МедиаҚоғамҚазақстанның үлкен шағым кітабы: e-Otinish арқылы қайда және қалай шағымдануға болады?

Қазақстанның үлкен шағым кітабы: e-Otinish арқылы қайда және қалай шағымдануға болады?

23 тамыз 2026
6 мин
Фото: Tamga Media | ЖИ

Ауладағы шұрық-тесік жол, өшіп тұрған көше шамы, кешіккен айлық, ХҚКО-дағы дөрекілік немесе мемлекеттік тілде жауап бермеу – бәріміз де кезігетін жайттар. Осындай кезде «Мұны кімге айтамыз?» деген сұрақ туады. Осы мәселені шешу үшін 2021 жылдан бері елімізде eOtinish цифрлық платформасы істеп тұр. Tamga Media бұл платформаның қалай істейтінін, қандай проблемаларды шешетінін, шешілгенін қарастырып көрді.


eOtinish деген не және ол не үшін керек?


eOtinish (eotinish.kz) – кез келген әкімдікке, полицияға, министрлікке, тіпті Президент Әкімшілігіне шағым, ұсыныс, сұрау немесе арыз жіберетін бірыңғай жүйе. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясы аясында 2021 жылдың 1 шілдесінде іске қосылды. Мұндағы басты мақсат – халық пен билік арасында тура байланыс орнату.


2025 жылы eOtinish арқылы қазақстандық азаматтар 5 миллионнан астам өтініш жолдаған. Оның 4 миллионы – қарапайым халықтан, 1 миллионға жуығы – компаниялардан түскен.

Жүйені «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы жүргізеді. Олар өтініштерді жинап қана қоймай, мемлекеттік органдардың қай жерден ақсап жатқанын талдап отырады.


Бұрынғыдай әкімнің Instagram-ына жазып, сенім телефонына қоңырау шалып немесе қағаз сүйретіп жүрмей, бәрін бір жерден реттеуге болады:

  • Өтініш бірден тиісті мекемеге түседі;

  • Арнайы нөмір беріледі, жауаптың қай кезеңде тұрғанын онлайн көресіз;

  • Заң бойынша жауап беретін нақты мерзім бар;

  • Бұрынғы жіберген өтініштеріңіздің бәрі сақталады, мекемелер оны айналып өте алмайды.

Өтінішті eOtinish.kz сайты, eGov.kz порталы, eGov Mobile қосымшасы арқылы немесе ХҚКО мен «Нәтиже» орталықтарына барып тапсыруға болады.


eOtinish арқылы қандай мәселелерді шешуге болады?


Жүйеге түсетін сұрақтар ауқымы өте кең. Онлайн платформа арқылы бес негізгі бағыт бойынша хабарласуға болады:

  1. Қала мен Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы

    Ыстық судың болмауы, қардың немесе мұздың тазаланбауы, балалар алаңындағы қауіптер, заңсыз қоқыс орындары, көше жарығының сөнуі, қоғамдық көлікті ұзақ күту, қала инфрақұрылымындағы олқылықтар.

  1. Әлеуметтік сұрақтар

    Жеңілдіктер мен жәрдемақылар, зейнетақы төлемдері, төленбеген шәкіртақы немесе жалақы, құқықтардың бұзылуы, әлеуметтік қорғау.

  2. Байланыс және коммуникация

    Интернеттің жоқтығы, оператордың тарифті себепсіз көтеруі, байланыс сапасының төмендігі.

  3. Мемлекеттік қызметтер мен қызмет көрсету сапасы

    Мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс сапасы, қабылдауға жазылу, сот актілерінің орындалуы, мемлекеттік тілде қызмет көрсетуден бас тарту, білім беру мен медицина мәселелері.

  4. Жер, бизнес және салық

    Құрылыс пен жер қатынастары, салық және кеден, кәсіпкерлікке қатысты жалпы сұрақтар.


Қарапайым тілде айтқанда: егер мәселе қандай да бір мемлекеттік органның, ХҚКО-ның немесе лауазымды тұлғаның әрекетіне, әрекетсіздігіне немесе шешіміне қатысты болса, оны eOtinish арқылы шешуге болады.


Өтініштің бес түрі және жауап беру мерзімдері


Көбі «шағым» мен «өтінішті» шатастырып жатады, алайда бұл платформада олардың заңды мәртебесі мен қарау мерзімдері әртүрлі.

Алайда істі тездететін арнайы санаттар да бар:

  • Сот орындаушыларының сұраулары – 3 жұмыс күні;

  • Журналистердің сұраулары – 5 жұмыс күні;

  • Адвокаттардың сұраулары – 10 жұмыс күні ішінде қаралады.

Мәселе қиын болып, шешуге уақыт көбірек кетсе, өтініш қосымша бақылауға алынады. Бұл туралы сізге міндетті түрде хабар келеді.


Өтінішті қалай жібереміз?

  1. eOtinish.kz сайтына кіріңіз немесе eGov Mobile қосымшасын ашыңыз.

  2. Жүйеге кіріңіз (ЭЦҚ, Digital ID арқылы; бірінші рет кірсеңіз, тез арада тіркеле аласыз).

  3. Өтініш түрін таңдаңыз (жүйе өзі «Арыз» деп тұрады, оны «Шағым», «Хабарлама» немесе «Сұрау салу» деп өзгертуге болады).

  4. Қай мемлекеттік органға жіберетініңізді көрсетіңіз.

  5. Мәселені егжей-тегжейлі жазыңыз. Жағдайды неғұрлым нақты сипаттасаңыз, жауап та соғұрлым дәл әрі жылдам қайтады.

  6. Керек болса, картадан орнын белгілеңіз (коммуналдық және қалалық мәселелерде өте ыңғайлы).

  7. Дәлел файлдарды жүктеңіз (суреттер, құжаттар; ескерту: 80 МБ-тан асатын файлдарды, аудио мен видеоны жүйе қабылдамайды).

  8. Тұрып жатқан мекенжайыңызды жазыңыз.

  9. ЭЦҚ немесе Digital ID арқылы қол қойып, жіберіңіз.

  10. Өтініштің бірегей нөмірін сақтап алыңыз, ол арқылы істің қалай жүріп жатқанын бақылайсыз.

Есте ұстаңыз: Компьютер арқылы ЭЦҚ-мен қол қою үшін NCALayer бағдарламасы қосулы тұруы керек, әйтпесе сайт арқылы өтініш жібере алмайсыз.


Өтінішті қалай бақылаймыз?


Жіберілген құжаттың жағдайын «Менің өтініштерім» бөлімінен қарап отырасыз. Мәртебе мынадай болып өзгереді:

  • Тіркелген жоқ. Бұл техникалық қате шықты деген сөз, өтінішті қайта жіберу керек.

  • Тіркелді. Өтініш қабылданып, тиісті органға бағытталды. Ресми уақыт осы сәттен бастап есептеледі.

  • Жұмыста. Өтініш қаралып жатыр.

  • Орындалды. Жауап дайын.

Кеңес: Интернет нашар ұстағанда немесе жүйе қабылдамайтын файлдар (аудио/видео) тіркелсе, өтініш «Тіркелген жоқ» күйінде тұрып қалуы мүмкін. Мұндайда оны қайта жіберген жөн.


Іске нақты жауапты маман тағайындалғанда, оның аты-жөні, лауазымы мен телефоны өтініштің тарихында шығады. Мұны eOtinish.kz сайтынан да, ХҚКО-ға немесе соған жауапты мекемеге барып ЖСН не өтініш нөмірін айту арқылы да білуге болады.

Өтінішті өзгертуге немесе кері қайтаруға бола ма?


Қол қойылған өтінішті қайта өңдей алмайсыз. Қосымша мәлімет қосқыңыз келсе, ескі өтініштің нөмірін көрсете отырып жаңасын жібересіз, жүйе оны дубликат ретінде бұрынғы құжатқа тіркейді.


Шешім шыққанға дейін өтінішті кері қайтаруға болады:

  1. eOtinish.kz сайтына кіріп, «Менің өтініштерім» бөлімін ашыңыз.

  2. Қажетті өтінішті таңдап, «Өтінішті кері қайтару» батырмасын басыңыз.

  3. Кері қайтару себебін жазып (кемінде 50 таңба), ЭЦҚ немесе Digital ID арқылы қол қойыңыз.

Егер өтініш «Тіркелді» мәртебесінде ғана тұрса, ол бірден қайтарылады. Ал қаралып жатса, мекеме қайтару туралы өтінішіңізді жеке тексереді. Ал өтінішті жүйеден мүлдем өшіріп тастау мүмкін емес.


Ал орындаушыға мәлімет жетпесе, өтінішті қайта өңдеуге жібереді. Сізге SMS барады, сосын өтініш бетінде жетіспеген ақпаратты немесе файлды бірден толықтыра аласыз.


Жылдам әрі нәтижелі жауап алудың жолдары

  • Дәлдік. Мекенжайды, датаны, үй нөмірін, тіпті картадағы геолокацияны анық көрсетіңіз. Сіз неғұрлым нақты жазсаңыз, іс соғұрлым жылдам жылжиды.

  • Айғақ. Шағымыңыз жолға қатысты болса, шұңқырдың фотосын, хат-хабардың скриншотын немесе чек көшірмесін қоса тіркеңіз (файл көлемі 80 МБ-тан аспауы тиіс, аудио/видео қабылданбайды).

  • Түрді дұрыс таңдау. Құқығыңыз бұзылса, «Шағым», көмек керек болса, «Арыз», жай ақпарат алу үшін – «Сұрау салу» түрін таңдаңыз.

  • Бақылау. Байланыс нашар жерде жіберсеңіз, өтініш тіркелмей қалуы мүмкін. Тіркелмесе, жауап беру мерзімі де жүрмейді.

  • Өшірмеңіз, қайтарыңыз. Мәтіннен қате тапсаңыз, өтінішті өшіре алмайсыз, тек кері қайтара аласыз.

Неге бұл әкімнің Instagram-ына жазғаннан тиімді?


eOtinish-тің әлеуметтік желідегі парақшалардан басты айырмашылығы – мұнда жауап берудің заңды мерзімі бар (15-20 жұмыс күні). Оған қоса арнайы тіркеу нөмірі беріледі және хат-хабар тарихы сақталады. Шенеунік мұны «көрмей калдым» деп елеусіз қалдыра алмайды.


Әрине, жүйенің де шектеуі бар: өтінішке уақытында жауап бермегені үшін шенеунікке тікелей жаза қарастырылмаған. Дегенмен бұл платформа мәселені жариялылық пен жоғары жақтың бақылауы арқылы тез шешуге мүмкіндік береді.

Бөлісу:

Қазақстанның үлкен шағым кітабы: e-Otinish арқылы қайда және қалай шағымдануға болады?