Ойын-сауық●Кино●Алтын қорға енген қазақ фильмдерінің тарихы

Алтын қорға енген қазақ фильмдерінің тарихы

7 қазан 2026
5 мин
Шәкен Айманов түсірілім кезінде | Фото: kazakhfilm.kz

ХХ ғасырдағы отандық кинематография тек көркем туындылар ғана емес, ұлт тарихының айнасы болды. Белгілі бір идеологиялық шеңберге қарамастан, қазақ режиссерлері төл мәдениетімізді, тарихи жад пен ұлттық болмысты көрерменге қалай жеткізді? «Менің атым Қожа», «Тақиялы періште» және «Қыз Жібек» фильмдеріндегі біз байқай бермейтін астарлы мағыналарды кинотанушы Баубек Нөгербек талдап берді. 


ХХ ғасырдың басында алдымен Ресейге, одан кейін қазақ даласына Еуропадан алғашқы фильмдер келе бастады. Басында бұл фильмдер жекеменшік кинотеатрларда көрсетіліп, табыс кәсіпкердің қалтасына түсетін. Көп ұзамай кино ісі 1919 жылы толықтай мемлекет меншігіне өтеді. Мысалы Мемкино құжаттарында кино сценарийін осы ұйым бекітетіні жазылған. 


Кинотанушы Баубек Нөгербек айтуынша, сол уақытта мемлекет фильмдердің кеңес идеологиясына сай болуын талап ететін. 

«Дін тақырыбы заман ағымына сай тасада қалды, ал тарихтың күнгейі мен көлеңкесін таразылауға біржақты талап қойылды. Әсіресе, жаңа жүйенің орнауына күмәнмен қараған тұлғалардың, соның ішінде Алаш қайраткерлерінің бейнесі экранға сирек шықты. Ал шыға қалған жағдайда, олардың тарихи миссиясы заман талабына сай бұрмаланып, көбіне жағымсыз кейіпте сомдалуға тиіс еді. Мұндай идеологиялық реңкті, мәселен, «Амангелді» фильміндегі кейіпкерлер табиғатынан айқын аңғаруға болады».

Баубек Нөгербектің сөзінше фильмдер қазақ даласында түсірілгенімен, соңғы нұсқасын құрылған арнайы комиссия тексеретін. Сонымен қатар кей көріністер цензура талабымен қысқартылып, қиылып, қырық жамау болатын. Бұл туралы кеңестік кинорежиссер Эльдар Рязанов өз сұхбатында баяндаған.  

«Кеңес дәуірінде біз амалын тауып, түрлі айла-тәсілмен цензурадан өтуге мәжбүр болдық. Өйткені фильмдерімізді бүлдіріп тастайтын, сценарийлерді қайта жазуға мәжбүрлейтін, кейбір жерлерін кесіп тастайтын. Бұл өте тиімсіз еді», – дейді ол.

Осы орайда Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» фильмін айта кетейік. Кинотанушы Баубек Нөгербектің сөзінше, фильмде дәстүрлі қазақ қоғамына тән емес көріністер бар. Мысалы, Тана әжейдің темекі шегуі, арақ-шарап ішуі сол кездегі қазақ әйеліне жат қасиет болатын. Студент қыздардың ашық киініп, би билейтін сахнасы. Мұндай әрекеттер кеңестік кинода кездескенімен, қазақ қоғамына жат еді. Режиссердің бұл көріністерді қосуы бекер емес. Себебі фильмде назар аударарлық тағы бір маңызды сәт бар. 

Сюжет желісіне сай Медеу мұз айдынында халықаралық жарыс өткізіледі. Сондағы шетелдік көрерменнің бірі «Орыс қысы суық екен» деген пікір айтады. Ал жанындағы кісі «Қазақтың қысы деңіз» деп жауап береді. Осыдан кейін Тана әжей қасындағы адамның қолындағы шарапты алып, сіміріп жібереді.


Бұл кезде Қазақстан Кеңес Одағының құрамында болғандықтан, кейіпкерге мұндай сөз айтқызу үшін асқан батылдық қажет. Ал жоғарыда айтылған көріністер режиссердің цензурадан өту үшін қолданған айла-тәсілі болуы да мүмкін. 


Кинотанушының пікірінше кинотуындының цензура сынынан аман қалуы режиссердің беделіне де байланысты болған. Бұл туралы Олжас Сүлейменов Шәкен Айманов туралы естелігінде де айтады. 

«Атамекен» фильмін түсірерде бір жыл жұмыс істедік. «Қазақфильмде», КСРО Мемлекеттік кинематография комитетінде фильмді талай рет талқыладық. Кейбір ескертулермен Шәкен келісетін, ал мен келіспейтінмін, кейде керісінше болатын. Меніңше көптеген қызықты сахналарды, диалогтарды цензура алып тастады. Мысалы, біз Шәкен екеуіміз кеңестік кинода алғаш рет 1944 жылдың қысында Солтүстік Кавказ халықтарының Қазақстанға жер аударылуын көрсеткіміз келді. Қолымыздан келгенше осы көріністерді фильмге енгізуге тырыстық. Бірақ үкімет рұқсат бермеді. Сюжеттік желіден үзік-үзік көріністер ғана қалды. Оның өзінде сол көріністердің сақталып қалуына көп жағдайда Шәкеннің беделі себеп болды».

Сонымен қатар цензураның қатаң сүзгісіне ілікпей, көрерменге жол тартқан фильмдер де бар. 1960-1970 жылдары жарық көрген бұл туындылар кейін қазақ киносының алтын қорына енді. Кинотанушы Баубек Нөгербектің пікірінше бұл «жылымық» кезеңімен байланысты. Төменде осындай фильмдердің бірқатарына тоқталамыз. 


Кеңестік цензураны айналып өткен қазақ фильмдері 

  1. Шәкен Аймановтың “Атамекен” фильмі (1966) 

«Атамекен» фильмінде соғыстан кейінгі ауыр кезең, халық басынан өткерген қайғы-қасірет көрсетіледі. Бас кейіпкер ақсақал немересі Баянмен бірге соғыста қаза тапқан ұлының мүрдесін іздеуге аттанады. Қарияның түсінігінде баласының сүйегін туған жер қойнына тапсыру керек, жат жерде қалдыруға болмайды. 

Кинотанушы Баубек Нөгербектің мұны фильмде назар аударуға тұрарлық бірнеше маңызды сахна бар деп түсіндіреді. Фильм қарияның алыс сапарға аттанар алдында мазарға барып, дұға оқыған сәтінен басталады. Осы тұста мазардағы араб қарпімен жазылған төте жазу да көрсетіледі. Бұл деталь – қазақтың тарихи-рухани жадына назар аудартатын маңызды ишара.


Фильмде тағы бір маңызды тарихи мәселе астарлы түрде көрсетіледі. Ол – тыйымға қарамастан, туған жері Кавказға қайтып бара жатқан қарт шешеннің бейнесі. Фильмде ақсақалды вагонның төбесіне отырғызу арқылы режиссер оның «аспанға жақынырақ» екенін, «таулық» екенін айтқысы келген, ұлт болмысын көрсетуді көздеген. Осы көрініспен Шәкен Айманов жер аударылған халықтардың ауыр тағдырын осылай жеткізеді. Ол кезде бұл мәселе соғыстан кейін де, тіпті 1960 жылдары да қоғамда ашық талқыланбайтын. 

  1. Абдолла Қарсақбаевтың «Қилы кезең» фильмі (1966)

«Қилы кезең» фильмінде 1918 жылғы аласапыран кезең, қазақтардың туған жерінен көшіп, Қытай асуы суреттеледі. Қызыл комиссар Тоқтар Бәйтенов (Тоқаш Бокиннің прототипі) шекара асқан қазақтардың жолын бөгемек болады. Соған қарамастан Жүніс бай өз ауылын көшіріп, ағайын-туысын большевиктердің «қызыл террорынан» құтқарып қалады.


Баубек Нөгербектің айтуынша, фильмде байларды адамгершілігі мол, мейірімді образда көрсетеді. 

«Мысалы, Жүніс бай өз ауылын бастап шекара асқанда, Тоқтар Бәйтеновті өзімен бірге тұтқындап әкетеді. Бұған дейін Жүніс пен Тоқтар патша отаршылдығына қарсы күресте бірге болған, ал Кеңес үкіметі орнағаннан кейін екі түрлі жолды таңдаған еді. Шекара асқан соң Жүніс Тоқтарға қайта қосылуды ұсынып, оған бөрік пен қылыш ұсынады. Қазақ дәстүрінде бас киім – сый-құрметтің, ал қару – сенімнің белгісі. Алайда Тоқтар Жүністің ұсынысынан бас тартады. Осы сәтте Жүністің көмекшісі ашуға беріліп, Тоқтарды қылышпен шабуға ұмтылғанда, Жүніс оған рақымшылық жасайды. Солайша Жүніс бай туған жеріне қайтып бара жатқан Тоқтардың соңынан әрі сүйсіне, әрі мұңая қарап қалады», – дейді кинотанушы.

Сонымен қатар фильмде қызыл әскер қатарындағы қазақтардың өз сарбазын жерлеп жатып, қол жайып дұға жасаған көрінісі де сақталған. Бұл сахна алыстан түсірілген, дегенмен байқауға болады. 

  1. Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» фильмі (1963)

Кинотуындыға өткен ғасырдың елуінші жылдарындағы қазақ ауылының өмірі арқау болған. Фильмнің бас кейіпкері Қожа – тентек, бұзық бала. Ол кейде әдейі, кейде байқамай тәртіпсіздік жасайды, төбелеседі, жиналыста тәртібі қаралып, мектептен қуыла жаздайды. Дегенмен бұзықтығына қарамастан Қожа – ақылды бала. Содан болар ол қанша уақыт өтсе де көрерменнің сүйікті кейіпкері болып қала береді. 


Кинотанушы фильм атауының өзінде де терең мән бар дейді. «Менің атым Қожа» атауы астарлы түрде «Мен осы жердің қожайынымын» деген мағынаны білдіретін көрінеді. Фильмнің басында мектеп, пионерлік галстук сияқты кеңестік жүйеге тән элементтер байқалғанымен, кейін еркіндік идеясы байқалады. Мұны Қожаның тауға шығуынан, мойнындағы галстукты батырлардың орамалы тәрізді байлап, ат үстінде еркін шабуынан аңғаруға болады.

«Фильмдегі той көрінісінің де символдық мәні бар. Ауыл халқы түгел жиналып тойлап жатқан бұл мейрам күзде өтіп жатыр. Соған қарамастан Наурыз мерекесін еске түсіретіндей әсер қалдырады. Кеңес заманында Наурыз мерекесіне ресми түрде тыйым салынғанын ескерсек, осы көрініс көрерменде ұлттық дәстүр мен тарихи жадқа қатысты белгілі бір ассоциациялар тудырады», – дейді Баубек Нөгербек.

Психоаналитик Жұлдыз Төлеудің пайымдауынша, Қожа – жүйеге бағынбайтын, тентек, еркін қазақ баласы. Мысалы, фильмде балалардың бәрін жазғы демалыста қой қырқуға және шөп шабуға алып кетеді. Ал Қожа тапсырманың бәріне бірдей міндеттелгеніне қарамастан қой қырқуға да, шөп шабуға да бармайды. Осы тұрғыдан алғанда Қожа еркіндікті таңдайтын, идеологияға бейімделіп, заманның жетегінде жүрмейтін бейнесімен ерекшеленеді. Ол Сұлтанға еріп, біраз нәрсені басынан өткереді. Ал Сұлтанның бойынан көшпелі халықтың еркіндік рухының белгілі бір сарқыны байқалады.


Сонымен қатар фильмнің кейбір эпизодтарында діни ұғымдар цензурадан өтіп кеткен. Мысалы, Қожаның әжесі бірнеше рет «Алла» сөзін, Мұхаммед пайғамбардың есімін атайды. Тіпті бір диалогта ол немересіне «Қайдағы жоқ шатпағыңды қойып, “Бісміллә” деп айтшы» деп өтінеді.

  1. Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмі (1970) 

Фильмнің сюжеттік желісіне «Қыз Жібек» лиро-эпостық жыры арқау болған. Фильмде жауласқан екі әулеттен шыққан Төлеген мен Жібектің махаббаты баяндалады. Алайда екі ғашықтың арасына Жібектің руласы Бекежан түсіп, түбінде Төлегенді өлтіреді. Сүйгенінің қазасын естіген Жібек өзіне қол салып, оқиға трагедиямен аяқталады.  


Баубек Нөгербек «Қыз Жібек» фильмі қазақ киносының жаңа дәуіріне жол ашқан айтулы туынды деп түсіндіреді. 

«1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін қазақ қоғамы, жалпы түркі халықтары тарихы болмаған, әріп танымаған, жазуы жоқ, көшпелі, өркениеттен шет қалған қоғам болған деген түсінік қалыптасып, кинотуындыларда солай бейнеленіп келді. «Қыз Жібек» фильмі сол қате түсінікті жойды. Мысалы, фильмде Сырлыбай асатаяғын жонып отырғанда оның сабындағы руна жазулары анық көрінеді», – дейді маман. 

Санжар Керімбайдың сөзінше де фильмге көне түркі дәуірінен қалған мәдени элементтің бәрін сыйғызуға тырысқан. Бекежан мен Төлегеннің сауыты мен қалқанында түркі дәуірінде культ болған жыртқыш құстар мен барыс бейнеленсе, Алтай қорғандарынан табылған аққу мен әтеш фигураларын киіз үй ішін сәндеуге қолданған. Батырлар арқалап жүретін тайқазан да сақ стилінде құйылған. Тау-тас арасындағы көне петроглифтер, руна жазулары, балбал тастар көрсетілген. 


Тіпті «Қыз Жібек» деген титрдің өзі алдымен руна жазуында, кейін араб қарпімен, соңында кирилл әліпбиімен көрсетілген. Бұл режиссердің өркениет тамырын терең дәуірлерден таратуға тырысуы еді.

«Осылайша «Қыз Жібек» фильмі қазақ қоғамының тарихы терең, мәдениеті бай әрі жоғары, өркениетті ел болғанын көрсетті. Әдемі костюмдер, киіз үйлердің сән-салтанаты, тұрмыстық бұйымдар, қару-жарақ пен сауыт-сайман, ұлттық ән мен би өнері алғаш рет экранда осындай кең ауқымда қамтылды. Бір сөзбен айтқанда барлық майталман шеберлерді біріктірген маңызды кинотуынды болды», – дейді кинотанушы.  

Дегенмен «Қыз Жібек» фильмін кеңестік цензурадан толықтай еркін шыққан туынды дей алмаймыз. Бұл туралы фильмде Жібек рөлін сомдаған Меруерт Өтекешова өз сұхбатында айтады. 

«Фильмнің екі нұсқасы болды. Алғашқы нұсқада фильмнің соңы мүлде бөлек еді. Онда жоңғарлардың шабуылы көрсетілетін үлкен эпизод бар еді. Фильм соңында Жібек Төлегенмен қоштасып, қалыңдық киімімен суға кетеді. Оның судағы сәукелесінің желегін жоңғарлар найзамен түйреп алып жатқан көрініс бар. Сол жерде Шеге: «Аттан, қазақ! Аттан, қазақ! Біздің жерімізді қақ айырып жатыр!» деп айқайлайды. Бұл көрініске рұқсат бермеді», – дейді ол. 

Бөлісу: