Алаяққа алданған адамды «аңғал», «сауатсыз» немесе «жеңіл ақша көздеген адам» деп кінәлап жатамыз. Алайда ғалымдар мәселе әлдеқайда күрделі екенін айтады. Алаяқтың торына жиі түсетін адамдардың білімі мен жасынан бөлек, қаржылық жағдайы, жалғыздығы және сол сәттегі көңіл күйі де әсер етуі мүмкін. Қазір алаяқтар интернетті жаулап алған. Біреулер банк қызметкері болып хабарласса, енді бірі әлеуметтік желіде жалған жұмыс ұсынып, оңай табысқа қызықтырады. Тіпті жақыныңыздың атынан ақша сұрайтындар да бар. Осындай алдауға кімдер көбірек ұрынады? Tamga Media зерттеулерге сүйеніп түсіндіреді.
Алаяқтардың құрбаны туралы айтылғанда, көпшіліктің ойына алдымен қарт адамдар түседі. Олар әңгімеге тез сеніп, дереу ағынан жарылып, өзін-өзі ұстап беретіндей көрінеді. Бірақ АҚШ-тың Федералдық сауда комиссиясы жариялаған 2024–2025 жылдарға арналған есепте, егде жастағы адамдардың арасында алаяқтыққа алданғандары жастарға қарағанда азырақ болған. Алайда ақша жоғалтқан егде адамдардың шығыны жастардікін басып озған.

Алаяққа кімдер көбірек алданады?
Сөздің рас-өтірігін тексермейтіндер
Қытайдағы егде адамдар қатысқан зерттеуде ақпаратқа дәлелсіз иланатын адамдардың алдануға бейімділігі жоғары болатыны анықталған. Былай түсіндірейік, бір адам бейтаныс кісінің сөзін тыңдап, содан кейін оның айтқанын тексереді. Екіншісі сенімді дауысты естісе, ресми сөз немесе таныс ұйымның атауын құлағы шалса илана кетеді. Мысалы, қоңырау шалған адам сізді аты-жөніңізбен атаса, ол банк қызметкері деген сөз емес. Мессенджердегі логотип, қызмет куәлігінің суреті немесе форма киген адамның фотосы да толықтай сенім артуға себеп болмайды.
Өз біліміне шамадан тыс сенетіндер
Economics Letters журналында жарияланған зерттеуде адамның қаржылық білімі алаяқтардан қорғануда қалай көмектесетіні зерттелген. Нәтижесінде қаржылық сауатына шамадан тыс сенетін адамдар ойдан шығарылған инвестициялық ұсыныстарды шын деп қабылдап қалуға бейім екені анықталған.
Мұндай адам инвестицияға қатысты терминдерді білуі мүмкін. Бірақ таныс сөздерді естігенде, «ұсынысты толық түсіндім» деп ойлап, келісімшартты тексеруге арқасы жар бермейді. Бұл жерде білімділер алданып қалмайды, керісінше өз мүмкіндігін асыра бағалайтындар опық жейді. Сондықтан «Мен бұл саланы білемін, сондықтан тексерудің керегі жоқ» деп өзімшілдікке салынудың қажеті шамалы.

Қаржы есебі мен цифрлық қауіпсіздікті нашар меңгергендер
Алаяқтан «ай сайын 20 пайыз табыс» деген ұсынысты естіген адам оның жылдық көлемін есептеп, мұндай кірістің қайдан шығатынын сұрай ала ма? «Ақшаңызды кез келген уақытта аласыз» деген уәденің келісімшартта жазылғанын қарай ма? Комиссия мен негізгі төлемнің айырмасын түсіне ме? Осындай нақты сауалдардың жауабы ұсыныстың қисынсыз екенін дәлелдейді. Сонымен қатар, жалған сайтты дереу аңғару, хабарлама болып келген сілтеменің түп-төркінін білу өз пайдасын тигізеді.
Қаржылық қиындықтан тез шығудың жолын іздегендер
Жұмыссыздық, төленбей жүрген қарыз бен төлемі кешіккен несие адамды тығырыққа тірейді. Ақша жетпей жүргенде ол тез табыс табудың жолын іздей бастайды. Осындай сәтте жоғары жалақы немесе оңай қосымша жұмыс туралы ұсыныс үміт сыйлап, құлағына майдай жағуы мүмкін.
Қарызын тезірек жапқысы келген адам ұсыныстың күмәнді тұстарына мән бермейді. Мысалы, жұмысқа кірісу үшін алдын ала ақша сұраса да, «кейін еселеп шығарып аламын» деп сеніп қалуы әбден мүмкін. Сондықтан ақша қанша қажет болса да, ұсынысты тексеруге уақыт бөлген жөн.
Ақылдасатын адамы аз жандар
Күмәнді хабарлама келгенде, оны біреумен ақылдасып, бірге таразылаған жөн. Ал жалғыз тұратын немесе араласатын адамы аз жандардың кеңес сұрайтын кісісі табыла бермейді. Алаяқтықтан сақтандыру үшін ескерту қағазын тарату ғана жеткіліксіз. Адамның сөзін тыңдап, жөн сілтейтін жақыны болғаны да маңызды.

Мәселен, біреуге ақша аудармас бұрын болған жағдайды туысына не досына айтып берсе, өзі байқамаған күмәнді тұстарды олар аңғаруы мүмкін. Ал ешкіммен ақылдаспаған адам қоңырау шалған адамның сөзіне еріп, асығыс шешім қабылдайды.
Бойын қорқыныш билеген адамдар
Кейбір алаяқтар «пайда» ұсынбайды. Керісінше, бар ақшасынан айырылып қалатынын айтып қорқытады.
«Сіздің атыңызға несие рәсімделіп жатыр», «шотыңыздан ақшаны алып қоймақшы», «жақыныңыз қиын жағдайға тап болды» деген хабар адамды тез шешім қабылдауға итермелейді. Сөйлесіп отырған адамның айтқанынан шықпай, «қайтсем ақшамды сақтап қаламын?» деген оймен әуреленіп кетеді. Ал интернет-алаяқтар адамды «қазір», «бірден», «ешкімге айтпаңыз» деп қысымға алады.
Frontiers in Psychology журналында жарияланған психологиялық зерттеуде қатысушыларға ойлануға аз уақыт берілген. Олар асыққан сайын шын және өтірік ұсынысты ажырата алмай қалған. Яғни «ақшаңызды сақтап қалу үшін дереу әрекет етіңіз» деген сөз адамға байыппен ойлануға кедергі келтіреді.

Пайда ойлап, тәуекелге бел буатындар
Адам әрдайым жалған ақпаратты шын деп қабылдағандықтан ғана алданбайды. Кейде ол күмәнді тұстарды байқағанымен, ұсыныстан бас тарта алмай қалады. Алаяқтар жақсы пайда туралы айтса, адамның көзін шел басып қалуы мүмкін. «Аз ғана ақша салып көрейін» немесе «бұл жолы рас шығар» деген сенім адамды адастырады.
Бұрын алданған адамдар қайта нысанаға алынады
Алаяқтар жәбірленушіге «ақшаңызды қайтаруға көмектесеміз» деп хабарласады. Бірақ алдымен комиссия, қызмет ақысы немесе басқа төлем сұрайды.
Бұл жерде адам жоғалтқанын қайтару үшін барын салуы мүмкін. Хабарласқан адамның бұрынғы оқиғаны біліп тұруы да адамның көңіліне сенім ұялатады. Федералдық сауда комиссиясының мәліметінше, алаяқтар бұрын алданған адамдардың деректерін сатады, сатып алады, осылай бір-бірімен алмасады.
Алаяқтан қалай қорғанамыз?
«Алаяқтан абай болыңыз» деген ескертуді жиі естиміз. Бірақ сақ болу үшін күмәнді қоңырау түскенде немесе хабарлама келгенде не істеу керегін түртіп алу керек. Бірден ақша аудармай, әңгімені тоқтатып, айтылған сөздің рас-өтірігін тексеру көп қиындықтың алдын алады.

Асығыс шешім қабылдамаңыз
«Қазір ақша аудармасаңыз, кеш болады», «Бұл мүмкіндікті жіберіп алмаңыз» деген сөздерге ермеңіз. Қанша шұғыл десе де, сәл кідіріп, жағдайды жақыныңызға айтып беріңіз.
Банкке өзіңіз хабарласыңыз
Алаяқ өзін банк қызметкері деп таныстырса, оның айтқанын бірден орындамаңыз. Әңгімені тоқтатып, банктің қосымшасында немесе ресми сайтында көрсетілген нөмірге өзіңіз қоңырау шалыңыз. «Ақшаңызды сақтап қалу үшін қауіпсіз шотқа аударыңыз» деген талапқа келіспеңіз.
Жақыныңыз ақша сұраса, кім екенін анықтаңыз
Туысыңыздың не досыңыздың атынан ақшаға қатысты хабарлама келсе, өзіңізде бұрыннан сақталған нөміріне қоңырау шалып, мән-жайды біліңіз.

Құпия мәліметтеріңізді бермеңіз
Құпиясөзді, картаңыздың PIN және CVV кодтарын, телефонға келген SMS кодын ешкімге айтпаңыз. Өзін банк, полиция немесе мемлекеттік мекеме қызметкері деп таныстырған адамға да ағыңыздан жарылмаңыз.
Күмәнді сілтемені ашпаңыз
«Жәрдемақы тағайындалды», «Сәлемдемеңіз келді», «Сыйлық ұттыңыз» деген хабарламадағы сілтемеге өтуге асықпаңыз. Ақпаратты тиісті мекеменің ресми сайтынан немесе қосымшасынан тексеріңіз.
Бейтаныс адамның айтуымен телефоныңызға қосымша орнатпаңыз.
Ақша аударып қойсаңыз, дереу әрекет етіңіз
Бірден банкке хабарласып, болған жағдайды түсіндіріңіз. Аударымды тоқтату мүмкіндігін сұраңыз. Карта деректерін немесе құпия кодты беріп қойған болсаңыз, банкке оны да айтып, картаңыз бен шотыңызды бұғаттаңыз.
Полицияға арыз жазыңыз. Хат алмасуды, қоңырау шалған нөмірлерді, төлем түбіртектерін және басқа дәлелдерді өшірмеңіз. Олардың көшірмесін сақтап қойыңыз. Неғұрлым ертерек хабарлассаңыз, банк пен полицияның шара қолдануына соғұрлым тез мүмкіндік бересіз.
Қорытындыласақ, интернет-алаяқтарды деп біреу баспанаға деп жинаған ақшасын, енді бірі күнкөрісіне қалдырған қаражатынан айырылады. Сондықтан ақшаға қатысты шешімді біреудің ыңғайына жығылып қабылдамаңыз. Ұсыныс түсініксіз болса, қайта сұрауға, ойлануға немесе бас тартуға толық құқығыңыз бар. «Жоқ» деп айтуға қысылмаңыз, әңгімелеспей тұрып тұтқаны қою ешқашан өкіндірмейді.




