Әлеуметтік желіні «бір-екі минутқа ғана қараймын» деп ашып, арада бір сағаттың қалай өтіп кеткенін байқамай қалған кезіңіз болды ма? Көбі мұны ерік-жігердің әлсіздігі деп ойлайды. Алайда мәселе тек онда емес. Әлеуметтік желілер қолданушыны мүмкіндігінше ұзақ ұстап қалуға тырысады. Оның артында біздің не нәрсеге қызығатынымызды болжайтын алгоритмдер мен адам психологиясына негізделген тәсілдер жатыр.
Бұрын әлеуметтік желідегі жазбалар көбіне жарияланған уақыты бойынша көрсетілетін. Кім бірінші жарияласа, соның жазбасы лентаның басында тұратын. Оған қоса кімге жазылғаныңыз да маңызды еді. Қазір бұл жүйе өзгерді.
Instagram, Facebook, TikTok сияқты платформалар енді әр қолданушыға бірдей лента көрсетпейді. Оның орнына алгоритм сізге ұнауы мүмкін контентті іріктейді. Сондықтан лентаңызда бұрын көрмеген авторлардың немесе мүлде жазылмаған парақшалардың жазбасы да жиі кездеседі. Мысалы, Facebook желісіндегі лентаның 54%-ы – қолданушы жазылмаған парақшалардың жазбалары.

Алгоритм бізді қалай таниды?
Алгоритм контенттің жақсы не жаман деп баға бермейді. Жүйе сіздің әрекеттеріңізді үнемі талдап, біртіндеп «цифрлық портретіңізді» қалыптастырады. Сондықтан бір оқиға туралы әр адамның лентасында әртүрлі жазбалар шығуы мүмкін.
Қай жазбаға тоқтадыңыз? Әлеуметтік желі лентасында жүздеген контент жылдам ауысып жатады. Бірақ сіз қай жерде тоқтадыңыз, қай видеоны көре бастадыңыз немесе қай мәтінді оқуға кірістіңіз – алгоритм мұның бәрін байқайды. Тіпті бірнеше секундқа кідіріп қалғаныңыздың өзі назарыңыз ауғанының белгісі болуы мүмкін.
Немен әрекеттестіңіз? Лайк басу, пікір жазу, жазбаны сақтап алу немесе досыңызға жіберу – мұның бәрі алгоритм үшін маңызды белгі. SocialPilot сарапшыларының талдауынша, жазбаны сақтап алу лайкқа қарағанда әлдеқайда маңызды сигнал саналады. Себебі бұл қолданушының контентке кейін қайта оралғысы келетінін білдіреді. Ал үш немесе одан да көп сөйлемнен тұратын мазмұнды пікір қарапайым реакциядан 8-15 есе жоғары бағалануы мүмкін. Жазбаны жеке хат (директ) арқылы досыңызға жіберу ең күшті белгілердің бірі саналады. Сондықтан кейін алгоритм сізге соған ұқсас материалдарды жиірек ұсына бастайды.

Қанша уақыт қарадыңыз? Егер сіз роликті соңына дейін көрсеңіз немесе бір бөлігін қайта қарап шықсаңыз, алгоритм мұны да қызығудың белгісі деп қабылдайды. Соның нәтижесінде дәл сондай тақырыптағы немесе форматтағы видеолар лентаңызда жиі шыға бастайды.
Шын мәнінде, алгоритм үздіксіз жұмыс істейтін үлкен зертханаға ұқсайды. Сіз басқан әрбір лайк, көрген әрбір видео, тоқтаған әрбір секунд жаңа мәліметке айналады. Соның негізінде жүйе келесі жолы сізге қандай контент көрсету керек екенін қайта есептейді.
Қызық дерек:
Әлем бойынша 5,4 миллиардқа жуық адам әлеуметтік желіні пайдаланады. Бұл – жер шары халқының шамамен 62%-ы.
Орта есеппен адамдар алгоритмге негізделген платформаларда күніне 141 минуттай уақыт өткізеді.
Адамдар TikTok-тан видеоларды көбіне жазылған аккаунттардың парақшаларынан емес, алгоритм ұсынған «Сіз үшін» бөлімінен көреді.
Желілердегі контенттің 80%-дан астамын қазір адам емес, жасанды интеллект таңдап береді.
Яғни бүгін көріп отырған дүниелеріміздің басым бөлігін өзіміз емес, алгоритм таңдайды.
Бірақ мұның бәрі не үшін керек?
Алгоритмнің мақсаты сізге қызық контентті ұсыну ғана емес. Ол сіздің қосымшада мүмкіндігінше ұзақ уақыт болғаныңызды қалайды. Өйткені әлеуметтік желілердің табысы көбіне пайдаланушының экран алдында өткізген уақытына байланысты. Сол себепті платформалар адам психологиясының жақсы зерттелген ерекшеліктерін пайдаланады.

1930 жылдары америкалық психолог Б. Ф. Скиннер жануарларға тәжірибе жасаған. Ол тышқандарға жемді әрдайым бір уақытта емес, кездейсоқ уақытта беріп отырған. Нәтижесінде жануарлар жемнің нақты қашан түсетінін білмеген кезде тұтқаны әлдеқайда жиі басқан. Ғалымдар мұны «айнымалы марапат жүйесі» (variable reward) деп атайды. Адамды ең қатты қызықтыратыны марапаттың өзі емес, оның қашан болатынын білмеу.
Дәл осы қағида әлеуметтік желілерде де қолданылады. Лентаны сырғытқанда не шығатынын алдын ала білмейсіз: бірінде қызықсыз дүние кездессе, келесісінде ішек-сілеңізді қатыратын видео шыға келуі мүмкін. Салған суретіңізге бес лайк баса ма, әлде бес жүз лайк баса ма – ол да белгісіз. Міне, осы бір «қазір не шығады екен?» деген ой мида дофамин бөледі де, қолымызға қайтадан телефонды алғымыз келеді.
Бір қызығы, бұл гормон қызық көрген сәтте емес, соны күтіп отырған сәтте көбірек бөлінеді екен. Телефонға хат, белгі келсе, миымыз әлгі хатты ашпай жатып-ақ алдын ала қуанып, еліріп үлгереді. Бұл бізді телефонға қайта-қайта қарауға мәжбүрлейтін бітпейтін бір шырғалаңға салып қояды.
Бұл жағдай күн сайын қайталана берсе, әлеуметтік желіні жиі тексеру әдетке айналып кетуі мүмкін. Бара-бара мидың еті өліп, баяғыдай рахат сезіну үшін желіні бұрынғыдан да ұзағырақ парақтауға тура келеді. Ал телефонды қолымыздан тастай қалсақ, бір нәрсеміз жетпей тұрғандай мазамыз қашып, ашушаң болып шыға келеміз.
Шырғалаңнан шығуға бола ма?
Өзіңізді кінәлауға асықпаңыз. Телефоннан бас алмай қалуыңыз тек жігердің әлсіздігінен емес. Оның артында адам назарын ұстап тұру үшін арнайы жасалған алгоритмдер мен психологиялық тәсілдер тұр.
Мұны білу телефонға тәуелділіктен бірден құтқармайды. Бірақ телефоннан бас алмай қалуды тек жігердің әлсіздігі деп қабылдамауға көмектеседі. Өйткені бұл – жылдар бойы жетілдірілген алгоритмдер мен адам психологиясына сүйенген жүйенің жемісі. Сондықтан мынадай қарапайым қадамдарды жасап көруге болады:
Хабарламаларды өшіріп қойыңыз. Олар телефонды қолыңызға алуға қайта-қайта түрткі болады.
Әлеуметтік желіні шексіз парақтай бермеңіз. Мүмкіндік болса, экран уақытына шектеу қойып немесе белгілі бір уақыттан кейін үзіліс жасап отырыңыз.
Лентаны уақыт ретімен көрсететін баптауды қолданыңыз. Facebook, Instagram және Threads желілерінде жазбаларды жарияланған уақыты бойынша көруге болады.
Желіден анда-санда демалып тұрыңыз. Ара-тұра телефонды бір-екі сағатқа шетке қоюдың өзі миға тынығып, назарды қайта жинақтауға көмектеседі.




