Consumer Psychology журналында жарияланған зерттеуі бойынша, адамдар жүргізушісіз көліктерге тірі жүргізушілерге қарағанда мүлдем басқа стандарттарды қолданады. 5000-нан астам адам қатысқан зерттеу мынаны көрсетті: жол апаты болса, халық машина кінәлі болмаса да, бәрібір кінәні роботқа жапқан. Неге? Елестетіңіз, сіз мейрамханаға барып, қымбат кешкі асқа ақша төледіңіз, ал ол ас тура өзіңіз үйден дайындап алатын тамақ сияқты болып шықты. Үйде бұл ас керемет, ал мейрамханада сіздің күткеніңізден төмен. Таксиге қатысты жағдай да осыған ұқсас. Адамдар инстинктив түрде жүргізушісіз таксиді сапаның мінсіз стандартымен салыстырады. Рульде осы жолы барлық ережені сақтап отырған Михаэль Шумахер отырғандай көреді. Олар робот қой, олар жақсырақ болуы керек. Олар онсыз да жақсырақ. Бірақ бұл алдын ала қалыптасқан теріс көзқарас олардың өмірімізге енуін қиындатады. Бұл туралы медиа қалай жазады, саясаткерлер қалай талқылайды, сот практикасында қалай түсіндіріледі…Біз іштей роботқа қарсылас ретінде қараймыз. Бірақ біз соқыр сенімдер мен бюрократияны шешкен күннің өзінде, алдымызда бұдан да күрделі міндет тұр.


Роботпен жол бөлісуге кім дайын?


Сіз әлемдегі ең тәртіпті жүргізуші болуыңыз мүмкін. Жолда жүргізушісіз таксилер болса, көлікті қалай жүргізу керек екені туралы көптеген материал оқуыңыз мүмкін. Бірақ сіз сияқтылар қанша? Жолдағы жағдайдың өзгергенін қанша адам ойлайды?


Ең қиыны – бәрі жүргізушісіз көлікке толық көшкенге дейінгі өтпелі кезеңнен аман өту. Себебі толық автономды көліктері бар әлем – бұл инженерлік тұрғыдан есептелген, айнымалылары анық жүйе ғана. Ал зейіні бөлінетін, эмоцияға берілетін, алдын ала болжау қиын адамдар жүргізетін қаладағы қозғалыс – мүлдем басқа әлем. Мұнда әр шешім формуламен емес, интуициямен қабылданады. Адамдар жолда бір-бірімен сөзсіз тіл табысады: жарықпен белгі береді, көзқараспен жол ұсынады, қол көтеріп «рақмет» айтады, кейде кептеліс кезінде жол ережесін сәл бұзып, бір-біріне мүмкіндік жасайды. Біз күн сайын осындай бейресми келісімдердің куәсі боламыз.


Енді осы хаостың ішіне робот көлік кірді деп елестетіңіз. Ол сол жақ жолақтан оңға бұрылған көлікке қалай жауап береді? Қос тұтас сызықтан өтіп кеткен жүргізушімен не істейді? Жауап қарапайым: ол тежейді.


Осыдан тағы бір сұрақ туындайды. Мұндай жағдайда адам жауапкершілікті роботқа артып қоймай ма? Жүргізушісіз көліктің датчиктеріне және оның тоқтайтынына сеніп, жолды кесіп өтпей ме? Зерттеулер көрсеткендей: автоматтандыру деңгейі жоғарылаған сайын, айналадағы адамдардың зейіні соғұрлым төмендейді. Мұны когнитивті жеңілдеу деп атайды. Мысалы, балаңыздың үй тапсырмасын ЖИ арқылы жасап берсеңіз, оны қайта тексересіз бе? Көбінесе технологияға сеніп тапсыра саласыз. Тек бұл жағдайда бәске тігілген баға емес, жолдағы адам өмірі. Бұған авиация саласы жақсы мысал бола алады, онда бұл мәселе тәртіптің керемет деңгейімен шешілген.


Қазақстанда өтпелі кезеңде жүргізушісіз таксилерде керек кезде басқаруды өз қолына ала алатын қосалқы жүргізуші болады. Бұл адамдар мен машиналар әлемінің арасындағы «көпір» (буфер).


Бәрін қалай реттейміз?


Жүргізушісіз көліктер үшін бірыңғай халықаралық стандарттар әлі жоқ. Калифорнияда мақұлданған роботакси Германияда, Жапонияда немесе Нигерияда мүлдем басқа заңнамалық ортаға тап болады. Елдер ғана емес, бір елдің ішіндегі әртүрлі қала да ереже әртүрлі кезеңде тұр. Әр елдің заңы әртүрлі, бәрі араласып жатыр. Мұндай ала-құла ережелердің арасында бұл жобаны жаппай іске асыру – қиын шаруа.  Әсіресе, бірден жаппай енгізсе, мүлдем қиын болады.


Кейбір ел жылдамырақ қозғалып жатыр. Германия жол қозғалысы ережелерін түзеді, Қытайда роботаксилер мемлекеттің қолдауымен іске қосылып жатыр. Ал АҚШ-тың жөні бөлек: онда әр штат өзара бәсекелесіп, әрқайсы өз бетінше әрекет етіп жатыр. Ал Қазақстанда реттеу жұмыстары дәл қазір жүріп жатыр. Мысалы, апат болса жауапкершілік кімге түседі деген сұрақ талқыланып жатқаны белгілі болды.


Сонымен, жүргізушісіз таксилер күнделікті үйреншікті дүниеге айналуы үшін не істеуіміз керек?


Шын мәнінде, мәселе технологияда емес. Қаладағы біз көріп жүрген дүниенің бәрі адамның ыңғайы үшін жасалған. 


Робот көліктердің жаппай таралуы технологияның дамуын ғана емес, қоғамдық сенімнің қалыптасуын да талап етеді. Ал сенімді не қалыптастыратынын білесіз бе? Қолдану. Микротолқын пешті де алғаш көргенде үрейленгендер болған шығар, бірақ қазір оған бәріміздің етіміз үйреніп кетті. Мұны зерттеулер де растайды. Автономды таксимен жүріп көрген адамдар бұл технологияға әлдеқайда жиі сенеді. Мұндай тәжірибесі барлардың 73%-ы оптимистік көзқараста болса, тәжірибесі жоқтар арасында бұл көрсеткіш – 55%. Роботпен таныссақ, сенім артады. Бірақ танысу үшін енгізу керек, ал енгізу үшін сенім керек. Осындай бір тұйық соқпаққа тірелеміз.


Күндердің күнінде пилоттық жоба іске қосылады, адамдар міне бастайды. Бірақ бұл тек технологияның жетістігі емес. Нағыз өзгеріс біздің заңымызға, санамызға және күнделікті өмірімізге әбден сіңіп кеткенде болады. Бірнеше робот көліктің көшеде жүргеніне қарап «болашақ келді» дей алмаймыз. Болашақ біз оған дайын болғанда ғана келеді.

Бөлісу: