Мәдениет●Тарих●Алматылықтар күнде көріп жүріп, мән бере бермейтін орындардың тарихы

Алматылықтар күнде көріп жүріп, мән бере бермейтін орындардың тарихы

6 қараша 2026
6 мин
Фото: tenyakov.com

Алматыға көп адам ғашық. Қаланың тау арасынан арайлап атқан таңы мен менмұндалап тұрған әсем көрінісі жүрегіңді жаулайды. Өзге өңірден келгендер табиғатына тамсанып, тауларынан көз алмай, тарихи ғимараттарына қызыға қарайды. Ал шаһар тұрғындары тірліктің қамытын киіп, жұмыс пен үйдің арасында арпалысқан соң күнде жанынан өтіп жүрген тарихи орынның өзіне аса мән бермей жатады. Есенқұл Жақыпбектің  «Жүрген соң күнде-күнде көзің көріп, Таулардың биіктігі байқалмайды» деуінің де жаны бар. Таңының қалай атып, кештің қалай батқанын білмей, сұлулыққа көз салмай, әсерлі сәттерді жіберіп алып жатқан тұрғын қаншама. Tamga Media Алматының көрікті жерлерінің тарихы туралы аз-маз хабар бермек. 


Көк базар: сауда екі ғасырға жуық тоқтамаған орын


Көк базар – көне шаһардың көзіндей болып тұрған ең тарихи орындардың бірі. Бұл орында 1868 жылдан бері сауда нүктелері болған. Ал 1875 жылы осы аумақта сәулетші Ян Козелл-Поклевскийдің жобасымен «Керуен сарай» («Гостиный двор») бой көтерді. Арада 12 жыл өткенде, 1887 жылы қалада күшті жер сілкінісі болып, «Керуен сарайдан» түк қалмады. 


1927 жылы оның орнына жаңа базар салынып, ресми түрде «Орталық колхоз базары» деп аталды. Бірақ жергілікті халық бұл жерді баяғыдан-ақ «Көк базар» деп атап кеткен еді. 1975 жылы ағаш базардың орнына жабық базар ғимараты салынды.

Бүгінде бұл жерді он орап алатын сауда орындары бой көтергенімен қаланың байырғы халқы үшін бұл базардың орны ерекше. Себебі кеңес үкіметінің кезінде саусақпен санарлық сауда орындарының арасында халық осы базардан жоқ-жітігін түгендеген.  


Әбден тозған Көк базарға 2017, 2023, 2025 жылдары қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тарихи сауда орны бірнеше рет жаңғыртылды.


Алматыдағы көне саябақтардың бірі


Алматыдағы ең алғашқы демалыс саябағы 18 гектар аумақты алып жатқан 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағы. Оның іргесі 1870-жылдары ескі зираттың орнына қаланды. Әрине, саябақтың атауы тарихтың әр кезеңінде бірнеше рет өзгерген. Ақыр соңы атауы Ұлы Отан соғысында қайтпас ерлік танытқан Панфилов диви­зиясы мен алматылық батыр­лардың құрметіне қойылды. Елі үшін жан қиған азаматтардың құрметіне  саябақтағы Даңқ мемориалында Мәңгілік алау жанып тұрады. Саяжо­лдың бойында 28 батыр пан­фи­ловшылардың аттары ойы­лып жазылған тастан қа­шалған бағаналар мен Кеңес Одағының батырла­ры, И.В.Панфилов және Бауыржан Момышұлының ес­керткіштері бар.

Вознесенск соборы: ғасырдан астам тарихы бар ағаш ғимарат


Осы саябақтың ішінде Вознесенск кафедралды соборы орналасқан. 1872 жылы шамамен 1500 адамға арналған шіркеу салу туралы шешім қабылданады. Бірақ қаржы мәселесіне байланысты құрылыс кейінге шегеріледі. Ғимараттың құрылысы ХХ ғасырдың басында аяқталып, ол Верныйдың ең көрнекті сәулет нысандарының біріне айналды.


Собор негізінен ағаш конструкциялардан салынған. Оның тарихындағы ең белгілі оқиғалардың бірі – 1911 жылғы Кемин жер сілкінісінен аман қалуы.


Шіркеу 1927 жылға дейін діни мекеме қызметін атқарса, кейін Кеңес кезеңінде ғимарат басқа мақсаттарға пайдаланылды. Тәуелсіздік жылдарында мұнда діни қызмет қайта жалғасты.

Музыка тарихы сақталған көне ғимарат


28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында Вознесенск соборымен бір кезеңде салынған тағы бір ағаш ғимарат бар. Бүгінде мұнда Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі орналасқан. Ғимарат алғашында әскери басшылар мен шенеуніктер пайдаланатын орындардың бірі болған. Ал 1980 жылы мұнда музыкалық аспаптар музейі ашылды.


Мұражайда халық арасынан жиналған қазақтың көне аспаптары, сондай-ақ белгілі тұлғаларға тиесілі домбыра, қобыз және басқа да музыкалық мұралар сақталған. Осылайша ғимараттың өзі де, оның ішіндегі жәдігерлер де Алматы мен қазақ музыка мәдениетінің әр кезеңінен сыр шертеді.

«Қызыл-Таң»: сауда тарихынан креатив индустрияға дейін


110 жылдан астам тарихы бар «Қызыл-Таң» ғимараты туралы алматылықтардың бәрі бірдей біле бермеуі мүмкін. Бұл ғимаратты бастапқыда ұйғыр көпесі Ысқақ Ғабдулуәлиев салдырған. Құрылыс жұмыстары біраз уақытқа тоқтап, 1912 жылы қайта жалғасқан. «Г» әрпіне ұқсап салынған ғимаратта жылдар бойы түрлі маталар мен тоқымаға арналған керек-жарақтар сатылды. Сондықтан «Қызыл-Таң» бірнеше буын алматылық үшін жай тарихи ғимарат емес, қаланың сауда мәдениетімен байланысты орынға айналды.


Бүгінде тарихи нысан Almaty Creative креативті индустрияларды дамыту орталығының қарамағына берілген. Бір ғасырдан астам уақыт ішінде ғимарат бірнеше тарихи кезеңді бастан өткеріп, қазіргі Алматының жаңа мәдени кеңістігінің бір бөлігіне айналып отыр.

Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орны да Алматыда ашылды


Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орны – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің негізі 1928 жылы қаланды. 1935 жылы оқу орнына Абай Құнанбайұлының есімі берілді. Алғашқы жылы оқуға 124 студент қабылданған. Олардың 28-і қыз болған. Студенттердің арасында 76 қазақ, 42 орыс және басқа ұлттың алты өкілі білім алды. Бұл оқу орны Қазақстанда кәсіби жоғары білім беру жүйесінің қалыптасуындағы маңызды кезеңдердің бірі болды.


Университет алғаш ашылған кезде оқытушылар саны да көп болмаған – небәрі тоғыз маман еңбек еткен. Соған қарамастан, оқу орнына сол кезеңдегі қазақ зиялылары мен ғалымдары тартылды. Оның алғашқы ректоры мемлекет қайраткері әрі ғалым Санжар Асфендияров болды. Кейін Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Халел Досмұхамедов, Темірбек Жүргенов, Мұхтар Әуезов және басқа да белгілі тұлғалар мұнда дәріс беріп, жоғары білім жүйесінің қалыптасуына үлес қосты.

Алғашқы кезде тіл мен әдебиет, физика-математика және жаратылыстану бағыттары бойынша мамандар даярланған. Кейін оқу бағдарламасына тарих пен география сияқты жаңа бағыттар қосылды.


Сөйтіп, Алматыдағы бұл оқу орны бір ғана университеттің тарихын емес, Қазақстандағы кәсіби жоғары білім жүйесінің қалыптасу кезеңін де бастады. Кейін республикада медицина, ауыл шаруашылығы және басқа салаларға арналған жеке жоғары оқу орындары ашыла бастады.


Алматыға алғашқы пойыз келген күн


Алматының теміржол вокзалдары да қала тарихының бір бөлігін сақтап келеді. Алматыға алғашқы пойыз 1929 жылдың 19 шілдесінде келді. Бұл оқиға қаланың көлік тарихында жаңа кезең басталғанын білдірді. Сол кезеңде Алматы республиканың жаңа астанасына айналып, Түркістан–Сібір теміржолының құрылысы қаланы еліміздің басқа өңірлерімен байланыстыра бастады.


Алғашқы уақытша теміржол вокзалы қаланың сол кездегі шетінде, орталықтан шамамен 9–10 шақырым қашықтықта орналасқан. 1930 жылдан Түркістан–Сібір теміржолы арқылы тұрақты пойыз қатынасы дамып, Алматы ірі теміржол тораптарының біріне айналды. Алматы-1 вокзалы Түрксіб теміржолымен бірге қалыптасты. Оның қазіргі ғимараты 1976 жылы салынған. Ал Алматы-2 вокзалы 1939 жылы пайдалануға берілді. Ғимарат 1977 жылы қайта жаңғыртылып, 2012 жылы күрделі жөндеуден өткізілді.

Бүгінде екі вокзал да тек көлік нысаны емес, бірнеше буынның сапары, кездесуі мен қоштасуына куә болған қалалық тарихтың бір бөлігі.


Алғашқы әуеайлақтан халықаралық әуежайға дейін


Алматының көлік тарихын әуежайсыз елестету қиын. 1923 жылдан бастап алғашқы әуеайлақ қазіргі Орталық стадион маңындағы шағын аэродромда орналасқан. Кейін 1950-жылдары азаматтық авиация қарқынды дамып, Алматы әуежайында жолаушы және жүк таситын жиырмаға жуық ұшақ базаланды. Жолаушылар саны көбейген соң 1957 жылы әуежай ғимараты кеңейтілді.


1973 жылы пайдалануға берілген әуежай ғимараты 1999 жылдың 9 шілдесінен 10 шілдесіне қараған түні болған өрттен қатты зардап шекті. Осыдан кейін Алматыға жаңа әуе терминалын салу қажет болды. Оның құрылысы 2004 жылы аяқталды. 


Соңғы ірі өзгеріс 2024 жылы болды. 1 маусымда Алматы халықаралық әуежайының жаңа халықаралық жолаушылар терминалы алғашқы рейстерін қабылдады. Алғашқы болып Лондоннан келген Air Astana ұшағы қонды. Жаңа терминал іске қосылғаннан кейін әуежайдың жалпы өткізу мүмкіндігі айтарлықтай артты.

Осылайша бір ғана қиыршық тас жолағы бар шағын әуеайлақтан басталған Алматы авиациясының тарихы бүгінде Орталық Азиядағы ірі халықаралық әуе тораптарының біріне дейін жалғасып отыр.


Күнде көретін қалаға басқа көзбен қарау


Қаламызда талай ұрпақтың ғұмырына куә болып тұрған ескі ғимараттар көп. Олардың біразы тарихи-мәдени мұра ретінде қорғалады.


Көк базардағы сауда дәстүрі, Панфиловшылар саябағындағы ағаш сәулет, алғашқы университет, вокзалдар мен әуежай — бір-біріне ұқсамайтын нысандар. Бірақ олардың әрқайсысы Алматының қалай өсіп, өзгергенін көрсетеді.


Қала тарихы тек мұрағатта немесе музейде сақталмайды. Ол күн сайын жанынан өтіп жүрген базарда, саябақта, вокзалда және көне ғимараттардың қабырғасында да бар. Кейде Алматыны жаңадан тану үшін алысқа барудың қажеті жоқ — үйреншікті орындарға сәл мұқият қарау жеткілікті. Себебі күнделікті көзге үйреншікті болып кеткен ғимараттар мен орындардың әрқайсысының артында тұтас бір дәуірдің ізі жатыр. Әрине, қаланың қымбатшылығы, кептелісі, ауа сапасы сияқты мәселелер ойландырмай қоймайды. Соған қарамастан, Алматыға бір келген адам оны қайта сағынады, тұрақтағандары кетуге асықпайды. Көрікті шаһардың артықшылығы да осы болар. 

Бөлісу: