Денсаулық18+Алғашқы секс: қорқыныш, қате түсініктер мен «мінсіз» жоспардың болмауы

Алғашқы секс: қорқыныш, қате түсініктер мен «мінсіз» жоспардың болмауы

15 мамыр 2026
6 мин
Первый секс в XXI веке: страхи, предрассудки и идеальный сценарий, которого не существует
"Половое воспитание" сериалынан үзінді | Фото: Кинопоиск

Статистикаға сенсек, Қазақстандағы 18-19 жастағы жастардың жартысына жуығы жыныстық қатынасқа түскен. Әлемдегі жағдай да шамамен осындай. Қалған бөлігі үшін бұл тақырып көбіне кейінге қалып, уайым мен сұрақ тудырады. Бұл мақалада алғашқы секс туралы қорқыныш пен қате түсініктердің неге әлі де бар екенін қарастырамыз.


Әлемдегі статистика


Әлемнің көп елінде адамдар жыныстық өмірді 17-19 жас аралығында бастайды. Ал кейбір елде бұл қадам кешірек басталады. Мысалы: Мьянма (22,5 жас), Түрікменстан (21,6 жас), Камбоджа (21,4 жас) және Армения (21,2 жас). Жыныстық өмірдің кеш басталуына әдетте мәдениет, экономика, дін, отбасындағы тәрбие мен қоғам түсінігі әсер етеді.


Кей қоғамда некеге дейінгі жыныстық қатынасқа қатаң қарап, оған тыйым салады. Мұндай ортада бұл тақырып көбіне жабық болады, ал жастар көбіне ұялып, қысылады. 


Отбасындағы тәрбие де маңызды рөл атқарады. Ата-ана баласының өміріне тым қатты араласып, кіммен жүріп-тұрғанын бақыласа, бала эмоциялық тұрғыдан ата-анасынан ажырамаса, ол секс тақырыбынан одан әрі қорқа береді.


Еуропа елдерінде бірінші секс орта есеппен мына жаста болады: Францияда – 18 жас, Германияда – 17,6 жас, Италияда – 18,9 жас, ал Швейцарияда – 18,2 жас. 


Секс туралы аз айтылатын елдерде алғашқы тәжірибе жыныстық сауат дамыған елдерге қарағанда қорқынышты әрі қауіптірек болуы мүмкін. Ондай ортада өзіңнің не қалайтыныңды айту немесе шекараңды қорғау әлдеқайда қиын.


Жыныстық өмірдің ерте немесе кеш басталуы адамды бақытты немесе бақытсыз етпейді. Ең бастысы – бұл қадамға адам өз еркімен баруы керек. Өзін қауіпсіз сезініп, бұған іштей дайын болғаны маңызды.


Қорқынышты секс


Алғашқы секс алдындағы уайым тек тән мәселесі емес. Бұған адамның өзіне сенімі, тәрбиесі мен ортасы тікелей әсер етеді. Көбі бұл тақырыптағы ақпаратты интернеттен немесе достарынан алады. Ал ата-анамен бұл туралы ашық сөйлесетіндер аз. Мұндайда адам қорқып, жиі уайымдайды. Ендеше, ең негізгі қорқыныштарға жеке-жеке тоқталып өтейік.


Ауырсыну мен жайсыз сезімнен қорқу


Бұл – әсіресе қыздар арасында жиі кездесетін қорқыныштың бірі. Көбіне интернеттегі оқиғалар мен таныстардың әңгімелері әсер етеді. Сондай-ақ адам алда не күтіп тұрғанын білмеген соң қатты уайымдайды. Кейбіреулер қаннан немесе денемді басқара алмай қаламын ба деп қорқады. Осы үрейдің күшті болғаны соншалық, адам жақындықтан мүлдем қашып, аулақ жүруге тырысады.


Негізінде, бірінші секс міндетті түрде ауыр болуы шарт емес. Көп нәрсе ағзаның қаншалық қозып тұрғанына, серіктеске қаншалық сеніп тұрғанына және іштей өзін қаншалық еркін сезініп тұрғанына байланысты. Егер қатты қобалжып, соның салдарынан дене қатайып қалса, бұлшықеттер жиырылып, процесс шынымен жайсыз болуы мүмкін.


Тәжірибесі жоқ екенін ойлап, уайымға салыну 


Секс мінсіз болуы керек деген түсінік адамды «қолымнан ештеңе келмейді», «дұрыс істей алмаймын» деген қорқынышқа итермелейді. Қыздардың көбі өзін өзгелерден төмен санап, жеткілікті деңгейде тартымды не тәжірибелі емеспін деп уайымдайды. Соның салдарынан адам өз денесінен ұялып, «мені ұнатпай қалса ше?» деп қорқады. Бірақ алғашқы тәжірибе мінсіз болуы шарт емес. 


Кино мен әлеуметтік желілер алғашқы сексті ертегідей көрсетіп келді: шамдар, әдемі музыка, мінсіз серіктес пен ерекше сезім. Бірақ фильмдер мен порнодағы «идеал» образдар – көбіне шынайы өмірден алыс. Бірақ шын өмірде бәрі қарапайым. Алғашқы секс ыңғайсыз, біртүрлі немесе тым қарапайым болуы мүмкін. Одан кейін өміріңіз бірден өзгеріп кетпесе де, «бәрі бұрыс болды» деп уайымдаудың қажеті жоқ. Секс – бірте-бірте үйренетін нәрсе. Бірінші реттен-ақ бәрі керемет бола бермейді, өйткені ол сәтте екі адам да бір-бірін енді ғана танып, үйренісе бастайды.



Жүкті болып қалудан немесе инфекция жұқтырудан қорқу


Жақындықты қалап тұрсаңыз да, іштей уайым болуы мүмкін. Мұндай үрейден құтылудың ең оңай жолы – сақтану жолын жақсылап түсініп алу. Серіктесіңізбен қауіпсіздік туралы ашық сөйлессеңіз, көңіліңіз орнына түседі.


«Ластанып» немесе «өзгеріп кетемін деп» қорқу


Көбі бірінші жыныстық қатынасты бір кезеңнің аяқталуы деп түсінеді. Қыздар «бойымдағы ең құнды нәрсені жоғалтамын» немесе «жұрт маған басқаша қарайды» деп уайымдайды. Бұған діни тәрбие, отбасындағы қатал тыйымдар мен «пәктік – ең басты құндылық» түсінігі себеп.


Тіпті алғашқы жақындықтан кейін кейбір қыздар өзін кінәлі сезініп, маңызды нәрседен айырылғандай күй кешеді. Бұл секске емес, бала кезден санаға сіңген ойларға байланысты. Шын мәнінде, адам бұрынғы қалпында қалады.



Көңілі қалудан қорқу


Алғашқы сексті өте көп романтизациялайды. Көбі бұл сәттен ерекше бір сиқыр мен ғажайып сезім күтеді. Бірақ шынайы өмірде бәрі басқаша болуы әбден мүмкін. Салдарынан іштей мазасызданып, өкініп, тіпті үрейленіп жатады. Бұл адамның өз қалауы мен ішкі ұстанымдарының бір-біріне қайшы келгеніне байланысты.


Бұған қоса серіктестің көзқарасы суып, әуестігі жоғалып кететіндей көрінеді. Тіпті «мені пайдаланып кетті» деген ой мазалауы мүмкін.


Секс тек физикалық емес, эмоциялық жақындыққа да әсер етеді. Бұл – адамның ең қорғансыз сәті. Сондықтан көп жағдайда жақындықтың өзінен емес, одан кейін қарым-қатынастың үзіліп кетуінен көбірек қорқады.


Жағымсыз әсерден (травма алудан) қорқу


Психологтардың айтуынша, жағымсыз әсер тек зорлық-зомбылықтан қалмайды. Кейде адам серіктесінен айырылып қалудан қорқып, қаламаса да амалсыз жыныстық қатынасқа түсуге келісе салады. Мұны сана өз шекараңды бұзу деп түсінеді. Кейде секстің өзі емес, одан кейінгі жағдай жаныңа батады. Мысалы, серіктестің жоғалып кетуі, суық сөйлеуі мен дөрекілігі қатты тиеді. Тіпті бұрын-соңды ештеңе болмаса да, тәрбиеден-ақ психологиялық соққы алуға болады. Егер бала кезден «секс – жаман нәрсе», «еркектерге тек сол керек», «жақсы қыздар бұлай істемейді» дегенді естіп өссе, адамның бойын үрей билейді. Психологтар мұны «улы ұят» дейді.



Шынымен дайын екеніңізді қалай білуге болады?


Алғашқы секске дайын болу жасқа немесе қанша уақыт жүргеніңе байланысты емес. Ең бастысы – іштей түсініп, өзіңіз қалау. Өзіңе «шынымен бұл менің қалауым ба?» деген сұрақты қойып көріңіз. Егер «басқалардың бәрінде болды», «тәжірибем болмағанына ұяламын», «серіктесімді жоғалтып алудан қорқамын» немесе «тезірек осы мәселені жауып құтылғым келеді» деген ойлар мазаласа, онда бұл сіздің шынайы қалауыңыз емес. Бұл тек басқалардың пікірі мен қорқыныш әсерінен туған ойлар.


Дұрыс ниет мүлдем басқаша болады. Сізге бұл шынымен қызық, қасыңыздағы адамға сенесіз әрі өзіңді қауіпсіз сезінесіз. Ең бастысы, мұны міндет немесе емтихан тапсырғандай көрмейсіз. Секске есеюдің белгісі деп емес, жай ғана адамның өз қалауымен болатын жаңа бір тәжірибесі ретінде қараған дұрыс. Оған асығудың немесе оны міндет санаудың қажеті жоқ.


Алғашқы секске дейін серіктесіңізбен не туралы сөйлескен жөн?


Жақындық алдында ашық сөйлескен өте маңызды. Ешкім бәрін біліп тумайды, сондықтан бұл тақырыпты емін-еркін талқылай алу керек. Екеуіңізге де бәрі ыңғайлы ма, қандай қорқыныш бар, не нәрсеге рұқсат, ал не нәрсе болмайтынын ашық айтып талқылаңыздар. Сақтану жолдарын да алдын ала келісіп, оны кім сатып алатынын (контрацепция) шешіп қойған дұрыс. Мұндай әңгіме кезінде сәл ыңғайсызданасыз, бұл – қалыпты жағдай. Бірақ серіктесіңіз бұл тақырыптан мүлдем қашса, онда қарым-қатынастағы өзара түсінісуге, сенімге көңіл бөлген жөн.


Екінші маңызды нәрсе – порно немесе эротикалық киноларға еліктемеңіз. Олар – көңіл көтеру үшін түсірілген дүниелер. Ондағы мінсіз көріністерді шынайы өмірден күтудің қажеті жоқ. Шынын айтқанда, алғашқы секс өміріңіздегі ең керемет сәт бола қоюы екіталай. Егер жақындасқан соң өзіңізді жайлы әрі қауіпсіз сезінсеңіз, бәрі дұрыс болғаны. Ең тәтті сәттер әлі алда екенін ұмытпаңыз. Тіпті жарты сағат бұрын келісіп тұрсаңыз да, кез келген сәтте ойыңыздан айнып, процесті тоқтатуға толық құқығыңыз бар екенін ұмытпаңыз.



Одан кейін не істеу керек?


Алғашқы секс сіздің сексуал болмысыңызды бірден ашып тастамайды. Кейде адам қуанып, жақындай түскенін сезеді, кейде абдырап қалады, ал кейде ештеңе сезбеуі де мүмкін. Бұл сезімдердің қалыпты екенін тағы да айтқымыз келеді. Бұл сәтті өзгелердің айтқандарымен салыстырып, «бәрі қалай өтті?» деп дереу баға беруге асықпаңыз. Одан да өз-өзіңізге сұрақ қойып көріңіз: не сезіндіңіз, қандай әсер алдыңыз, мұны тағы қайталағыңыз келе ме? Қандай сезімде болсаңыз да, өзіңізді кінәлап, ұялудың қажеті жоқ. Басқалардың хикаяларына қарап бой түземей, өз эмоцияларыңызды қорытуға уақыт беріңіз.

Бөлісу: