Заң бойынша, әрбір қазақстандық азаматтың жалақысынан ай сайын бірнеше салық пен міндетті төлем ұсталады. Бұл төлемдер мемлекетке түсіп, әлеуметтік бағдарламалар мен қоғамдық қызметтерге жұмсалады. Кейбірі тікелей бізге қайтып келеді, ал кейбірін жұмыс беруші өз қалтасынан төлейді. Есепші Балжан Бақытқалиқызы әр салық пен аударымның қайда кететінін және қалай жұмсалатынын түсіндіріп берді.
Қызметкер қандай салық пен жарналар төлейді?
1. Міндетті зейнетақы жарнасы. Жалақыңыздың 10%-ы міндетті зейнетақы жарнасы үшін ұсталады. Бұл сома сіздің жеке зейнетақы шотыңызға түседі. Кейін зейнетке шыққанда осы жиналған ақшаны зейнетақы етіп аласыз. Қазіргі бұл ақшаны Отбасы банк арқылы ипотека рәсімдеу үшін алғашқы жарна ретінде шығаруға болады.
Көп дегенде елдегі ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінің 10%-ын салуға болады. Мысалы, қазір ең төменгі жалақы – 85 000 теңге. 85 000 × 50 = 4 250 000 теңге, оның 10%-ы – 425 000 теңге.
Дегенмен бұл бір жұмыс орнына қатысты нәрсе. Адам екі жерде істесе, екі жақтан да көп дегенде 425 000 теңге міндетті зейнетақы жарнасын аудара алады.
I, II топтағы мерзімі шексіз мүгедектігі бар адамдар, әскери адамдар, құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, зейнеткерлер зейнетақы жарнасын төлемейді.
2. Медициналық сақтандыруына аударым. Бұған кететін ақша медициналық сақтандыру қорындағы сіздің жеке шотыңызға түседі. Сол жерден медицина ұйымдарына жіберіледі. Бұл қаражат қызметкерге кез келген мемлекеттік емханадан тегін ем ал алады.
Оған қызметкер табысының 2%-ын аударады. Көп дегенде елдегі ең төменгі жалақының 20 еселенген мөлшерінің 2%-ын соманы сала алады: 85 000 × 20 = 1 700 000 теңге, оның 2%-ы – 34 000 теңге.
Зейнеткерлер, әскерилер және алтын, күміс алқа алған аналар, кәмелет жасына толмағандар, студенттер, АСП алатындар, жұмыссыздар, бас бостандығынан айырылғандар, декреттегі аналар төлемейді. Бірақ декреттегі ана табыс тапса, атында жеке кәсібі болса, төлемнен босатылмайды.
Егер адам екі жерде жұмыс істесе және жалақысы жоғарғы шектен асып кетсе, міндетті медициналық сақтандыруға бір жұмыс орнынан ғана аударым жасауына болады. Ол үшін бірінші жұмыс орнынан екінші жұмыс орнына ай сайын анықтама апарып отыру қажет.
3. Жеке табыс салығы – жеке тұлғалардың табысынан алынатын салық. Бұл сома мемлекеттің бюджетіне түседі және әлеуметтік мақсат үшін жұмсалады. Жалақыңыздан міндетті зейнетақы және міндетті медицина сақтандыруына кететін соманы азайтады. Кейін шегерім жеңілдігін пайдаланып, 30 АЕК, яғни 129 750 теңгені (2026 жыл бойынша, 1 AЕК = 4325 тг) азайтады. Содан шыққаны соманың 10%-ын жеке табыс салығы етіп төлейді.
"І, ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар жеңілдік ретінде жылына 5000 АЕК (21 625 000 теңге), ІІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар және 18 жасқа дейінгі, туа біткен мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар 882 АЕК (3 814 650 теңге) шегеріп, жеке табыс салығын төлей алады”, – дейді есепші.
Жұмыс беруші қызметкері үшін өз қалтасынан қандай салық пен жарналар төлейді?
1. Міндетті зейнетақы жарнасы. Жұмыс беруші қызметкердің жалақысының 3,5%-ын міндетті зейнетақы жарнасы ретінде өз қалтасынан төлейді. Бірақ жұмыс беруші 1975 жылдан бастап туған қызметкерлері үшін ғана төлейді. Бұл ақша қызметкердің БЖЗҚ-дағы шартты зейнетақы шотына түседі. Жұмыс беруші көп дегенде елдегі ең төменгі жалақының (2026 жыл бойынша 85 000 теңге) 50 еселенген мөлшерінің 3,5%-ына тең соманы ғана сала алады.
2. Міндетті кәсіби зейнетақы жарнасы – зиян немесе қауіпті жағдайда жұмыс істейтін қызметкерге аударылатын қосымша зейнетақы жарнасы. Мұны бәрі төлемейді. Төлем мөлшері – жалақының 5 %-ы.
3. Медицина сақтандыруына аударым. Жұмыс беруші қызметкерінің жалақасының 3%-ын медицина сақтандыруына өз қалтасынан төлейді. Бұл ақша қызметкердің медициналық сақтандыру қорындағы арнайы шотына түседі. Сол жерден медициналық ұйымдарға жіберіледі.
4. Әлеуметтік аударым. Жұмыс беруші ай сайын қызметкердің жалақысының 5%-ына тең соманы әлеуметтік аударымға жібереді. Қызметкердің денсаулығы нашарлап, жұмысқа жарамсыз болып қалса, асыраушысынан айырылса, жүкті болып, босанса немесе бала күтімі бойынша демалысқа шықса, осы қордан әлеуметтік төлемдер алады.
Жұмыс беруші ең аз дегенде елдегі ең төменгі жалақының 5%-ын, көп дегенде елдегі ең төменгі жалақыны жеті еселеп, соның 5%-ын аудара алады.
5.Әлеуметтік салық. Жұмыс беруші қызметкері үшін мемлекетке әлеуметтік салық төлейді. Бұл ақша бюджетке түседі. Мемлекет бұл қаражатты мектеп, емхана, балабақша салуға, оны дамытуға, құқық қорғау органдарын, әскери мекемені қаржыландыруға, әлеуметтік нысан мен аумақтарды дамыту үшін жұмсайды. Әлеуметтік салық зейнетақы төлеуге, медицина көмегін беруге де қолданылады.
Қызметкердің жалақысынан міндетті зейнетақы жарнасын және міндетті медициналық сақтандыру аударымының сомасын азайтады. Қалған соманың 6%-ы – әлеуметтік салықтың мөлшері.
“Мысалы, айлығыңыз 100 000 теңге делік. Одан 10 000 теңге міндетті зейнетақы жарнасын, 2000 теңге міндетті медицина сақтандыруы сомасын азайтасыз. 88 000 теңге қалды. Мұның 6%-ы, яғни 5280 теңгесі – есептелген әлеуметтік салық. Оны басшыңыз өз есебінен төлейді”, – дейді есепші.
Мысалмен түсіндірейік
Ақботаның жарналар мен төлемдерді қоса есептегенде бір айдағы жалақысы – 500 000 теңге.
Ақбота не төлейді?
1. Міндетті зейнетақы жарнасы ретінде 500 000 теңгенің 10%-ын = 50 000 теңге
2. Міндетті медицналық сақтандыруы ретінде 500 000 теңгенің 2%-ын = 10 000 теңге
3. Жеке табыс салығы ретінде 500 000 теңге – 50 000 теңге – 10 000 теңге = 440 000 теңге – 30 АЕК (129 750 теңге) = 310 250 теңгенің 10%-ын = 31 025 теңге
Жалпы: 91 025 теңге
Қолына алатын жалақысы – 500 000 теңге – 91 025 теңге = 408 975 теңге
Ақботаның басшысы өз есебінен не төлейді?
1. Зейнетақы жарнасы ретінде 500 000 теңгенің 3,5%-ын = 17 500 теңге
Медициналық сақтандыру ретінде 500 000 теңгенің 3%-ын = 15 000 теңге
2. Әлеуметтік салық ретінде 500 000 теңге – 50 000 теңге (қызметкер өзі төлейтін зейнетақы жарнасының сомасы) – 10 000 теңге (қызметкер өзі төлейтін медициналық сақтандыру сомасы) = 440 000 теңгенің 6%-ы = 26 400 теңге
3. Әлеуметтік салық ретінде 500 000 теңге – 50 000 теңге (қызметкер өзі төлейтін зейнетақы жарнасының сомасы) – 10 000 теңге (қызметкер өзі төлейтін медициналық сақтандыру сомасы) = 440 000 теңгенің 5%-ын = 22 000 теңге
Жалпы: 81 400 теңге
Қорытындыласақ, Ақбота жұмыс берушісімен жарна мен төлемді азайтпағанда айына 500 000 теңге айлыққа келіседі. Оның 91 025 теңгесі аударымдарға кетеді де, қолына 408 975 теңге алады. Ал жұмыс беруші Ақботаға ай сайын 500 000 теңге, өз есебетінен жарнама мен аударымға 81 400 теңге төлейді. Жұмыс берушінің жалпы шығыны – 581 400 теңге.




