Ойын-сауықСаяхатӘлемдегі ең ерекше 5 туристік бағыт: адамдар ол жаққа не үшін барады?

Әлемдегі ең ерекше 5 туристік бағыт: адамдар ол жаққа не үшін барады?

26 тамыз 2026
5 мин
Фото: Unsplash

Әдетте саяхатшылар жайлы, әрі қауіпсіз жерлерде демалғанды қалайды. Сол себепті де Түркия, БАӘ немесе Вьетнам сияқты танымал бағыттарға сұраныс жоғары.


Бірақ қарапайым туристер аяқ баса бермейтін оқшау мекендер де бар. Онда барғысы келетіндерді жай ғана демалыс емес, ерекше әрі ұмытылмас әсер алу қызықтырады. Tamga Media осындай бірнеше жерді таңдап, саяхатшылар неге қызығатынын, мұндай елдерге бару қаншалық мүмкін екенін анықтап көрді.


Солтүстік Корея


Солтүстік Кореяға (КТДР) аяқ асты жиналып, баратын мемлекет емес. Егер өз бетіңізше билет алып, қонақүй жалдап, қаланы еркін аралаймын десеңіз - қателесесіз. Сапар жоспарлаудың ең қызығы да осында: саяхатшы жолға шықпай жатып-ақ өзін алып жүретін гидті, баратын жері мен күнделікті кестесін нақты біліп отырады.

Дегенмен, бұл жабық аймақ жылдар бойы саяхатшыларды баурап келеді. Тосын әлемді өз көзімен көруге құмар фотографтар, режиссерлер мен экстремалдар мұнда әлі де ағылуды. Кезінде мұнда тіпті Пхеньян марафонына қатыстыратын арнайы спорт турлары мен елге пойызбен кіретін ерекше теміржол бағыттары да болған.


Әдетте сапар ел астанасы Пхеньяннан басталады. Бағдарлама бойынша туристерге қаланың басты көрікті орындары көрсетіледі: Ким Ир Сен алаңы, Чучхе мұнарасы, Үлкен халықтық оқу үйі, жергілікті метро, мұражайлар мен ескерткіштер. Одан бөлек, тізімде жергілікті мектеп, дүкен, сырахана, зоопарк, Кэсон қаласы мен екі Корея арасындағы әскерден тазартылған шекаралық аймақ та бар.


Мұндағы саяхаттың басты ерекшелігі — тек алдын ала бекітілген орындарға бару. Қызығы, саяхатшылар Пхеньянды мүлде бұлай елестетпегенін айтады. Олардың айтуынша, зәулім ғимараттарға толы қала таңғаларлықтай тап-таза, әрі кең. Одан бөлек заманауи метро, дүкендер, ресторандар мен сыраханалар ерекше әсер сыйлайды.


Сапардың ең қызығы – елдің күнделікті тұрмысын өз көзіңізбен көру. Бұл көріністердің арнайы ұйымдастырылған бағдарлама екенін іштей сезсеңіз де, сол елдің өзгеше атмосферасын сезінуге осының өзі жеткілікті.

Өкінішке орай қазір мұнда туристер ағыны шектелген. Сирек ұйымдастырылатын арнайы сапарларға көбіне тек Ресей азаматтары қатыса алады. Мәселен, Мәскеуден Владивосток арқылы Пхеньянға барып-қайтатын 8 күнге арналған тур бағасы теміржол билетін санамағанда 105 мың рубль шамасында (бұл – 570 мың теңге төңірегінде).


Сонымен қатар, сізді күтіп алатын жергілікті гидтер орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді.


Ауғанстан


Ондаған жыл бойы жаңалықтарда тек соғыс пен «Талибанның» билікке келуі сияқты оқиғалармен танылған елді қонақжай десе сенесіз бе? Ауғанстанды туризм картасына қосатындар өте аз. Дегенмен, бұл елге аяқ басуға жүрексінген саяхатшылар жергілікті халықтың ерекше бауырмалдығына таңғалып қайтады.


Кабул, Бамиан, Балх сияқты аймақтарда болған шетел меймандары ауғандардың қонақжай екенін айтады. Олар туристтерге қолдан келгенше көмектесіп, дәмді тағамдарын ұсынып, сапардың жайлы өтуіне барын салады.

Жұрт бұл елге баруға соғыс пен түрлі қауіп-қатерден қорқады. Алайда саяхатшылар естігені мен көргені мүлде бөлек болғанда қатты таңырқауын жасырмайды. Адам соғыс пен терроризм ошағы деп келгенде, аяқ астынан қайнаған базарға тап болады, жергілікті тұрғындармен шай ішеді, тіпті тұрғындардың үйіне қонаққа да барады.


Негізі Ауғанстанға батыс елдерінің призмасымен қарамаған жөн. Мұнда ислам мәдениеті, отбасы құндылықтары сақталған. Тұрғындардың 99%-дан астамы – мұсылмандар, көбі ханафи мазхабын ұстанады. Осы діни дәстүрі жағынан олар Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне өте ұқсас.


Қызығы, елде «радикализм көреміз» деп келген шетелдіктер тұрғындардың ашықтығы мен мейірімділігін байқайды. Айтпақшы, қалаларда көбімен аудармашысыз-ақ ағылшынша еркін сөйлесуге болады.


Сондай-ақ Ауғанстанның тарихы да, табиғаты да өте бай. Мұнда Бамиан, Балх, Герат сияқты көне қалалар, биік таулар, Вахан дәлізі мен Банде-Амир ұлттық паркі бар.

Ең танымал бағыт Кабул, Бамиан, Банде-Амир мен Мазари-Шариф арқылы өтеді. Кабулда ескі көшелер мен базарларды араласаңыз, Бамианда кезінде Будда мүсіндері тұрған алып үңгірлерді көресіз. Одан кейін саяхатшылар тау ортасындағы мөлдір көгілдір Банде-Амир көліне, ары қарай Мазари-Шарифтегі Көк мешітке барады.  


Дегенмен, сапардың жайлы әрі қауіпсіз өтуі үшін жергілікті тәртіпке бағыну керек. Саяхатшы жабық киім кию міндетті, гидпен жүрген абзал, мемлекеттік ғимараттарды, блокпосттарды және жергілікті әйелдерді рұқсатсыз суретке түсіруге тыйым салынған.


Жергілікті дәстүр мен ережеге құрметпен қарау — кез келген елдегі тәртіп.


Сирия


Сирияның тағдыры да, тарихы да өзгелерден мүлде бөлек. Бұл өлкеде мыңжылдық өркениет пен соғыстың ащы зардабын бірден көресіз. Дамаск, Алеппо, Пальмира сияқты көне шаһарлар, байырғы қамалдар мен христиан мекендерінің дәл жанында қираған үйлер, әскери бақылау бекеттері мен снаряд іздері байқалады.

Билік ауысқаннан кейін Сирияға бет бұрған экстремал саяхатшылардың қатары көбейді. Жергілікті туроператорлар да шетелдіктер үшін арнайы бағдарламалар ұсына бастады.


АҚШ пен Ұлыбританияның Сыртқы істер министрліктері терроризм мен заңсыз ұсталу қаупіне байланысты Сирияға сапар шегуге әлі де кеңес бермейді. Десе де, бұл ескертуді ысырып қойып, қауіпке бас байлайтын саяхатшылар көне мекендерді аралауға асығады.


Дамаскіге жолыңыз түссе, ескі қаланы, Омейядтар мешітін, Әл-Хамидия базары мен христиандар ауданын көресіз. Маалюлада көне христиан дәстүрі әлі күнге дейін сақталған. Ал Алеппода саяхатшылар соғыста қираған ескі қамал мен байырғы базарларды барып көреді. Мүмкіндік болса, тіпті Пальмира мен Крак-де-Шевалье қамалына да апарады.


Мұнда түсірілген суреттер мүлде екі бөлек әлемді көрсетеді. Бір фотода – базар, тәттілер, дәмхана мен күлімдеген адамдар, ал екіншісінде – тас-талқаны шығып қираған көшелер. Бірақ екеуі де – елдің қазіргі шынайы көрінісі. Саяхатшылардың айтуынша, дәл осы алшақтық адамға қатты әсер етеді. Ауғанстандағыдай, мұнда да туристерді ел тұрғындарының кең пейілі таңғалдырады. Кейінгі жылдары қанша қиыншылық көрсе де, олар сырттан келген қонақтарды өте ыстық қарсы алады. Адамдармен тез тіл табысып, шүйіркелесіп, тіпті тамақ пен кофе ұсынып, қонақжайлық танытуға асығып тұрады.

Бұл елге де гид пен жүргізуші жалдап барған жөн. Өз бетіңізше көлік айдап аралауға болмайды. Өйткені елдегі бақылау бекеттері мен қауіпсіз аймақтардың картасы күн сайын, тіпті сағат сайын өзгереді.


Мексика


Криминалдық жаңалықтарға сүйенсек, Мексика — тек есірткі топтары қаптаған, атыс-шабыстан көз ашпайтын қауіпті аймақ болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл елдің шынайы көрінісі мүлде басқа. Бұл жаққа жолыңыз түссе, майя мен ацтектерден қалған көне қалаларды, көшедегі дәмді тамақтарды, әуезді әуен мен ерекше мәдениетті өз көзіңізбен көресіз.


Мұнда аралайтын орын өте көп. Мұнда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген 36 тарихи ескерткіш пен табиғи нысан бар. Содан да болар, 2025 жылы мұнда сырттан 98 миллионнан астам қонақ келген. Оның 21 миллионнан астамы арнайы мәдени орындарға барған.


Ел туралы естіген ақпарат пен шынайы өмірдің айырмашылығы Мехико, Оахака және Юкатан сияқты танымал өңірлерде анық сезіледі. Мұнда сіз таңертең көне қаланың орнын аралап, түсте базардан дәмді тако жеп, ал кешке сазды әуен мен биге толы мерекеге куә бола аласыз.

Әрине, елде қылмыс мәселесі де жоқ емес. Кейбір штаттарда жағдай шынымен де күрделі. Содан да болар, Мексикаға келетіндерге «барлық жер бірдей» деп ойламай, баратын аймақты алдын ала зерттеп алуға кеңес береді.


Сомалиленд


Сомалиленд - осы тізімдегі ең таңғалдырарлық мекендердің бірі. Картадан қарасаңыз, Африка мүйізіндегі Сомалидің бір бөлшегі болып көрінуі мүмкін. Ал шын мәнінде мұнда өз үкіметі, полициясы, төл ақшасы, тіпті елге кірудің жеке паспорттық тәртібі бар. Жергілікті жұрт үшін бұл - үйреншікті, қалыпты тұрмыс.


«Сомали» сөзінің өзі көп адамның үрейін ұшыруы мүмкін. Себебі бұл елді естігенде бірден қарақшылар, соғыс пен қауіп-қатер суреті көзге елестейді. Халықаралық ұйымдар да бұл аймаққа саяхаттауға кеңес бермейді. Алайда, орталық Сомалиге қарағанда, өзін тәуелсіз деп жариялаған Сомалилендте жағдай әлдеқайда сабырлы, тыныш әрі тұрақты.


Бұл жаққа көбіне жабық елдерді көргісі келетіндер келеді. Саяхат әдетте Сомалиленд астанасы Харгейсадан басталады. Мұнда базарды, ақша айырбастайтын орындарды, қала ішін, әйгілі түйе базарын аралауға болады. Одан кейін қонақтар көне суреттері бар Лаас-Геел үңгіріне, Бербера сияқты басқа да өңірлерді аралайды.


Кей жерге арнайы рұқсат алып, тіпті жаныңызға полиция ертіп жүруіңіз керек. Белгіленген бағыттан шығып, өз бетіңізше жүру өте қауіпті.

Сомалилендтің ең басты феномені — геосаяси картада ресми аты мен тәуелсіздігі мойындалмаса да, дербес мемлекет ретінде толыққанды өмір сүріп жатқанында. Бұл — әлемдік құқық пен шынайы өмірдің арасындағы қайшылықты көрсететін бірегей саяхат бағыты.


Сонда адамдар мұндай жерлерге не үшін барады?


Біреулерді Солтүстік Кореяның жұмбақ, жабық өмірі қызықтырса, енді біреуді Ауғанстанның ерекше тұрмысы мен Сирияның бай тарихы баурайды. Ал Мексикаға жаңалықтарда көрсететін қауіптен басқа, керемет мәдениетін көру үшін барады. Сомалиленд болса, ресми танылмаған ерекше мәртебесімен тартады. Мұндай саяхат адамның бұрынғы түсінігін өзгертіп, кәдімгі демалыста алмайтын ерекше әсер сыйлайды.


Алайда Кабул, Пхеньян немесе Харгейса сияқты қалаларда еркін жүре алмайсыз. Мұнда жергілікті ережеге бағыну, шектеулерге шыдау, сапарды алдын ала мұқият жоспарлау керек.

Бөлісу:

Әлемдегі ең ерекше 5 туристік бағыт: адамдар ол жаққа не үшін барады?