Биыл 11 қыркүйектегі терактілерге 25 жыл толды. Оларды Усама бен Ладен мен «Әл-Каида» ұйымдастырғаны анықталды. Арада он жылға жуық уақыт өткен соң, америкалық әскерилер Усаманы өлтірді. Оның артында үлкен отбасы қалды. Бен Ладеннің тек ұлдарының саны 13 болған. Олардың кейбірі әкесінің ізін жалғастырды. Ал оның ізін басады деп күткен ұлдарының бірі өнерді таңдады.
Омар бен Ладен жасөспірім кезінде әкесінен қашып, соғыстан алыстауға тырысқан. Кейін суретші болғанымен, тегі әлі де өміріне кедергі келтірді. Tamga Media зорлық пен радикализмнен бас тартып, өнерге бет бұрған Усама бен Ладеннің ұлы Омардың өмірі туралы баяндайды.
Әкесінің қасында өткен балалық шақ
Омар бен Ладен 1981 жылы Сауд Арабиясында дүниеге келген. Ол - Усама бен Ладен мен оның бірінші әйелі Наджваның төртінші ұлы. Балалық шағы Жидда қаласы мен отбасының фермасында өткен. Әкесі онда жылқы, ешкі және қарақұйрық ұстаған. Омар кішкентайынан сурет салып, алғаш әкесінің жылқыларын бейнелеген.

Омардың айтуынша, балалар әкесінің қасында тыныш отырып, оның айтқанын орындауға тиіс болған. Зерттеушілер Усаманың 20-дан астам баласы болғанын айтады. Бірақ бауырларының көптігіне қарамастан, Омар өзін жалғыз сезінген. Ол балалық шағын мұңды, жалғыздықта өткен кезең деп еске алады. Әкесі бұл уақытта Ауғанстандағы соғысқа және радикалдық әрекеттерге араласқан.
1994 жылы Усама Сауд Арабиясының азаматтығынан айырылып, отбасы Суданға көшкен. Екі жылдан кейін олар Ауғанстанға барған. Сол кезден бастап Омардың басқа балалар сияқты өмір сүруі тіпті қиындаған.
Тора-Бора, жаттығу лагерлері мен соғыс
Ауғанстанда Омардың отбасы Пәкістан шекарасына жақын Тора-Бора деген таулы жерде тұрған. Мұнда күнделікті өмірге қажет жағдай болмаған. Омардың айтуынша, оны 15 жасында жаттығу лагерлеріне апарған. Бір жылдан соң ол азаматтық соғыс жүріп жатқан майданға жақын жерде болған.
Жасөспірім кезінде Омар радиодан шетелдік музыка іздеп тыңдаған. Сол арқылы америкалық кантри музыкасымен танысып, Батыс мәдениетіне қызыға бастаған. Ол ескі америкалық вестерндерді, әсіресе Клинт Иствуд ойнаған фильмдерді ұнатқан. Бірақ АҚШ-қа ешқашан бармаған. Алдағы уақытта да баруы екіталай.
Омарды «Әл-Каиданың» бұрынғы содыры деп атауға негіз жоқ. Оның осы ұйымға кіргенін немесе терактілерге қатысқанын дәлелдейтін сенімді дерек табылмаған. Омардың өзі де мұны әрдайым жоққа шығарған. Бір сұхбатында ол бауырларының әкесінің жанында жүргенімен, бәрі бірдей соғысқа қатыспағанын айтқан.

Дегенмен Омардың айтуынша, әкесі оның өз ісін жалғастырады деп сенген.
«Әкем маған “Әл-Каидаға” қосыл деп ешқашан айтқан емес. Бірақ оның ұлы болған соң, ісін жалғастыруым керек деп санайтын. Мен мұндай өмірді қаламайтынымды айтқанда, қатты көңілі қалды. Мен жанжал мен зорлықты жек көремін», - деп еске алған Омар.
Омардың жадында әкесінен гөрі айналасында орын алған сұмдық оқиғалар ауыр із қалдырған. Кейін бір сұхбатында ол таудағы жолда мергеннің оғының астында қалғанын еске алады. Сол кезде ол айналада болып жатқанның бәрі бос әурешілік, мағынасыз екенін анық сезінгенін айтады.
Осындай жағдайлардан соң Омар 18 жасында әкесінен қашып кетуге шешім қабылдаған. Ол әкесімен байланысын 11 қыркүйектегі қайғылы оқиғадан бұрын үзген.
Кейін Омар сырт келбетін де өзгерткен. 2000 жылдардың соңында ұзын дред шаш қойып, былғары күрте мен денеге ыңғайлы киім киген. Ол заманауи музыка мен киноға қызығатын қарапайым жігітке айналған. Түріне қарап, кімнің ұлы екенін болжау қиын еді.
«Әкеңнің не істегенін қара!»
11 қыркүйек күні Омар Жиддадағы әжесінің үйінде ұйықтап жатқан. Сол кезде көкесі бөлмеге жүгіріп кіріп: «Әкеңнің не істегенін қара!» - деп айқайлап, оны оятқан.

Омар алғашында бұған сенбеген. Өз әкесінің осындай сұмдыққа қатысы барын елестете алмаған. Айтуынша, оның отбасы көргенінен қатты шошып, үрейленген. Кейін бұл оқиғаны өзара ешқашан сөз етпеген.
Сол күннен кейін Омардың өмірі түбегейлі өзгерген. Әкесінің әрекеті оның атына да өшпейтін таңба болып түскен.
Қайда барса да, тегі алдынан шықты
Отбасымен байланысын үзген соң, Омар бірнеше жыл бір елден екіншісіне көшіп жүрген. Бірақ тегі үнемі қиындық туғызып, жаңа өмір бастауына кедергі болған.
2008 жылы Ұлыбритания оған елде тұруға рұқсат бермеген. Билік оның келуі жұртты алаңдатуы мүмкін деп түсіндірген. Кейін Омар Испаниядан саяси баспана сұрағанымен, өтініші қабылданбаған. Мысыр да оны елге кіргізбеген. Бұл оқиғалардың бәрі жаңалықтарда жарияланып, Омарды «террористің ұлы», «бен Ладеннің мұрагері» деп атаған. Мұндай сөздер оның өмірін одан әрі қиындатқан.

2006 жылы Омар британиялық Джейн Феликс-Браунмен танысқан. Кейін ол есімін Зайна әл-Сабах деп өзгерткен. Олар үйленіп, Францияға көшкен.
Сол жерде Омар бала кезіндегі сүйікті ісі - сурет салуды қайта бастаған. Өткен өмірінен соғыс пен зорлық туралы естеліктер емес, өнерге деген қызығушылығы қайта оралған.
Тора-Борадан сурет шеберханасына дейін
Омар 2020 жылы пандемия кезінде сурет салумен шындап айналыса бастаған. Оның айтуынша, әйелі қылқаламды қайта қолға алып, кенепке сурет салып көруге кеңес берген. Кейін оның картиналары Франциядағы көрмелерге қойылған.
Омар өз естеліктерін сурет арқылы жеткізеді. Ол жылқыларды, шөлді, тауларды, жолдар мен ағаштарды, Американың батысын салады. The Light («Жарық») картинасында жарқын көкжиекке қарай созылған қара жол бейнеленген. Басқа жұмыстарынан Тора-Бора тауларын, шөлдер мен Ніл өзенін көруге болады.
2022 жылы Францияның солтүстігіндегі Нормандияда, Arielle Brocante атты шағын өнер кеңістігінде Омардың 30-ға жуық картинасы көрмеге қойылған. Сол кезде француз басылымдары оны табиғат көріністерін салатын, суретші ретінде танылуға ұмтылған жан деп таныстырған.

Омар сурет салудың өзі үшін маңызын былай түсіндірген:
«Мен есейдім. Өмірімде алғаш рет өзімді қабылдап, жайлы сезініп жүрмін. Мұны өзім де, өзгелер де ұғынғанын қалаймын. Өткен өмір артта қалды. Енді болған жағдайларды қабылдап, әрі қарай өмір сүруді үйрену керек».
Өткен өмірі қайта алдынан шықты
Омар Нормандияда әйелімен тұрып, сурет салып, көрмелерге қатысып, өмірі бір ағысқа түсе бастады. Бірақ бен Ладен деген тегі оған бұл жерде де тыныш өмір сүруге мүмкіндік бермеді. Қайда барса да тегі алдынан шығып берді.
2023 жылы Франция билігі оның тұруға рұқсатын жойып, елден кетуін талап етті. Бұған әлеуметтік желідегі жазбалар себеп болды. Билік оларды терроризмді мадақтау деп бағалады. Ал Омар жазбаларды өзі жарияламағанын, оның атынан қаскөйлер жазғанын айтып ақталды.
2024 жылдың қазанында әкімшілік сот бұл шешімді өзгертпеді. Франция билігі Омардың елге қайта кіруіне өмірлік тыйым салды.
Соңғы мәліметтер бойынша, Омар әйелімен Катарда тұрады. Жаңа суреттері мен көрмелері туралы ешқандай ақпарат жоқ. Бұл оқиға ол үшін қайырлы болған шығар деп сенеміз. Себебі алғаш рет ел назарынан жырақта, тыныш өмір сүруге мүмкіндік туды.



