Қазақ халқының жақындарына махаббатын, қамқорлығын, ізгі ниеті мен тілегін салт-дәстүр мен әдебиеттен ғана емес, асханасынан да көрінеді. Мысалы, бір тағамды арнайылап бір адамға пісірсе, екіншісін арнайы рәсім үшін әзірлеген. Сонымен қандай тағамдар қай уақытта пісірілді?
Үлпершек
Бұл тағамды анасы төркіндеп келген қызына арнап пісірген. Үлпершек жылқының жүрегінен дайындалады. Сол себепті де қазақ мал сойғанда жүректі сақтап, одан жасалған үлпершекті «қыздың сыбағасы» атаған.
Үлпершектің басқа еттен емес, дәл жүректен даярлануының тағы бір астарлы мағынасы бар. Осылай анасы қызына «Қайда жүрсең де біздің жүрегіміздесің» деген ойды жеткізген.
Үлпершек пісіру үшін жылқының жүрегін тіліп, онда ет, май, дәмдеуіштер салып, қайта тігу қажет. Кейін екі сағат жай отта қайнату керек. Дайын болған үлпершекті кілегейге салып, 10 минуттан соң ұсынуға болады.

Өкпесүт
Қазақтар бұл тағамды араздасып қалған ағайындыны татуластыру үшін пісірген. Сүтке тұз, бұрыш сияқты дәмдеуіштерді қосып, араластырып, тұздық дайындаған. Кейін сол тұздықты өңеш арқылы қойдың өкпесіне құйған. Содан кейін өкпені байлап, ұзақ уақыт баяу отта пісірген. Осы уақыт ішінде бір-біріне ренжулі ағайын ішіндегісін айтып, сөйлесіп, татуласқан. Ал тағамды дастарқанға әкелгеннен кейін араздасуға мүлде болмайды.
Жаужүрек
Жаугершілік заманда аналар үнемі түзде жүретін ұлына жаужүрек дайындаған. Жаужүрек қойдың бауыры мен іш майынан жасалады. Қазақ қойдың бауырында қорқынышты жоятын зат бар деп сенген.
Әуелі шикі бауырды сүтке салып, жібітіп алады. Одан кейін бауырды турап, кейін іш маймен орайды. Одан кейін жаужүректі қазанға салып қуыру керек. Айта кетері, іш майға оралған бауыр, ет жеті күн бойы бұзылмайтын көрінеді.
Ұлтабар
Бұл тағамды «ұл тусын!» деген ниетпен үлкендер жас келінге арнап пісірген. Ұлтабар бас табаққа салынады. Үлкендер ауыз тигеннен кейін оны «Ұл тап!» деп келінге береді. Оны келін иіліп сәлем беріп, алғысын айтып, қос қолдап алған.
Ұлтабарды қойдың қарнынан жасайды. Қарынды әбден жуып, тазалап, бір күн бойы ашыған сүтке салып қойған. Өйткені ашыған сүт оның қышқыл иісін кетіреді. Қойдың қарнын тұздап, бұрыштағаннан кейін оның ішіне қойдың етін, күрішті салады. Бір сағат қайнатқаннан кейін тағам әзір болады.

Жөргем
Көшпелі қазақ әр көшкен сайын көште жерге нан көміп кететін болған. Одан бөлек малдың ішегін іліп кеткен. Кейін көшкен жұрттың келесі легі осы нан мен ішекті жеп, жүрек жалғаған. Осыған байланысты қазақта «жүргенге жөргем ілігер» деген сөз де бар. Жөргем тағамын да малдың аш ішегі мен тоқ ішегінен өріп жасаған.
Өрметөс
Қазақ күйеу баласына төс етінен өрместөс пісіріп берген. Төсті тұздап, бұрыштап, екіге бөліп, екі шетіне аш ішекті қосып өрген. Құс қанатына ұқсас қылып жасалатын тағам «қанатың талмасын» деген тілекті білдірген.

Қазақ асханасында бұдан басқа да мән-мағынаға ие ас көп. Мысалы, қарын көмбе, бүйрек сияқты тағамдар құдаға арнап жасалады. Ол құдалардың татулығын білдірген. Бүйрек тағамы да осы мағынада әзірленген. Ал шыж-мыж асы ер адамдардың татулығының, достығының құрметіне әзірленген.




