Ойын-сауықКиноӘлемдік таспа: Өлі таланттар қоғамы

Әлемдік таспа: Өлі таланттар қоғамы

23 сәуір 2026
4 мин
С миру по ленте: Общество мертвых талантов
"Өлі таланттар қоғамы" фильмінен үзінді | Фото: Sony Pictures International Productions

«Әлемдік таспа» – әлемдік кино өнеріне арналған айдар. Енді ай сайын біз сіздерге ең танымал емес елдердің фильмдерін ұсынамыз. Әрине, біз ешкім білмейтін экзотика елдермен ғана шектелмейміз. Өйткені Франция мен Италияның киносы туралы сөз тарқатпасақ, бұл айдардың сәні кірмейтіні анық. Дегенмен біз назарыңыздан тыс қалған туындыларды табуға тырысамыз. Мұнда блокбастерлер де, ұлттық ерекшелігі бар тәуелсіз кинолар да болады. Алғашқы қадамды Тайваньның күлкілі әрі үрейлі туындысы – «Өлі таланттар қоғамынан» бастаймыз.


Сюжетке келсек, оқиға ортасында қарапайым, көзге түсе бермейтін бір бойжеткен тұр. Отбасында әрдайым екінші орында жүретін, ештеңеден жолы болмайтын жанның бірі. Ол өмірден өтіп, о дүниеге барады. Біз онымен дәл осы жерде – о дүниеде танысамыз. Бірақ ол жақта да жай ғана «қалуға» болмайды екен. Әсіресе, артыңда қалған туыстарың еске алу рәсімдерінде қате жіберсе, жағдайың мүлдем қиындайды (бұл – Тайваньның ежелгі салт-дәстүрлеріне сілтеме). Жоқ болып кетпеудің жалғыз жолы – жергілікті «қорқынышты аңыздар» байқауына қатысу. Бүкіл әлем оны «қолынан ештеңе келмейтін бейбақ» деп санаса да, жасанды мұрт таққан қызық агент пен кезіндегі ең танымал «аңыз-елес» оған сене бастайды. Айтпақшы, ол елес қазір өз шәкіртінен жеңіліп, танымалдығынан айырылып жүрген жан. Бірақ бұл кино туралы неғұрлым аз білсеңіз, соғұрлым әсері қатты болады. Өйткені әр кейіпкердің өз тарихы бар және олар жай ғана көлеңке емес, оқиғаның нағыз қозғаушы күші.


Комедиялық хоррор жанрының ішіне не кіріп, не шықпайды десеңізші! Бұл жанрдың қызығы да осында – достарыңмен жиналып алып, «түкке тұрғысыз болса да, көруге тұрарлық» деп, миды демалдырып, бір күліп алуға болады. Әрине, «Айқай» (Крик) сияқты классикалық туындылар бар, бірақ «Өлі таланттар қоғамы» мүлдем басқа деңгейде. Оны шамамен «Коко құпиясы», «Битлджус» немесе «Мұның бәрі сол» фильмдерінің қосындысы деуге болады.


Бұл кино – бірегей туынды. Ол бір жағынан реалити-шоулардың адамды қалай құртатынын көрсетсе, екінші жағынан көзге түскісі келетін қарапайым адамның ішкі мұңын жеткізеді. Сонымен қатар, бұл – жақыныңды жоғалтудың ащы зардабы мен жаңа технологияларға ілесе алмай қалудың қасіреті туралы хикая. Ең қызығы да осы – аруақтар бірін-бірі қалай қорқытсам екен деп, нағыз тартысты шоу көрсетеді! 


Фильмнен кейін көңілде «түсініксіз мұң» қалады. Бұл сезім бақилық болған жақыныңды еске алғанда уақыт өтіп, жаныңның жарасы жазылса да, сағынышың басылмаған сәттегі күйге ұқсайды. Авторлардың өлім тақырыбына соншалықты нәзік әрі құрметпен қарағаны таңқалдырады. Сіз тура бір қорқынышты, бірақ қызыққа толы аттракционнан өткендей боласыз. Әуелі сізді үркітеді, сосын күлдіреді, ал соңында өткен жолыңыз үшін көзіңізге жас келіп, өзіңізді мақтан тұтасыз. Бұл туынды әсері жағынан «Коко құпиясы» мультфильміне ұқсайды.


Туынды бастан-аяқ ширақ, оқиғасы тоқтаусыз дамиды. Әрбір сәті қызық болғандықтан, уақыттың қалай өткенін де байқамай қаласыз. Оқиға желісімен бірге әр кейіпкердің жердегі және о дүниедегі өміріне үңіле аласыз. 


Фильмнің тағы бір  тақырыбы – өкініш. Адамды о дүниеде де өкініш жібермейді екен: айтылмай қалған бір ауыз сөз немесе кезінде жасалмаған батыл қадам тыныштық бермейді. Мұнда Тайваньның қала аңыздары мен режиссердың жеке тәжірибесі тамаша үйлесім тапқан.


Егер сіз жаңа, ерекше әрі мағыналы дүние көргіңіз келсе, «Өлі таланттар қоғамы» – жақсы таңдау. Бұл – өмір, өлім және одан кейінгі тылсым дүние туралы шынайы, жылы әрі мұңға толы кино.

Бөлісу: