Алматыда тарихты тек музейден іздеудің қажеті жоқ. Шаһар тұрғындары тірліктің қамытын киіп, жұмыс пен үйдің арасында арпалысқан соң күнде жанынан өтіп жүрген тарихи орынның өзіне аса мән бермей жатады. Есенқұл Жақыпбектің «Жүрген соң күнде-күнде көзің көріп, Таулардың биіктігі байқалмайды» деуінің де жаны бар. Tamga Media Алматының көрікті жерлерінің тарихы туралы аз-маз хабар бермек.
Алматыда тәуелсіздікке дейін салынған көне ғимараттар сол заманның тұрмыс-тіршілігі мен қала жұртының өмірінен сыр шертеді. Олардың бір бөлігі мемлекет қорғауына алынып, бүгінгі күнге жетсе, енді бірі бұзылып, кейбірі бастапқы қалпынан айырылған.
Бір кездері хабар осы үй арқылы жеткен
Қаланың өткенін танығысы келген жанға ғасыр көрген тұрғын үйлердің айтары бар. Бүгінде көпшілік елеусіз өтіп кететін сол ғимараттардың бірі бір кездері алыстағы жұрттан хабар жеткізіп, талай адамның қуанышы мен уайымына куә болған. Әңгімемізді бұрынғы Верный телеграфынан бастайық. Алматыдағы Төлебаев көшесі, 25 мекенжайында орналасқан бұл үй ХХ ғасырдың басында көпес Радченконың тапсырысымен салынған. «Asian Journal «Steppe Panorama»» ғылыми журналындағы дерекке сәйкес, алғашында тұрғын үй болған ғимаратты кейін қалалық дума сатып алған. 1910 жылдан бастап мұнда Верный телеграфы, кейін Алма-Ата телеграфы жұмыс істеген.
Телеграф — телефон мен интернет кең тарамай тұрған заманда алыстағы хабарды электр сигналдары арқылы жылдам жеткізуге мүмкіндік берген байланыс жүйесі. Яғни бүгін бірнеше секундта жіберілетін хабардың сол кездегі баламасы осы тәрізді мекемелер арқылы өткен.

Екі қабатты үйдің төменгі қабаты кірпіштен, жоғарғысы ағаштан тұрғызылған. Нысан – қаладағы сол дәуірдің сәулетінен сыр шертетін көне құрылыстардың бірі. Тәуелсіздік жылдары ғимаратта Пәкістан елшілігі, кейін түрлі ұйымдар мен балабақша орналасты. 2021 жылғы Алматының тарихи-мәдени ескерткіштері тізімінде ол әлі де «Бұрынғы Верный телеграфы» ретінде көрсетілген.
Өз дәуірінде «айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызған» орын қазіргі таңда Алматы қаласы Балалардың құқықтарын қорғау басқармасына тиесілі.
Головизиннің үйі: көпес баспанасынан мемлекеттік резиденцияға дейін
1908 жылы Верный қаласының құрметті азаматы, аяқ киім шеберханаларының иесі Тит Алексеевич Головизин тұрғызған баспана да бүгінге дейін сақтаулы тұр. Қазіргі Назарбаев даңғылы мен Құрманғазы көшесінің қиылысында орналасқан бұл үй қаланың бір ғасырдан астам тарихына куә. Ол 1905–1908 жылдары Верный қаласының құрметті азаматы, аяқ киім шеберханаларының иесі Тит Головизиннің тапсырысымен салынған. Үй ағаштан тұрғызылып, модерн мен классикалық сәулет элементтерімен безендірілген.
1918 жылы ғимарат мемлекет меншігіне өтіп, кейін мұнда балалар емханасы, балабақша және тұрғын бөлмелер орналасқан. Бірақ үй тарихының ең қызық кезеңдерінің бірі кейін басталды.

Бұл үйде танымал тұлғалар тұрған. 1946–1951 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетін басқарған тұңғыш қазақ Жұмабай Шаяхметов, одан кейін Кеңес Одағын басқарған Леонид Брежнев қоныстанған. Сосын ғимарат «№ 4 мемлекеттік резиденция» деген атаумен белгілі болды. Кезінде көпестің баспанасы болған үй бүгінде Алматының өткенінен сыр шертетін құнды мұра.
Фидлердің үйі және Әбіштің тағдыры
Қазыбек би 18 мекенжайында орналасқан ескі үй верныйлық дәрігер Л.И. Фидлерге тиесілі болған. Бұл шаңырақ баспана әрі науқастарды қабылдайтын емхана еді. Фидлердің үйі Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының төртінші томында да аталады. Шығармада Абайдың ұлы Әбдірахманның (Әбіш) Петербургтегі Михайлов әскери училищесін бітіріп, Верныйда қызмет еткен кезеңі баяндалады. Фидлердің үйі мен емханасы Әбішке қатысты оқиғалар арқылы суреттеледі.
Кеңес дәуірінде ғимарат медицина саласына беріліп, мұнда республикадағы алғашқы көз ауруларын зерттейтін институт пен медициналық оқу орындарының бірі жұмыс істеген. 1993 жылдан бері үй бірнеше рет жөнделгенімен, бастапқы келбеті толық сақталмаған. Сөйтіп күнделікті қала картасындағы шағын көне үй қазақ әдебиеті, Верный медицинасы және Алматының сәулет тарихын бір нүктеде тоғыстырып тұр.

Жер астырда сақталған тарих
Алматының өткенінен қалған орындар жер астында да бар. Соның бірі – Досмұхамедов көшесі, 78А мекенжайындағы панахана (бункер). Кіреберісі бұрынғы Калинин, қазіргі Қабанбай батыр көшесі жағында. «Караван» басылымының дерегінше, нысан 1953 жылы салынған. Қазіргі таңда бұл жерде «BUNKER» тәуелсіз эксперименттік театры өнер көрсетеді. Жер астында 2,5 метр тереңдікте орналасқан бұл орында бүгінде спектакльдер қойылып, актерлік шеберлік сабақтары өтеді.
Алматыда кеңес дәуірінен қалған өзге де жерасты панаханалары бар. Соның бірі – қазіргі ҚБТУ ғимаратының астындағы бункер. Кезінде ел басшыларына арналған бұл жерде мәжіліс бөлмесі, асүй, ауа мен суды тазартатын жабдықтар болған.
Өлкетанушы Анна Дегтярёваның айтуынша, Ғылым академиясының астында да үлкен панахана орналасқан. Оның кіреберістері Қонаев және Пушкин көшелері жағында көрінеді. Өлкетанушының сөзінше, Байзақов көшесі мен Никольск соборы маңындағы 1940–1950 жылдары салынған кейбір үйлердің астында да осындай орындар сақталған.

«Қызыл-Таң» алғашында не болған?
Жібек жолы бойындағы «Қызыл-Таң» ғимараты да алматылықтарға жақсы таныс. Түрлі түсті шатырлары мен өрнекті қасбеті оны айналасындағы құрылыстардан бірден ерекшелейді. Алайда бұл ғимарат бастапқыда «Қызыл-Таң» деген атаумен салынбаған.
Ресми мемлекеттік тізімде ол көпес Исхак Ғабдувалиевтің бұрынғы сауда үйі ретінде көрсетіледі. Құжатта ғимарат 1912 жылмен белгіленіп, сәулетші ретінде А.П. Зенков аталады.
Сонымен бірге нысанның нақты авторлығы жөнінде зерттеушілер арасында пікірталас бар. Алматы қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасы жариялаған материалда зерттеуші Нұрсұлу Бөкетова жобаның авторы Павел Гурдэ болуы мүмкін екенін дәлелдейтіні айтылады. Сондықтан бұл жерде авторлықты бір ғана нұсқамен шектеу дұрыс емес.
Сауда үйі Верныйдағы кәсіпкерлік пен сауда мәдениетінің бір белгісі болды. Бүгін ғимараттың сыртына қарап, оның айналасында бір ғасыр бұрын арба, саудагер мен сатып алушы жүргенін елестету қиын. Бірақ қазіргі Жібек жолының сауда сипаты сол кезеңнен мүлде үзілмей жалғасқандай.

Қазақстандағы алғашқы ЖОО да Алматыда ашылды
Алматы көшелеріндегі ескі оқу ғимараттарының тарихы да ерекше. Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны 1928 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік университеті ретінде ашылды. Кейін ол Қазақ педагогикалық институты — ҚазПИ болып қайта құрылып, бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ретінде жұмыс істейді.
Ал алғашқы оқу жылында мұнда небәрі 119 студент пен тоғыз оқытушы-профессор болғаны туралы университет тарихында дерек сақталған.
Бүгінде университет пайдаланатын кей тарихи ғимараттардың өзі одан да көне. Мәселен, Қазыбек би көшесі, 28 мекенжайындағы бұрынғы Верный ерлер гимназиясы 1892–1895 жылдары салынған және республикалық маңызы бар тарихи ескерткіштер қатарына кіреді.
Яғни бұл жерде білім беру тарихының екі қабаты қатар жатыр: патшалық кезеңдегі гимназия және кейін қалыптасқан қазақ жоғары білім жүйесі.

Көк базарда сауда XIX ғасырдан бері тоқтамаған
Көк базар алматылықтарға таныстыруды қажет етпейді. Бірақ дәл осы жердің сауда тарихы XIX ғасырдан басталатынын бәрі біле бермейді.
1868 жылы қазіргі базар орналасқан аумақта сауда алаңы құрылған. 1875 жылы мұнда дүкендері, сауда павильондары мен қоймалары бар Гостиный двор салынған. 1887 жылғы жер сілкінісі құрылыстарға қатты зақым келтіргенімен, сауда тоқтамаған. 1927 жылы бұл жер Орталық колхоз базары ретінде қайта құрылған. Ал көпшілікке таныс жабық базар ғимараты 1970-жылдары пайда болды.
Былай қарағанда, ғимарат бірнеше рет ауысқанымен, бұл жердің негізгі қызметі бір жарым ғасырға жуық өзгермеген: мұнда адамдар әлі де сауда жасау үшін келеді. Сондықтан Көк базарды тек нарық емес, қаланың ең ұзақ сақталған күнделікті дәстүрлерінің бірі деуге болады.

Қаланың тарихы неге көзге түспейді?
Алматының тарихы бір ғана дәуірден тұрмайды.
Бір үй бастапқыда көпестің баспанасы болып, кейін телеграфқа айналған. Екінші үйде ел басшылары тұрған. Дәрігердің шағын баспанасы әдебиет пен медицина тарихымен байланысса, бомба панасы театрға айналды. Сауда үйі, парк, базар, университет корпусы – бәрі әлі күнге дейін қала өмірінің бір бөлігі.
Мүмкін, тарихи орындардың көзге түспей қалуының себебі де осында шығар: олар музей витринасында тұрған жоқ. Біз олардың жанынан жұмысқа барамыз, дүкенге кіреміз, саябақта серуендейміз.
Сондықтан кейде Алматының тарихын көру үшін арнайы экскурсияға шығудың да қажеті жоқ. Келесі жолы ескі үйдің, базардың немесе саябақтың жанынан өткенде бір сәт аялдап, «бұл жерде жүз жыл бұрын не болған?» деп сұрап көрсеңіз жеткілікті. Қала таныс көрінгенімен, оның тарихы әлі талай жаңалық ашуы мүмкін.




