Қазақстанда тағы да аптап ыстық орнады. Еліміздің оңтүстігі мен батысында ауа температурасы +40 градустан асып жатыр. Tamga Media мұндай ыстық күннің адам денсаулығына зиянын талдап, одан қалай қорғану керек екенін дәрігерден сұрап білді.
Ыстықтан келетін ажал
Жақында ғана аптап ыстықтан Еуропада 1300-ден астам адам мерзімінен бұрын көз жұмған. Ал Испанияда күннің ыстығы +45,1°C-қа жетіп, ең жоғары көрсеткішті көрсетті. ДДСҰ дерегі бойынша, кейінгі төрт жылда Еуропадағы аптап ыстық 200 мыңнан астам адамның өмірін қиды. Бұл құрлық әлемнің басқа аймақтарына қарағанда әлдеқайда жылдам қызып жатыр. Оған қоса климат та өзгеріп, бұл қатерді еселетіп жатыр. Тіпті ДДСҰ-ның Еуропа бойынша аймақтық директоры Ханс Клюгенің айтуынша, шұғыл қалаларда жасыл желектерді көбейтіп, ауыз су бұлақтарын орнатып, тұрғындар аптаптан бой тасалай алатын салқын қоғамдық орындарды құру қажет.
Қазақстандағы жағдай да мәз емес. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, елімізде қан айналымы жүйесінің аурулары өлім-жітімнің басты себебі болып отыр: 2025 жылғы көрсеткішке сүйенсек, бұл – барлық өлім-жітім жағдайының шамамен 22,5%-ы. Ал аптап ыстық әуелі дәл осы жүрегі мен қан тамыры нашар жандарға тікелей соққы береді.
Нақты кімдерге қауіп төніп тұр?
Дәрігер-эпидемиолог Рафаиль Қыпшақбаевтың айтуынша, қауіптің ең алдында балалар, әсіресе нәрестелер тұр. 65 жастан асқан қарттар, жүкті әйелдер, артық салмағы барлар және күн астында жұмыс істеп немесе жаттығатындар да осы топқа кіреді. Бұған қоса жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, бүйрек пен өкпенің созылмалы дерттеріне шалдыққан, жүйке жүйесі мен психикалық ауытқулары бар, онкология дертімен күресіп жатқан жандар, ішімдікке салынғандар және дене қызуы көтеріліп, іші өтіп немесе құсып ауырғандардың да денсаулығына әсер етуі мүмкін.

Рафаиль Қыпшақбаев, дәрігер-эпидемиолог:
«Ыстық күні жүрек теріге қанды көбірек айдайды, бүйрек су мен тұзды жоғалтады, ал ми қатты қызып, зардап шегуі мүмкін. Ыстық кезде кейбір дәрінің әсері де өзгеруі мүмкін. Оларға несеп айдайтын дәрілер, қан қысымын төмендететін кейбір препарат, антидепрессант, антипсихотик және қант деңгейін реттейтін кейбір дәрі жатады.
Инсулин, тест-жолақтары және кейбір дәрі күннің астында немесе ыстық көлікте қалдыруға болмайды. Жоғары температура олардың қасиетін өзгертіп, денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Бірақ жазда дәрі ішпеу керек деген сөз емес. Дәрігермен кеңесіп, су ішу, дәрі ішу тәртібін, қан қысымы мен қант деңгейін бақылауды алдын ала реттеген дұрыс».
Жедел жәрдемді қашан шақыру керек?
Әуелі ыстықтан әлсіреу мен күн өтудің айырмасын білген маңызды. Біріншісі – ағзаның ыстыққа шыдамай әлсіреуі, ал екіншісі – өмірге қауіп төндіретін жағдай.
Ыстықтан әлсіреу (тепловое истощение). Мұндай кезде адам көп терлейді, әлсірейді, басы айналады, жүрегі айниды, басы ауырады, тамыры жиі соғады. Адамды салқын жерге апарып, су берген дұрыс. Әдетте жағдайы 30 минут ішінде жақсаруы керек.
Күн өту (солнечный удар) – әлдеқайда қауіпті. Бұл кезде адамның ойы шатасады, мінез-құлқы өзгереді, есінен тануы, денесінің құрысуы, сөйлеуінің бұзылуы мүмкін. Дене қызуы қатты көтеріледі, терісі құрғайды. Дегенмен кейде адам терлеп тұрса да, жылу соққысын алуы мүмкін.

Аптапта мына белгілер байқалса, бірден 103 нөміріне хабарласу керек:
есінің шатасуы немесе естен тану;
дененің құрысуы;
сөйлей алмау немесе қатты әлсіреу;
қайта-қайта құсу;
дене қызуының 40°C-қа жақындауы немесе одан жоғары болуы;
тыныстың тарылуы, кеуде ауыруы, жүректің қатты соғуы;
бала, қарт адам, жүкті әйел немесе созылмалы ауруы бар адамның жағдайының күрт нашарлауы.
Балмұздақ пен мұздай сусындар ыстықтан құтқара ма?
Мұның астарында суық нәрсе денені салқындатуға тиіс деген түсінік жатыр. Бірақ іс жүзінде бәрі олай емес. Тәтті газды сусындар адамды одан әрі шөлдетсе, асқазанға бірден түскен мұздай сұйық қан тамырларына артық салмақ түсіреді.
«Алкогольдің жөні тіптен бөлек. «Сыра салқындатады» деген уәж тіпті орынсыз. Сыра ауызда уақытша салқындық сезімін тудырғанымен, ішімдік ағзаның жылу реттеу қабілетін төмендетеді, дененің құрғау қаупін арттырады және адамның өз жағдайын сауатты бағалауына кедергі жасайды. Аптап ыстықта алкоголь ішу өз физиологияға қарсы жасалған қастандықпен тең».
– Рафаиль Қыпшақбаев, дәрігер-эпидемиолог
Қалай қорғанамыз?
Күн тәртібін ауа райына қарай икемдеу қажет.
Жаяу жүруді, жаттығу мен сырттағы шаруаларды таңертең немесе кешке жоспарлаған жөн. Сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін ашық көшелерде жүргеннен гөрі ғимарат ішінде өткізген дұрыс.

Рафаиль Қыпшақбаев, дәрігер-эпидемиолог:
«Бұл кезде күн астында ұзақ жүрмеген дұрыс, әсіресе асфальт пен жол жиегі ыстықты қатты жинайды. Бірақ тек уақытқа қарау жеткіліксіз. Бұдан бөлек ауа температурасы, көлеңке, жел және ауа сапасы да әсер етеді. Мысалы, Алматыда аптап әрі ауа лас, кей ауданда жел жоқ. Ал Астанада ауа құрғақ, жел және ашық кеңістіктердегі көлеңкенің аз. Бұл жағдайды қиындатуы мүмкін. Сондықтан ыстық күндері көлеңке жерлерде, саябақта жүрген, кеңседе отырған қауіпсіздеу».
Өзіңізбен бірге үнемі су алып жүріңіз.
Суды жиі әрі жүйелі ішіңіз. Зәрдің түсі қою шай сияқты емес, ашық сары болуға тиіс. Ал адам ұзақ уақыт терлесе, далада жұмыс істесе немесе бір-екі сағаттан астам жаттықса, онда электролиттері бар сусындар немесе минералды су ішкені жөн.
Бірақ өзіңізді қинап, литрлеп сімірудің қажеті жоқ. Әсіресе адам ыстықта немесе жаттыққанда тұзы жоқ таза суды литрлеп сімірсе, керісінше, зиян болуы мүмкін. Бұл гипонатриемияға, яғни қандағы натрий деңгейінің қауіпті шекке дейін төмендеуіне әкеп соғуы мүмкін.
Рафаиль Қыпшақбаев, дәрігер-эпидемиолог:
«Қарт адамдар қарт шөлдемеуі мүмкін. Сонымен қатар олар қан қысымын, қант деңгейін реттейтін немесе несеп айдайтын дәрілерді жиі ішеді. Мұндай жағдайда «көбірек су іш» деген кеңес бәріне бірдей пайдалы бола бермейді. Жаз басталмай тұрып, созылмалы ауруы бар науқастарға батырлық танытпай, дәрігермен қысқаша кеңескен жөн. Қанша су ішу керек, қан қысымы төмендегенде не істеу керек, қантты қалай бақылау қажет және дәрілерді қайда сақтау керек – бәрін сұрап алған абзал».
Түсі ашық, кең әрі ауа өткізетін киім киген дұрыс.
Бас киім де маңызды, өйткені ол басты күннен қорғап, ми қызып кетпейді. Сондай-ақ күннен қорғайтын крем қолданған жөн. Әйтпесе күнге күйген тері ағзаның салқындауын қиындатады.
«Адамның басынан күн өтсе, оны тез арада аптаптан алып кету керек. Көлеңкеге, салқын бөлмеге немесе кондиционері бар жерге жеткізіп, артық киімін шешу керек. Есін білсе, аз-аздан жұтымдап су берген жөн. Денені сырттай салқындату қажет: салқын душ, ылғал сүлгі басу, сумен сүрту, сондай-ақ мойынға, қолтыққа, шап аймағына мұздай нәрсе қою керек. Бұл жерлерден ірі қан тамырлары өтетіндіктен, ағза тезірек салқындайды».
– Рафаиль Қыпшақбаев, дәрігер-эпидемиолог
Баланы да, қарт адамды да, үй жануарларын да жабық көліктің ішінде тіпті «бес минутқа» қалдыруға болмайды.
Балалар мен қарт адамдар ыстыққа ерекше сезімтал келеді. Балалардың ағзасы әлі толық қалыптаспағандықтан, олар тез қызып кетеді. Ыстық күні бұл санаулы минуттар қасіретке әкелуі мүмкін.
Кондиционерді дұрыс қолдану керек.
Құрылғының температурасын шамамен 24-26 °C-қа қойған тиімді. Әсіресе ұйықтар алдында және қарт адамдар отырған бөлмеде шектен тыс суықтан қашқан жөн. Температураны бірден 16 °C-қа қойып, тура суық ауаның алдына жайғаса кеткен әбестік. Бұл – кәдімгі сыз өту, соңы тұмауға, бұлшықет сіңірінің тартылуына немесе созылмалы ЛОР-ауруларының асқынуына әкеледі.

Рафаиль Қыпшақбаев, дәрігер-эпидемиолог:
«Кондиционердің салқын ауасы мұрын мен тамақтың шырышты қабатын құрғатуы мүмкін. Оның сүзгілері уақытында тазаламаса, ауа сапасы нашарлайды. Сондықтан кондиционерді дұрыс қолданған маңызды: сүзгілерін тазалап тұру керек, ауаны жоғары немесе жан-жаққа бағыттау керек. Дала мен бөлме температурасының арасын тым алшақтатпаған абзал. Даладан кірген адам бірден мұз құрлыққа тап болғандай күй кешпей, жайлы салқындықты сезінуге тиіс».




