Ойын-сауықӘдебиетӘлеуметтік желілер мен ЖИ заманында неге кітап оқуымыз керек?

Әлеуметтік желілер мен ЖИ заманында неге кітап оқуымыз керек?

19 тамыз 2026
3 мин
"Человек-паук: Возвращение домой" фильмінен үзінді | Фото: Кинопоиск

Қазір уақытымыздың көбін әлеуметтік желіге арнаймыз: желі бетін парақтаймыз, қысқа видеолар көріп, пікір жазып, одан қалса жазбаны достарымызға бөлісеміз. Ол аз десеңіз, кез келген ақпаратты тауып, кітапты қысқаша түсіндіріп беретін ЖИ пайда болды. Санаулы секундта дайын ақпарат алсақ, кітап оқудың не қажеті бар? Tamga Media бұл мәселені жазушы, ақын, әдебиеттанушы әрі Almaty TV арнасының шолушысы Екатерина Алимппен талқылады.


Неге кітап оқу қиындап кетті?


Әлеуметтік желілер мен жаңалықтар бізді әбден қысқа ақпаратқа үйретті. Өйткені мәтінді толық оқығаннан сөздерін шолып өту әлдеқайда оңай. Екатерина Алимптің айтуынша, бұған адамдар емес, айналамыздағы орта кінәлі:

«Қазір бір уақытта бірнеше шаруаны қатар істейміз. Оның үстіне, жарнамалар мен видеолар назарымызды бірден басқа жаққа бұрады. Осындай түрлі-түсті дүниелерден кейін жай мәтінді оқу іш пыстыратындай. Меніңше, қысқа хабарламаларға үйренген ми ұзақ уақыт бір нәрсеге зейін қоюды ұмытып бара жатыр».


Кітап оқу миға қалай әсер етеді?


Когнитив психология мен нейроғылым саласындағы зерттеулер үлкен мәтіндерді оқу үшін зейін қойып, есте сақтап әрі үздіксіз ойлану керегін айтады. Ғалым Ребекка Биндманның айтуынша, кітап оқитын адамның миы мүлде басқаша істейді: еске сақтау мен ақпаратты қорыту қабілеті жақсарып, зейіні артады.


Екатерина Алимптің ойынша, кітаптың қазір көріп жүрген экрандағы контенттен басты айырмашылығы – ол бізді жай ғана көрермен етпей, оқиғаның ішіне тартады:

«Кітап оқығанда біз автормен бірге шығарманы қайта жазғандай боламыз. Оқиғаға сүңгіп кетіп, кейіпкерлердің жүріс-тұрысын, дауысын, тіпті бейнесін елестетеміз. Өздері сондай ыстық, жақын болып кететіні сонша – соңғы бетін жапқың келмейді. Ал әлеуметтік желі бәрін дайындап береді де, қиялға мүлде орын қалдырмайды. Кітапта керісінше оқиғаны қай қарқында оқитыныңды өзіңіз шешесіз де, кейіпкердің басынан өткенді өміріңізбен салыстырасыз. Соңында сәл кідіріп, ойларымызға құлақ түріп, ішімізге терең үңіле аламыз».


Кітап оқудың пайдасы туралы зерттеулер


Ғалымдар көркем әдебиет оқудың пайдасын нақты деректермен дәлелдеген. 2013 жылы Emory University ғалымы Gregory Berns пен оның әріптестері жүргізген зерттеу бойынша, роман оқып бітіргеннен кейін де мидың тіл мен сезімге жауап беретін бөліктері бірнеше күн бойы белсенді жұмыс істеп тұрады. Сондай-ақ 2013 жылы Kidd пен Castano көркем шығарма оқитын адамдардың өзгелердің ішкі сезімін, ойы мен ниетін әлдеқайда жақсы түсінетінін анықтады.


Ал Сассекс университетінің ғалымдары 2009 жылы бары-жоғы алты минут кітап оқу күйзелісті музыка мен серуенге қарағанда әлдеқайда тез әрі оңай басатынын дәлелдеп шықты. Сонымен қатар зерттеуші Keith Stanovich «Матфей эффектісі» еңбегінде көрсеткендей, адам неғұрлым көп оқыса, оның сөздік қоры соғұрлым байып, сөйлеу шеберлігі арта түседі.


Оқитын ұлт


Бір қызығы, 2026 жылы кітап оқу мәселесіне алғаш рет мемлекет деңгейінде мән берілді. 16 мамырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Оқу мәдениетін дамыту және оқитын ұлт қалыптастыру» туралы Жарлыққа қол қойды. Жарлықтың мақсаты кітап оқу арқылы халықтың білімі мен мәдениетін көтеріп, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу. Енді осы бастама аясында «Оқитын ұлт» жобасын жасап, заманауи технологиямен жабдықталған жаңа кітапханалар мен арнайы орталықтар ашылмақ.


ЖИ кітаптың орнын баса ала ма?


Қазір ЖИ бірнеше секундта кез келген романның мазмұнын айтып, сюжетін түсіндіріп, негізгі идеясын тауып беретінін көріп жүрміз. Әйтсе де, Екатерина кітаптың мазмұн қысқаша білу мен кітапты оқу – екі бөлек дүние екенін айтады:

«ЖИ кітапта не болғанын айтып бере алар, бірақ оны оқырман сияқты сезіне алмайды. Ол шығарманың атмосферасын жеткізе алмайды, кейіпкермен бірге оның жолын жүріп өтіп, қуанышы мен қайғысын бөлісе алмайды. Бір сөйлемге тоқтап, өз өміріңіз туралы ойланып, үйреншікті заттарға басқаша қарауға мәжбүрлей алмайды. Иә, мазмұнын қысқаша тыңдап, сюжетті біліп алуға болады. Бірақ кітаптың басты құндылығы оның мазмұнында емес, автормен бірге бастан кешетін әсерлі сапарда екенін білмейді».


Бұл көзқарасты ғалымдар да толық қолдайды. 2026 жылдың көктемінде Принстон университетінің президенті Christopher Eisgruber студенттерге арналған Princeton Pre-read бағдарламасына Maryanne Wolf-тың “Reader, Come Home: The Reading Brain in a Digital World” кітабын арнайы таңдап алды. Ол жасанды интеллект дамыған сайын кітап оқудың маңызы арта түсетінін айтады. Оның пікірінше, білімнің негізі – терең әрі зейін қойып оқу. Өйткені ол адамның сыни ойлауына, ақпаратты талдауына әрі жеке пікірін айтуына ықпал етеді. Сол себепті мазмұнын қысқа оқу да, нейрожелімен сөйлесу де кітаптан алатын ерекше ләззатты алмастыра алмайды.


Оқуға уақыт жоқ


«Кітап оқуға уақытым жоқ», «Жұмыстан соң шаршаймын», «Кино көре салған оңай» дегенді жиі естиміз. Көбі кітап оқу үшін көп уақыт пен күш керек деп, кітап оқуды кейніге шегере береді. Шынымен мәселе уақыттың жетпегенінде ме? Бұл туралы Екатерина Алимп былай дейді:

«Күнделікті шаруадан қол тимей, шаршайтын сәттер бәрімізде болады. Бірақ мәселе уақыттың жоқтығында емес, не нәрсеге басым қарап, маңызды санайтымызда жатыр. Демалатын сәтте қолымызға бірден телефон алып, әлеуметтік желіге қалай кіріп кеткенімізді байқамай да қаламыз. Ал негізі ұйқыға кетер алдында жақсы кітап оқуға бәрімізде де 20-30 минут табылады. Негізі, түнде кітап оқып ұйықтасаңыз, өте қызық әрі ғажайып түстер көресіз».


Кітап оқуды қайтадан қалай бастау керек?


Көптен бері кітап оқымасаңыз, бірден көлемді классикадан бастаудың керегі жоқ. Оқу әдетін қайта қалыптастыру үшін «міндетті» кітаптарды емес, өзіңізге шынымен қызық әрі шағын шығармаларды таңдаған жөн. Әңгімелер мен повестер сияқты шағын шығармаларды оқып біткенде кітапты аяқтағандағы ерекше сезімді сезінесіз, әрі оқуды әдетке айналдыру да оңай болады.


Екатерина бұл туралы былай дейді:

«Бастапқыда үлкен романдарға ұрынбай, шағын повестер мен әңгімелерді оқыған дұрыс. Ең бастысы – кітапты соңына дейін жеткізу. Содан кейін ғана келесі кітапты ашуға ықыласыңыз артады. Кейде таңертең оқиғаның жалғасына асығу үшін ұйықтар алдында бір-ақ тарау оқысаңыз да жеткілікті».


Екатерина бірінші қадамды бірден баурап алатын шығармалардан бастауға кеңес береді. Оның пікірінше, Бернар Вербердің «Құмырсқалар» («Муравьи»), «Бiз – құдайлармыз» («Мы, боги») және «Танатонавттар» («Танатонавты») сияқты романдары мен Дэн Браунның «Періштелер мен жын-перілер» («Ангелы и демоны»), «Да Винчи коды» («Код да Винчи»), «Жоғалған символ» («Утраченный символ») және «Инферно» детективтерін оқу қызық. 

«Ал классикадан мен үшін әлі күнге дейін №1 кітап – Михаил Булгаковтың «Мастер и Маргарита» романы. Оны әр оқыған сайын жаңа мағына ашасыз», – дейді жазушы.


Болашақта ең керек дағды


Әлеуметтік желі мен ЖИ-дің өмірімізден кетуі екіталай. Қайта күнделікті әдетімізге айнала берері хақ. Сондықтан кітаптың қадірі артпаса, кемімейді. Асықпай ой қорытуға, бір нәрсеге зейін қоюға, ішкі үніңді естуге мүмкіндік беретін санаулы жолдардың бірі – кітап оқу. Оның орнын ешқандай мазмұны қысқа материал да, лентадағы видеолар да баса алмайды.

Бөлісу:

Әлеуметтік желілер мен ЖИ заманында неге кітап оқуымыз керек?