СпортСпортАлдағы Әлем чемпионатының ең ерекше джерсилері

Алдағы Әлем чемпионатының ең ерекше джерсилері

16 сәуір 2026
9 мин
Самые запоминающиеся джерси предстоящего ЧМ
Фото: Nike

Жақында нағыз футбол мерекесі басталғалы тұр. Бұл жолы әлем чемпионаты бірден үш елде – АҚШ, Мексика және Канадада өтеді. Турнирге 48 команда қатысады. Бұл – рекорд көрсеткіш. Әрине, ең бастысы «джога бонита» (бразилиялықтардың «әдемі ойын» деген сөзі), сосын кубок кімге бұйыратыны қызық. Бірақ стадиондағы атмосфера, командалар мен футбол сәні де маңызды. Қазір барлық құраманың қандай формада алаңға шығатыны белгілі болды, демек ең ерекшелерін талқылайтын кез келді. Ендеше бірге шолып шығайық.


Аргентина: жаңа фолк нақышы, ескі түстер


Аргентинаның сырт алаңдағы формасы туралы көп айтылып жүр. Бұрынғылары жаман емес еді, бірақ бір нәрсе бар: үйдегі ойынан киетін ақ-көгілдір жолақты формасын бәрі біледі. Сол себепті екінші формасы көбіне көзге түсе бермейді. Бұл – көптеген мықты құрамаларда кездесетін жағдай. Көпшілік Лионель Мессидің кубокты дәл осы формада көтергенін, Диего Марадонаның да осы жейдемен ойнағанын жақсы біледі. Ал сырт алаңдағы формасын бірден еске түсіру қиындау.


Биыл Adidas бұл мәселені шешкен сияқты. Жаңа екінші форма бірден көзге түседі әрі есте қалады. Оның дизайны Fileteado Porteño деп аталатын аргентиналық фолк-стильден алынған. Мұндай өрнектерді Буэнос-Айрестегі үйлерден, жарнамалардан, тіпті велосипедтерден де жиі көруге болады. Сондықтан бұл жейде тек алаңда емес, күнделікті өмірде де әдемі көрінеді. Ең бастысы – бір қарасаңыз, бірден Аргентина екені білінеді.


Нидерланды мен Кот-д'Ивуар: тайға таңба басқандай жасалған


Бұл екі форманың ұқсастығы неде? Әрине, қызғылт сары түс. Кот-д'Ивуардың киімі леопард принтімен және жасыл жолақтармен безендірілсе, Нидерландының ашық қызғылт сары түстегі формасы, тіпті түнде тас жолдың бойында жүрсең де алыстан менмұндалап тұрады. Неге бұл түс таңдалды? Жауабы оңай: бәрі билік басындағы Орандық-Нассау әулетіне байланысты. Олардың тегі тікелей «Қызғылт сары» (Orange) деп аударылады және олар елдің тәуелсіздігінде көп рөл атқарған. Тағы бір дерек – басында Голландия туындағы қызыл жолақ дәл осы қызғылт сары болған, кейін ауыстырылған.


Кот-д'Ивуарға келсек, бұл түс саваннаның құнарлы жерін, қуат пен тәуелсіздікке деген ұмтылысын білдіреді. Бұл формаларды стадионнан тыс жерде, жай өмірде киіп жүре аласыз ба? Екіталай. Бірақ бәрібір есіңізде қалып қоятыны анық. Тіпті қатты қаласаңыз да, бұларды басқа ешнәрсемен шатастыра алмайсыз.


Гана: өрмекші сезімі


Ганиялықтар биылғы маусымның ең қызық формасын шығарды. Бұл басында футбол экипировкасы емес, жай ғана сәнді футболка сияқты жоспарланған ба деп қаласыз. Бірақ олай емес. Өрнектің астарында жергілікті аңыз жатыр. Ол өрмекші бейнесінде суреттелетін фольклорлық кейіпкерден – Кваку Анансиден шабыт алған. Ол – даналықтың, тапқырлықтың, қулық пен өткір ақылдың символы. Бұл принт оның өрмекшіге тән болмысын да, пысықтығын да жақсы жеткізіп тұр. Ал ортасындағы қара жұлдызға келсек, оны түсіну оңай. Гана құрамасын «Қара жұлдыздар» деп атайды. Нағыз хаос деген осы.


Жапония мен Жаңа Зеландия: ақ түстің сәтті нұсқасы


Жапонияның формасы міндетті түрде таза ақ болуы шарт емес. Бұл жолы да ол қарапайым көрінгенімен, ішінде қызық деталь көп. Бейсболға ишара жасайтын элементтер бар, жалпы ретро стилі сезіледі. Бірақ ең маңыздысы  – мағынасы.


Жапония ұлттық футбол құрамасы жейдесінде 12 жолақ бар. Оның 11-і алаңдағы ойыншыларды білдіреді, ал ортасындағы ең қалың жолақ – жанкүйерлердің символы. Яғни бұл формада тек футболшылар емес, бүкіл елдің қолдауы бейнеленген. Бұл жапондардың басты идеясын – команда рухын және әр адамның қосқан үлесін көрсетеді. 


Ал Жаңа Зеландия ұлттық футбол құрамасы формасына келсек, мұнда да символика бар. Олардың регби құрамасы All Blacks деп аталса, футбол командасы All Whites деп аталады. Ақ түстің астында маори халқының дәстүрлі өрнектері жасырылған.


Франция: сәннің артындағы тарих


Франция ұлттық футбол құрамасы ойыншыларына қарасаңыз, кейде олар футболдан гөрі сәнге көбірек қызығатын сияқты көрінеді. Олардың әр кездесуі нағыз сән апталығы секілді. Жюль Кунде мен Уго Экитике сияқты ойыншылардың стилінен модаға мән беретінін байқауға болады.


Сондықтан Nike таңдаған жалбыздың түсі сияқты көгілдір форма да ешкімді таңғалдырған жоқ. Жеңінде салынған ұлттық ту деталь ретінде сақталған, ал жалпы дизайны өте сәнді көрінеді.


Бірақ бұл тек сән үшін жасалған форма емес. Оның да артында мағына бар: көгілдір түс Бостандық мүсінінен шабыт алған. Сол себепті кеудедегі белгі қола түстес етіп берілген. Нәтижесінде бұл форма тек алаңда емес, көшеде де киіп жүруге болатын стиль мен тарихтың үйлесімі болып шыққан.


Норвегия: жәй ғана қара түс емес


Неге бұл тізімге жай ғана қара футболка қосылды? Мәселе мынада: Әлем чемпионатындағы қара формалардың өз тарихы бар. 2022 жылы Дания Қатардың саясатына наразылық ретінде осындай қара нұсқасын шығарған. Ондағы жазулар мен таңбалар көрінбейтіндей солғын болды. Сол кезде оларға бұл формамен ойнауға тыйым салған еді. Биыл Норвегияны да қатты тексерді, бірақ оларға рұқсат берілді. Бәлкім, Nike пен Норвегия нақты мәлімдеме жасамаған шығар.


Формадағы викинг-руналары мен стелс-ойындар стилі өте ерекше. Әсіресе құраманың басты жұлдызы Эрлинг Холандқа жарасып-ақ тұр. GQ нұсқасы бойынша, бұл – ең сәнді форма.


Бразилия: бәріндегі культтік сипат


Бразилияның формасын білмейтін адам жоқ. Оны әлемнің түкпір-түкпірінде жұлдыздар да, баристалар да, таксистер де киіп жүреді. Бразилия – қашанда мереке мен әдемі ойынның символы. Биылғы дизайнға жаңа жаға мен тудың көлеңкесі сияқты принт қосылған, бірақ негізгі сары-жасыл түсті өзгертпеген. Жаңа форма: «Біз күлімдесек, сіздер ұтылдық деп ойлай беріңіздер» деген ұранмен шықты. Бразилия құрамасы қазір қаншалықты мықты екенін кейін көреміз, әзірге аңызға айналған формасы орнында деп айта аламыз.


Алжир: 80 жылдар оралды


Бірнеше жылдан бері ретро тренді сәннен түспей келеді. Алжирдің сырт алаңдағы формасы осы концепцияға толық сай келеді. Ол 80 жылдардан бүгінге топ етіп түскендей әсер қалдырады. Жолақтар, жағасы, принт мөлшері мен түс реңі – бәрі ескі стильді жақсы көретіндер үшін жасалған. Мұны кең джинсымен киіп алсаңыз, ешкім мұның 2026 жылдың формасы екенін білмей қалады.


Мексика: ацтектердің мұрагерлері


Мексиканың формасы – коллекция жинаушылар үшін бөлек әңгіме. Көбі 1998 жылғы нұсқаны аңыз деп санайды. Себебі де белгілі. Футболшылардың үстінде қалай керемет көрінеді, иә? Биыл Мексика сол жетістігін қайталағысы келгендей. Олардың өз тарихы мен тамырына құрметі анық байқалады. Мексика үшін бұл – өз үйіндегі турнир, сондықтан олар дәстүрлі ұлттық нұсқаны таңдады. Сәтті шыққан сияқты, иә?


Уругвай: алғашқы чемпиондар


Әлем чемпионатының ең алғашқы жеңімпазы – Уругвай (1930 жыл). Жаңа форма осы тарихи жеңісті еске салу үшін жасалған. Ол бір мезетте сауытқа да, амулетке (тұмарға) де, өткенге құрмет пен болашаққа нық сенімге де ұқсайды. Дизайнерлердің ойынша, бұл форма – ата-баба абыройы мен баяғыда иемденген тақты қорғауға шыққан жауынгердің сауыты. Өте әдемі әрі мағыналы.

Бөлісу: