Алматы тұрғындарының 25%-ы, яғни әр төртінші адам, қаладағы лас ауа мен тұмшаға байланысты басқа өңірге көшуді ойлап жүр. 10 алматылықтың алтауы кейінгі екі-үш жылда ауа сапасы айтарлықтай нашарлағанына сенімді. Ал қыста қаладағы ауа тіптен ауырлап, таулар көрінбей, тыныс алу қиындайды. Неге қыста ауа ерекше лас болып сезіледі және тұмша мәселесін қалай шешуге болады? Осы сұрақтарды біз “Қазақ табиғат қорғау қоғамының” төрайымы Айжан Скаковамен талқыладық.
Неге қыста ауа ерекше лас болып сезіледі?
Жазда жылы ауа жоғары көтеріліп, лас заттарды өзімен бірге алып кетеді. Сондықтан қаладағы ауа салыстырмалы түрде таза болады. Алматы қазаншұңқырда орналасқан соң, қыста суық ауа төменде тұрып қалады да, жоғарыдағы жылы қабат лас ауаның көтерілуіне кедергі келтіреді.
“Жел жоқ кезде түтін, газ, шаң-тозаң дәл адамдар дем алатын жерде жиналып қалады. Сол себепті де қыста ауа әдеттегіден ауыр әрі лас болып сезіледі”, – дейді маман Айжан Скакова.
Маманның айтуынша, қаладағы ауаны ластайтын бірнеше фактор бар. Әрқайсына жеке тоқталайық. Ең біріншісі – пешке көмір салып жылытанын үйлер мен жеке секторлар.

Қыста күн суығанда Алматыда көбі әлі пешке көмір салып, үйін жылытады. Одан шыққан түтір жел болмаған соң, ауада тұрып қалады. Оған қоса көмір жаққанда одан күкірт диоксиді, канцероген, PM2.5 сияқты улы, өкпеге зиян заттар бөлінеді.
"Көмір мен ағаш жағатын үйлер қаланы айнала орналасқан. Қыста инверсия кезінде олардың түтіні Алматының ортасына жиналады. Бір ғана көмір пешінен бір күнде шығатын түтін ондаған автокөліктің түтініне тең. Себебі пештер ескі, сүзгісі де жоқ және ондағы отын толық жанып кетпейді. Сондықтан жеке сектор қаладағы ең зиян PM2.5 бөлшектерінің 20-40%-ын шығарады. Бұл көрсеткіш – көлік пен ЖЭО-дан шығатын зиян заттардың үлесімен шамалас", – дейді сарапшы.
Екіншісі – автокөліктер. Алматыда шамамен миллионға жуық көлік бар, олардың көбі ескі және катализаторы жоқ. Оған қоса қыста адамдар көлігін жылыту үшін әдеттегіден ұзағырақ қыздырады, оған отын көп жұмсалады. Бұл қоршаған ортаға шығатын зияны заттар да артады деген сөз.
“Инверсия кезінде олардың түтіні ауада тұрып қалып, қаладағы тұмшаны одан әрі көбейтеді. Дегенмен ауаның ластануына жеке жылыту құрылғылары мен жылу электр орталықтарының үлесі де аз емес”, – дейді Айжан Скакова.
Үшіншісі – жылу электр орталықтары және өнеркәсіп. Алматыда үш жылу электр орталығы (ЖЭО) бар. Алматыдағы ЖЭО‑2 әлем бойынша PM2.5 бөлшектерін ең көп шығаратын 10 станцияның қатарына кірді. Бұл осы станциядан атмосфераға өте ұсақ, қауіпті шаң бөлшектері көп шығады деген сөз. Мұны халықаралық Climate TRACE жобасы спутник пен жасанды интеллект арқылы анықтаған. Зерттеу бойынша, 2024 жылы ЖЭО‑2 шамамен 94 тонна PM2.5 шығарған. Бұл бөлшектер адам денсаулығына өте зиян. Қазіргі кезде ЖЭО‑2 мен ЖЭО‑3 әлі күнге дейін көмір қолданады, сондықтан қыста ауа одан да қатты лас болады. Инверсия күшейгенде олардан шыққан зиян заттар тарап үлгермей, жерге жақын ауа қабатында шоғырланып қалады.

Тұмша қаншалықты қауіпті?
Тұмшадағы PM2.5 және PM10 деп аталатын өте ұсақ шаңдар тыныс алғанда өкпеге кіріп, қанға сіңіп кетуі мүмкін. Салдарынан тыныс жолдары тітіркеніп, жүрек пен қан тамырларына қосымша салмақ түседі.
"Соның салдарынан демікпе, бронхит сияқты аурулар асқынады. Әсіресе, балаларға, қарттарға және созылмалы ауруы бар адамдарға қауіп жоғары. Ал қыста ауадағы зиян заттың мөлшері көбейіп, дені сау адамдарға да қауіпті болуы мүмкін", – деп түсіндірді эколог.
Неге қар немесе жаңбырдан кейін ауа тазарады?
Экологтың айтуынша, жаңбыр, қар жауған кезде ауа тазарады, себебі жауын-шашын түтін мен ұсақ шаңды өзіне жабыстырып, жерге түсіреді. Сонымен қатар ол инверсияны әлсіретіп, лас ауаның қала үстінде тұрып қалуына мүмкіндік бермейді. Сондықтан жаңбырдан кейін адамдар ауаның жеңілдеп, тыныс алудың оңайлағанын бірден сезеді – бұл табиғаттың ауаны тазартатын қарапайым механизмі.

Қарапайым тұрғын не істей алады?
Эколог Айжан Скакованың айтуынша, лас ауа тек қоршаған ортаға емес, адамның денсаулығына да зиянын тигізеді. Сондықтан әрбір адам қаладағы ауаны жақсартуға өз үлесін қосуына болады. Әрине, белгілі бір шектеу мен шығын болуы мүмкін, десе де көлік моторын ұзақ қыздармау, күнде көлік айдамау сияқты кішкентай қадамдардың өзі қаладағы ауаның сапасын кәдімгідей жақсарта алады. Сонымен қатар маман мынадай кеңесін айтты:
Көлікті мүмкіндігінше аз пайдалану. Қаланы қатты тұмша басып тұрғанда қатынаудың басқа нұсқасын қарастырған жөн. Қоғамдық көлік арқылы қатынауға, әріптестермен бірге баруға немесе үйден жұмыс істеуге болады.
Жылытудың таза түріне көшу. Үйіңізді жылыту үшін газ, электр немесе жылу сорғысын орнатып қолдануға кеңес береміз.
Ауа сапасын бақылау. IQAir немесе Air.org.kz сияқты қосымшалар күнді дұрыс жоспарлауға көмектеседі. Бұл сайттан күнде ауаның сапасы қандай болып тұрғанан көруге болады. Ауа қатты ластанып тұрған күні далада ұзақ серуендемеген немесе спортпен айналыспаған дұрыс.
Үйде ауа тазартқышын қолдану. Бұл қала деңгейіндегі мәселені шешпесе де, отбасының денсаулығына келетін зияны азайтуға көмектеседі.
Мәселені ашық айту. Тұрғындар өздері сұрап, мәселені көтергенде ғана жүйелі өзгеріс болады. Сондықтан көлікті дамыту, көліктен, өнеркәсіптен шығатын зиян заттарды бақылау және қаланы кеңінен көгалдандыру туралы жиі айтып, қолдау көрсету керек.
Алматыдағы тұмшаны жеңе аламыз ба?
Қала тұрғындарын мазалайтын басты сұрақтың бірі – тұмшаны толық жоя аламыз ба? Маманның айтуынша, Алматы ерекше географиялық жағдайда орналасқан: қаланы таулар қоршап тұр, ал мұндағы тығыз салынған тұрғын үйлер табиғи желдетуге кедергі келтіріп отыр. Мұндайда тұмшаны толық жою қиын.
“Бірақ ауа ластануының басты себебі – нақты шығарындылар. Солармен күресу керек. Әлемде көмір жағуды тоқтатып, автопаркті жаңартып қаласындағы ауа сапасын айтарлықтай жақсартқан елдер бар. Сондықтан смог мәңгі болмайды. Бәрі адамдардың қолында”, – дейді маман.

Эколог ауаның сапасын бір сәтте өзгертіп жіберетін әмбебап шара жоқ дейді. Себебі мәселе күрделі, сәйкесінше шешімдері де кешенді болуға тиіс.
“ЖЭО-ны газға көшіру, катализаторы жоқ ескі көліктерді азайту, техникалық байқауды реттеу, қоғамдық көлікті дамыту керек. Дегенмен жақсы жаңалық бар. Алматы алғаш рет атмосфералық ауаны қорғайтын өз ережесін дайындап жатыр. Бұл құжат осындай шараларды біріктіріп, жүйелеуге тиіс. Бұл – ұзақ жол, бірақ қаланың жағдайын біртіндеп жақсарту үшін қажет қадам", – дейді эколог.




