Тарихты тек музейден емес, нағыз қазба жұмыстарына қатысып та білуге болады. Қазақстанда кез келген адам кем дегенде бір күн археолог бола алады. Қалай дейсіз бе? Оны білу үшін Tamga Media археолог, тарихи кітаптардың авторы әрі «Грифон» тарихи реконструкция клубының жетекшісі Станислав Потаповпен арнайы сұхбаттасты.
Археолог деген кімдер?
Біз фильмлерден археологты басына қалпақ киген, құнды әрі тылсым дүниелерді іздеп жүрген жиһанкез деп көреміз. Археология – адамзаттың тарихын заттарға сүйеніп зерттейтін ғылым. Бұл сала адамдардың артында қалған заттарынан – ыдыс-аяқ, ошақ күлі, жануар сүйектері, тиындар, қару-жарақ пен үй қалдықтарынан олардың қалай өмір сүргенін түсіндіреді. Археологтың міндеті – осы заттарды жинап, ешқандай жазба дерек қалмаған адамдардың тұрмысын қайта қалпына келтіру.
Барлаудан бастап, зертханаға дейін
Қазба жұмыстары – бірнеше кезеңнен тұратын ғылыми процесс. Бәрі барлаудан басталады. Әуелі қай жерді қазу керек екенін түсіну қажет. Археологтар аэросуреттер мен жерсерік карталарын зерттейді. Биіктен жер бедерінің төменнен байқалмайтын ерекшеліктері жақсы көрінеді. Кейін жерді жаяу аралап, сынама ретінде кішігірім шұңқырлар (шурф) қазады. Жаңа технологиялар пайда болғалы бәрі өзгерді. Мысалы, лидар (әуеден лазермен сканерлейтін құрал) топырақ пен өсімдік астында жасырын жатқан дүниелерді анық көрсетіп береді.
Кейін жерді 1×1 немесе 2×2 шаршы метрге бөліп, әрқайсын таңбалайды. Бұл кез келген жәдігердің қай шаршыдан, қандай тереңдікте табылғанын жазып алу үшін қажет.
Жер астындағы әр қабат – жеке бір дәуір. Неғұрлым терең болса, соғұрлым көне. Мұнда өте мұқият болу керек, әйтпесе бір қате қозғалыс әртүрлі ғасырдың тарихын араластырып жібереді. Сондықтан үстіңгі бос топырақты күрекпен сыпырады да, жәдігерлер жатқан қабатқа жақындағанда қалақша, қылқалам, тіпті жіңішке ағаш таяқшалар пайдаланады. Кейде топырақты тек қолмен тазалауға тура келеді.

Станислав Потапов:
«Қазір жұмысты жеңілдететін жаңа техникалар мен компьютер бағдарламалары да бар. Соған қарамастан негізгі құралдарымыз бұрынғыша шыдам, күрек, қылқалам, пышақ. Оған қоса жұмыста қырағы болуымыз керек. Жалпы жұмыстың қаншалық тез жүретіні қаржы мен командаға байланысты. Сондай-ақ уақытты дұрыс басқарып, міндетті нақты бөлу де маңызды. Әрине, уақыт неғұрлым көп болса, соғұрлым табылған заттарды мұқият зерттеп, көбірек мәлімет аламыз».
Қазба жұмысы – кейін қалпына келмейтін процесс. Жәдігерді жерден суырып алған сәтте, оның мыңдаған жыл бойы бұзылмай жатқан бастапқы қалпы бұзылады. Сондықтан әрбір қадамды тіркеп отыру керек: мамандар әр сантиметрді қағазға түртіп, суретке түсіреді де, оны сипаттайды. Табылған затты бірден сол жерде суретке түсіріп, орны мен тереңдігін жазады да, арнайы пакетке салып қаптайды. Оған қоса қазба барысындағы барлық жағдайды күнделікке де жазып отырады.
Станислав Потапов:
«Бірінші экспедицияға шыққанға дейін бұл жұмыс мүлдем басқаша көрінуі мүмкін. Шынында, бұл іске шыдам, күш пен уақыт қажет. Қағаз жұмысы да шаш етектен, бәрін мұқият жазу керек. Алайда жаңалық ашқанда осыған дейінгі бар шаршағаның бір сәтте ұмытылады. Бізде нақты күн тәртібі жоқ. Әр сапарды ауа райына, жағдайға және алдағы мақсатқа қарай жоспарлаймыз. Мысалы, күн ыстықта ерте тұрып, түске дейін жұмыс істейміз. Кейін бос уақытта жинаған материалдарды реттейміз, айналаны аралаймыз, өзара әңгімелесеміз. Ал жартастағы суреттерді жарық уақытта зерттейміз. Қазір осындай сапардың біріне дайындалып жатырмыз».
Табылған жәдігерлер – шикі материал. Оларды әуелі тазалап, консервациялайды. Кейін тізімге қосып, суретін салады, фотоға түсіреді.
Содан кейін бәрін сараптамаға жібереді: органика бойынша радиокөміртек мерзімін белгілеуге, сүйектерді изотопты талдауға (адамның кім болғанын, не жеп-ішкенін көрсетеді) және ДНК анализіне береді. Жұмыс соңында ғылыми есеп жазады және мақала жариялайды.
Қазба жұмыстарына кімдер қатысады?
Экспедиция – әркімнің өз міндеті бар шағын ғана орта. Оны қазу жұмыстарына ресми рұқсат алған ғалым басқарады, сондай-ақ ол сол жердегі барлық нәрсеге жауапты.

Станислав Потапов:
«Дала өркениеті ғасырлар бойы табиғатпен бірге өмір сүрді, жер де көп жыртылмады. Содан болар, бізде барлық дәуірдің белгілері жақсы сақталған. Оның үстіне, бұл дүниелер әлі толық зерттеліп біткен жоқ. Сондықтан Қазақстандағы әрбір экспедиция сайын жаңа бір нәрсе табамыз. Әр шыққан сайын жаңа қоныстар, ескі бейіттер мен жартастағы суреттер шығады».
Экспедицияға түрлі маман қатысады: археологтар, антропологтар, геологтар мен реставраторлар. Сонымен қатар міндетті практикадан өтіп жүрген студенттер және жер қазып, топырақ таситын жұмысшылар.

Станислав Потапов:
«Біздің негізгі күшіміз – волонтерлар. Олар екі-үш күнге қыдырып келмейді. Кәдімгідей басынан аяғына дейін бәрімен бірдей еңбек етеді. Сондықтан тәжірибесі де, көмегі де сырттан келген жұмысшылардан әлдеқайда жоғары. Мұнда ең бастысы – адамның қазба жұмысына шынайы қызығуы, сенімді, тиянақты болуы және далада, осындай тұйық ортада өзгелермен тез тіл табысып кетуі».
Экспедиция өмірі – шатыр, дала асханасы мен ерте тұру. Кәдімгі жорық сияқты, тек ғылыми мақсаты бар.
Қазба жұмыстарына қалай баруға болады?
Ғалым болмай-ақ қазба жұмыстарына қатыса аласыз. Тек қара жұмысқа, күннің ыстығына, ерте тұруға және ыстық судың жоқтығына дайын болыңыз.
Станислав Потапов:
«Ең бастысы, ынтаңыз болсын. Қалғанын экспедицияда үйренесіз. Өмірінде шатырға түнеп көрмеген, қолына күрек ұстамағандар да келген. Бірақ бәріне үйреніп, сіңісіп кетті, тіпті бірнеше жылдан бері бізбен бірге жүр. Жаңадан келгендердің туризмдегі тәжірибесі болса, тарихты жақсы білсе, тіпті жақсы. Көбі археологияға «Құтқару керек тастар» кітабын оқып келеді. Ал кейбірі тарихтағы нақты бір кезең мен белгілі бір аймаққа қызығады».
Қазақстанда нағыз экспедицияның құрамына кірудің бірнеше жолы бар.

Алматыдағы “WUNDER Academy” жеке мектебінің жанынан Wunder Camp лагері ашылған. Олар кез келген адамға – балаларға, ересектерге, отбасыларға арнап ашық экспедициялар ұйымдастырады. Мұнда қатысушылар археологтың басшылығымен нағыз орта ғасыр ескерткішінде жұмыс істейді.
Сапардың бірнеше форматы бар: шатыр құратын лагерьде бір күннен үш күнге дейін баруға мүмкіндік бар. Толық ақпарат пен мерзімдерін сайттан таба аласыз.
Еліміздегі бас ғылыми ұйым. Мұнда волонтерлерды ресми түрде жинамаса да, институтқа тікелей хабарласқан еріктілерге жауап береді. Қазба жұмыстары сәуірден бастап, қазанға дейін созылады, ең қызған шағы – маусым мен тамыз. Осы уақытта Қазақстан бойынша 50-ден астам экспедиция ұйымдастырылады.
Халықаралық экспедициялар
Қазақстан шетелдегі университеттермен бірлесіп жұмыс істейді. Мәселен, 2025 жылы Ақмола облысындағы Қызыл Жар I ескерткішінде Қазақстан-Американың ортақ жобасы басталды. Онда 5000-7000 жыл бұрынғы энеолит дәуіріндегі дала тұрғындарының өмірі зерттеліп жатыр. Мұндай жобалар еріктілерді шақырады, ақпаратты Археология институтының сайтынан табасыз.
Станислав Потапов:
«Археолог боламын деп бесінші сыныпта шештім. Ол кезде нағыз археологияның не екенін түсінбегенмін, бірақ арада 46 жыл өтсе де, бұл таңдауыма еш өкінбеймін».



