Ойын-сауықСаяхатАҚШ визасын қалай аламыз? Сарапшыдан кеңес

АҚШ визасын қалай аламыз? Сарапшыдан кеңес

23 қаңтар 2026
5 мин
Виза в США: советы эксперта
Фото: mrandmrshowe.com

АҚШ билігіне Дональд Трамп келгелі, виза алу тәртібі өзгерді. Биылдап бастап АҚШ 75 елге иммиграциялық виза беруді тоқтатты. Оның ішінде Қазақстан да бар. Ал туристік виза алғысы келетіндер тек азаматтығы бар немесе тұрақты тұратын елінен ғана өтініш бере алады. Студенттер мен журналистерге виза беру тәртібі де күшеймек. Яғни шетел студенттері АҚШ-та төрт жыл, ал медиа өкілдері 240 күн ғана болуы мүмкін. Дегенмен 2026 жылы АҚШ-та футболдан әлем чемпионаты өтетін болған соң, FIFA Pass бағдарламасы енгізілді. Енді сол чемпионатқа билет алған туристің виза алуға мүмкіндігі артады. Бұл өзгерістер қазақстандық азаматтарға қалай әсер етуі мүмкін? Қазақстан тұрғындары АҚШ-қа виза алғанда нені ескеруі керек? Виза жөніндегі сарапшы Ержан Әуел айтып берді.


АҚШ визасын алуға өтінішті қалай жібереміз?


АҚШ визасы екіге бөлінеді: иммиграциялық және иммиграциялық емес. Иммиграциялық виза – АҚШ-та тұрақты тұру үшін, ал иммиграциялық емес виза – уақытша болу үшін беріледі.


Виза алуға өтініш жіберу оңай. Ол үшін әуелі ресми сайтқа кіріп, DS-160 формасын толтыру қажет. Онда төлқұжатты, фото, жеке мәліметті, жұмыс пен оқу орны туралы ақпаратты, кейінгі бес жылда барған елдерінің тізімін енгізу керек. Оған қоса АҚШ-қа не себепті барғалы жатқанын, нақты маршрутын, қанша уақыт болатынын жазуыңыз қажет. Кейін консулдық алымды төлеу керек. Қазақстан азаматының бәрі консулдық алымды бірдей сомада төлейді. Мейлі бала болсын, ересек болсын, студент болсын, консулдық алым құны – 185 АҚШ доллары. Сонымен қатар биылдан бастап АҚШ билігі консулдық алымға қосымша Visa Integrity Fee жаңа алымын енгізді. Оның құны – 250 АҚШ доллары. Эксперттің сөзінше, оны әрбір иммиграциялық емес визаға өтініш берген адам визаны алғаннан соң төлеуге тиіс.


Визаға жеке немесе ата-анамен, достарымен топ болып та өтініш беруге болады. 18 жасқа толмаған балалар сұхбатқа міндетті түрде ата-анасымен бірге баруы керек. Сұхбатқа баратын адам міндетті түрде өзімен бірге төлқұжатының түпнұсқасын, сұхбат уақыты расталған құжатты, DS-160 анкета нұсқасының расталған құжатын апаруға тиіс. Сұхбат Алматыдағы АҚШ бас консулдығында және Астанадағы консулдығында өтеді. Кез келгеніне баруға болады. 



Сұхбатқа барғанда нені ескеру керек?


Біріншіден, анкетада жазған мәліметтер мен сұхбаттағы жауаптар сәйкес болуы тиіс. Өз жазғанына өзі қарама-қайшы зат айтса, консулдық күмәнданып ақалады.


Екіншіден, анкетаны қатесіз толтыру қажет. Жұмыс орны, жалақысы немесе барған елдері туралы жалған ақпарат беруге болмайды.


Үшіншіден, сұрақтарға “иә” немесе “жоқ” деп қысқа қайырған да дұрыс емес. Барынша толық жауап берген абзал. Маңызды ақпаратты жасырмай, барынша толық жауап берген жөн.


Төртіншіден, сұхбатта үміткер Қазақстанмен байланысын дәлелдей білуі қажет. Үміткер виза офицерін сапарының маңызын түсіндіріп, елге оралатынына сендіре алмаса, виза ала алмай қалуы мүмкін.


Визаға тапсырған адамның тұрақты жұмыс, жақсы жалақы, үй немесе көлік сияқты мүлік болса, виза алу мүмкіндігі көбірек болады. Себебі консулдық мұндай адам Қазақстанға оралады деп есептейді. Бұрын алған визалар да көмектесуі мүмкін. Үміткер Шенген елдеріне, Түркия, Мысыр, Дубай, Малайзия, Мальдив, Үндістан, Ұлыбритания, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты елдерге барған болса, виза алу мүмкіндігі сәл артады. Бірақ бұл виза 100% беріледі деген сөз емес.


Бесіншіден, виза офицерімен мәдениетте түрде сөйлесіп, сыйластық таныту керек. Барыншы тік қарап сөйлеген жөн.


Қазір өтініш беру, құжат тапсыру, сұхбаттан өту процесі жеңілдетілген, сондықтан табыс, депозит немесе жұмыс орнынан анықтама әкел деп талап етпейді. Өтініш берген адамның шотында қанша бар екені де маңызды емес.

Визаны беріп-бермейтіні қанша уақытта белгілі болады?


Визаны беру немесе бермеуге қатысты соңғы шешімді АҚШ консулдығындағы виза офицері шығарады. Кейде бұрын ешқайда шықпаған, паспорты тап-таза адамға 10 жылға жарамды виза берілуі мүмкін. Ал керісінше, Шенген визалары мен түрлі елдің мөрлері толған паспорт иесіне виза берілмей қалатын жағдайлар да кездеседі.


Виза мақұлданса, елшілік паспортты әдетте екі-үш күн немесе бір-екі аптадан соң қайтарып береді. Кейбір өтініш қосымша тексеріліп, процесс бес-алты айға дейін созылуы мүмкін. Ал виза берілмесе, паспортты сол жерде, сұхбаттан кейін бірден қайтарып береді.

Бөлісу:

АҚШ визасын қалай аламыз? Сарапшыдан кеңес — Tamga media