МедиаҚоғамАлматы туралы аңыздар: қаланың жұмбақ хикаялары

Алматы туралы аңыздар: қаланың жұмбақ хикаялары

22 шілде 2026
4 мин
Фото: vernoye-almaty.kz

Әр қаланың ұрпақтан-ұрпаққа жететін аңыздары болады. Алматыда да мұндай орындар жетерлік. Кей жерде елес көрінген, біртүрлі дыбыс естілген немесе құпия жерасты жолдары табылған деседі. Tamga Media осы хикаялардың қайсы шын, қайсы ойдан шығарылғанын анықтап көрді.


Қалаға қатысты аңыздар қалай пайда болады? 


Қаланың тарихы тереңдеген сайын, оның төңірегіндегі оқиғалар да көбейе түседі. Адамдар бір-бірінен естіген әңгімелерін айтып жүріп, уақыт өте келе оған жаңа мәліметтер қосады. Кейде тіпті бір-біріне мүлдем қатысы жоқ бірнеше оқиға араласып, бір аңызға айналып кетеді. Бұған біздің жұмбақ нәрселерге әуестігімізді қосыңыз, міне, қала ішіндегі түрлі хикая осылай туады.


Ақ көйлек киген қыз


Бұл – Алматыдағы ең танымал хикаяның бірі. Оқиға қаланың ішінде емес, Қонаев пен Қапшағай су қоймасына баратын тасжолда болған деседі.


Аңыз бойынша, түнде жол жиегінде көлік тоқтатып тұрған ақ көйлектегі жұмбақ қызды көруге болады. Ол тоқтаған көлікке мініп алады да, жол ортасында кенеттен ғайып болады. Кей нұсқа бойынша, жүргізушіні кезінде өзі апатқа ұшыраған жерге апарып бір-ақ тоқтатады дейді. Әркімнің нұсқасы әртүрлі. Тіпті кейбір жүргізуші қыздың аяғы тұяқ екен деп қорқытады. 


Қызығы, мұндай хикая әлемде өте көп. Оларды «ғайып болатын жолаушы» деп атайды. Түнде жолдан қосылып, артынан із-түзсіз жоғалып кететін жұмбақ қыз туралы (неге дәл қыз екені белгісіз) әңгімелер басқа елдерде де жетіп артылады. Көпшілік мұны әлемге танымал аңыздың біздің елге бейімделген нұсқасы дейді. Кейіннен дәл осы тасжолмен тығыз байланысып, ел аузында қалып қойған.


Вознесенск шіркеуі астындағы жерасты жолдары


28-панфиловшылар саябағы мен Вознесенск шіркеуіне қатысты да жұмбақ хикая аз емес.


Шіркеудің астында ескі Верныйдың басқа ғимараттарына апаратын ұзын жерасты жолдары бар дейді. Біреулер оны діни қызметкерлер тығылатын жер десе, енді бірі Ресей империясы кезінде жасалған құпия өткелдер дейді.


Қызығы, тарихшылар мен өлкетанушылардың айтуынша, қаланың ескі бөлігінде бұрын шынымен түрлі жертөле, су, жылу құбырлары мен техникалық нысандар болған. Бірақ адамдар айтып жүргендей, мұнда үлкен жерасты жолдары бар дегенге ешқандай дәлел табылған жоқ.


Жер сілкінісін ескертетін құпия қоңырау


Алматыда жер сілкінісі туралы қызық әңгімелердің де болуы заңды. Сондай хикаяның бірі – жер астында көміліп қалған ескі шіркеудің қоңырауы. Сол қоңырау күшті жер сілкінісі болар алдында гүрілдеп дыбыс шығарып, адамдарға қауіп төнгенін білдіреді-міс.


Бұған ешқандай дәлел жоқ. Әңгіме ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында болған жойқын жер сілкіністерінен кейін шыққан сияқты. Әсіресе, 1887 жылғы Верныйдағы жер сілкінісі адамдарды қатты дүрліктірді, сондықтан осы оқиғаның төңірегінде түрлі алып-қашпа әңгіме тараған болса керек. 


Жер сілкінер алдында тау жыныстары қозғалып, күңгірлеген дыбыс шығарады. Ел арасында айтылатын құпия қоңырау туралы аңыз осы табиғи құбылыстан туған болуы мүмкін.


Медеу маңындағы қараусыз қалған аурухана


Қорқынышты хикаяларды ұнататындар Медеу маңындағы қараусыз қалған аурухана туралы да айтады. Аңыз бойынша, түнде оның ішінде біреудің жүрген дыбысы мен түрлі дауыс естіледі, кейде адамдардың сұлбасы да көрінеді. Интернетте ғимараттың қираған суреттері мен сонда түнде барғандардың әңгімелері жиі шығады. Әркім әрқалай айтады: біреулер мұнда бұрынғы науқастардың елесі жүр десе, енді бірі кеңес заманында құпия тәжірибелер жасалған дейді.


Бұл оқиғаның да шындығы расталмады. Неге десеңіз, иесіз қалған кез келген ескі үйден адамдар қорқады: бос бөлмелер, есіктің сықырлағаны, сынған терезелер мен іштегі жаңғырық адамға жоқ нәрсені көрсетіп, естіртеді. Сондықтан мұндай әңгімелердің көбі шынайы оқиға емес, жай ғана қазіргі қала аңыздарына жатады.


Сейфуллин даңғылындағы ескі түрме


Алматыда Сейфуллин даңғылындағы бұрынғы түрме сияқты қорқынышты жер жоқ шығар. Бұл жердің тарихы ХІХ ғасырдың соңынан басталады. Ол кезде мұнда Верный бекінісіне адамдарды айдап әкелетін уақытша тұрақ болған. Кейін оның орнына НКВД түрмесін, сосын тергеу изоляторын салады. Осы уақыт ішінде одан мыңдаған тұтқын, соның ішінде саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар да отырған. Тіпті елімізде өлім жазасына тыйым салынғанға дейін, үкімнің бәрі дәл осы жерде орындалып келді. Ең соңғы өлім жазасы 2002 жылы болған екен.


Осындай жердің төңірегінде түрлі алып-қашпа әңгіме тарайтыны сөзссіз. Жұрт түнде бос дәліздерден аяқ дыбысы мен ыңырсыған дауыстар естіледі десе, күзетшілер тұтқындардың елесін көргенін айтады. Ел арасында жертөледегі христиан кресті туралы әңгіме танымал. Түрме қызметкерлері оны бірнеше рет бояса да, қабырғадан қайта-қайта шыға беріпті. Біреулер суретті жазықсыз сотталған тұтқын салып кеткен десе, енді бірі қаза тапқандарды еске алу үшін бір «әулие адам» салған дейді.


2018 жылы ғимаратты бұзып, орнына тұрғын үй кешенін салды. Көп адам ондаған жылдар бойы адамдардың қайғы-қасіреті болған жерге үй салуға болмайтынын айтады. Дегенмен түсініксіз дыбыстар, елестер мен жағымсыз энергия туралы әңгіменің бәрі аңыз күйінде қалды, өйткені бұған ешқандай ресми дәлел жоқ.


«Ая» саябағындағы «Түймедақ» аттракционы


Бұл аңызды 1990-2000 жылдары өскен Алматы тұрғындарының көбі біледі. Әңгіме Есентай өзенінің бойындағы «Ая» саябағындағы «Түймедақ» аттракционы туралы.


Кезінде одан бір қыз ұшып кетіп, өзенге құлап мерт болыпты деген қауесет тараған. Бірақ бұған ешқандай ресми дәлел жоқ. Полиция мәліметінде де, жаңалықтарда да мұндай қайғылы жағдай тіркелмеген. Негізі бұл аттракционның шынымен де бірнеше рет бұзылғаны рас. Мысалы, 2016 – 2025 жыл аралығында істеп түрған жерінен тоқтап қалып, адамдар биікте құтқарушыларды күтуге мәжбүр болған. Одан ешкім зардап шекпесе де, осындай оқиғалардан кейін жұрт арасында қорқынышты әңгімелер тараған болуы мүмкін.


Интернеттегі өтірік әңгімелер


Әлеуметтік желілер шыққалы қалаға қатысты аңыз көбейіп кетті. Мессенжерлерде Алматы тауларындағы жұмбақ мақұлықтар, метродағы елестер, жер астындағы құпия зертханалар мен Көктөбе астындағы тоннельдер туралы талай әңгіме тарады. Тіпті қала маңында белгісіз жануарлар жүр деген қауесеттер де болды. Мұндай әңгімелермен бірге әдетте анық емес, бұлдыр суреттер мен кім екені белгісіз адамдардың сөздері тарап жүреді.


Мұндай әңгімелердің шын-өтірігін тексеру өте қиын. Ондағы суреттердің көбі шын мәнінде басқа елде түсіріледі, фотошоп арқылы жасалады. Ал әңгімелердің өзі – шетелдің ескі аңыздарын Алматыға ыңғайлап, өтірік құрастыра салған дүниелер.


Сонда бұған сенуге бола ма?


Алматыдағы қорқынышты әңгімелердің көбіне ешқандай дәлел жоқ. Дегенмен мұндай аңыздар да керек-ақ. Олар бізге үйреншікті ғимараттар мен саябақтардың артында жұмбақ тарих жатуы мүмкін екенін еске салады. Қызық хикаялар дәлелден емес, жай ғана: «Сен мына әңгімені естідің бе?..» деген сөзден басталады.

Бөлісу: