ДенсаулықБиохакингБірге ме, әлде бөлек: Азия, Еуропа, көшпелі қоғамдағы ерлі-зайыптылар ұйқысы

Бірге ме, әлде бөлек: Азия, Еуропа, көшпелі қоғамдағы ерлі-зайыптылар ұйқысы

29 тамыз 2026
5 мин
Фото: «Развод по-американски» фильмінің постері

Ерлі-зайыптылар міндетті түрде бір төсекте, құшақтасып ұйықтауы керек деген түсінік санамызға әбден сиңіп кеткен. Бөлек жататын жұптарды көрсек, «аралары суып, араздасып қалыпты» деп іштей тон пішіп жатамыз. Алайда, тарихқа көз жүгіртсек, мұның махаббатқа да, арақатынастың сууына да еш қатысы жоқ екенін байқаймыз. Жұптың кейбірі неге бөлек төсекті (тіпті бөлек бөлмені!) таңдайтынын, бұрынғылар қалай ұйықтағанын, қазақтың киіз үйінде ерлі-зайыптылар қалай ұйықтағанын Tamga Media зерттеп көрді.


Мәселе сезімде емес


Қазір ерлі-зайыптылардың бөлек ұйықтауы қалыпты құбылысқа айналып барады. Бұл сезімнің суығанынан емес, жұптардың «ұйқыны қандырсақ» деген тілегінен туған дүние. Себебі біреуі кешкі сағат онда жатса, екіншісі жұмыстан түн ортасында келеді. Біреуі тырс еткен дыбыстан оянып кетсе, екіншісі төсекте жатып телефон қарайды. Бірі салқын бөлмені ұнатса, екіншісі тоңып жатады.

2021 жылы Оңтүстік Кореяда жүргізілген сауалнамаға сүйенсек, респонденттердің 61,9%-ы ұйқының сапасын арттыру үшін бөлек жатуды құптайтынын айтқан. Ал 18,4%-ы мұны жеке шекараға деген құрмет деп білсе, 10,2%-ы ерлі-зайыптылардың үнемі бір төсекте жатуы міндетті емес деген пікірде.


Оған қоса, бұл тізімге жұбайыңыздың қорылын, дөңбекшуін, тербелген матрас, телефон жарығы мен ерте шырылдаған оятқыш үнін қосыңыз. Яғни, екі адамның арасында қаншалықты ыстық сезім болғанымен, физиологиялық тұрғыдан бір-бірінің ұйқысын бұзуы мүмкін.


Тағы бір үлкен себеп — ортадағы кішкентай бала. Ата-ананың бірі түнде сәбидің күтімімен оянса, екіншісі ертеңгі жұмысқа тың бару үшін басқа бөлмеге ұйықтайды. Әлгі корей жұптарға жасалған сауалнамада респонденттердің 23,3%-ы да бала күтіміне байланысты бөлек жатуға тура келетінін айтқан. Демек, бөлек бөлме таңдау: «Мен сені сүйемін, бірақ құлағыма қорылдауды қойшы», дегені ғой.


Ғылым не дейді?


Заманауи ғылым ерлі-зайыптылар міндетті түрде бірге немесе бөлек ұйықтауына қатысты ешқандай қатып қалған аксиома жоғын айтады.


Зерттеулер көрсеткендей, біз бірге ұйықтаудың жақсы жағын көбірек көргіміз келеді. Жұбайыңыздың қасыңызда жатқаны жанға жылулық сыйлағанымен, кейде оның байқаусызда жасаған әр қозғалысы оятып, ұйқыңызды бұзады.

Ғалымдар 12 жұпты бақылап, олардың бірге және бөлек ұйықтаған сәттерін салыстырып көрген. Қызығы, бірге жатқанда адам түс көретін REM-ұйқы кезеңі ұзарып, екеуінің ұйқы ырғағы сәйкес келген. Түнде тыпыршып, аяқпен қозғалғаны болмаса, ұйқының сапасы мен ұзақтығында еш айырмашылық болмаған.


2025 жылы Америка ұйқы медицина академиясының есебінше ересектердің 31%-ы жұбайына кедергі болмау үшін анда-санда бөлек ұйықтайды екен. Ол үшін міндетті түрде басқа бөлмеге көшудің керегі жоқ: кейбірі диванға ауыса салса, кейбірі бір бөлменің өзінде бөлек төсекте жатады.


Егер адам түнде қатты қорылдап, ауа жетпей тұншықса немесе булығып оянса, бұл ұйқы апноэсы болуы мүмкін. Мұндай жағдайларды бөлек бөлмеде ұйықтау дұрыс болады.


Кореядағы сауалнамаға қайта оралсақ


Зерттеуде жұбайларды үш түрлі топқа бөледі: бір төсекте жататындар, бір бөлмедегі екі бөлек төсекте және әртүрлі бөлмеде ұйықтайтындар.


2021 жылы 30 мен 60 жас аралығындағы 742 корей жұбы қатысқан сауалнамада респонденттердің 42,3%-ы ғана бір төсекте ұйықтайтынын айтқан. Олардың 25,1%-ы бір бөлмеде екі бөлек төсекті пайдаланса, 32,3%-ы мүлдем бөлек бөлмеде жатқан. Демек, қатысушылардың жартысынан астамы айналып келгенде бөлек жатуды таңдайды.

Ал жастар арасында көрініс мүлде басқа. 20-39 жас аралығындағы 500 отбасы қатысқан 2024 жылғы зерттеуде 66,4%-ы бір төсекте, 12%-ы бір бөлмедегі екі төсекте, ал 20,2%-ы бөлек бөлмелерде ұйықтайды екен.


Бөлек ұйықтау әдеті қазір де жоғалған жоқ. 2026 жылғы ұйқы денсаулығы туралы есепте жұптардың 38,1%-ы бөлек жататындарын айтқан.


Бұл Корея тарихынан келе жатқан көне дәстүр деген де пікір бар. Бірақ тарихшылар қазіргі жұптардың бөлек жатуын бұрынғы тұрмыспен байланыстыру орынсыз дейді. Себебі бұрынғы корей үйлерінің құрылысы бүгінгі пәтерлерден мүлде өзгеше еді. Бұрын күндіз әртүрлі шаруаға пайдаланылса, түнде еденге төсек салып, ұйықтай беретін.


Тек ауқатты отбасыларда ерлер мен әйелдердің бөлмелері бөлек болатын. Үйдің ерлер жағы саранчхэ, ал әйелдер жағы анчхэ деп аталған. Олардың әрқайсының ішкі тәртібі мен ережесі болды.


Ал біздің бабаларымыз қалай ұйықтаған?


Осы орайда қазақтың киіз үйіне қатысты деректер де қызық. Қазіргі пәтерлерде әркімнің өз бөлмесі мен жеке кеңістігі болса, киіз үй – іші ортақ, дөңгелек бір ғана бөлме.


Соған қарамастан, киіз үйдің ішкі арнасы оң жақ, сол жақ және төр деп бөлінген. Бұл кеңістікте отбасы мүшелерінің жасына, жынысы мен мәртебесіне қарай өз орны болған. Түнде төсек те осы жазылмаған ережеге сай салынатын.

Әсіресе отау құрған ерлі-зайыптылардың орнына ерекше мән берген. Тіпті этнографиялық жазбаларда жас жұбайлардың төсегін дайындаудың арнайы ғұрпы да болған деседі. Дегенмен, ол заманда қазіргідей бөлек оқшауланатын арнайы жатын бөлме болған жоқ.


Ал Еуропада ерлі-зайыптылар үнемі бірге жата ма?


Бұл жерде де бәрі отбасының дәулетіне байланысты еді. Тұрмысы төмен отбасыларда жұбайлар бөлек жатқысы келсе де, бұл таңдауды жасай алмайтын. Себебі оған мүмкіндігі де болмады. Сондықтан бір бөлмені отбасы мүшелері, туыстар, тіпті қызметшілер мен қонақтар да бөлісіп ұйықтайтын. Ал үлкен сарайда тұратын ауқатты отбасыларда ерлі-зайыптылардың өз алдына жеке жатын бөлмелері болған.


Қызығы, XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың ортасында Ұлыбритания мен АҚШ-та бір бөлмеге екі бөлек төсек қою сәнге айналды. Мұны әрі ыңғайлы, әрі гигиеналық тұрғыдан дұрыс деді. Себебі неге десеңіз, бірге жатқан адамдар бір-біріне ауру жұқтырады (жыныстық қатынас емес, қарапайым тыныс алу мен жанасу арқылы) деп сенді.

Түйін


Көріп отырғанымыздай, бірге ұйықтау махаббаттың өлшемі емес. Тарихтың өзінде бұған тек үйдің көлемі, бөлменің саны әсер еткен. Жұптар да өздерінің ыңғайына қарай келіскен.


Сондықтан, егер сізге бөлек ұйықтаған жайлы болса, мұны екінші жұбайыңызға ашық айтып көріңіз. Кім біледі, ол да түнде көрпені тартып алатыныңыздан, дөңбекшіп, ұйқы сұрайтыныңыздан шаршап, сізге айтуға бата алмай жүрген шығар.

Бөлісу:

Бірге ме, әлде бөлек: Азия, Еуропа, көшпелі қоғамдағы ерлі-зайыптылар ұйқысы