ӘлемдеҚаржыАлимент төлемесе не болады? 2026 жылғы заң өзгерістері

Алимент төлемесе не болады? 2026 жылғы заң өзгерістері

20 шілде 2026
6 мин
Фото: Tamga Media | ЖИ

Елде алимент төлемей жүргендердің қарызы жалпы 18 миллиард теңгеге жеткен. Осыған байланысты депутат Магеррам Магеррамов үкіметке арнайы хат жолдап, мемлекеттік алимент қорын құруды ұсынды. Оның бастамасы бойынша, мемлекет балаларға тиесілі ақшаны өз қазынасынан уақытылы төлеп отырады да, кейін сол қарызды жауапсыз ата-ананың өзінен өндіріп алады. Депутаттың айтуынша, сырт көзге «проблемалық борышкерлердің үлесі небәрі 4%» болып көрінгенімен, бұл пайыздың артында мыңдаған баланың тағдыры тұр.


Бұл қорды халықтың салығынан емес, Арнайы мемлекеттік қор есебінен, яғни заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтарудан түскен қаражаттан қаржыландыру ұсынды. Көп ұзамай бұл мәселені Әділет вице-министрі Бекболат Молдабековтің алдында қайта көтерді. Министрлік өкілі мәселенің үкіметте қаралып жатқанын жеткізгенімен, нақты қашан іске асатынын айтпады.

Қор құру идеясына алимент алып отырған аналар емес, күтпеген жерден жеке сот орындаушылары қарсы шықты. Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының төрағасы Нұржан Арынғазинов басқа жолды ұсынды: ол алиментті табыстың белгілі бір пайызымен емес, заңмен шегеленген нақты бір сома ретінде бекіту керек деп есептейді. Оның уәжі бойынша, қазір мыңдаған отандасымыз ең төменгі жалақыны (2026 жылы 85 000 теңге) сылтау етіп, айына бар-жоғы 15 мың теңге ғана аударып отыр. Ал қазір бұл ақшаға баланы асырау еш мүмкін емес.


Сонымен қатар ерлер қауымдастығы арасында мүлдем басқа бастама көтеріліп жатыр. Олар «төлеген ақшамыздың қайда кеткенін көрейік» деп, алименттің жұмсалуы туралы міндетті есеп беру жүйесін енгізуді талап етіп жатыр. Оқу-ағарту министрлігі бұл ұсынысқа нақты кесіп-пішіп жауап бермеді. Тек «Қазақстан балалары» (2026-2030 жылдарға арналған) тұжырымдамасы аясында алимент міндеттемелеріне қатысты өзгерістер қарастырылып жатқанын айтты.


Осы тұста Tamga Media алиментке қатысты заңды, ондағы жаңа өзгерістерді бір шолып шықты.


Кімдер алимент талап ете алады?


Алимент – «Неке және отбасы туралы» кодексте көрсетілген, заң бойынша бір адамның екінші адамды асырап-бағуға беретін қаражаты немесе материалдық көмегі. Жұрттың көбі мұны тек балаға төленетін ақша деп түсінеді. Бірақ заң бойынша бұл көмекті еңбекке жарамсыз ата-ана да, ерлі-зайыптының бірі де талап ете алады.


Маңызды жайт: бала кәмелет жасына толғанша оны асырап-бағу – ата-ананың тікелей міндеті. Бұл олардың неке тұрып-тұрмағанына, ажырасып-ажыраспағанына қарамастан, кез келген жағдайда міндеті болып қала бермек.


Заң бойынша, мына адамдар алимент ала алады:

Тіпті ата-ананы құқығынан айырған күннің өзінде, бұл шешім оны бала алдындағы жауапкершіліктен, яғни алимент төлеу міндетінен босатпайды.


Алиментті қалай рәсімдеуге болады?


1. Өзара келісім


Ең тиімді әрі жылдам жолы – екі жақ өзара мәмілеге келіп, нотариус арқылы келісімшарт жасау. Құжатта алименттің сомасы, төлеу мерзімі мен тәсілі нақты жазылады. Бұл келісімнің заңдық күші сот шешімімен бірдей. Ертең бұрынғы жолдасыңыз уәдесінен тайып, ақша төлемесе, қайтадан сотқа сабылмай, бірден сот орындаушысына баруға болады.


2. Сот арқылыЕкі тарап тіл табыса алмаса, іс сотқа өтеді.


Мұнда екі түрлі жол бар:

  1. Мәселе тек алименттің мөлшеріне байланысты болып, әкелікті анықтау немесе басқа адамдарды тартуды қажет етпесе, іс жеңілдетілген тәртіп бойынша шешіледі. Судья екі жақты сотқа шақырмай-ақ, бірден сот бұйрығын шығарады.

  2. Алимент ерлі-зайыптының біріне немесе еңбекке жарамсыз ата-анаға өндірілсе, не әкелікке қатысты дау болса, іс жеңілдетілген емес, жалпы тәртіппен қаралады.

Сотқа жүгіну үшін қандай құжаттар қажет?

  • Талап арыз және оның жауапкерге арналған көшірмесі;

  • Жеке куәліктің көшірмесі;

  • Баланың туу туралы куәлігі;

  • Неке қию немесе неке бұзу туралы куәлік (жағдайға байланысты);

  • Отбасы құрамы туралы анықтама;

  • Егер бар болса, жауапкердің табысы туралы мәлімет.

Мұндай санаттағы істер бойынша сотқа жүгінгенде мемлекеттік баж салығы төленбейді.


Қазір алимент мөлшері қанша?


Таза табыстан ұсталатын негізгі үлестер көп жылдан бері өзгерген жоқ, 2026 жылы да сол қалпында қалды:

Табыстың қай түрінен алимент ұсталады?


Заң бойынша, алимент жалақыдан ғана ұсталмайды. Оған айлық, үстемеақы, сыйлықақы, демалыс ақысы, пайдаланылмаған демалыс үшін берілетін өтемақы, қаламақы (гонорар), кәсіпкерліктен түскен табыс кіреді. Ал 2026 жылдан бастап такси сервистері сияқты онлайн платформалар арқылы тапқан табыс та алимент есептегенде ескеріледі.


Бірақ маңызды бір ереже бар. Сот орындаушысы адамның барлық табысын ұстап қала алмайды. Қандай жағдай болса да, алимент төлейтін адамның өзінде табысының кемінде 50%-ы қалуға тиіс.


Алимент төлеуі керек адам жұмыссыз болса ше?


«Жұмыссызбын, төлейтін ақшам жоқ» деген уәж заң алдында жүрмейді. Заң бойынша еңбекке жарамды кез келген ересек адам табыс табуға міндетті. Тек мүгедектігі бар, кішкентай бала күтімімен отырған немесе соған ұқсас басқа да дәлелді себептері бар жандар ғана бұл қатарға кірмейді.


Заң бойынша,  алимент төлеушінің мүлдем табысы болмаса, әр балаға берілетін ең төменгі төлем айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) жартысынан, яғни 50%-ынан кем болмауы керек. 2026 жылы 1 АЕК = 4 325 теңге. Демек, бала басына төленетін ең төменгі сома – айына шамамен 2 162 теңге.

Қарыз қайдан шығады?


Алимент уақытында төленбесе, кешіктірілген әр күн үшін қарызға 0,1% өсім қосылады. Сондықтан алимент бірнеше ай немесе жыл төленбей қалса, өсімпұлдың өзі негізгі қарызбен бірдей мөлшерге дейін жетуі мүмкін.


Алимент төлейтін адамның ресми жұмысы болмаса және табысын құжатпен дәлелдей алмаса, қарыз оның нақты тапқан ақшасына қарап есептелмейді. Оның орнына есеп Қазақстандағы орташа жалақыға сүйеніп шығарылады. Қазір бұл көрсеткіш айына 461 486 тенге болғандықтан, жұмыссыз жүрген адамның алимент қарызы тез өсіп кетуі мүмкін.


Алимент төлеу қашан тоқтатылады?

Бала:

  • 18 жасқа толғанда;

  • оны басқа отбасы асырап алғанда;

  • 18 жасқа толмай тұрып заң бойынша ересек адаммен тең құқыққа ие болғанда (мысалы, ерте некеге тұрса немесе кәсіпкерлікпен айналысса);

  • Алимент алып жүрген адамның енді материалдық көмекке мұқтаж емес екені дәлелденгенде алимент тоқтатылады.

Ал алимент өзара нотариус арқылы рәсімделсе, құжатта көрсетілген мерзім аяқталғанда, тараптардың өздері жазып көрсеткен жағдайлар орын алғанда немесе екі жақтың бірі өмірден өткенде тоқтатылады.


2026 жылы не өзгерді?


1. Баланың алименті ата-ананың қарызын өтемейді


2025 жылдың көктемінен бастап алимент алатын ата-ана баланың ақшасы түсетін арнайы банк шотын ашуға міндеттелді. Бұл шотқа тек теңгемен алимент аударылады және ондағы ақша тек баланың қажетіне жұмсалуға тиіс еді. 2026 жылғы маусымнан бастап бұл ақша тағы қорғалды. Алимент алып отырған ата-ананың несие, салық немесе басқа да қарызы болса, банк баланың алиментін сол қарыздарды өтеуге ұстап қала алмайды.


2. Жағдай қиындаса, сот төлемді азайта алады


Бұрын алимент төлейтін адамның табысы азайып, қаржылай жағдайы нашарласа да, соттар алимент мөлшерін өзгертуге сирек келісетін. Қазір бұл өзгерді. Адамның табысы едәуір азайса, бұл алимент мөлшерін қайта қарауға заңды негіз болып саналады. Бұл ереже сот белгілеген алиментке де, ата-аналардың өзара келісіп, нотариус арқылы рәсімдеген алимент келісіміне де бірдей қолданылады.

3. Құмар ойынға әуесқойлардың жолы кесілді


Алимент төлемей, борышкерлер тізіміне енген адамдарға құмар ойын ойнауға 2024 жылдың күзінен бастап тыйым салынған. Бірақ бұл талап 2026 жылдан бастап қатаң бақылана бастады.


Мысалы, Астана прокуратурасының тексерісінен кейін баласына 350 миллион теңгеден астам алимент қарызы бар 150 адамға букмекерлік кеңселерде бәс тігуге тыйым салынды. Олардың арасында баласына 2,5 миллион теңге алимент төлемей жүріп, букмекерлік кеңселер арқылы 80 миллион теңге айналым жасаған адамдар да болған.


4. Такси жүргізушілері мен «фрилансерлердің» табысы ашық көрінеді


Бұрын ресми жұмысы жоқ деп сылтаурататынның көбі таксиде немесе түрлі платформада нәпақа тауып жүретін. 2026 жылғы мамырда Мәжіліс қабылдаған түзетулер бұл мәселені шешті. Енді такси агрегаторлары мен жұмыс табуға арналған қосымшалар өз жүйесі арқылы ақша тауып жүрген борышкерлердің табысын сот орындаушыларына ашып көрсетуге міндетті.

Алимент төленбесе, не істеу керек?

  • Сот орындаушысына өтініш беру – ол борышкердің табысы мен мүлкі туралы мәліметті сұратуға, шоттары мен мүлкіне арест қоюға және шетелге шығуын шектеуге құқылы.

  • Борышкерді тексеру – qamqor.gov.kz порталындағы Борышкерлердің бірыңғай тізілімінен оның құмар ойындарға қатысуына шектеу қойылған-қойылмағанын білуге болады.

  • Қасақана төлемей жалтарса – ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы арыз жазу керек. Ал әкімшілік жауапкершілік төлеуден жалтарудың алғашқы белгілері байқалғанда-ақ қолданылады.

  • Алимент төлейтін адамның жағдайы нашарласа – төлемді өз бетінше тоқтатпай, соманы қайта қарау үшін сотқа жүгінген жөн. Себебі мерзімі өткен әр күн үшін өсім (пеня) жүреді және ол негізгі қарыздан асып кетуі мүмкін.

Бұл материал заңгердің кеңесі емес. Нақты жағдай бойынша маманға жүгінуіңізді сұраймыз.

Бөлісу: