МедиаҚоғамАрамыздағы «клондар»: қастандық теориясының құрығы

Арамыздағы «клондар»: қастандық теориясының құрығы

11 наурыз 2026
9 мин
Теория заговора: Двойники среди нас
Instagram: @britneyspears_._, @michaeljackson

Абайлаңыз! Мына мақаланы оқыған соң кез келген нәрседен бәле іздейтін «күдікшіл» болып кетуіңіз ғажап емес. Клондар тек әлемдік жұлдыздар мен ірі шенеуніктердің орнын басу үшін жасалады деп ойласаңыз – қателесесіз. Кейбір теорияға сенсек, нысанада тұтас халық пен әлеуметтік топ та бар. Бірақ бәрін рет-ретімен баяндайық. Клондар армиясын жасау кімге керек, адам денесін бақылайтын құпия бағдарламалар расымен бар ма және неге адамдар мұндай теорияларға тез сенеді – талдап көрейік.


Джим Керри оқиғасы


Конспирологтардың айтуынша, оқиға былай өрбіген: Джим Керри киноиндустрияның «былыққа толы тұстарын», элита әлемі мен қатаң бақылаудағы медиа туралы мәлімдемелерді ашық айта бастаған соң, әлдекімдер оның «көзін жоюды» ұйғарыпты-мыс. Бірақ мұндай шешім қоғамда шу тудырмауы керек. Сондықтан оның орнына жай ғана басқа біреуді қоя салған деген болжам бар. Ал жаңа «Джим» ел алдына шығып, жоғары жаққа ұнайтын «дұрыс» сөздерді айтып, өз рөлін ойнай береді.


Бұл туралы алғашқы күмән 2015-2017 жылдары пайда болған. Алайда 2026 жылғы ақпанда Парижде César d’honneur сыйлығы табысталған сәтте, бәрі анық көрінді деседі. Конспирологтардың пікірінше, қызыл кілемде баяғы Джим Керри емес, оның көшірмесі – егізі тұрған. Актердың қызыл кілемге шыққан сәті мен сұхбаттары лезде әлемге тарады. Бет-әлпеті де, көзінің түсі де, дауысы да, тіпті иегінің пішіні де өзіне ұқсамайды.


Тіпті конспирологияға онша сене бермейтін адамдардың өзі бір сәт ойланып қалғандай болды: Бұл кім? Клон ба? Әлде оған ұқсайтын сыңары ма? Subject 47 сияқты құпия тәжірибенің нәтижесі ме? Био-алмастырылған адам ба? Әлде актердың өзі қоғамға адам санасын басқарудың қаншалық оңай екенін көрсету үшін жасаған айласы ма? Олардың айырмашылығы неде? Ең бастысы, адамдардың «орнын алмастыру» мен клондар жасау кімге және не үшін қажет?


“Орнын басқа адам басты” деген күдікке ілінген алғашқы жұлдыздар


«Адамдарды алмастырады» деген теориялар кеше пайда болған жоқ. Мысалы, celebrity replacement, яғни жұлдыздарды «алмастыру» теориясының түп-тамыры 1966 жылға барып тіреледі. Сол жылы кейбір жанкүйер музыкант Пол Маккартни жол апатынан қаза тапты деп сенген. Ал оның орнына The Beatles тобына егізін алып келген-міс. Тіпті конспирологтардың айтуынша, бұл «құпияны» музыканттардың өзі де жасырып әуре болмаған. Олар альбом мұқабаларындағы мистикалық белгілер арқылы ишара жасап, сұхбаттарында да жаңа Полдың жасанды екенін аңғартатын екіұшты сөздер айтқан.


Мысалы, конспирологтар ең басты дәлелдің бірі ретінде Sgt. Pepper’s Lonely Hearts Club Band (1967) альбомының мұқабасын көрсетеді. Онда музыканттардың аяғының астында «бұрынғы» Полдың қабіріндегідей гүлдер шашылған. Оған қоса Abbey Road (1969 жыл) альбомында Пол жалғыз өзі бәтеңкесіз жүреді. Бұл оның «өзі емес екенінің» белгісі, ал кадрға түсіп қалған көліктің нөмірі 28IF болған (ағылшынша сөз ойнату. Егер музыкант тірі болса, 28 жаста болар еді деген мағынада – ред).


Конспирологтардың сүйікті әдістерінің бірі — әндерді кері айналдырып тыңдау. Мысалы, Strawberry Fields Forever әнін белгілі бір жерінен артқа қарай тыңдасаң, «I buried Paul» («Мен Полды жерледім») деген сөз естіледі дейді.


Осылай басталған теориялар уақыт өте жаңа кейіпкерлерді де «тауып» алды. 1980 жылдары пластикалық операциялардан кейін Майкл Джексонның түрі қатты өзгергенде жұрттың бір бөлігі «бұл бұрынғы Майкл емес» деп күмәндана бастады. Біреулер ол 2009 жылы қайтыс болмады, жай ғана көзден таса болды, ал жерлеу рәсімі қолдан жасалды дейді. Басқалары оның денесі баяғыда «жұмысқа қабілетті» денеге ауыстырылған, ал нағыз Майкл оқшау жерде өмір сүріп жатыр дейді.


Келесі «күдікке ілінген» жұлдыз – Бритни Спирс. 2004-2008 жылдары ол жанжал мен денсаулығына байланысты біраз уақыт көрінбей кеткен еді. Сол кезде кейбіреулер әншіні оның атағына «лайық» сыңарымен алмастырды деп болжай бастады. Көбі бұл рөлге Myah Marie деген әншіні «кандидат» ретінде көрді. Ал енді біреулер жаңа альбомдарды жазу үшін бірнеше дублер қолданылған деп сенеді.


Осындай теория Аврил Лавинге де қатысты тараған. Интернеттегі қауесеттерге сенсек, нағыз әнші 2003 жылы қайтыс болған, ал оның орнына құрбысы әрі егізі Melissa Vandella жүр.


Саяси мысал ретінде көбіне Мелания Трамп туралы да айтылады. Кейбіреулердің пікірінше, 2017 жылдан бері кейбір іс-шараға оның орнына егізі (body double) барып тұрады. Мұндай күдік әртүрлі кездесудегі бет-әлпетінің, жүріс-тұрысының және қимыл-қозғалысының өзгергенінен туған.


Алайда конспирологтар мұндай «алмастырулар» әлдеқайда ертерек басталған дейді. Олардың айтуынша, алғашқы саяси алмастыру 1697 жылы Еуропада болған. Аңызға сенсек,  І Петрді шетелге сапарға барып келгеннен кейін, оны өзінен аумайтын неміс адаммен алмастырған. Осылай, оның кейін жасаған күтпеген реформаларын, жаңа әдеттерін және бұрынғы орыс патшаларына ұқсамайтын мінез-құлқын түсіндіреді. 


Ал саясаткерлерді не үшін алмастырады деген сұраққа жауап табу қиын емес. Мысалы, «Темір маска таққан адам» туралы романды оқыған немесе фильмін көрген адам билік үшін мұндай әрекеттердің неге қажет болуы мүмкін екенін шамалай алады. Бірақ жұлдыздарды, тіпті қарапайым адамдарды алмастыру кімге және не үшін керек деген сұрақ әлі де көпшілікке түсініксіз болып қала береді.


Кім және не үшін алмастырады?


Барлық сұраққа жауабы дайын тұратын конспирологтарға рақмет. Барлық теория әлемді құпия басқарғысы келетін белгілі бір құдіретті азшыл топқа келіп тіреледі. Бірақ әр теорияның өз реңі бар.


Таза басқару мен бақылау теориясын алсақ, бірден мына сөздер еске түседі: элита, жаһандық топ, әлемдік үкімет. Мұның бәрі билік, ақша және БАҚ шымылдығының артында тығылып, әлемді іс жүзінде басқарып отырған кішкентай топ туралы. Бұл қауымдастыққа әдетте либералдар, рокфеллерлер, ротшильдтер, олигархтар, масондар және deep state кіреді. Олардың басты мақсаты – тағдырларды шешу және жаһандық идеяларды ілгерілету. Ал өз пікірі бар қарапайым адамдар проблема болуы мүмкін. Болжап болмайтын саясаткерлерді, әртістерді, журналистерді басқарғаннан гөрі тез келісетін адамдарды басқарған әлдеқайда оңай. Бағынбайтындарды көнгіш нұсқаларына – физикалық егіздерге, гипноздалғандарға, клондарға, ЖИ-аватарларға алмастырады. Олар «дұрыс» дауыс береді, ақшаны керек жерге жұмсайды және ыңғайсыз сұрақтар қоймайды. Жаңа әлемдік тәртіп орнатудың ұлы жоспарлары осылай іске асады деседі.


Басқа бір теорияға сенсек, мұндай «алмастыру» жұлдыздар мен саясаткерлердің өлімін жасыру үшін жасалады. Айталық, шын адам ауыр дерттен қайтыс болды немесе оны біреу өлтіріп кетті. Тіпті құпия ота жасатқанда көз жұмған болуы мүмкін. Бірақ мұны жария етуге болмайды. Себебі мұның артында үлкен қаржы тұр. Ол адам көптеген келісімшарттарға қол қойып қойған, яғни оның аты әлі де табыс әкеледі. Оған қоса қоғамға әсерін де ұмытпау керек. Фанаттар өз кумирі үшін бәріне дайын. Сондықтан жұлдыздың орнына басқа біреуді шығарып, ештеңе болмағандай кейіп танытады-мыс. Ол жұмысын жалғастыра береді: сахнаға шығады, сұхбат береді, «дұрыс» сөздер айтады. Сырт көзге бәрі бұрынғыдай көрінеді.


Конспирологтардың тағы бір нұсқасы бойынша, танымал тұлғалардың өзі элитамен әдейі мәмілеге келуі мүмкін. Яғни адам көпшіліктің назарынан кетіп, тыныш әрі жайлы өмір сүреді, ал оның орнын өзіне ұқсайтын адам басып, сахнаға шығып, бұрынғы рөлін жалғастыра береді. Ол танымалдықты да, билікті де «иеленіп» жүреді. Осындай теориялар «Путиннің егізі», «Хусейннің егізі» және басқа да саясаткерлер туралы тараған қауесеттермен байланыстырылады. Бұл нұсқаға сенетіндердің айтуынша, нағыз тұлғалар көпшілік алдында көрінбейді. Олар қауіпсіз жерде өмір сүріп, сол жерден бүкіл процесті басқарып отырады-мыс.


Ал бұдан әрі терең бойлап қиялға ерік берсек, кейбір теория мәселені тіпті «ұлы алмастыру» мен демографиялық бақылау деңгейіне дейін жеткізеді. Бұл енді бір поп-жұлдызды немесе саясаткердің жұбайын алмастыру сияқты ұсақ-түйек әңгіме емес. Мұнда тұтас халықты алмастыру туралы ауқымды қастандық сюжеті айтылады.


Мұндай нұсқаға сенетіндердің пікірінше, алмастыру физикалық клондар арқылы емес, басқа жолмен іске асады: миграцияны күшейту, туу көрсеткішін бақылау немесе түрлі әлеуметтік-саяси манипуляция жасалады. Теория авторлары мұның бәрі елдің демографиялық бейнесін өзгертіп, жергілікті халықтың ықпалын әлсірету үшін жасалады дейді.


Мысалы, француз жазушысы әрі ұлтшыл ойшыл Рено Камю «ұлы алмастыру» (Grand Remplacement) теориясын алға тартып, Франциядағы жергілікті халық біртіндеп араб, бербер және африкалық мигранттармен алмастырылып жатыр деп мәлімдеген. Оның пікірінше, мемлекет шекараны әдейі ашып, миграцияны қолдайды. Соның салдарынан жергілікті емес халықтың үлесі артып, «байырғы халықтың» даусы әлсірейді.


Осы пікірге келістіндер бұл құбылыс Франциямен ғана шектелмейді деп санайды. Олар Германияда, Ирландияда, тіпті Брюссельде де осындай демографиялық өзгерістер байқалады дейді.


Тағы бір кең тараған теория – технология эксперименттері мен «чип арқылы бақылау». Мұндай әңгіме қозғалғанда бірден 5G мұнаралары мен Билл Гейтстің аты аталады. Бұл нұсқаға сенетіндердің айтуынша, адамдардың санасын жаппай басқару халық санын бақылаудан да тиімді. Бүкіл планетаға бір уақытта «ортақ сигнал» жіберуге болса, онда адамдардың таңдауы мен мінез-құлқын да басқаруға болады-мыс.


Мысалы, бәрін бірдей тек Coca-Cola ішуге, тек McDonald’s-тен тамақтануға немесе фильмдерді тек Netflix-тен көруге «бағдарлауға» болады деген ой айтылады. Тіпті осылай, сайлау нәтижесіне де ықпал етіп, белгілі бір кандидатқа жаппай дауыс беруге мүмкіндік бар деген болжамдар бар.


Адамның өзін және оны алмастырған егізін не күтіп тұр?


Конспирологтар негізінен үш сценарийді айтады.


Бірінші сценарий – адамның өзінің көзін құртады. Көп жағдайда оны өлтіріп тастайды, денесін пайдаланады, яғни  қатырып қояды немесе басқа тәжірибе жасайды. Тіпті кейбір радикал теория бойынша, адамның денесі оны алмастырған адамды қанмен, энергиямен және мүшелерімен қоректендіреді дейді. Мұндай жағдайда тіпті «Субстанция» фильмі деректі фильмге айналады.


Екінші сценарий – оқшаулау. Адамды түрмеге, құпия емханаға немесе ауруханаға жатқызады.


Үшінші сценарий – масондық теория. Мұнда адам емес, оның санасы алмастырылады. Таныс бет пен қимыл сақталады, бірақ жады, санасы және құндылықтары гипноз, чиптер немесе цифрлық бақылау арқылы өзгереді.


Дублерлардың да өз «жұмысы» бар. Олардың міндеті қарапайым: қауіпті сапарларға бару, митингілерге қатысу, теледидарда сұхбат беру. Сол арада олар басқа есіммен қалыпты өмір сүріп, ақша жұмсай алады. Ал қатал теорияға сенетіндер оларды жай ғана «материал» ретінде пайдаланып, кейін «көзін жояды» дейді.


Клондар теориясы одан да сорақы. Клон – жаны мен жады жоқ био-көшірме. Біраз уақыт дұрыс жұмыс істей алады, бірақ күндердің бір күнінде бұзылып қалатыны сөзсіз. Жады өшіп қалады, қате жібереді немесе күдік тудырады. Ондай жағдайда істен шыққан клонды «жойып», орнына келесі клонды шығарады. Себебі олардың тұтас армиясы дайын тұр.


Қазіргі цифрлық әлемде клон жасау оңай. Digital avatars мен deepfake технологияларын кез келген бес жасар бала телефонда жасап шыға алады. Сондықтан көпшілік алдындағы сөздер, сұхбаттар, әлеуметтік желідегі әрекеттерді жасанды интеллектіге сеніп тапсыруға болады. Тіпті оларды қартайтып, өмірлік оқиғалар қосып, қалағанынша «ойнатуға» болады.


Шындықпен байланыс бар ма?


Саясаткерлер кейде қауіпсіздік үшін орнына басқа адамды қолданады. Мысалы, Саддам Хусейннің орнын алмастыратын егізі барын құжаттар растайды. Кино саласында қосалқы орындаушылар мен цифрлық эффектілер белсенді қолданылады, ал медицинада тәжірибелер жүргізіледі. Мысалы, АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының ең танымал құпия бағдарламасы MK-Ultra (1953-1973 жылдар) кезінде гипноз бен электрошок арқылы сананы басқаруға тырысқан.


Алайда қастандық теориялары кез келген нәрсені шектен шығарып, қисынға келмейтін деңгейге жеткізеді. Мұндай сандырақты теріске шығару оңай емес, өйткені билікке сенім аз болған жағдайда жұрт кез келген өтірікке иланады. Тіпті кейде фактчекинг те адастыруы мүмкін. Сол себепті біз қастандық теорияларына әрдайым сыни тұрғыдан қарауды ұсынамыз, бірақ қызығушылық үшін басқа да нұсқаларды шолып көруге болады.


Қызық үшін


Егіздер мен алмастыру теориялары туралы ойлардан кейін осы тақырыпты қызық әрі әсерлі етіп көрсететін кино мен әдебиеттерді ұсынамыз.

  1. «Гламорама», Брет Истон Эллис. Бас кейіпкер кісі өлтіру жанжалына ілігеді, Кейін оны өз өмірінен ығыстырып, орнын егізі басады.

  2. «Егіз», Федор Достоевский. Лауазымды тұлғаның өмірін, мансабын және беделін тартып алатын егіз туралы әңгіме.

  3. «Дене ұрлайтындар», Джек Финней. Калифорниядағы тыныш қалашықты адамдардың егізін жасайтын өзге планеталықтар басып алатыны туралы ғылыми-фантастикалық роман.

  4. «Психо», Хичкок, фильмі. Детектив түрі де, болмысы да таныс әрі жат көрінетін әйелмен шытырман оқиғаға түседі.

  5. «Бетсіз», фильмі. Террорист пен арнайы қызмет агенті беттерін ауыстырады. Фильмде «сыртқы келбетті өзгертіп, басқа адам болуға бола ма?» деген сұраққа жауап іздейді.

  6. Мультфильм «Inside Job» (Қастандық корпорациясы). Конспирология күнделікті дедлайндар мен сәтсіздіктерге айналған мультсериал түрінде көрсетіледі.

  7. Мультфильм «Inside Job» (Қастандық корпорациясы). Конспирология күнделікті дедлайндар мен сәтсіздіктерге айналған мультсериал.

Бөлісу:

Арамыздағы «клондар»: қастандық теориясының құрығы