ДенсаулықДенеАллергия маусымы: не білген жөн?

Аллергия маусымы: не білген жөн?

28 сәуір 2026
6 мин
Сезон аллергии: что нужно знать?
Фото: Tamga Media / ЖИ

Көктем. Терезе атаулы тарс жабылып тұр. Үйдегі ауа тазартқышының тынымсыз гүрілінен құлақ тұнады. Жұмыс үстелі үстінде жартысы ішілген, шашылып жатқан дәрі-дәрмек. Көз жасыңызды тыя алмай, тынысыңыз тарылтатын бейнет. Көктем шыға миллиондаған адамның көретін күні осы. Бұл аллергия маусымы келді деген сөз. Көбіміз бұл азапқа көндігіп, тіпті үйреніп те кеттік.


«Өзі-ақ басылар» деп жүре бергеннің соңы неге апарып соғады? Қаладағы қою тұмша дертті қалай қоздырып отыр? Ең бастысы, дәріге телміріп өтпеудің, бұл мазасыздықтан біржола құтылудың жолы бар ма? Осы туралы Tamga Media аллерголог маманмен егжей-тегжейлі сөйлесті. 


Қашанғы өзі басылады деп жүре береміз?


Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне үңілсек, елімізде әрбір бесінші адам аллергияның зардабын тартып жүр. Әсіресе Алматы, Шымкент пен Астана сияқты ірі қалаларда бұл дерт тіпті өршіген. Ресми есепте 45 мың адам «аллергиялық ринит» диагнозымен тұр. Ал дәрігерге көрінбей, өз бетімен дәрі ішіп жүргендер бұдан әлдеқайда көп.


Дерт жабысқанын білгенде көбіміз: «Ештеңе етпес, жай ғана аллергия ғой», деп қолды бір-ақ сілтейміз. Сосын осы азаппен өмір сүруге болады деп өз-өзімізді сендіреміз. Бірақ бұл – алдамшы жұбаныш. 


Арай Батырбаева, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты жанындағы Республикалық аллергология орталығының жетекшісі, Алматы қаласының бас штаттан тыс аллерголог-иммунологы:

«Ең үлкен қате – маусымдық аллергияны жай ғана уақытша жайсыздық деп қабылдау. Негізінде бұл ағзада қабыну бар екенін көрсетеді. Оған мән бермей, дәрігерге тексерілмесе, уақыт өте келе ол бронх демікпесіне (астмаға) айналуы мүмкін. Көп адам белгілерге үйреніп кетеді де, «өтіп кетеді» деп ойлап, емделуді кейінге қалдырады», – дейді дәрігер. 


Дүниежүзілік аллергология ұйымының (WAO, 2025) болжамы тіпті қорқынышты: жер бетіндегі халықтың 40%-ына жуығының аллергиясы бар. Ал өндірісі дамыған қалаларда бұл көрсеткіш тіпті жоғары.


Аллергиялық ринитті жай ғана мұрынның бітелуі деп ойламау керек. Ол ұйқыңызды ұрлап, зейініңізді қашырады, ағзаны қауқарсыз етіп, кез келген вирусқа жол ашып береді. Тіпті жұмыс істеуге де, оқуға да дәрменіңіз қалмайды. Осының бәрін біле тұра, көбіміз неге екені белгісіз, жылдар бойы аллергияға төзіп келеміз.


Аллергияның бетін дәрі қайтара ма? 


Мұрныңыз бітеліп, көзіңіз жасаурағанда, ең әуелі антигистамин дәрілерді іздей бастайсыз. Кез келген дәріханада еркін сатылатын бұл препараттар бір сағаттың ішінде жаныңызды жадыратып, «дертімнен айықтырды» деген алдамшы сезім ұялатады. 


Арай Батырбаева, аллерголог-иммунолог: 

«Антигистамин препараттар тек беткі симптомдарды басады, олар дерттің ішкі тамырына бойлай алмайды. Науқас жылдар бойы осы әдіспен ғана шектелсе, ағзадағы қабыну процесі тоқтамай, өрши береді. Салдарынан аллергендердің қатары көбейіп, дерттің демікпе сияқты асқынған түрлеріне ұласу қаупі артады». 


Супрастин мен тавегил сияқты ескі буын дәрілерінің зардабы да жетерлік. Олар адамды маужыратып, ұйқысын келтіреді әрі жанама зияны да көп. Тағы бір кең тараған қате – мұрын тамырларын тарылтатын тамшыларға әуес болу.

«Көп жағдайда пациенттер дәріні жүйесіз ішеді немесе мұрын тамшыларын ұзақ уақыт бойы қолданады. Мұндай салғырттық адамды дәріге тәуелді ететін медикаментоз ринитке әкеліп соқтырады. Оның үстіне, ғылыми дәлелденбеген әдістерге – түрлі БАД-қа, ағзаны «тазарту» шараларына және соған ұқсас жолдарға сеніп, нағыз емді соған алмастырудың зияны көп», – дейді дәрігер.


Аллергияны ауыздықтаудың ең тиімді құралы – құрамында кортикостероиды бар мұрын спрейлері. Көпшілік «гормон» деген сөзді естігенде ат-тонын ала қашатыны жасырын емес. Бірақ маманның пікірінше, бұл үрейдің еш негізі жоқ

«Заманауи назальды кортикостероидтар мұрынның шырышты қабатына ғана әсер ететіндіктен, олардың бүкіл ағзаға тигізер зияны жоқ деуге болады. Аллергиялық ринитті емдегенде бұл – негізгі терапия. Дәрігер жазып берсе, оларды ұзақ уақыт пайдаланудың еш қаупі жоқ», – дейді аллерголог. 


Емді бастайтын сәтті өткізіп алмау керек: спрейді маусым басталуға бірнеше күн қалғанда, алғашқы белгілер білінбей тұрып қолдану керек. Сондай-ақ, беті бері қараған алғашқы сәтте-ақ емді тоқтатуға болмайды.


Аллергиядан біржолата емделуге бола ма? 


Аллергияның сыртқы белгілерін ғана алдарқатпай, дерттің тамырына балта шабатын бірден-бір ем – АСИТ (аллерген-спецификалық иммунотерапия). Бұл әдістің мәні – ағзаға ауруды қоздыратын затты аз-аздан егіп, иммун жүйесін соған үйрету. Осылай, кезінде өзіне «жау» көрінген аллергенге бойыңыз біртіндеп бейімделе бастайды. 


Арай Батырбаева, аллерголог-иммунолог: 

«АСИТ әдісі иммун жүйесін аллергенге мән бермеуге үйретеді, яғни ағзаны қайта “тәрбиелейді”. Негізінде бұл аллергияның салдарымен емес, тікелей себебімен күресудің жалғыз жолы. Емдеу курсы әдетте үш жылдан бастап, бес жылға дейін созылады. Аллергенді өте аз мөлшерде тері астына немесе тіл астына салады. Алғашқы айларда науқасқа аздап қолайсыз болуы мүмкін. Нақты нәтиже бірнеше айдан кейін біртіндеп біліне бастайды». 


Бұл ем түрі Қазақстанда қолжетімді, бірақ өзіндік ерекшеліктері бар. Маманның сөзіне қарағанда, АСИТ әдісі Алматы мен Астана сияқты ірі қалалардағы жекеменшік емханаларда жақсы дамыған. Мұнда көбіне еуропалық заманауи препараттар қолданылады. Құны таңдалған сызбаға байланысты, бірақ бұл ұзақ уақытты қажет ететіндіктен, белгілі бір дәрежеде қаржылай тұрақтылықты талап етеді. Дегенмен АСИТ әдісін кез келген адамға қолдана беруге болмайды. 

«Бақылауға көнбейтін бронх демікпесі, өршіп тұрған аутоиммун аурулары барларға, онкология процестері мен ауыр иммун тапшылығы кезінде бұл емді қолдануға тыйым салынады. Мұндай жағдайда аурудың белгілерін тек бақылаған жөн», – дейді дәрігер.


ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың 10 айында Қазақстанда 7 378 анафилактикалық реакция тіркелген. Бұл жағдай көбіне еңбекке қабілетті жастағы адамдарда кездеседі. Осы деректің өзі-ақ өз бетінше емделмей, дертті дер кезінде анықтаудың қаншалық маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдей түседі.


Алматының өзі аллерген ошағына айналып отыр


Алматы – экологиялық салмағы ауыр қала. Таулы рельеф желдің еркін соғуына мүмкіндік бермейді, соның салдарынан лас ауа қала үстінде тұнады. Өндіріс қалдықтары, көлік түтіні мен жылыту маусымының зардабынан пайда болатын смог тозаңның зиянын еселеп күшейтеді. 


Кейінгі жылдары қала тұрғындары аллергияның ерте оянып, бұрынғыдан әлдеқайда ауыр өтетінін байқап жүр. Бұл – құрғақ болжамды былай қойғанда, тәнмен сезініп, көзбен көріп отырған ақиқат. Almaty Air Initiative қорының деректеріне сүйенсек, кейінгі бес жылда Алматыда аллергиялық ринитпен ауыратын балалар саны 17%, ал ересектер 32% өскен.

«Ауаның ластануы аллергиялық қабынуды өршіте түседі. PM2.5 бөлшектері тыныс алу жолдарының шырышты қабатын зақымдап, оны аллергендерге тым сезімтал етеді. Оның үстіне климаттың өзгеріп, өсімдіктердің тозаңдану кезеңі ұзарып, ауадағы тозаң мөлшері еселеп артты. Сондықтан науқастарда ауру белгілері ерте басталып, жағдайларының қиындағаны заңдылық», – дейді маман. 


2025 жылы Almaty Air Initiative қоры Қазақстанда алғаш рет ауадағы аллергендерді бақылайтын жасанды интеллект (AI) датчигін іске қосты. Алғашқы мәліметтер аллергияның өршуі тек гүлдену маусымына емес, ауаның сапасына тікелей байланысты екенін айғақтады. Қор жүргізген зерттеу алматылықтардың 80%-ы ауа сапасының денсаулыққа зиянын сезінетінін көрсетті. Ал әрбір үшінші тұрғын күн сайын смог зардабын тартады.


Аллергияның пайда болуына өмір салты әсер ете ме? 


«Аллергия – күйзелістен, дұрыс тамақтанбағаннан немесе қала өмірінен болады» деген де пікірлер бар. Бұл уәждің жаны бар, бірақ оған ғылыми тұрғыдан қараған абзал.

«Күйзеліс, тамақтану үрдісі, ішек микробиотасы мен физикалық белсенділік иммун жүйесіне әсер ететіні даусыз. Дегенмен дерттің өршуіне ең әуелі тұқымқуалаушылық пен аллергендермен тікелей жанасу себеп», – дейді аллерголог-иммунолог.


Өмір сүру салты аллергияның белгілерін күшейтуі немесе бәсеңдетуі мүмкін, бірақ ауруды тудыратын немесе одан біржола құтқаратын басты фактор емес. Ең дұрысы,  дертті нақты анықтап, жүйелі ем алу қажет.


Бала денсаулығы


Ата-аналардың көбі «өсе келе қояды» деп күтіп жүре береді. Кейде педиатрлар да осы ұстанымды қолдайды. Бірақ маманның пікірі бұған мүлдем қайшы. Ол ауру белгілері қайталана берсе, баланы міндетті түрде тексеруден өткізу керек дейді. Аллергияны ерте анықтап, бақылау – бронх демікпесінің (астма) алдын алудың жалғыз жолы.


АСИТ емі бала кезде әлдеқайда тиімді. Себебі баланың иммун жүйесі икемді келеді және терапияға жақсы жауап береді. Сондықтан уақыт созу – мүмкіндікті қолдан шығарып алумен бірдей.


Маманнан бір кеңес


Әңгіме соңында біз маманнан дертін жаңадан білген жандарға арналған басты кеңесін сұрадық.


Арай Батырбаева, аллерголог-иммунолог: 

«Тексерілуді кейінге қалдырмаңыздар. Аллергияны қоздырып тұрған нақты себеп неғұрлым ерте анықталып, жүйелі ем басталса, аурудан емделуге және оның барысын жақсы жаққа өзгертуге мүмкіндік соғұрлым жоғары. Ал ауа тым ластанып, тұмша күшейген күндері далада көп жүрмеңіз, көшеге шыққанда FFP2 респираторларын тағыңыз, үй ішінде ауа тазартқыш құрылғыларын қосып, мұрынды тұзды ерітінділермен жиі шайып тұруды әдетке айналдырыңыз».

Бөлісу:

Аллергия маусымы: не білген жөн? — Tamga media