МедиаҚоғамАустралияда шенеунік болып істейтін Мадина Расулова

Аустралияда шенеунік болып істейтін Мадина Расулова

18 мамыр 2026
5 мин
 Мадина Рассул – каково это казахстанке быть чиновницей в Австралии
Instagram: @marronms

Қазақстан азаматтарының шетелде табысты мансап құрғаны қазір таңсық дүние емес. Бірақ екінің бірі өзге елдің мемлекеттік аппаратына жұмысқа тұрып, тұтас бір аймақтың экологиясы мен азық-түлік қауіпсіздігіне жауап бере алмайды. 27 жастағы Мадина Расулова жасөспірім шағында АҚШ-қа оқып, кейін Ұлыбритания мен Сингапурда тұрды. Ал бүгінде ол Аустралия үкіметінде «Азық-түлік жүйелері жөніндегі офицер» қызметін атқарып жүр. Мадина бұл жолға қалай келгенін және Аустралияда шенеунік болудың қыр-сырын Tamga Media-ға айтып берді.


Мұхит асқан мектеп оқушысы


Мадинаның халықаралық мансапқа жасаған алғашқы қадамы небәрі 15 жасында басталды. Жоғары сыныпты АҚШ-та оқып, кейін Ұлыбританияда бакалавриат тәмамдаған бойжеткен өмірлік тәжірибесін әлеуметтік желіде бөліседі. Оның өзін-өзі дамыту, спорт және дұрыс тамақтану туралы блогына онмыңдаған адам жазылған.


Оқуын аяқтай сала, ол Сингапурге көшіп, төрт жылын IT саласына арнаған. Бастапқыда салауатты өмір салтын насихаттайтын кішігірім стартаптан басталған ізденіс оны әлемдік алпауыт – Microsoft компаниясына алып келді.

«Мен Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жеті елдің жобаларына жауап беретін Microsoft кеңсесінде бизнес-бағдарламалар менеджері болдым. Кеңседегі жұмыс күнім туралы видеом төрт миллион рет қаралды. Бұл жетістік маған шетелде мансап құруға және экология бағытындағы жаңа блогымды дамытуға көп септігін тигізді».



Әлемнің түкпір-түкпірінде жүрсе де, Мадина туған елімен байланысын үзген емес. Ол Қазақстанда «жасыл қозғалысты» (green movement) насихаттайтын бірнеше экологиялық фестиваль ұйымдастырған. Осылай, басында жай хобби болған экология саласы кейін оның кәсіби мансабына айналды.


Кәсіпкерліктен басталған шенеунік жолы


Мадина экология саласында кәсіби маман атану үшін Аустралияның ең беделді оқу орны – Мельбурн университетіне магистратураға түседі. Оқуға түсе сала, ол ұстазының қолдауымен «Wattle Fellowship» деген экология көшбасшыларына арналған грантты жеңіп алған. Мадинаның айтуынша, бұл қаржылай көмек қана емес, кәсіби ортамен тығыз байланыс орнатуға (нетуоркинг) берілген үлкен мүмкіндік.

«Осы гранттың арқасында Мельбурнда азық-түлік жүйелері бағытында жеке экологиялық бизнесімді аштым. Сондықтан Аустралиядағы алғашқы жұмысым кәсіпкерліктен басталды деуге де болады. Кейін дәл осы бағдарлама арқылы мемлекеттік органдарда тәжірибеден өттім. Тәжірибе мерзімі аяқталған соң, мені бірден жұмысқа шақырды».


Бүгінде Мадина – Мельбурн университетінің магистранты ғана емес, Аустралия мемлекеттік аппаратының қызметкері. Оның айтуынша, бұл жетістіктің құпиясы тек білімде емес, айналаңдағы адамдармен дұрыс байланыс орната білуде жатыр.



Аустралия шенеунігінің тыныс-тіршілігі


Қазір ол «Азық-түлік жүйелері жөніндегі офицер» (Food Systems Officer) ретінде экономика, экология және қоғамдық денсаулық сақтау салаларының басын біріктіріп отыр. Оның жұмыс күні өзге департаменттермен бірлескен жобаларды талқылаумен, ғылыми деректерді зерттеумен және бюджетті жоспарлаумен өтеді.


Мадинаны Аустралияның мемлекеттік жүйесіндегі жұмыс пен жеке өмірдің тепе-теңдігі (work-life balance) қатты таңғалдырған. Мұнда басты назар кеңседе отырған уақытқа емес, нақты нәтижеге аударылады.

«Күніне 7,5 сағат жұмыс істеуің керек, бірақ бұл уақытты таңғы 6 мен кешкі 6 аралығында өзіңе ыңғайлы етіп реттей аласың. Мұнда иерархия немесе кемсіту жоқ. Менеджерлер сенің біліміңе сенеді, тіпті пікірің өзгеше болса да, оны ашық айтуыңды құптайды. Мұнда маманның білімі мен тәжірибесіне баса назар аударады, өзара сенім жоғары. Идеяларым мен бастамаларым үнемі қолдау тауып, іс жүзінде орындалып жатады. Одан бөлек, денсаулық сақтау мен экология саласында әйел мамандардың басым екенін байқадым. Әріптестерімнің кәсібилігі, атқарып жатқан жұмыстары мені қатты шабыттандырады».


Азиялық қыз ретінде Мадина ешқандай кедергіге тап болмағанын айтады. Керісінше, Аустралиядағы түрлі мәдениет өкілдері оның қайдан келгеніне қызығып, тек жылы құшағын жайып, қонақжай болған екен.



Жас маманның айтуынша, аустралиялық тұрғындардың өмірге көзқарасы ерекше. Мұнда адамдар өзін жұмыспен ғана шектемей, өмірдің әр сәтінен ләззат алуға тырысады.

«Аустралия тұрғындары – өте сабырлы халық. Олар өмір сүру салтын немесе жеке тұлға ретіндегі болмысын тек жұмыс төңірегінде құрмайды. Хоббиге, спортқа және «осы сәтпен» өмір сүруге уақыт таба біледі. Өзім бұл ортаға тез бейімделдім. Бұл ел мені өзінің ауқымымен, ғажайып табиғатымен және мейірімді адамдарымен баурап алды».


Биік белестерді бағындырғысы келетін жастарға кеңес


Мадина экологиялық азық-түлік бағыты бойынша жұмысын одан әрі дамытпақ. Ал шетелде мансап құруды армандайтын қазақстандық жастарға ол мынадай кеңес береді:

  • Бағытыңызды өзгертуден қорықпаңыз. Бұл әлемде бәрі тез өзгереді, сондықтан бейімделе білу маңызды.

  • Қоғамға пайда әкелуді бірінші орынға қойыңыз. Ақша мен атақты емес, қоғамға тиетін пайданы ойлаңыз. Сонда өсу де, танымалдылық та өздігінен келеді.

  • «Танысы бардың – табысы бар». Көптеген мүмкіндік қарапайым кездесулер мен адамдармен араласқанның, нетуоркингтің арқасында келетінін ұмытпаңыз.

«Мен Аустралияда жұмыс істеймін, бірақ блогым арқылы Қазақстанда да экологияны насихаттап, тәжірибемді бөлісе беремін. Елге оралғанда жастарға пайдасы тиетін түрлі шара ұйымдастыруды жоспарлап отырмын. Жас таланттарды қолдап, кеңес беруді тоқтатпаймын», – дейді жас маман.

Бөлісу: