EdTech●IT●Әлемге танылып жатқан қазақстандық жас стартаптар

Әлемге танылып жатқан қазақстандық жас стартаптар

28 қазан 2026
4 мин
Фото: Tamga Media | ЖИ

Құны 1,3 миллиард долларға жеткен стартап, 6,2 миллион доллар инвестиция тартқан 19 жастағы кәсіпкер және Y Combinator Startup School бағдарламасына өткен павлодарлық оқушы. Қазақстандық жастардың технологиялық жобалары соңғы екі жылда Кремний алқабындағы ірі инвесторлардың назарын аударып жүр. Осы жобалардың бірі Орталық Азиядағы құны миллиард доллардан асқан алғашқы стартап болды. Өзге жобалар жас компанияларды қолдайтын беделді Y Combinator бағдарламасына қабылданды. Айта кетейіек, кезінде Airbnb, Stripe және Dropbox та осы бағдарламадан өткен.


Higgsfield: жасанды интеллект арқылы видео жасайтын миллиард долларлық стартап


Higgsfield - жасанды интеллект арқылы видео жасауға және өңдеуге арналған платформа. Оны физика олимпиадаларының жеңімпазы Ерзат Дулат пен Алекс Машрабов құрған. Компания инвесторлардан 130 миллион доллардан астам қаржы тартты. Ал оның жалпы құны 1,3 миллиард доллардан асты. Осылайша, ол Орталық Азияда «жалғыз мүйіз» (компания единорог) атанған алғашқы стартап болды. Бұл атау құны миллиард доллардан асқан жас компанияларға беріледі.

Бұл қаншалықты үлкен сома? Түсініктірек болу үшін қарапайым тілмен айтып көрейік. Салыстыру үшін: 2025 жылы Қазақстандағы стартаптарға шамамен 209 миллион доллар инвестиция салынған. Ал Higgsfield бір кезеңде 130 миллион доллардан астам қаржы тартты. Бұл – елдегі стартаптарға бір жылда салынған инвестицияның жартысынан көп. Қазақстанда мұндай инвестицияның жартысына жуығы жасанды интеллект жобаларына бағытталады.


hillclimb: жасанды интеллектті үйретуге көмектесетін стартап


23 жастағы Ибрахим Үстелбай 12 жасында АҚШ-қа көшкен. Кейін Microsoft пен Coinbase компанияларында инженер болып жұмыс істеген. Ол құрған hillclimb жасанды интеллектті үйретуге арналған деректер мен тапсырмаларды орындап жаттығатын орта дайындайды. Яғни команда жасанды интеллекттің жаңа нұсқаларына қажетті білім мен дағдыларды меңгеруге көмектеседі. Онда олимпиада жүлдегерлері мен ғылыми дәрежесі бар зерттеушілер жұмыс істейді.

Стартап 2025 жылдың күзінде жас компанияларды қолдайтын Y Combinator бағдарламасына қабылданды. Оған қаржы салғандардың арасында OpenAI, Anthropic, DeepMind, xAI және Meta компанияларының дамуына үлес қосқан адамдар бар. Ибрахим жобасын Сэм Альтманға өзі таныстырғаннан кейін инвесторлардың қызығушылығы күрт артқан.


Nozomio: 6,2 миллион доллар инвестиция тартқан 19 жастағы қазақстандықтың стартапы


Арлан Рахметжанов Nozomio компаниясын құрып, мектепте оқып жүргенде-ақ алғаш рет миллион долларлық инвестиция тартқан. Инвестордың жобаға қызығушылық танытқанын математика сабағында отырған кезде білген. Компанияның Nia атты өнімі түрлі тапсырманы өздігінен орындайтын жасанды интеллект көмекшілеріне қажетті ақпаратты тауып береді. Ол бағдарламалық кодтың соңғы нұсқаларын, жаңартылған техникалық құжаттар мен сыртқы дереккөздерді іздеп, пайдалануға мүмкіндік береді. Мұндай өзекті ақпаратсыз жасанды интеллект көмекшілерінің іс жүзінде пайдасы аз.

Nozomio 2025 жылдың жазында Y Combinator бағдарламасынан өтті. Кейін стартап CRV, BoxGroup, LocalGlobe қорлары мен Y Combinator-дың қатысуымен бастапқы даму кезеңіне 6,2 миллион доллар инвестиция тартты. Арланның жұмыс қағидасы - пайдаланушылардың пікірін ескеріп, жаңа мүмкіндіктерді апталап күттірмей, бірнеше сағат ішінде іске қосу.


Leaping AI: екі рет бас тарту жауабын алған стартап Y Combinator-ға өтіп, Германияның ірі компаниясымен келісім жасады


Мюнхенде білім алған қазақстандық бағдарламашы бұған дейін Dall-E 2 жүйесінің техникалық инфрақұрылымын жасауға қатысқан. Ол Y Combinator бағдарламасына үш рет өтініш берген. Алғашында дайын өнімі болмағандықтан, екінші жолы клиенттері жоқ болғандықтан қабылданбаған. Үшінші талпынысында жолы болып, 2025 жылғы қысқы легіне өткен.

Оның Leaping AI компаниясы клиенттердің қоңырауларына жауап беретін жасанды интеллект көмекшілерін әзірлейді. Олар телефон операторларының жұмысын атқарады. Стартаптың алғашқы ірі клиенті Германиядағы ең ірі шарап таратушы Hawesko компаниясы болды.


Компанияның бір жылдық келісімшарттарының құны 25 мыңнан 250 мың долларға дейін жетеді. Y Combinator бағдарламасын аяқтағаннан кейін небәрі он аптада жылдық түсімі екі есе өсіп, 500 мың доллардан 1 миллион долларға жеткен. Бағдарлама барысында жобаға Y Combinator президенті Гэри Танның өзі жетекшілік еткен.


Ekho Labs: стартапын өзі құрып, Y Combinator-ға өткен алғашқы қазақстандық әйел


Астаналық Алина Пак әуелі мәтін жазып, шағын жобаларымен айналысқан. Кейін түрлі елдердің мемлекеттік органдарына қаржылық қылмыстарды талдауға көмектескен. Осы тәжірибесіне сүйеніп, ол жасанды интеллектке негізделген Ekho Labs платформасын құрды. Бұл жүйе зауыттар мен басқа да өндіріс орындарына тауар жеткізуде болуы мүмкін қиындықтарды алдын ала хабарлайды. Саудаға шектеу қойылғанда немесе елдер арасында қақтығыс туындағанда, тауарды жеткізудің басқа жолдарын табуға көмектеседі.

Ekho Labs 2026 жылдың жазында Y Combinator бағдарламасына қатысып, 500 мың доллар инвестиция алды. Жобаға алғаш қаржы салған - қазақстандық Eurasian Hub Ventures қоры. Алина - стартапын серіктессіз құрып, осы бағдарламаға өткен алғашқы қазақстандық әйел. Y Combinator үшін де бұл сирек жағдай: бағдарламаға жалғыз кәсіпкерлерден гөрі бірнеше адамнан құралған командалар жиі қабылданады.


TabAI: Y Combinator Startup School бағдарламасына өткен 11-сынып оқушысының жобасы


Павлодарлық 11-сынып оқушысы Игорь Мартынюк мектеп бітірмей жатып, TabAI жобасымен Y Combinator Startup School бағдарламасына өтті. TabAI - тапсырмаларды реттеп, компьютерде жұмыс істегенде назарды басқа нәрсеге бөлмеуге көмектесетін жасанды интеллект көмекшісі. Мектеп оқушысының Кремний алқабында бірнеше компания құрған тәжірибелі кәсіпкерлермен бір бағдарламаға қатысуы қазақстандық жастар үшін әлемдік технология саласына жол ашылғанын көрсетеді.

Бұл жетістіктерге қалай қол жеткіздік?


Мұның бәрі өздігінен болған жоқ. Ұлттық Astana Hub технопаркі 2024 жылы өзіне тіркелген компанияларға 177 миллион доллар инвестиция тартуға көмектесті. Бұл компаниялар шетелге 481 миллион доллардың технологиялық өнімдері мен қызметтерін сатты. Ал 2026 жылдың маусымында Қазақстан NVIDIA және Firebird компанияларымен елдегі жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға арналған 10 миллиард долларлық келісімге қол қойды. Енді алдағы жылдары мемлекет Higgsfield пен hillclimb секілді табысты жобалар көбейеді деп үміт артып отыр.


Бірнеше жыл бұрын қазақстандағы технологиялық кәсіпкерлер алдымен ел ішінде бизнес құрып, жергілікті нарықта орнығуға тырысатын. Содан кейін ғана көрші елдердің нарығына шығатын. Ал қазір жас кәсіпкерлер жобаларын бірден әлемдік нарыққа арнап жасайды. Олар алғашқы күннен-ақ өнімін бүкіл әлемге ұсынуды көздейді.

Бөлісу: