Медиа●Қоғам●Ашық қарым-қатынастың шынайы сипаты қандай?

Ашық қарым-қатынастың шынайы сипаты қандай?

28 қазан 2026
4 мин
«План жизни» фильмінен үзінді | Фото: IMDb

«Ашық қарым-қатынас» дегенді естуіңіз бар ма? Мұнда ерлі-зайыптылар өз арасындағы сезімді сақтай отырып, екі жақтың келісімімен шетте көңіл жарастыра алады. Басында оғаш көрінгенімен, мұндай тәсілді ұстанатындар біз ойлағаннан да көп болуы мүмкін. Бізде бұл туралы ашық айта бермейді, бірден теріс қабылданады. Tamga Media ашық қарым-қатынастың не екенін, әлемде қаншалықты кең тарағанын және неге бізде бұл тақырыпты қозғаудан қашатынын саралап көрді.


Бұл не өзі? 


Ашық қарым-қатынастағы жұптар өзара келісіп, ортадағы сезімді де, шаңырақты да сақтай отырып, бір-біріне шеттен де көңіл қосуға рұқсат береді. Мұндағы ең басты сөз – «шетте» емес, «екі тараптың ортақ келісімі». Мұның айырмашылығы – мұнда ешкім бір-бірін алдамайды, бәрі ашық айтылады. Қызығы, ерлі-зайыптылар бұл шарты өзара талқылайды, біледі және қандай да бір жайт қолайсыз болып бара жатса, ережесін қайта өзгерте алады.


Ашық қарым-қатынаста негізгі шаңырақ сақталады, ал сырттағы қатынастар сезімге емес, тек уақытша тән қажеттілігіне құрылады. Ал оған ұқсас тағы бірқатар қатынас түрлері бар, оларды өзара шатастырмаған жөн: 

  • Полиамория – бірнеше адамды бірдей жақсы көруге және олармен ашық, шынайы қарым-қатынас құруға болады деп есептейтін көзқарас. Бұл тек жыныстық қатынас емес, ең алдымен эмоционалды байланыс, қамқорлық және махаббат.

  • Свингерлікте жұптар бір жерде жиналып, өзара серіктерін ауыстырады. 

  • Моногамия (monogamish) – бір уақытта тек бір ғана серіктеспен (жармен) некеде немесе қарым-қатынаста болу түрі. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл бірнекелілік немесе ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген адалдығына негізделген дәстүрлі отбасы құрылымы. 

  • Полигамия (көпнекелілік) – бір адамның бір мезгілде бірнеше некеде болуына немесе бірнеше некелік серігінің болуына рұқсат беретін неке формасы. 

Полигамия көбіне діни немесе дәстүрлі тұрғыда бір еркектің бірнеше әйел алуын (немесе керісінше) және олардың ресми некеде тұруын білдіреді. Ал полиамория – ресми некеге бағынбайтын, гендерлік шектеуі жоқ және барлық тараптардың тең құқылы махаббат одағы 


Archives of Sexual Behavior журналында жарияланған ауқымды зерттеу мынадай жайтты көрсетеді. Өзара келісіммен жүретін жұптар дәстүрлі отбасыларға қарағанда өз арақатынасына да, төсек қатынасына да көбірек көңілі толатынын айтқан. Дегенмен  олар елдің сөзінен бұғып, негізгі шаңырағын шайқалтып алудан қорқады, әрі бала тәрбиесінде де қиындықтарға тап болады.


Бұл қаншалықты кең тараған?


Деректерге үңілсек, бұл сирек кездесетін жайт емес. Кинси институтының 9 мыңдай америкалықты қамтыған зерттеуіне сүйенсек, ересектердің әрбір бесіншісі өмірінде тым болмаса бір рет осындай келісілген қарым-қатынасты бастан өткерген.


YouGov ұйымының 2023 жылғы сауалнамасында зерттеуге қатысқан америкалықтардың үштен бірі (34%) өзі үшін мінсіз қарым-қатынасты тек бір адаммен шектелмеу, сәл де болса еркіндік болу деп түсінетінін айтқан. Аталған ұйымның кейінгі зерттеулерінде америкалықтардың 9%-ы кезінде осындай форматта болып көргенін, ал 14%-ы осындай ұсыныс түссе, байқап көргісі келетінін жеткізген.


Hims сервисінің 2025 жылғы сауалнамасында респонденттердің 39%-ы моногамияны өзі үшін жалғыз қолайлы формат деп атаған. Ал Z буыны өкілдерінің 15%-ы сол кезде ашық қарым-қатынаста жүргенін айтқан.


Match.com жүргізген зерттеуге сәйкес, бойдақтардың 31%-ы мұндай қадамға барып көрген, ал 49%-ы бәрібір дәстүрлі отбасын қалайды. Адамдардың бұл қадамға еркіндік, әртүрлілік, жаңа әсер, рахат алу үшін баратынын айтқан. Бұл сандардың бәрі Батыс қоғамына тиесілі, ал біздің аймақта мұндай жүйелі зерттеулер атымен жоқ


Ал біздегі жағдай қалай?


Қазақстанда да, жалпы посткеңестік елдерде де ашық қарым-қатынас төңірегінде ауқымды әлеуметтанулық зерттеулер жүргізілмеген. Бұл мұндай жайт бізде мүлде жоқ дегенді білдірмейді. Керісінше, бұл тақырыпты ресми әлеуметтану ыңғайсыз санайды немесе көңіл бөлуге тұрарлық деп таппайды.


Бұл мәселе психологтардың жеке қабылдауында да анда-санда қозғалып тұрады. Тек ол жабық күйінде қала береді. Себебі мамандар мұндай деректерді жарияламайды, ал келушілер ашық айтудан тартынады. Әлеуметтік желілерде (әсіресе, соңғы жылдары танымал болып кеткен Threads-те) адамдар өз атын жасырып, осындай тәжірибелерімен бөлісіп тұрады. Батыстан айырмашылығымыз сол – онда адамдар бұл туралы ашық жазады, ал бізде бәрі анонимді түрде немесе оңашада ғана айтылады. Мұндай қадамға көбіне ірі қалаларда тұратын, ата-анасының ақыл-кеңесіне қарап отырмайтын адамдар баратын сыңайлы. Алайда бұл болжамды дәлелдейтін нақты дерек жоқ, өйткені Қазақстанда мұны ешкім зерттеп көрмеген.


Қызығы, біздің қоғамда ұят саналмай, еркін талқыланатын жалғыз жайт – ашық қарым-қатынас емес, тоқал алу. 2025 жылдың қарашасында депутат Абзал Құспан «тоқал алу онсыз да бар құбылыс» деп, мұндай отбасыларға заңды мәртебе беруді ұсынды. Бұл ұсыныс қоғамда үлкен керіс тудырды: кейбір депутаттар мен құқық қорғаушылар мұны әйелді басынғандық десе, заңгерлер БҰҰ комитеті тоқал алуды ерлі-зайыптылардың теңдігін аяққа таптау деп танитынын алға тартты. Кейін депутат бұл мәселені Мәжілісте заңнамалық бастама ретінде көтеруге ниетті емес екенін де айтқан.


Екі ұғымның арасы жер мен көктей. Тоқал алуда бәрін ер азамат шешеді, яғни екінші әйелдің заңды құқығы жоқ, ал біріншісі бәрін соңынан бір-ақ біледі. Ашық қарым-қатынаста керісінше – бәрі екі жақтың адалдығы мен келісіміне сүйенеді. Сонда қарап отырсақ, қызық қайшылық: ерлі-зайыптылардың теңдігіне құрылған қарым-қатынас жайлы ашық айтуға ұяламыз да, бір жақты шешімді парламентте де, БАҚ-та да емін-еркін талқылаймыз.


Бұл туралы неге тіс жармаймыз?


Мұндай тақырыпты жылы жауып қоюға бірнеше жағдай себеп болып тұр.


Біріншіден, біздегі абырой мен бедел мәселесі. Ерлі-зайыптылардың арасындағы жайт оңашада қалмайды, бүкіл әулеттің абыройына әсер етеді. Сондықтан елден оқшау жүріп, өзгеше жол таңдағандар бірден ағайын-туғанның сөзіне қалады.


Екінші жағынан, тілімізде де, санамызда да ұғымдар шатасып жатады. Күнделікті өмірде ашық қарым-қатынас пен ойнастықты бір нәрсе деп ұғады. Негізі екеуі екі бөлек дүние: ойнастықта серіктердің біреуі ештеңе білмейді, ал ашық қарым-қатынаста бәрі ашық айтылып, өзара келісіммен болады. Алайда бұл екі ұғымның арасы ажыратылмаған соң, мұндай тәжірибе туралы ашық сөйлесудің өзі мұң.


Оның үстіне, бұлай өмір сүрудің тәуекелі де жоғары. Мұндай сырдың сыртқа шығуы ата-анамен араны суытып, абыройдан айыруы мүмкін. Тіпті ажырасып, балаға таласқанда бұл жайт екінші тараптың қолындағы қаруға айналады.


Ақырында, бұл тақырып қоғамда мүлде қозғалмайды. Не арнайы мақала жоқ, не ашық сұхбат беретін кейіпкерлер немесе тақырыпты ашық қаузайтын психологтар жоқтың қасы. Сондықтан болар жабулы қазан – жабулы күйінде қалып жатады. 


Қысқаша FAQ


Ашық қарым-қатынас пен ойнастық бір нәрсе ме?


Екеуінің арасы жер мен көктей. Басты айырмашылық – адалдық пен өзара келісімде. Ойнастық әрқашан жасырын жасалса, ашық қарым-қатынаста екі тарап та бәрін біледі әрі ережені де бірге белгілейді.

Мұндай қадамға барғандардың арасында сезім сола ма?


Көбіне бұл шешім махаббаттың суығанынан тумайды. Адамдар арадағы сезімді жоғалтпай-ақ, жаңа әсер іздеу үшін немесе көңілдегі кірбіңді толықтыру үшін осы жолды таңдап жатады.


Батыста еркін айтылатын тақырып неге бізде жабық?


Мұның себебі көп: ел-жұрттың сөзінен жасқану, тілімізде мұны түсіндіретін қалыптасқан ұғымдардың жоқтығы, отбасылық әрі құқықтық тәуекелдер, сондай-ақ бұл құбылыстың бізде мүлде зерттелмеуі.


Бұл тек қалалықтарға тән бе, әлде шеткері жерде де бар ма?


Мұндай формат көбіне ірі қалаларда, ата-анасынан бөлек, өз күнін өзі көріп отырғандар арасында байқалады. Десе де, аймақтарда мұндай жайттар атымен жоқ деуге болмайды, тек ол жақта бұл туралы жақ ашудың өзі мүмкін емес.


Демек ашық қарым-қатынасты опасыздықпен, көп әйел алумен теңестірмеу. Ол өз ережесі мен шекарасын серіктердің өздері келісетін қарым-қатынас формаларының бірі. Ал оның Қазақстанда қаншалықты таралғанын білу үшін пікірден гөрі дерек қажет.

Бөлісу: