ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде бала көтере алмай жүрген әйелдер саны үш есе өскен: 2019 жылы 10 мың болса, 2024 жылы 29,1 мыңға жетті. Мамандардың айтуынша, осы жағдайдың 25-30%-ына овуляцияның дұрыс болмауы себеп болады.
Овуляция не үшін маңызды?
Жетілген жұмыртқа жасушасы аналық безден шығып, жатыр түтігіне өткенде әйел адам бала көтере алады. Бұл кезең овуляция деп аталады.
Әуелі мидағы гипофиз безі аналық бездерге белгі беретін ФСГ гормонын бөледі. Сол белгі арқылы аналық бездегі кішкентай фолликулдар (жұмыртқа жасушасы өсетін қапшықтар) өсе бастайды. Олардың ішінен біреуі жақсырақ дамып, жетіледі. Кейін ол эстроген гормонын бөледі.
Осы жетілген фолликул овуляция кезінде жарылып, жұмыртқа жасушасы шығады. Оның орнында сары дене пайда болады. Сары дене прогестерон гормонын бөліп, жатырды жүктілікке дайындайды. Бала бітпесе, гормондар азаяды да, етеккір келіп, бәрі қайтадан басынан басталады.

Ановуляцияны байқау неге қиын?
Ановуляция байқау қиын, себебі ол көбіне білінбейді. Әйелдің етеккірі ай сайын уақытында келе берген соң, бала жоспарламайынша бойында кінәрат барын сезбеуі мүмкін. Тұрақты етеккір овуляцияның нақты белгісі емес. Тіпті дені сау әйелдердің өзінде жылына бір-екі рет овуляция болмауы мүмкін және бұл қалыпты.
Дегенмен мынадай белгілерге қарап күмәндануға болады:
етеккірдің ретсіз келуі;
арасының тым жиі не сирек болуы;
цикл ортасындағы шырышты бөліндінің өзгермеуі;
Мұндайда бірден дәрігерге көрінген жөн. Ал 35 жастан асқан әйелдер алты ай бойы бала көтере алмаса, уақыт созбай маманға баруы керек.

Ановуляция неден пайда болады?
Көбіне қыздардың етеккірі алғаш келген жылдары, жүктілік кезінде, бала емізгенде, климакс алдындағы өтпелі кезеңде жиі кездеседі. Бұдан бөлек қатты күйзеліс, салмақтың күрт өзгеруі, климат ауысуы мен денеге шамадан тыс ауыр күш түсу де әсер етеді.
Алайда дәрігерлер бұған себеп болатын негізгі төрт фактор деп мыналарды атайды: аналық бездің поликистоз синдромы, қалқанша бездің бұзылуы, пролактин гормонының көптігі және өмір салтының дұрыс болмауы.
Аналық бездің поликистоз синдромы (СПКЯ)
Бұл кезде аналық безде бірнеше фолликул қатар өсе бастағанымен, олардың ешқайсы соңына дейін жетілмейді (өлшемі 20 миллиметрге жетпейді). Сондықтан олар жарылып, ішіндегі жұмыртқа жасушасын сыртқа шығара алмай қалады. Синдромның өзіне тән белгілері бар: әдетте бетке безеу шығады, етеккір циклі бұзылады, салмақ қосады, бет пен денеде түк көп өседі және шаш түседі. Мұндай дерт бала туу жасындағы әйелдердің 5-10%-ында кездеседі.
Қалқанша безі жұмысының бұзылуы
Қалқанша без гормондарының аздығы да, көптігі де репродуктив жүйеге әсер етіп, овуляцияны бұзады.
Пролактин гормонының көп болуы
Ағзада пролактин гормоны тым көбейіп кетсе, жұмыртқа жасушасының жетілуіне кедергі жасайды. Бұл гормон тек емшек сүтінің шығуына ғана емес, әйелдің бала көтеру қабілетіне де тікелей әсер етеді. Пролактиннің көтерілуіне ұзақ уақыт күйзелісте жүру, кейбір дәрілер (мысалы: антидепрессанттар, қан қысымын түсіретін және аллергияға қарсы дәрілер), сондай-ақ гипофиз безінің аурулары мен гипотиреоз (қалқанша без жұмысының нашарлауы) себеп болады.
Салмақ, күйзеліс және өмір салты
Әйел адам тым арық болса, ағзасы қуатты үнемдеу үшін бала көтеру қабілетін уақытша тоқтатып қояды. Ал салмақ тым ауыр болса, эстроген мен инсулин гормондарының балансы бұзылады да, овуляция сирек немесе тұрақсыз болып қалады. Ағза ауыр жаттығулар мен шамадан тыс күш түскеннен үнемі шаршап жүрсе, балалы болу мүмкіндігі тағы да кейінге ысырылады. Сондай-ақ адам ұзақ уақыт күйзелісте жүргенде, күйзеліс гормоны (кортизол) овуляцияға жауапты ең маңызды гормондардың бөлінуін басып тастайды.

Созылмалы ановуляция неге әкеп соғады?
Басты мәселе тек бала көтере алмауда емес. Овуляцияның жиі дұрыс болмаса, бүкіл ағзадағы гормондардың балансын бұзады. Мұндайда бала көтере алмау – айсбергтің шыңы ғана.
Овуляция болмағанда прогестерон жетіспегеннен, жатырда ұзақ уақыт бойы тек эстроген гормоны жұмыс істейді. Салдарынан жатырдың шырышты қабығы шамадан тыс қалыңдап, эндометрия гиперплазиясы басталады. Мұндай кезде етеккір уақытылы келмейді, қан көп кетеді және ағзада темір азайып, анемия пайда болады. Бұның бәрі жинала келе, эндометрия қатерлі ісігіне әкелуі мүмкін.
Қант диабетінің екінші типі, инсулиннің бұзылуы және зат алмасудың нашарлауы әйел адамда өмір бойына қалып қоюы мүмкін. Бірақ бұл – тек тәннің проблемалары. Ал мәселенің екінші жағы, әйелдің психологиялық күйіне тікелей әсер етеді. Өйткені бала көтере алмау, ұзақ емделу және гормондардың бұзылуы әйелді үнемі уайымға салып, депрессияға түсіреді.
Овуляция болмаған кезде бала көтеруге бола ма?
Дәрігер осы диагнозды қойғанда, әйелдер ең бірінші осыны сұрайды. Ал оның жауабы бұл мәселенің неден болғанына байланысты.
Овуляция мүлдем болмаса, әйел өздігінен бала көтере алмайды. Себебі аналық жасуша бөлініп шықпаса, ұрықтану процесі жүрмейді. Бірақ бұл уайымдайтын нәрсе емес, өйткені мұны емдеуге болады. Мысалы, аналық бездің поликистозы кезінде салмақты 5-10% тастаса, овуляция қайтадан реттеледі. Сол сияқты, пролактин гормонын немесе қалқанша безді дұрыстап емдесе, етеккір толық қалыпқа түседі.
Гормондарды реттеу көмектеспесе, овуляция болуы үшін дәрігер арнайы дәрілер тағайындайды. Мұндай кезде жағдайды міндетті түрде УЗИ-мен қарап отырады. Овуляция реттелген соң, көп әйел ешқандай қосымша емсіз-ақ өздігінен бала көтеріп кетеді.
Қалай тексерілу керек?
Үйде жасалатын тесттер үнемі дұрыс бола бермейді. Сондықтан дәрігерге барып тексерілген дұрыс. Овуляцияның бар-жоғын нақты білу үшін УЗИ-ге түсіп, фолликулдың өсуін қарату керек, сосын прогестерон мен пролактин гормондарына қан тапсырып, қалқанша безді тексерту қажет.
Фолликулометрия – бір етеккір циклінде УЗИ-ге бірнеше рет түсу. Онда дәрігер ең үлкен фолликулдың қалай өсетінін және оның жарылған сәтін бақылайды. Әдетте овуляция алдында фолликул 18-24 миллиметрге дейін өседі, ал жарылғаннан кейін оның орнында сары дене қалып, жатырдың артында сәл сұйықтық пайда болады. Овуляцияның нақты болғанын тек осы әдіс дәлелдей алады.

Прогестерон гормонын етеккір басталғаннан кейінгі 21-күні (цикл 28 күн болса) немесе келесі етеккір келуге екі апта қалғанда тапсырады. Овуляция болса, сары дене прогестеронды көп бөледі, сондықтан ол көбейеді. Ал осы уақытта прогестерон аз болса, бұл овуляцияның болмағанын білдіреді.
Дәрігер тағы мынадай анализдерді сұрауы мүмкін:
ФСГ және ЛГ – мидың жұмысын және осы екі гормонның қатынасын көрсетеді (мысалы, аналық бездің поликистозы кезінде ЛГ гормоны ФСГ-дан тым көп болып кетеді);
Эстрадиол – фолликулдардың қалай өсіп жатқанын білу үшін керек;
АМГ (антимюллер гормоны) – аналық безде қанша жұмыртқа жасушасы қалғанын, яғни әйелдің ішкі қорын көрсетеді;
Пролактин және ТТГ – овуляцияның болмауына пролактиннің көптігі немесе қалқанша без жұмысының бұзылуы әсер етіп тұрғанын-тұрмағанын білу үшін қажет.
Кіші жамбас ағзаларын УЗИ-ге түсіру – аналық без бен жатырдың жағдайын жалпы қарап шығу.
Профилактика
Овуляцияның бұзылуынан толық сақтану мүмкін емес, өйткені бұл генге де байланысты. Бірақ аурудың алдын алуға болады. Ол үшін мынаны білу керек:
Салмақты бір қалыпты ұстау: Тым арық болу да, толып кету де гормондарды бұзады.
Қатаң диета ұстамау және аш жүрмеу: Тамақты бірден шектесеңіз, ағза мұны үлкен қауіп көріп, бала көтеру қабілетін тоқтатып тастайды.
Күйзеліске түспеуге тырысу: Күйзеліс гормоны (кортизол) овуляцияға жауапты гормондарды бірден басып тастайды.
Ауыр жаттығу жасағанда демалысты да ұмытпау: Денеге шамадан тыс күш түсіру әрі тынықпай спортпен шұғылдану овуляцияны бұзады.
Жылына бір рет гинекологқа бару: Етеккіріңіз уақытылы келіп, өзіңізді жақсы сезініп тұрсаңыз да, дәрігерге бару қажет.



