Дәл қазір смартфонға қарамай-ақ ең жақын досыңыздың телефон нөмірін айтып көріңізші. Ал анаңыздың нөмірін ше? Күнде көріп жүрген әріптесіңіздің туған күнін есіңізге түсіре аласыз ба? Көбі телефонды қолына алып, нөмірді іздегісі келеді. Мұндай әдеттің ғылымда арнайы атауы да бар.
Google әсері
2011 жылы Бетси Спэрроу, Дженни Лю және Дэниел Вегнер атты психологтар интернеттің адам жадына тигізетін әсері туралы зерттеу жүргізді. Кейін бұл еңбек осы тақырыптағы ең көп сілтеме жасалған зерттеулердің біріне айналды.
Зерттеуге қатысушылар компьютерге түрлі мәліметтерді теріп жазуы тиіс еді. Алғашқы топқа бұл ақпараттың базада сақталатыны және қажет болса, кейін қайта табуға болатыны айтылды. Ал екінші топқа енгізілген мәлімет бірден өшірілетіні ескертілді.
Нәтижесінде таңғаларлық заңдылық анықталды: ғаламтордан қайта табуға болатын ақпаратты миымыз тез ұмытады екен. Есесіне, санамыз мәліметтің мазмұнын емес, оның виртуалды «мекенжайын», яғни қай жерде сақталғанын дәл есте сақтайды.
Бұл мидың жай ғана «жалқаулығы» емес, оның ішкі когнитивті ресурсын тиімді үнемдеу механизмі. Кез келген сәтте қайта тауып алуға болатын деректі жаттап алудың қажеті қанша?
Ғалымдар бұл құбылысты «Google әсері» немесе сандық амнезия деп атайды. Қарапайым тілмен айтсақ, біз телефонға, компьютерге немесе интернетке «сеніп тапсырған» ақпаратты есте сақтауға күш салмаймыз.
Бұл адамның оқу немесе жаңа нәрсе үйрену қабілеті әлсіреп бара жатыр деген сөз емес. Қайта ми нені есте сақтау керек, ал нені сыртқы құрылғыға сеніп тапсыруға болатынын өзі шешеді.

Қалтадағы ми
«Лаборатория Касперского» зертханасының еуропалық пайдаланушылар арасында жүргізген сауалнамасына сүйенсек, ересектердің жартысынан астамы өз баласының, 90%-ы мектебінің, ал үштен бірі өмірлік серігінің телефон нөмірін жатқа білмейді. Ал 16–24 жас аралығындағы жастардың тең жартысы өздеріне қажетті бүкіл ақпараттың тек смартфонда сақтайтынын ашық мойындаған. Америкалықтар арасында жүргізілген осы тектес сауалнамада басым көпшілігі бұрын есте ұстайтын дүниенің бір бөлігін қазір телефонға «тапсырып» қойғанын айтқан.
Десе де, «сандық амнезия» терминіне күмәнмен қарайтындар да жоқ емес. Макгилл университетінің зерттеушілері осы тақырыптағы кейбір есептерге антивирус және ақпаратты қорғау бағдарламаларын шығаратын компаниялар тапсырыс бергеніне назар аударған. Мұндай компанияларға адамдардың деректерін жоғалтып алудан қауіптенгені тиімді болуы мүмкін, өйткені олар өз өнімдерін дәл сол қауіптен қорғау құралы ретінде сатады.
Соңғы жылдары жүздеген эксперимент пен нейровизуалды зерттеулерді түйіндеген мета-талдаулар мынаны айқын көрсетті: смартфонның жай ғана жанымызда жатуы немесе оны белсенді қолдану адамның қысқа мерзімді (оперативті) және ұзақ мерзімді есте сақтау қабілетін айтарлықтай төмендетеді.
2015 жылдың өзінде канадалық психолог Натаниэль Барр мен оның әріптестері «Қалтадағы ми» атты мақаласында мынадай тұжырым жасады: адам ақпарат іздеу үшін смартфонға неғұрлым жиі жүгінсе, жауапты өз бетінше еске түсіруге немесе логикалық ойлануға соғұрлым аз талпынады. Мәселе біздің ақпаратты ұмытып қалуымызда ғана емес, миға оны дербес еске түсіруге мүлде мүмкіндік бермейтінімізде болып тұр.
Сондықтан «ұмытшақтық эпидемиясы» туралы әрбір зерттеуге сыни көзбен қарап, оның артында қандай коммерциялық мүдде тұрғанын да ескерген жөн. Десе де, бұл құбылыс маркетинг шеңберінен әлдеқашан шығып, беделді академиялық ортаның басты зерттеу нысанына айналғаны шындық.

Таксистердің миы әлдеқайда жақсы шыныққан
2000 жылы нейробиолог Элеанор Магуайр кейіннен классикаға айналған мынадай зерттеуін жариялады: Лондон таксистері лицензия алу үшін (бұл емтихан The Knowledge деп аталады) қаланың 25 мың көшесін жылдар бойы жаттайды. Зерттеу нәтижесі таңғаларлық фактіні көрсетті: таксистердің гиппокампының артқы бөлігі (мидың кеңістікті бағдарлауға жауап беретін аймағы) қарапайым адамдармен салыстырғанда әлдеқайда үлкен болып шықты. Жүргізуші бұл мамандықта қаншалықты көп еңбек етсе, мидың аталған бөлігі де соншалықты ұлғая берген. Демек, көшелерді жаттап, күрделі маршрут құру адам миының жұмысын физикалық тұрғыдан өзгерте алады.
Ғалымдар бұл феноменнің кері әсерін де дәлелдеді: жолды өз бетінше іздемей, үнемі GPS-навигаторға қарайтын адамдардың кеңістіктік жады әлсірей бастайды. Гаджетке қаншалықты көп тәуелді болсақ, мидың бұл қызметі соншалықты нашарлайды.
Осы орайда 2024 жылы АҚШ-та 443 мамандық бойынша 8,9 миллион адам қатысқан ірі зерттеу таңғажайып нәтиже көрсетті. Жолды күн сайын ойша сызып, үнемі миын жаттықтыратын таксистер мен жедел жәрдем жүргізушілері Альцгеймер ауруына ең аз шалдығатын мамандық иелері болып шықты. Ал бағыты алдын ала сызып қойылған, жаттанды маршрутпен жүретін автобус жүргізушілері мен пилоттарда миды қорғайтын мұндай эффект байқалмаған.
Біз есте сақтау жүгін әлі де бөлісіп келеміз
Сонау 1985 жылы-ақ психолог Дэниел Вегнер (арада жиырма жыл өткен соң «Google әсерін» ғылыми айналымға енгізген ғалым) трансактивті жад теориясын тұжырымдаған болатын. Оның негізгі мәні мынада: жақын қарым-қатынастағы адамдар ақпаратты сақтау міндетін өзара бөлісіп келген. Қалыпты отбасында жұбайлардың бірі туған-туыстардың атаулы күндерін немесе маңызды құжаттардың орнын есте сақтаса, екіншісі баланың дәрісінің атын немесе тұрмыстық қызмет мамандарының нөмірін біледі. Бірде-бір адам өмірге қажетті бүкіл ақпаратты тек өз басында ұстаған емес. Есте сақтау жүгі әрдайым жақындар арасында бөлінетін.

Кейінгі еңбектерінде Дэниел Вегнер психолог Адриан Уордпен бірге бұл теорияның заңды жалғасын сипаттап берді. Алайда бүгінде бұл жүйе өзгерді. Миллиондаған адам үшін жад серігінің рөлін енді жұбайы немесе әріптесі емес, қалтадағы смартфон атқарады. Миымыз күрделі ойлау процестеріне орын босату үшін фактілерді сақтауды интернетке сеніп тапсырды.
Жалғыз ғана айырмашылық, егер қасыңызда ақпаратты сізбен бірге есте сақтаған адам болмаса да, қажетті ақпаратты өз бетінше есіне түсіре алады. Ал қуаты таусылған немесе желісі үзілген смартфон ештеңені де есінде сақтамайды. Адамзат ғасырлар бойы қалыптасқан тірі әрі икемді жад желісін жансыз құрылғыға айырбастады. Телефонымыз үйде қалып қойғанда бойымызды билейтін жеңіл үрей мен мазасыздықтың басты себебі де осында жатыр. Смартфонсыз қалған сәтте бойымызды билейтін үрейдің түп тамыры да осы цифрлық жалғыздықтан бастау алады.



