МедиаҚоғамАвтобуста жастар үлкенге орын беруге міндетті ме?

Автобуста жастар үлкенге орын беруге міндетті ме?

18 тамыз 2026
3 мин
Фото: Tamga Media | ЖИ

Автобус кілт тоқтады да, салонға жасы үлкен апай кірді. Сол сәтте іштегі жұрттың бәрі «Кім орнынан тұрар екен?» іштей тына қалатыны бар. Посткеңестік елдердің көбіне таныс жағдай, бірақ ешкім мән-жайын тексеріп көрмеген ереже. Ал егер орын бермесең ше? Заң бойынша не болуы мүмкін? Tamga Media саралады. 


Қазақстанның заңы не дейді?


Қазақстан Республикасының «Автомобиль транспорты туралы» заңының 27-бабына сай («Қоғамдық көлікпен тасымалдау кезінде жолаушылардың жекелеген санаттарына берілетін басымдықтар»), мүгедектігі бар жандар, зейнеткерлер, жүкті әйелдер мен мектеп жасына дейінгі баласы бар жолаушылар мынадай құқықтарға ие:

  • Автобусқа, троллейбусқа немесе таксиге кезектен тыс отыру;

  • Салонның алдыңғы жағындағы арнайы орындарға отыру;

  • Ал Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілгендер — билеттерді кезектен тыс сатып алу.

Бірақ мұндағы ең маңыздысы – заң бұл санаттағы жолаушыларға басымдық береді, алайда басқа жолаушыны орнынан тұруға мәжбүрлемейді. Осы тұста «басымдық» дегеннің не екенін нақтылап алған жөн. Бұл құқық салонның алдыңғы жағындағы арнайы белгіленген орындарға ғана жүреді. Айтып отырғанымыз автобустағы кез келген орын емес, арнайы бөлінген аймақ. Егер мұндай орында басқа жолаушы отырса, жеңілдігі бар адамның оны босатуды сұрауға толық заңды негізі бар. Бірақ  заңда «орын босатпасаң, жауапқа тартыласың» деген талап жоқ. Яғни бос орын болса, қарт адамдар мен балалы жолаушылар бірінші отыра алады, бірақ бос емес орынды талап етіп, ондағы адамды орнынан тұруға міндеттей алмайды. Бұл жерде орындарды бөліп, белгі қою міндеті жолаушыларға емес, тасымалдаушы компанияға жүктелген. 


Айта кетері, еліміздегі қоғамдық көліктерде «үлкендерге орын беріңіздер» деген ескерту аудио арқылы жиі айтылады. Яғни бұл заңның талабы болмаса да, тасымалдаушылар мұны күнделікті әдеп нормасы еткен.


Посткеңестік елдердегі жағдай 


Жалпы посткеңестік елдердің көбінде жағдай ұқсас. Үлкенге орын беру – заңнан бұрын, сүйекке сіңген әлеуметтік норма, мәдени әдет. Ол кодекске емес, «ұят болады» деген сөзге сүйенеді.


Бұл ретте тек Беларусь ерекшеленген еді. Оларда 2008 жылғы ереже бойынша орын бермегендерді жауапқа тартпақ болған. Бірақ 2026 жылғы 1 сәуірден бастап бұл ереже өзгеріп, жазалау нормасы алынып тасталды.


Басқа Азия елінде мәселе қалай шешіледі?


Орталық Азияда бұл сұрақ тек абырой мен әдептің еншісінде қалса, Азияның басқа елінде орынды нақты белгілеп беру жолын таңдаған. Оңтүстік Корея – бұған айқын мысал. Мұнда метрода арнайы сары орындар 1985 жылдан бері бар. Барлық орынның 30%-ға жуығы қарттарға, мүгедектігі бар жандарға және балалы жолаушыларға бөлінген, ал 2013 жылы жүкті әйелдерге арналған бөлек қызғылт орындар пайда болды.


Кореяда мұндай орындар заңмен реттелмейді, бұл жергілікті биліктің ұсыныс түріндегі нұсқаулығы ғана. Онда мәжбүрлеу атымен жоқ: ол орынға кез келген адам отыра алады, оған айыппұл да, жаза да қарастырылмаған. 


Оңтүстік Кореяның Қазақстаннан айырмашылығы заңда емес, мәдениетте: Оңтүстік Кореяда қоғамдық қысым өте қатты. Жастар вагондағы орындар бос тұрса да, онда отырмауға тырысады. Бұл заңнан қорыққаннан емес, елдің сөзінен ұят болмасын дегені. Яғни ол жақта да біреуден орынды заңмен талап ете алмайсың, бірақ әлеуметтік норма сүйекке соншалықты сіңгендіктен, Бішкектегідей керіс өте сирек шығады.


Гонконг, Жапония мен Тайландта да арнайы белгісі бар орындар жүйесі жұмыс істейді (Тайландта бұл тізімге тіпті будда монахтары да кіреді).


Ал Батыста ше?


Еуропаның кей елінде басымдық адамның жасына емес, орынға нақты қажетіне қарай анықталады. Мысалы, Францияда мұндай қажеттілікті ресми растайтын Carte Mobilité Inclusion (CMI) картасының "Priorité" белгісі бар. Ол тұрып тұруға қиналатын қиын адамдарға арналған. Яғни карта «жасы үлкен адамға» емес, ұзақ тұра алмайтын адамға беріледі. Картаның мәні - адамның қоғамдық көлікте жай ғана отыруы үшін емес, оған орын беруді талап етуге негіз болатын ресми мәртебе беретінінде. 


Ұлыбританияда да қоғамдық көлікте мүгедектігі бар және ұзақ тұрып тұруға қиналатын жолаушыларға арналған орындар бар. Кейбір көлік операторы арнайы белгі немесе карта береді. Бірақ орын сұрау көбіне жолаушылар арасындағы әдеп пен өзара түсіністікке сүйенеді. Scope ұйымы да мұндай жағдайда жолаушының орынды сыпайы түрде сұрауына кеңес береді.


Сонымен, жастар үлкен кісілерге орын беруге міндетті ме? 


Тек заңға сүйенсек, «міндетті емеспін бе – демек, орнымнан тұрмаймын» деп отырып алу оңай. Бірақ заң мен әдеп – екі бөлек нәрсе. Заң ең төменгі ережені белгілесе, тәрбие мен мәдениет адамнан әлдеқайда жоғары деңгейді талап етеді. Бірақ екінші жағы да бар: орын бермеді деп кісіні көпшіліктің көзінше айыптау немесе тиісу де дұрыс шешім емес екенін ұмытпайық. 

Бөлісу: