Спорт●Спорт●Алматылықтардың бәрі падел ойнап жүр: ойын тұрғындарды қалай баурап алды?

Алматылықтардың бәрі падел ойнап жүр: ойын тұрғындарды қалай баурап алды?

12 қараша 2026
6 мин
Фото: Pexels

Паделдің үлкен теннистен қандай айырмашылығы бар? Алғаш көргенде екі ойын бірдей сияқты: ракетка, доп, тор, тіпті ұпай санау тәртібі де ұқсас. Бірақ кортқа шықсаңыз, айырмашылық бірден байқалады. Паделдегі ракетка қысқа әрі торы жоқ, допты төменнен соғады, алаң әйнекпен қоршалған, ал қабырғадан ыршыған доп ойыннан шықпайды. Ойын әрдайым төрт адаммен өтеді әрі оны ракетканы қолға алған сәтте-ақ меңгеріп кетуге болады. Паделдің санаулы жылда Алматыда жеке бiр клубтан басталып, сауда орталықтары мен Медеудегі алаңдарға дейін қанат жаюының сыры осында шығар. Осы орайда Tamga Media бұл ойын адамдарды несімен баурап алады деген сұраққа жауап іздеп көрді. 


Падел қайдан келді? 


Падел 1969 жылы Мексикада пайда болды. Кәсіпкер Энрике Коркуэра Акапулькодағы ауласында теннис ойнағысы келеді, бірақ толыққанды кортқа орын жетпеген соң, шағын алаңның айналасын қабырғамен қоршап тастайды. Ойын Мексикадан Испания мен Аргентинаға тарап, баршаға арналған спортқа айналды, содан кейін бүкіл әлемге жайылды.


Падел ережелері: қысқа да нұсқа


Негізінде падел қабырғамен қоршалған үстел теннисі мен үлкен теннистің қосындысы іспетті. Алаңға шықпас бұрын мына сәттерді ескерген абзал:

  • Паделді төрт адам болып ойнайды. Тордың екі жағында екі-екіден екі жұп бәсекелеседі. Екі адам болып падел ойнау өте сирек кездеседі. 

  • Алаң шаршысы шағын. Өлшемі – 20х10 метр, айналасы әйнекпен және темір тормен қоршалған. Алаң шағын болған соң, алысқа жүгірмейсіз, сондықтан бірден шаршап қаламын деп қорықпасаңыз да болады.

  • Қабырғадан ыршыған доп ойыннан шықпайды. Еденге тиіп, әйнектен қайтқан допты қарсыласқа қайтара аласыз. Көптеген ұпай дәл осылай соңғы сәтте сақталып қалады.

  • Допты төменнен асырады. Допты алдымен еденге бір ыршытып алып, белден төмен ысырып, қарсыластың шаршысына қиғаш бағыттайды.

  • Торсыз ракетка. Ракетканың өзі қысқа, беті тұтас әрі тесік-тесік болып келеді. Үлкен тенниспен салыстырғанда, мұндай ракеткамен допқа дәл тигізу әлдеқайда оңай.

  • Ұпай санау тәртібі үлкен теннистегідей: 15, 30, 40, гейм және алты геймге дейінгі сеттер.

Ережесін түсінуге бес-ақ минут кетеді, ал қолға ракетка тиген соң 15–20 минутта-ақ емін-еркін ойнап кетесіз.


Падел адамдарға несімен қызық? 


«Кортқа ойнауға келіп, орта тауып кетесің»


Борис Стекцер, 37 жаста. Орталық Азияда Деректерді өңдеу орталықтарын жобалап, салумен айналысады


Борис бала кезден үлкен тенниспен айналысқан. 2024 жылдың ақпанында досы жаңа падел-корттардың ашылғанын байқап, оны шақырады. 

«Кортты броньдап қойдым деді, біз бардық. Бәрі осылай басталды. Таныс ойынның жаңаша сипат алуы бірден қызықтырып әкетті. Падел үлкен тенниске өте ұқсас: ережесі түсінікті, ракеткасы мен добы бар. Бірақ әйнек қабырғалар ойынның сипатын мүлдем өзгертеді. Түрлі соққылар пайда болады, өзгеше сәттер туындайды, кортта тактиканы да басқаша құру керек. Ойын өте динамикалы әрі тартысты өтеді», - дейді спикеріміз.

2024 жылдың қазанында Борис отбасымен Қазақстанға көшіп келеді. Алматыда олар тек екі-ақ отбасын танитын еді. Келгеннен кейінгі екінші күні-ақ Борис Алматыдағы падел клубтарын іздей бастайды. Сөйтіп, сол кезде қалада жұмыс істеп тұрған жалғыз клубты тауып, ойнауға барады.

«Бөтен елге көшу қашанда оңай емес. Ал падел мен үшін бір сәт тынығып, күнделікті күйбелеңнен арылудың әрі жаңа адамдармен танысудың таптырмас жолы болды. Уақыт өте келе бұл ортада жалғыз өзі емес екенімді түсіндім. Менімен бірге ойнағандар Ресей, Испания, Канада, АҚШ, Литва, Аргентина сияқты елдерден келген екен. Олар да жаңа қалаға келген бойда жергілікті клубтарды тауып, турнирлерге қатысады. Бөтен қалаға іссапармен келсең де, тіпті басқа елге түпкілікті көшсең де, жергілікті қауымдастықты тауып кортқа шықсаң, ортаң да, танысың да дайын. Кейін бірге серуендеп, араласып, тіпті дос болып кетесіздер», - дейді ол.

Қазір Борис DAVAY PADEL қауымдастығында ойнайды. Онда қолына ешқашан ракетка ұстамағандарға арнайы ойындар ұйымдастырылады. Алдымен бапкер 30-40 минут бойы негізгі тәсілдерді түсіндіріп, соққыларды көрсетеді, сосын қатысушылар бір жарым сағат бойы ойнайды. Отбасылық турнирлер де бар: ата-аналар өз арасында ойнап жатқанда, балалар көрші кортта бапкермен жаттығады.


«Ойыннан рахат алатын деңгейге тез жетесің»


Константин Швацкий, 34 жаста, Product Manager


Константин паделді алғаш рет 2025 жылы ойнап көрген. Оны қалада алғашқы корттар ашыла бастағанда әріптестері шақырған екен. Алғашында ойын ұнаған, алайда бірнеше айдан кейін ғана шындап кірісіпті. 

«Сол уақытта жұмыс ауыстырып, бос уақыт пайда болды. Падел есіме түсіп, ойнап көрейінші дедім, содан кіріп кеткенімді байқамай қалдым. Алғашқы айда өте жиі, екі-үш күнде бір рет ойнап жүрдім. Ойыннан шынымен де рахат алатын деңгейге тез жетесіз. Ал бапкерден бірнеше сабақ алып, бастапқы тәсілдерді, тактиканы түсініп алсаңыз, ойын тіпті қызықты бола түседі. Доп қабырғадан қайтқанда, ойынға бір жағынан күтпеген сипат, екінші жағынан жылдамдық қосылады. Бұған қоса падел жұптық ойын, серігіңізбен бірге ойнайсыз, командалық рух қызығушылықты арттыра түседі», - дейді Константин.

Паделге дейін ол құзға шығумен және боулдерингпен айналысқан, қазір де бұл хоббилерін тастамаған. Есесіне енді тағы бір спорт сүйікті ісіне айналған.  

«Құзға өрмелеуде бір қабілеттер мен бұлшықеттер дамыса, паделде мүлдем басқалары, соның ішінде шыдамдылық шыңдалады. Корт айналасында өз ортам да қалыптасты. Қазір турнирлерде жиі кездесетін адамдар және жұп болып ойнайтын тұрақты серігім бар», - дейді кейіпкеріміз.

Сөзінше, қазір ойынның кең етек жаюына паделді меңгерудің оңай болуы әсер етсе керек. Ол бұл спортты бәріне, әсіресе ракеткамен ойналатын спорт түрлерімен айналысқандарға байқап көруге кеңес береді.

«Кортқа келіп, қызықты сәттерді таспаға түсіріп алу үлкен тенниспен салыстырғанда әлдеқайда оңай. Ойынға ерте бейімделесіз де, онымен әлеуметтік желіде бөліскіңіз келіп тұрады. Мұнда бадминтоншылар өз дағдыларын өте жақсы қолдана алады. Кортта кездестірген бадминтоншылар шынымен де өте мықты, бірден жақсы бабында болады және нәтижеге жылдам жетеді. Бұдан бөлек падел үстел теннисін ойнайтындарға қызық болады», - дейді Константин.

«Өзгеше форматтағы ғажайып кездесу орны»


Әсел Гойколова, 32 жаста, маркетолог


Әсел паделге трендке ілесіп келгенін ашық мойындайды. Ол әлеуметтік желіден паделді көріп, байқап көруге бел буған. 

«Мен командалық спорт түрлерін ұнатамын. Ал үлкен теннис бәрібір элиталық сияқты көрінеді. Падел екеуінің ортасында, маған дәл осы жағы ұнады. Падел – трендтегі, Instagram-ға сұранып тұрған спорт түрі. Бұған қоса, мұнда жастар өте белсенді. Менімен бірге ойнайтын таныстарымның бәрі замандастарым. Бәлкім, олардың әлі бала-шағасы жоқ болғандықтан уақыты бар, сондықтан кештері мен демалыс күндерін осылай өткізеді», - дейді Әсел.

Әсел падел жақындарымен жүздесуге тамаша сылтау болғанын айтады. Сөзінше, басқа елге барғанда да осы спорт түрін іздеп тұрады екен.  

«Көптен бері көрмеген сіңліммен ойнадым, бұл кездесуге сылтау болды. Кейін көптен бері жүздеспеген құрбыммен, одан соң күйеуіммен ойнадым, бұл өзгеше форматтағы ғажайып кездесуге айналды. Кейін күйеуім досымен ойнай бастады. Мен бәріне серпін бергендей болдым. Командалық ойында мұндай қарым-қатынастар беки түсетін сияқты. Ең жарқын естелігім Тбилисиге деген сапарыммен байланысты, мұнда бірінші кезекте падел ойнадым. Ең қызығы, грузиндіктер паделді сүйіп ойнайтын секілді. Олардың ойындары эмоцияға толы, паделді беріліп ойнайды екен», - дейді ол. 

Егер байқап көргіңіз келсе


Алматыда арнайы бірнеше падел-клубтар бар. Негізгі мекенжайлар:


Кортты жалға алудың бір сағаты 10 000-18 000 теңге тұрады, бірақ бұл сома төрт адамға бөлгенде адам басына шамамен 2 500-4 500 теңгеде келеді. Ракетканы 1 500-3 000 теңгеге жалға алуға болады, ал бапкермен жаттығу 8 000-15 000 теңгеге жетеді. (Редакция кортты жалға алмас бұрын алдын ала баға мен мекенжайды алдын ала сұрап біліп алған жөн екенін ескертеді).  


Бірқатар кеңестер: 

  1. Алдымен бастауыштарға арналған сабаққа қатысыңыз. Көптеген клубтар мен қауымдастықтарда арнайы жаттығулар бар: бапкер бір сағатта негізгі соққыларды көрсетіп береді, содан кейін ойнап кету де оңайырақ болады.

  2. Төртінші адам іздеп әуре болмаңыз. Ойнайтын таныстарыңыз болмаса, клубтың өзінен сұраңыз. Оларда әдетте деңгейге сай ойыншы іздейтін арнайы чаттар бар.

  3. Орынды алдын ала алып қойыңыз. Жұмыс күндері кешкі уақыттар бірнеше күн бұрын толып кетеді.

  4. Ракетка сатып алуға асықпаңыз. Алғашқы айларда жалға алып ойнаған дұрыс. Уақыт өте келе қай салмақ пен пішіндегі ракетка өзіңізге ыңғайлы екенін түсінесіз.

Ал күмәні барларға алғашқы кейіпкеріміз Борис іске бірден кірісіп көруді ұсынады.

«Көбі  “жасым 35-ке, 40-қа келді, бұрын спортпен айналыспап едім, ұят болар” деп тартынады. Алайда падел – спортты нөлден бастауға ең таптырмас ойын. Ең бастысы,  тартынбай, тәуекел етіп байқау. Қызық көрінсе, кортқа келіңіз. Ал ары қарай паделдің өзі сізді баурап әкетеді».

Бөлісу: