Ойын-сауық●Әдебиет●Әлемдегі ең ерекше кітап клубтары

Әлемдегі ең ерекше кітап клубтары

20 қазан 2026
4 мин
Фото: Unsplash

Әдетте кітап клубында бәрі бір кітапты оқып, кейін бірге талқылайды. Бірақ кейбір клубтардың тәртібі өзгеше. Мысалы, Silent Book Club-та кітап туралы пікір айтпай, жай ғана оқып отыруға болады. Вашингтондағы Free Minds клубының кездесулері түрмеде өтеді. Ал тағы бір топ «Финнеганды еске алу» романын 28 жыл оқыған. Осындай ерекше клубтар туралы және адамдардың кітап оқу үшін неге бас қосатыны жайлы айтамыз.


Темір тордың ар жағындағы кітап клубтары


Еркін ойлайтындар (Free Minds), Вашингтон


Клубты шамамен жиырма жыл бұрын бұрынғы журналист Келли Тейлор мен Тара Либерт құрған. Бұл идея Тейлор Техаста өлім жазасына кесілген бір тұтқынға кітаптар беріп жүрген кезде туған. Ол Тейлордың өлім жазасын күтіп отырған жасөспірімдер туралы деректі фильмінің кейіпкері болған. Қазір клуб мүшелері әр сейсенбі күні таңертең Колумбия округінің түрмесінде жиналады. Ал федералдық түрмелерге ауыстырылғандарға қашықтан қатысуға болатын клуб жұмыс істейді. Қатысушылар кітап талқылап қана қоймай, өлең де жазады. PBS түсірген кездесуде олар Энджи Томастың The Hate U Give романын талқылаған. Шығармада досының полиция қолынан қаза тапқанын көрген қара нәсілді қыздың оқиғасы баяндалады. Қатысушылардың бірі Джошуа Сэмюел клубқа 16 жасында қосылған. Оның айтуынша, бұған дейін мүлде кітап оқымаған. Ал кітаптар оған іште жиналған сезімдерін сыртқа шығаруға көмектескен. Қазір Джошуа бостандықта. Өзі де Free Minds ұйымында жұмыс істеп, қиын жағдайға тап болған жасөспірімдерге қолдау көрсетеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, клубқа қатысқандардың қайта түрмеге түсуі елдегі орташа көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Алайда нақты деректер келтірілмеген.

Түрмедегі кітап оқу топтары (Prison Reading Groups), Ұлыбритания


Жоба 1999 жылдан бері жұмыс істейді. Ұйымның 2025 жылғы мәліметі бойынша, ол 50-ден астам түрмедегі 75-тен аса кітап оқу тобына көмектесіп, 8500-ден астам кітап берген. 2019 жылы жоба Longford Prize сыйлығын жеңіп алды. Ал 2023 жылы жобаны құрған Сара Терви мен Дженни Хартли Британ империясы орденімен (OBE) марапатталды. Жоба аясында отбасымен бірге кітап оқуға да көңіл бөлінеді. Өйткені түрмеде отырғандардың арасында баласы бар адамдар да бар. Бірге кітап оқу оларға балаларымен байланысын сақтауға көмектеседі.


Түрмедегілерге кітап (Books to Prisoners), АҚШ және басқа елдер


Бұл қозғалыс АҚШ, Канада және Ұлыбританиядағы 50-ден астам тәуелсіз жобаны біріктіреді. Олар түрмеде отырғандарға тегін кітап жібереді. Алғашқы жобалар 1970 жылдардың басында Сиэтл, Бостон және Дарем қалаларында ашылған. Көбіне сөздіктер, пайдалы нұсқаулықтар, фантастика, фэнтези, қорқынышты хикаялар, манга және тарих туралы кітаптар жіберіледі. Алайда түрмелерде кез келген кітапты оқуға рұқсат жоқ. Мұндай шектеулер АҚШ-тағы цензураның ең қатаң тараған түрі деп саналады. Мысалы, жыныстық мазмұны бар материалдарды оқуға рұқсат етілмеген. Бұл тізімге эротикамен қатар медициналық кітаптар да енген. Коннектикут түрмелерінде Williams Gynecology кітабын оқуға шектеу қойылған. Cosmopolitan, Esquire журналдары да осындай цензураға ұшыраған. Ал Леонардо да Винчидің өнері туралы кітапқа жалаңаш дене суреттері үшін шектеу қойылған. PEN ұйымының мәліметінше, ең көп тыйымға іліккен автор - Роберт Грин. Оның «Биліктің 48 заңы» кітабын 18 штаттың түрмелерінде оқуға болмайды. Бұған кітапта адамдарды өз пайдасына қарай басқару тәсілдерінің жазылуы себеп болған.

Жаңа адамдармен танысуға қиналатындарға арналған клубтар


Үнсіз кітап оқу клубы (Silent Book Club)


2012 жылы Сан-Францискода екі құрбы - Гвиневера де ла Маре мен Лаура Глуханич барда отырып, кәдімгі кітап клубтарына көңілі толмайтынын айтады. Белгіленген кітапты оқып, міндетті түрде пікір білдіру оларға емтихан сияқты көрінген. Сөйтіп, олар алдын ала дайындалмай-ақ келуге болатын клуб ашуды ұйғарады. Мұнда адамдар кітаптарын алып, үстел басына отырады. Сөмкелерін орындыққа іледі, залда классикалық рок ойнап тұрады. Қоңырау соғылған соң, бәрі бір сағат бойы үнсіз кітап оқиды. Әркім кітапты өзі таңдайды. Қоңырау екінші рет соғылғанда, қалағандар оқығаны туралы айтады. Сөйлегісі келмегендер жай тыңдайды. Огайо штатының Колумбус қаласындағы клубты Мэнди Шуннара басқарады. Кездесуге 25–50 адам жиналып, кітапхана жабылғанда ғана тарайды. Йоханнесбургтегі клубты Ана Мария Панаит ашқан. АҚШ-тан тыс алғашқы клубтар 2016 жылы Англия, Австралия және Үндістанда ашылды. 2019 жылы NPR-дің клуб туралы материалы кең тарады. Содан кейін бөлімшелер саны тамызда 70 болған клубтар желісі, жыл соңында 180-ге жетті. Қазір 61 елде екі мыңға жуық бөлімше жұмыс істейді. Бұл кездесулерді жұрт әзілдеп «интроверттерге арналған көңілді сағат» деп атайды.

Танысу қосымшаларынан шаршағандар (Bored of Dating Apps (BODA)


Джесс Эванс бұл жобаны Лондонда бастаған. Кейін осындай кездесулер Нью-Йоркте де өте бастады. Кітапсүйерлер Төменгі Манхэттендегі Book Club Bar барында танысады. Мұнда сөйлесуге уақыт шектелмейді, адамдар кітап сөрелерінің арасында еркін әңгімелеседі. Ал жүргізушілер Грейс Кларк Дельгадо мен Саманта Рутер сөз бастауға көмектеседі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кешке келгендердің арасында достасқандар да, бір-бірін ұнатып, кездесе бастағандар да бар. Кейбірі үйленуге уәделесіп, шаңырақ көтерген, тіпті балалы болған. Олардың балаларын әзілдеп «BODA сәбилері» деп атайды. Сұраныс көп болғандықтан, қазір кездесулер айына бір рет өтеді.


Кітап арқылы жылдам танысу (Literary Speed Dating)


Кітап туралы әңгімелесу арқылы қысқа кездесулерде танысу идеясы Бельгияда пайда болған. Кейін мұндай кештерді Сакраментоның қоғамдық кітапханасы ұйымдастыра бастады. 2011 жылы оларға Сан-Францисконың қоғамдық кітапханасы қосылды. Кітапханашы Донья Драммонд осылайша 20–30 жастағы жастарды тартқысы келген. Өйткені олар кітапхананы көбіне тек сабақ оқитын орын деп қабылдайтын. 2011 жылғы 1 ақпандағы алғашқы кешке 200-ге жуық адам өтінім берген. Алайда 36 адамға ғана орын болған: 18 ер адам мен 18 әйелге. Алдымен қатысушылар 15 минут еркін танысқан. Содан кейін оларды кездейсоқ жұптарға бөліп, әр әңгімеге төрт минуттан уақыт берген. Бір ғана шарт бар: өзіңе ұнайтын немесе мүлде ұнамайтын кітапты алып келу. Не айтарыңды білмей қалсаң, сол кітап туралы сөйлесуге болады.


Кейін Ванкувердің қоғамдық кітапханасы да осындай кештер өткізген. Адамдар орталық кітапхананың жертөлесінде жиналған. Үстелдерге дастарқан жайылып, баяу рок ойнап тұрған. Бір кеште әр адам шамамен жиырма қатысушымен төрт минуттан сөйлескен. Қатысушылар қысылмай танысуы үшін оларға Скарлетт О’Хара, Джей Гэтсби немесе Дэвид Копперфилд сияқты кітап кейіпкерлерінің есімдерін берген. Әртүрлі жас топтарына арналған кештерді әдейі 14 ақпанға қоймаған. Себебі адамдар міндетті түрде жұп табуы керек деген қысымды сезінбеуі тиіс. Кітапханалар осы кештерден кейін қанша жұп құрылғанын санамайды. Кейбір қонақтар кездесу біткен соң, жақын жердегі пабқа бірге барады.

Бір кітапты оқитын клубтар


Бір кітапты 28 жыл оқыған клуб


1995 жылы Лос-Анджелестегі режиссер Джерри Фиалка Венис-Бич кітапханасына оқырмандарды жинап, Джеймс Джойстың «Финнеганды еске алу» романын бірге дауыстап оқуды бастаған. Әр кездесуде бір-екі беттен оқыған. Кездесулерге 10–30 адам келіп тұрған. Ең жасы 12-де, ең үлкені 95 жаста болған. Фиалка бұл басқосуларды бірге отырып, ән айтатын көңілді кешке теңейді. Ал кітаптың өзін «қағаздағы рок-н-ролл» деп атайды. Топ романды 2023 жылдың қазанында оқып бітіріп, қайтадан басынан бастаған. Қазір Фиалка 70 жаста. Оның айтуынша, бұл кітапты қанша оқысаң да, барлық мағынасын түсініп біту мүмкін емес.


Остиндегі бір кітапты 12 жылдан бері оқып жүрген клуб


Остиндегі Finnegans Wake Reading Group of Austin клубын Джойс шығармаларын зерттеуші Питер Куадрино құрған. Ол алтыға жуық елдегі конференцияларда баяндама жасаған. Бастапқыда оқырмандар Malvern Books кітап дүкенінде, кейде Ирландияның бас консулдығында жиналған. Қазір кездесулер Zoom арқылы өтеді. Оған түрлі елдің оқырмандары қосылады. Қатысушылар екі апта сайын кездеседі. Алдымен 15 минут жай әңгімелеседі. Содан соң кезекпен екі жолдан оқып, бір бетті аяқтайды. Сол беттің мағынасын түсіну үшін тағы бір жарым сағаттай талқылайды. Бұрын әр кездесуде екі бет оқитын. Бірақ мәтіннің мағынасын түсініп, талқылауға көп уақыт кеткендіктен, бір беттен оқуға көшкен. Куадрино бұл кездесулердің аяқталғанын қаламайды. Сондықтан кітапты қашан бітіретінін де ойламайды. Топ 12 жылдан бері оқып жүрсе де, кітаптың соңына әлі жетпеген.

Комикстер, эротика және балалық шақ


Лондондағы Mucky Book Club мүшелері эротикалық әдебиет оқиды. Бірақ оларға кітаптың жақсы жазылғаны маңызды. Мұнда Джон Клеландтан Джилли Куперге дейінгі авторлардың шығармаларын оқиды. Лос-Анджелестегі Graphic Novel Book Club сурет арқылы баяндалатын графикалық романдарды талқылайды. Олардың арасында Нил Гейман мен Маржан Сатрапидің туындылары бар. Ал Миннеаполистегі Childhood Nostalgia Book Club мүшелері айына екі рет бала кезінде жақсы көрген кітаптарын қайта оқиды.


Cook The Books Club - онлайн кітап клубы. Қатысушылар бір кітапты оқып, одан алған әсерімен тағам дайындайды. Лондондағы I Knit Book Club (Knitterati) мүшелері кітап оқумен қатар тоқыма тоқиды. Emily’s Walking Book Club қатысушылары Хампстед-Хит саябағында серуендейді. Жолда көрген жерлерін кітаппен байланыстырып, әңгімелеседі.


«Біртүрлі» болса да, көңілге жылы, өзімізге жақын кітап клубтары


Қазақстанның кітап клубтары қауымдастығының мәліметінше, елімізде 50-ге жуық клуб бар. Алматының өзінде шамамен 15 клуб жұмыс істейді. Олардың кездесулері де кітап талқылаумен шектелмейді.

  • Ирина Бакулина басқаратын Oregon клубының мүшелері жұма сайын кафеде кездеседі. Айына екі кітап оқиды. Соның бірі - қазақстандық автордың шығармасы. Автордың өзі де кездесуге келеді. Кейде қатысушылар кітап кейіпкерлерінің әрекеттерін сот отырысы түрінде талқылайды.

  • «Птица Додо» клубында бір авторға қатарынан бес кездесу арналады. Сондықтан мұндағы кездесулер шағын оқу курсына ұқсайды. «Хунта» клубы 2018 жылы ашылған. Оның қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі топтары бар. Осы уақыт ішінде 161 кездесу өткен. Қатысушылар философиялық шығармаларды, «Мысырдың өлілер кітабын», Әл-Фарабидің еңбектерін оқиды. Сонымен қатар бірге тауға шығады, театрға барады және зияткерлік ойындар ойнайды.

  • «Космос» клубы 2021 жылы Астанада құрылған. Қазір үш тілде жұмыс істейді. Алматы, Қостанай және Қарағандыда да бөлімшелері бар. Қатысушылар концерттер ұйымдастырады, атпен серуендейді, детективтік кештер өткізеді. Түрлі кейіпкердің киімін киіп келетін тақырыптық кештері де бар. Ортақ чаттарын «Галактика» деп атайды.

  • Алматыдағы «Забыли рифму» клубында кітап оқумен бірге үйде шағын өнер кештері мен поэзия кештері өтеді. Қатысушылар постмодернистік шығармалар мен философиялық романдарды оқиды.

  • 2016 жылы ашылған 25 books клубында әркім өзі қалаған кітапты оқиды. Кездесулер айдың соңғы жұмасында өтеді. Жазда қатысушылар пикникке шығады.

  • AlmaU-дың Open Library кітапханасындағы клуб 2023 жылдың желтоқсанынан бері жұмыс істейді. Қатысушылар айына бір рет, жексенбі күні таңертең жиналады. Клуб жұмысын кітапхана директоры Юлия Колчина жүргізеді. Кітаптар тізімі екі жылға жуық уақытқа алдын ала белгіленген. Талқылау үлкен экранда көрсетілетін таныстырылымнан басталады.

Бөлісу: