ЮНЕСКО деректері бойынша, әлемде қазір 7 000 тіл бар, бірақ бірақ олардың ішінде жиырмасы жер шары халқының жартысына жуығы үшін негізгі тілі болып саналады. Мамандардың айтуынша, 2100 жылға қарай олардың жартысы, тіпті 90%-ы жойылып кетуі мүмкін. Демек, біз тілдер жаппай жоғалып бара жатқан дәуірде өмір сүріп жатырмыз.
Мәселен, тілдердің ең тығыз шоғырланған орны – Папуа-Жаңа Гвинея. Германиядан сәл ғана үлкен аралда 800-ден астам тіл қатар өмір сүреді. Бір-бірінен бірнеше шақырым ғана қашықта тұратын қауым өкілдері әртүрлі тілде сөйлеп, өз тілінде терең білім алып, мәдениетін дәріптеп келді. Бірақ кейінгі онжылдықта «ток-писин» сияқты ортақ тілдердің ықпалы күшейіп, жергілікті тілдердің көпшілігі жоғалып бара жатыр.
Солтүстік Америка да мысал бола алады. Еуропалықтар келгенге дейін мұнда 300-ден астам жергілікті тіл болған, бірақ XXI ғасырдың басында оның көбі жойылып кетудің алдында тұр. Навахо тілі – әлі күнге дейін сақталған санаулы тілдердің бірі. Бұл тілде шамамен 170 000 адам сөйлейді, бірақ кейінгі кездер жастар ағылшын тілінде сөйлегенді жөн көреді. Мұндай тілдерді minority languages деп атайды. Яғни сөйлейтіндер аз, қолданатындар аясы тар. Көбіне белгілі бір аймаққа немесе этнос тобына ғана тән. Мұндай тілдердің ресми мәртебесі шектеулі, мектептерде аз оқытылады және медиада сирек естіледі.
Тіл тозағының алты қабаты
ЮНЕСКО-ның «Жойылу қаупіндегі әлем тілдерінің атласы» деген ғылыми карта мен деректер базасы бар. Онда әлемдегі қай тілдің қандай деңгейде екені көрсетілген. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл бүкіл әлем тілдерінің «өмір мен өлім картасы» сияқты. Бұл картада тілдердің жойылу деңгейі бойынша алты сатыға бөлінген.

Бір қызығы, тіл халық құрып кеткенінен емес, адамдар өз тілінде сөйлемей қалғандықтан жойылады. Ата-аналар «баламның болашағы жарқын болсын, заманауи тілді білсін» деп өз тілінде сөйлеспейді. Әр отбасы өзі таңдай алады, бірақ осы таңдау кейде бүтін бір тілдің жойылып кетуіне ықпал етеді.
Мықтылардың тілі: сөз – билікте
Тіл әдемі немесе қиын болғаны үшін мықты болмайды. Тілдің ықпалы саясат пен ақшаның, яғни экономиканың күшімен де артады. Мысалы, Цезарьдың әскері латын тілін, британ флоты мен америкалық ірі компаниялар ағылшын тілін әлемге таратты. Испан тілі конкистадорлар арқылы, араб тілі ислам өркениетімен тарады.
Бүгінде әлем халқының көпшілігі шамамен 20-25 ірі тілде сөйлейді. Бұл тілдер – халықаралық қатынас, білім, ғылым, бизнес пен интернетте ең көп қолданылатын тілдер. Мұндай тілдерді лингвистер Majority languages деп атайды.
Мәселен, ағылшын тілі – қазіргі заманның ортақ тіліне айналды. Бұл тіл шамамен 380 миллион адам үшін ана тілі болса, миллиардтан астам адам оны екінші тіл ретінде қолданады. Қытай тілінде 1 миллиардтан астам адам сөйлейді және ол әлемдегі ең кең тараған тілдердің бірі. Испан тілі үш континенттегі ондаған елді біріктіріп отыр.
Қазақ тілі қайсына жатады?
Бүгінгі қазақ тілінің жағдайын түсіну үшін соңғы екі ғасырдағы тарихына көз жүгірту керек. Бұл тіл Моңғол шапқыншылығын да, Ресей отаршылдығын да, кеңестік «біріздендіру» саясатын да бастан өткерді. Әліпби бірнеше рет өзгерді, кейінгі онжылдықта халықтың жаппай қалаға көшкенін де көрді. Тәуелсіздік алған кезде қазақ тіліне артылған жүк те өте ауыр болды.
Қазір қазақ тілі үлкен жолдың қиылысында тұр. Бір жағында – қазақ тілінде сөйлейтін халық, мемлекеттік мәртебе және дамуға деген саяси ерік-жігер. Екінші жағында – жаһанданудың қыспағы, технология теңсіздігі және ауыл мен қала арасындағы алшақтық.
Халықаралық жіктеулер бойынша, қазақ тілі Safe (қауіпсіз) тобына жатады, яғни жойылып бара жатқан тілдердің қатарында емес. Себебі қазақ тілі – мемлекеттік мәртебесі бар, білім беру жүйесінде қолданылатын тіл. Ұлттық статистика бюросы мен тіл саясаты бойынша зерттеулердің соңғы деректеріне сәйкес, елдегі халықтың шамамен 80%-ы мемлекеттік тілді меңгерген. Мемлекеттік БАҚ та қазақ тілінде ақпарат таратады.
Алайда мұндай классификация тілдің болашағын емес, көбіне қазіргі жағдайын сипаттайды. Бұл қазақ тіліндегі өзекті мәселелерді, тілдің кеңінен қолданылмайтынын жоққа шығара алмайды және болашақты жойылып кету қаупінен де құтқармайды. Себебі тарихта ресми мәртебесі болғанымен, күнделікті қолданыстан шеттеп қалған тілдер аз емес. Мәселен, Ирланд тілінің тарихы шектен тыс оптимизмге сақтықпен қарау керектігін ескертеді.
1922 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін, Ирландия өз тілін (гэль тілін) елдің бірінші ресми тілі деп жариялады. Мектепте оқытуды міндеттеп, мемлекеттік қызметкерлерге тілді білуді міндеттеді. Арада 90 жыл өткенде нәтиже көңіл көншітпеді. Халықтың аз ғана бөлігі ирланд тілін негізгі байланыс тілі ретінде қолданады. Миллиондаған ирландтық азамат мектепте ирланд тілін оқып, сол тілде емтихан тапсырса да, сыныптан шыға бере біржола ұмытты. Өйткені тіл өмірде сұранысқа ие болмады. Нақты тілдік орта жасалмайынша, қағаз жүзіндегі қолдау іске аспайтынына бұл – нақты дәлел.
Сондықтан қазақ тілінің қазіргі күйін былай сипаттауға болады: ресми тұрғыдан тұрақты, бірақ функциялық тұрғыдан толық дамымаған. Яғни тіл жойылып кетпейді, бірақ барлық маңызды салаларда бірдей қолданылып отырған жоқ.
Жазу, калька, сөздік қор: қазақ тіліне қатысты мәселелер
XX ғасырда қазақ жазуы бірнеше рет өзгерді: бұрын араб графикасы қолданылған, кейін 1929-1940 жылдары латынға көшті, ал 1940 жылдан бері кириллица ресми жазу жүйесі болып отыр. Жазу реформалары тек тілдік емес, саяси және әлеуметтік себептерге байланысты жүргізілді. Сондықтан төте жазумен жазылған әдебиет пен ғылыми еңбектерді қазіргі қазақтарға оқу қиын, олар үшін арнайы дайындық қажет. Бұл – бірінші мәселе.
Филолог әрі аудармашы Назгүл Қожабек TEDx Almaty-дағы дәрісінде көпшілікке ауыр тисе де, екінші ащы мәселені айтты: бүгінгі БАҚ-тағы қазақша мәтіндердің басым бөлігі – нағыз қазақ тілінде жазылмаған. Бұл – орысшаның синтаксисін, метафоралары мен логикасын сақтап қалған аударма мәтіндер. Сырты – қазақша, іші – орысша. Бұл құбылыс «калька» деп аталады.
Әрине, бұл қазақ тілінде ғана кездесетін мәселе емес. Бірақ ұзақ уақыт бойы өзге тілдің тасасында қалып, енді ғана бой көтере бастаған тіл үшін мәселенің маңызы зор. Журналист орысша сөйлем құрылымын сөзбе-сөз қазақшаға аударғанда, мәтін олақ болып қана қоймай, тілді өзіне тән интонациясынан айырады.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ибраев мәселені басқа қырынан, яғни үшінші мәселені көтерді: тіл тек ғылымға араласқанда ғана шын мәнінде аяққа тұрады. Ал қазақ тілі дәл осы жерде ақсап тұр. Ғылыми басылымдар, техникалық стандарттар мен медициналық құжаттардың басым бөлігі әлі де орыс немесе ағылшын тілінде. Академиялық қазақ тілі әлі кемелденген жоқ.
Цифрлық дәуір: жаңа қауіп пен жаңа мүмкіндік
Интернет барлық тілді теңестіруші күш болуы мүмкін еді, бірақ шын мәнінде, керісінше, теңсіздікті одан сайын күшейтті. W3Techs-тің 2026 жылғы деректері бойынша, интернет-контенттің шамамен жартысы (49,7%) ағылшын тілінде жасалады. Одан кейін испан және неміс тілдері (6%), жапон тілі (5%), француз тілі (4,6%), португал тілі (4,1%) және орыс тілі (3,5%) орналасқан. Ал қазақ тілі бұл тізімде байқалмайтын дәрежеде аз.
Бұл теңсіздіктің зардабы іс жүзінде білініп отыр. Егер бағдарламалау, медицина немесе кәсіпкерлік туралы ақпарат іздесек, қазақшадан гөрі орыс немесе ағылшын тілінде табу оңайырақ. Бұл санада мықтап бекитін мынадай түсінік қалыптастырады: қазақ тілі – отбасы, салт-дәстүр мен поэзия тілі, ал орыс немесе ағылшын тілі – мансап, технология мен болашақ тілі. Бұл түсінік өздігінен күшейіп, тілдің қолданыс аясын тарылта береді.

Дегенмен жылдан жылға қазақ тіліндегі контент, ақпарат көбейіп келе жатқанын да ескермеуге болмайды. Қазір қазақша подкастар, YouTube-арналар мен білім беру платформаларының көбеюі – тілдің цифрлық салмағын біртіндеп арттырып келеді. Google, Apple, Microsoft сияқты технологиялық алпауыттар өз өнімдеріне қазақ тілін қосып жатыр. ChatGPT және басқа да тілдік модельдер қазақша сөйлей бастады, бірақ олардың сапасы әлі де ірі тілдерден едәуір төмен.
Тіл заңмен қорғалғанда ғана емес, сол тілде сөйлегің келгенде ғана өмір сүреді.
Қазақ лексикасының нағыз мәселесі – оның көлемінде емес, құрылымында. Қазақстандық лингвистердің айтуынша, бүгінгі қала қазақтарының тілі орыс және ағылшын сөздеріне толы. Ең өкініштісі, тілдің өз баламасы бола тұра, біз сырттан келген сөздерді қолданамыз. Мамандардың бағалауынша, қазіргі қазақ тілінде ақпарат ұсынатын баспасөздегі сөздердің 20-30%-ы – орыс тілінен тікелей аударылған сөздер, басқаша айтсақ калька сөздер.
Әрине, кез келген тілде кірме сөздер бар және оның қолданылуы – қалыпты нәрсе. Мәселен, ағылшын тіліндегі сөздердің 60%-ының түбірі француз, латын немесе грек тілдерінен келген. Бірақ мұнда айырмашылық бар. Егер сырттан келген сөздер көнеріп қалған архаизмдерді емес, күнделікті қолданыстағы «тірі» сөздерді ығыстыра бастаса – бұл тілдің табиғи дамуы емес, оған сырттан жасалып жатқан қысымның белгісі.
Өзге елдер тіл мәселесін қалай шешті?
Исланд тілі: кішкентай халықтың үлкен жігері
Исландия аралында қазір шамамен 400 000 адам тұрады. Бұл тіпті Алматы халқынан да әлдеқайда аз. Соған қарамастан, исланд тілі жойылып кетпек түгілі, ғаламшардағы ең мықты қорғалған тілдердің бірі болып отыр. Олардың қағидасы өте қарапайым: шет тілінен сөз алғанша, өз түбірлерінен жаңа сөз жасап шығару. Мәселен: компьютер – «tölva»: бұл «tala» (сан) және «völva» (көріпкел) деген сөздерден құралған. Телефон – «sími»: бұл баяғыда «жіп» немесе «арқан» дегенді білдіретін көне сөз. Электрон пошта – «tölvupóstur» (сөзбе-сөз: компьютерлік пошта).
Осының нәтижесінде қазіргі Исландия халқы XII-XIII ғасырлардағы көне дастандарды (сагаларды) сөздіксіз-ақ еркін оқи алады. Исланд тілі сегіз жүз жыл ішінде ағылшын тілінің соңғы екі жүз жылдағы өзгерісінен де аз өзгерген. Қарапайым британиялық азамат үшін Шекспир тілін түсіну үшін аударма болса, исланд студенті көне «Ньял туралы саганы» оп-оңай оқи алады.
XXI ғасырда исланд тіліне үлкен қауіп технологиядан келді. Siri мен Alexa сияқты дауыс көмекшілері ұзақ уақыт бойы исланд тілін түсінбеді, өйткені жасанды интеллектіні оқытуға деректер қоры жетпеді. Бірақ 2021 жылы Исландия үкіметі жасанды интеллектіні исландша сөйлету үшін ауқымды ұлттық жоба бастады. Бұл – кішкентай мемлекеттің технология теңсіздігіне наразылықпен емес, инженерлік шешіммен жауап берген керемет мысалы.
Иврит: өліден тіріге
Әлемдік лингвистика тарихындағы ең таңғажайып оқиға – иврит тілінің қайта тірілуі. XIX ғасырдың соңында иврит тек діни мәтіндер мен ғалымдардың тілі ғана болатын. Бұл тілде ешкім күнделікті өмірде сөйлеспейтін, баласына тәрбие бермейтін, саясатты талқыламайтын. 1881 жылы Палестинаға көшіп келген Элиэзер Бен-Иегуда заманауи сөздікті әзірлеп, өнеркәсіп дәуірінің жаңалықтарына мыңдаған жаңа сөз ойлап тапты. Ол – өз баласын туғаннан тек иврит тілінде тәрбиелеген алғашқы әке. Бүгінде иврит – миллиондаған израильдіктің ана тілі. Бұл – тарихтағы «өлі» тілдің қайта тіріліп, толыққанды жан біткен жалғыз оқиғасы.
Түрік тілі: тілдік құрылыс тәжірибесі
Түркия 1928 жылы Ататүріктің бастамасымен түбегейлі тіл реформасын жасады. Араб әліпбиі латын графикасына ауыстырылды. Тілді араб пен парсы сөздерінен тазартып, олардың орнына түріктің жаңа төл сөздерін (неологизмдерді) енгізу науқаны басталды. Бірнеше жыл ішінде халықтың сауаты артып, тіл қалың бұқараға түсінікті бола бастады. Бірақ реформаның екінші жағы да болды: түріктердің жаңа ұрпағы 1928 жылға дейін жазылған мәтіндерді оқу мүмкіндігінен айырылды. Дәл қазақтардың араб қарпімен жазылған әдебиеттен қол үзгені сияқты.

Қазақ тарихымен ұқсастық айдан анық: екі жағдайда да әліпби ауыстыру – өркениеттік үзілістің құралы. Айырмашылығы тек мынада: Түркия бұл реформаны өз еркімен таңдаса, Қазақстан үшін бұл сырттан таңылған шешім еді.
Корей тілі: тыйым салынған тілден жаһандық ықпалға дейін
Корей тілінің қайдан шыққаны әлі күнге дейін ғылыми жұмбақ болып отыр. Ол ешқандай ірі тілдік отбасыға кірмейді. Жапон тілімен грамматикасы мен сөйлем құрылымы жағынан ұқсас болғанымен, ғалымдар бұл – ортақ тамырдың белгісі ме, әлде ұзақ уақыт бойы көрші тұрудың нәтижесі ме деп әлі күнге дейін пікірталасып келеді.
Корея тарихындағы ең таңғаларлық факт: ауыз әдебиеті бай халық мың жыл бойы өз әліпбиі болмай, өзіне еш қатысы жоқ қытай иероглифтерін қолдануға мәжбүр болды. Классикалық қытай тілін білетін ақсүйектер сауатты болып, қарапайым халық жазу-сызу мәдениетінен мүлдем алыс қалды.

1443 жылы IV Ұлы Седжон жаңа әліпбиді – хангыльді жасауды бұйырып, бәрін өзінің бақылауында ұстады. Хангыль өте ерекше құрылған: әріптер буынға бөлініп, біріктіріледі, ал әр әріптің формасы сол дыбысты айтқан кездегі дыбыстау мүшелерінің, яғни тіл, ерін, көмей қалпын бейнелейді. Седжон қарапайым шаруаның өзі бірнеше күнде оқып үйреніп кететіндей жазу жасағысы келді. Ол өз мақсатына жетті, бірақ ақсүйектер бұл жаңалықты «сауатсыздардың жазуы» немесе «әйелдердің жазуы» деп менсінбеді. Сөйтіп, хангыль әліпбиі XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында ғана толықтай енді.
1910 жылдан 1945 жылға дейін Корея Жапонияның отарлауында болды. Бұл кезең корей тілі үшін нағыз өмір мен өлім арпалысы еді. 1937 жылдан бастап жапон әкімшілігі тілдік ассимиляция саясатын ашық жүргізді: мектептер мен мемлекеттік мекемелерде корей тілін қолдануға тыйым салды, корейлерге жапон есімдерін алуға мәжбүрледі. Корей тілі тек жасырын сөйлесетін қарсылық тіліне айналды – оны тыйым салынған кітаптай қастерлеп сақтады. Оккупация кезінде тілді стандарттаумен жасырын айналысқан лингвистер тек 1945 жылдан кейін ғана ашық жұмыс істей алды.
1948 жылы Корея екіге бөлінген соң, Солтүстік пен Оңтүстік Кореяның тілдері екі түрлі бағытқа кетті. Оңтүстік Корея ағылшын сөздерін, әсіресе технология терминдерін еркін қабылдады. Ал Солтүстік Корея, керісінше, тіл тазалығын сақтау саясатын ұстанып, кірме сөздерді корейше жаңа сөздермен алмастырды.

Қазіргі уақытта корей тілінде шамамен 80 миллионға жуық адам сөйлейді. Тілдің жойылу қаупі туралы сөз де болып жатқан жоқ, керісінше, корей тілі бұрын-соңды болмаған мәдени экспансияны бастан кешіп жатыр: K-pop, кәріс дорамалары, Пон Джун Хоның 2020 жылы «Оскар» алған «Паразиттер» фильмі бүкіл әлемнің корей тіліне деген қызығушылығын ашты. Duolingo мәліметінше, корей тілі платформадағы ең көп оқылатын бес тілдің қатарында.
Дәл осы жерде корей тәжірибесі қазақ тілі үшін өте маңызды. Екі тіл де XX ғасырда қатал тілдік саясатты бастан өткерді. Екеуі де басым тілдердің күшті қыспағында болды. Бірақ корей тәжірибесі бір нәрсені дәлелдеді: бір тілде өте қызық әрі сапалы өнім жасалса, адамдар міндетті болғаннан емес, қызыққаннан-ақ сол тілді меңгеріп, сол тілде сөйлейді. Бұл XXI ғасырдағы қазақ тілі үшін ең басты сабақ болар.
Қазақ тілі: қайтып оралатын қазына
Кеңес заманында қазақ тілі қалалық өмірден ығыстырылғанымен, толық жойылып кеткен жоқ. Ол диалектілерде, ауыл тілінде, фольклорда, сондай-ақ Абай, Мағжан, Мұхтар Әуезов шығармаларында сақталған.
Көшпенділер әлеміне қатысты лексиканың құны бөлек. Қазақ тілінде жылқының түсіне, жасына, мінезі мен мақсатына қарай ондаған атау бар: «алаша» – бақайы ақ ат, «боз» – сұр, «келе» – жирен. Қар мен дала желіне қатысты қаншама сөз бар: «боран», «абыз», «ұрған».
Орыс немесе ағылшын тілінде «дядя» немесе uncle деп бір-ақ сөзбен айтылатын туыстық қатынастар қазақ тілінде жіліктеп бөлінген: «нағашы» – ананың аға-інісі, «жезде» – әпкенің күйеуі, «жиен» – қыздан туған бала. Бұл ескіліктің белгісі емес, бұл туыстық байланыстар әлеуметтік құрылымның негізі болған мәдениеттің айғағы.
Сондықтан, «қазақ тілінде сөз жеткілікті ме?» деген сұрақ орынсыз. Мәселе басқада: тілдің бойында бар байлықты қалай ауызекі сөзге айналдырамыз және барды бүлдірмей, жаңаны қалай қосамыз? Исландтар, французтар, немістер – әрқайсысы өз жолымен жауап тапты: төл сөзді жаңғырту, заң мен академиялық жүйе, кірме сөзді өз грамматикасына бейімдеу арқылы. Қазақ тілі де өз жолын табуға тиіс. Бірақ ол үшін алдымен бір нәрсені мойындау керек: байлық уысымызда. Оны нөлден жасаудың қажеті жоқ – тек еске түсіру керек.




