Атлант мұхитының ортасында қалған MV Hondius кемесіндегі жағдай әлем назарын өзіне аудартты. Кемеде үш адам хантавирустан қайтыс болды, тағы бірнеше жолаушы ауырып, ауруханаға түсті. Қалғандары карантинге жабылды. Осы оқиғадан кейін көпшілік сирек кездесетін хантавирус туралы қайта айта бастады.
Хантавирус – кеміргіштер арқылы тарайтын сирек, бірақ өте қауіпті инфекция.
Кемедегі жағдай қалай басталды?
1 сәуір. MV Hondius кемесі Ушуайя қаласынан теңіз саяхатына шыққан. Бағыт Оңтүстік Атлант мұхитындағы шалғай аралдар арқылы өтіп, Cape Verde аралдарына дейін жалғасуы керек болған. Кемеге иелік ететін Oceanwide Expeditions компаниясының мәліметінше, экипаж мүшелерінен бөлек бортта 23 елден келген 114 жолаушы болған. Олардың арасында Испания, Франция, Германия, Грекия, Нидерланд, Ирландия, Польша, Португалия және басқа да елдердің азаматтары бар.
6 cәуір. ДДСҰ дерегіне сүйенсек, жолаушылардың бірінің қызуы көтеріліп, басы ауырып, іші өткен. Алғашында бұл кәдімгі вирус инфекциясы сияқты көрінген.
11 сәуір. Бірақ кейін оның жағдайы күрт нашарлап кеткен. Тыныс алуы қиындап, сол күні кемеде қайтыс болған. Ол кезде нақты қандай ауру екені белгісіз еді, марқұмнан зертханалық талдау алынбаған.
24 сәуір. Марқұмның денесі Сент-Елена аралына жеткізілді.
26 сәуір. Екі күн өткен соң, дәл осы кемеде болған Германия азаматшасынан да асқазан-ішекке байланысты ауыр симптомдар байқалған. Кейін оның да жағдайы нашарлап, 2 мамырда көз жұмды.
4 мамыр. Тағы бір жолаушы – Ұлыбритания азаматы өзін жайсыз сезініп, кеме дәрігеріне барып, тексерілген. Келесі күні оны шұғыл эвакуациялаған. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр.
Кейін қайтыс болған адамдардан хантавирустың бір түрі – Анд вирусы анықталғаны белгілі болды. Солтүстік, Орталық және Оңтүстік Америкада тараған вирустың бұл түрі өте қауіпті. Инфекция кардиопульмонал синдромын туғызады.
6 мамыр. Атлант мұхитындағы Кабо-Верде арал мемлекеті жағалауында үш күн болған кеме Испанияға бағыт алған.
10 мамыр. MV Hondius лайнері Канар аралдарының бірі – Тенерифеге келіп тоқтады. Reuters ақпарат агенттігінің мәліметі бойынша, Испанияның денсаулық сақтау министрі Моника Гарсия борттағы барлық адамда ауру белгілері жоқ екенін хабарлаған. Испания билігі мен дәрігерлер 35 экипаж мүшесі мен 87 жолаушыны, яғни жалпы 122 адамды өз еліне жіберді. Қалған экипаж мүшелері кемеде қалып қойған.

Ал Канар аралдарының президенті Фернандо Клавихо COPE радиосына берген сұхбатында лайнердің Тенерифеге келгенін қолдамайтынын айтқан.
Фернандо Клавихо, Канар аралдарының президенті:
«Жолаушылар ауру жұқтырмаған болса және денсаулық саласында төтенше жағдай болмаса неге Нидерландыға сапарын жалғастырмайды? Неге оларды Канар аралдарына әкелу керек? Мен Канар аралдары тұрғындарының қауіпсіздігін соқыр тәуекелге тікпеймін».
Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус індетті зерттеу жұмысы әлі аяқталмағанын мәлімдеді. «Қауіп кемесі» жолаушыларын тастап, Нидерландының Роттердам қаласына қарай бағыт алды. Кемеге иелік ететін Oceanwide Expeditions кеме діттеген межеге шамамен 6 күнде жететінін хабарлады.
Хантавирусты жаңадан жұқтарғандар бар ма?
Лайнер жолаушылары үйіне оралғаннан кейін де індетті жұқтырғандар анықтала бастады. Бұл вирустың инкубациялық кезеңі (42 күн) ұзақ болуына байланысты. ДДСҰ мәліметі бойынша, кеме жолаушысы болған Франция азаматының ағзасынан вирус табылған. Науқас әйел Парижге жеткен бойда дереу оқшауланған. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Франция билігі лайнерде болған барлық жолаушыны қатаң оқшаулап, ауруханаға орналастырған.
Ал Испанияның денсаулық министрі карантинде жатқан испаниялық бір жолаушыдан да вирус анықталғанын хабарлады.
Сонымен, ДДСҰ мәліметінше, індеттен үш адам қайтыс болған, бір адам ауыр хәлде, тағы үш адамда жеңіл симптомдар бар.
Неліктен бұл оқиға әлемді алаңдатты?
Хантавирус әдетте адамнан адамға оңай тарамайды. Бірақ бұл жолы бір кемеде бірнеше адамның қатар ауыруы мамандарды ойландырып қойды. Оған қоса бостондық фотограф және тревел-блогер Джейк Розмарин (Jake Rosmarin) әлеуметтік желілерінде лайнердегі хантавирус індеті туралы жазбаларымен елді алаңдатты. Ол болып жатқан оқиғаның жай ғана жаңалық емесін, адамдардың тағдыры қыл үстінде тұрғанын айтқан еді.
Дегенмен Дүниежүзідік денсаулық сақтау ұйымы мұны COVID-19 деңгейіндегі жаһандық қауіппен салыстыруға болмайтынын айтады. Себебі хантавирус ауа арқылы жаппай таралатын инфекция емес.
BBC арнасына сұхбат берген молекулалық биолог Ирина Якутенконың айтуынша, кемеде бірнеше адамның қатар ауырғанына таңғалудың қажеті жоқ. Себебі адамдар ешқайда кете алмайтын, шыға алмайтын жабық кеңістікте вирус жұқтыру қаупі артады. Дегенмен ол хантавирус салдарынан жаппай эпидемия болуы екіталай дейді.
Круиз жолаушылары хантавирусты қалай жұқтырып алған?
Хантавирус – кеміргіштер арқылы таралатын сирек инфекция. Адамға көбіне тышқан мен егеуқұйрықтың нәжісі, сілекейі немесе зәрі арқылы, кейде кеміргіштер тістегенде жұғады. Хантавирустар Hantaviridae тұқымдасына, Bunyavirales қатарына жатады. Әдетте әр вирус кеміргіште ұзақ уақыт бойы белгісіз түрде өмір сүреді. Оның бірнеше түрі бар.
Кемеде алғаш болып ауырған нидерландтық ерлі-зайыпты наурыз айының соңында лайнерге мінер алдында Оңтүстік Америкада саяхаттаған. Олар кемеге Аргентинаның Ушуайя қаласынан мінген.
Аргентина денсаулық сақтау министрлігі олар қаладағы қоқыс полигонында құстарды бақылағанда кеміргіштердің нәжісі арқылы вирус жұқтыруы мүмкін деп болжап отыр. Алайда әзірге індетті дәл сол жерде жұқтырғаны расталған жоқ.

Айта кетері, кейінгі уақытта Аргентинада хантавирус жұқтырғандар көбейген. Жергілікті қоғамдық денсаулық сақтау саласының көптеген зерттеушісі мұны климаттың өзгергенімен байланыстырады.
Вирус белгілері қандай?
Ал адам бойындағы хантавирус инфекциясын ерте анықтау қиын. Себебі алғашқы белгілері тұмау, COVID-19, пневмонияға ұқсайды.
Вирус жұққаннан кейін оның белгілері бір апта мен сегіз апта аралығында пайда болуы мүмкін. Аурудың алғашқы белгілері тұмауға ұқсайды:
дене қызуы;
бұлшықет ауруы;
әлсіреу;
бас ауруы;
жүрек айну.
Бірақ бірнеше күннен кейін жағдай күрт нашарлап, өкпеге сұйық жиналуы мүмкін. Ал кардиопульмонал синдромы кезінде ауру тез асқынып, адам жөтеліп, ентігіп, өкпесіне сұйық жиналып, шок жағдайына түсуі мүмкін. Ал геморрагиялық қызбаның ауыр кезеңінде адамның қан қысымы төмендейді, қан кетуі, бүйрек жеткіліксіздігі артуы мүмкін.
Хантавирус қаншалық қауіпті?
Әлем бойынша хантавирус сирек кездеседі. Бірақ статистика бойынша, одан қайтыс болғандардың көрсеткіші жоғары екенін айта кеткен жөн: Азия мен Еуропада – 1%-дан 15%-ға дейін, Америкада – 50%-ға дейін.
Жыл сайын әлемде шамамен 10 мыңнан бастап, 100 мыңға дейін адам хантавирус жұқтырады. Аурудың негізгі бөлігі Азия мен Еуропада тіркеледі. Еуропада жыл сайын бірнеше мың адам ауырады. Ал АҚШ-та бүгінге дейін мыңға жетпейтін жағдай тіркелген.
Хантавирусқа қарсы арнайы дәрі әзірге жоқ. Сондықтан науқастың өмірін сақтап қалуда уақытылы көрсетілген қосымша емнің маңызы зор. Ем барысында өкпе, жүрек және бүйрек жіті тексеріледі. Дәрігерлер науқастың тыныс алуын бақылап, арнайы ем-дом жасайды. Ауру ерте анықталса, аман қалу мүмкіндігі артады.




