МедиаҚоғам «Әйеліме көмектесемін», «қатын ұқсама». Микрофеминизм деген не және неге ол бәрімізге керек?

«Әйеліме көмектесемін», «қатын ұқсама». Микрофеминизм деген не және неге ол бәрімізге керек?

13 маусым 2026
5 мин
«По половому признаку» фильмінен үзінді | Фото: Кинопоиск

Гендер теңдігін орнату үшін міндетті түрде саяси реформа жасап, көшеге плакат ұстап шығу шарт емес. Үлкен өзгерістер күнделікті коммуникациядағы, тілдегі және жұмыс орнындағы шағын, саналы әрекеттен басталады. 2024 жылы пайда болған микрофеминизм ұғымының негізгі идеясы да осыған саяды. Бұл – қоғамды емдеудің ең жеңіл және тиімді жолы. Бұл әйелдерге ғана пайдалы деп ойласаңыз – қателесесіз. Tamga Media микрофеминизмнің мәнін талдап, оны күнделікті өмірде қалай дұрыс қолдануға болатынын анықтап көрді.


Микрофеминизм деген не және ол қалай пайда болды?


Микрофеминизм – гендер теңсіздігімен күресу үшін күнделікті өмірде, әңгімеде және жұмыста жасалатын кішігірім, саналы іс-әрекеттер. Бұл радикал талап емес, қоғам санасына сіңіп қалған үйреншікті стереотиптерді қарапайым дағдылар арқылы бұзу тәсілі.


«Микрофеминизм» термині алғаш рет 2024 жылы наурызда TikTok-та пайда болды. Америкалық продюсер әрі контент-мейкер Эшли Чейни видеода жұмыста хат жазғанда әрқашан әйелдің атын бірінші жазатынын айтып, оқырмандарынан: «Ал сен микрофеминизмге қалай үлес қосасың?» деп сұрады. Осыдан кейін мыңдаған әйел өз тәжірибесін бөлісіп, термин бірден трендке айналды.


Бір қарағанда бұл жаңа ұғым сияқты көрінгенімен, ғылыми тұрғыдан алғанда Эшли Чейни Америка ашқан жоқ. Ғалымдар мұны «микро-агрессияға», күнделікті елеусіз дискриминацияға қарсы бағытталған «микро-интервенция» немесе «күнделікті феминизм» деп атайды. Гендер теңсіздігі заңдарда ғана емес, біздің үйреншікті нормаларымызда, әзілдерімізде және бейсаналы іс-әрекеттерімізде жасырынған.


Күнделікті өмірге қалай енгіземіз?


1. Кеңседегі «көрінбейтін» теңсіздікті бұзу


Электрон пошта немесе жұмыс чатында бірнеше адамға хат жазғанда дефолт түрдегі «қайырлы күн, Азамат, Айнұр» дегеннің орнына «Айнұр мен Азамат» деп жазып дағдыланыңыз. Бұл қарапайым деталь көрінбейтін иерархияны бұзады.


Джордж Уашингтон университетінің зерттеуі бойынша, ер адамдар әйелдердің сөзін (ерлердікіне қарағанда) 33% жиірек бөледі. Үш минуттық әңгімеде ер адам әйелді 2,1 рет, ал ер адамды 1,8 рет бөледі екен. Сондықтан жиында немесе кездесуде әйел әріптесіңіздің сөзін біреу бөліп жіберсе, «кешіріңіз, Айнұр сөзін аяқтап алсыншы» деп сыпайы тоқтатыңыз. Мүмкіндігінше жиналыста бірінші болып әйелдерге сөз беріңіз.


Әйелдің ұсынған жақсы идеясын сәлден соң ер адам қайталап, иемденгісі келсе, әділдік орнатыңыз. «Иә, бұл керемет ой, мұны жаңа ғана Аружан айтып өтті ғой» деп идея авторын міндетті түрде көпшілік арасында атап өтіңіз.


«Кеңседегі келін» стереотибінен арылыңыз. Кеңсеге қонақ келсе немесе біреудің туған күні болса, дастарқан жайып, шай құю қыздардың мойнына ілінеді. Harvard Business Review зерттеуіне сүйенсек, әйелдер мансапқа еш пайдасы жоқ мұндай ақысыз жұмыстарды ерлерге қарағанда 48% жиірек істейді. Ал басшылар мұндай тапсырманы әйелдерге 50% жиірек береді, себебі олардың келісетініне бейсаналы түрде сенеді. Құжат толтыру немесе шай қайнату сияқты істерді ер адамдарға да тең бөліңіз.


2. Отбасы мен қарым-қатынастағы теңдік


«Мен әйеліме үй шаруасына көмектестім» деуді біржола доғару керек. Шаруа ортақ болғандықтан, ол көмек емес – бірдей жауапкершілік. Баланы бағу, сабағын бақылау немесе тамақ істеу тек анаға емес, әкеге де тең жүктелуге тиіс.


Қайын жұртқа сыйлық алу, қонақ күту немесе туыстардың келіп-кетуін ұйымдастыру көбіне әйел мойнына артылады. Ата-ананың шаруасын реттеу мен туыстық қатынасты сақтау міндетін тек әйел адам атқаруға тиіс деген түсініктен арылып, оны бірлесіп атқару қажет.


Үйде кішкентай бала болса да, әйелдің өз сүйікті ісімен айналысуына толыққанды уақыт берілуі шарт. Ол фитнес залына барып жаттығу жасай ма, әлде табиғатқа шығып, хоббиіне уақыт бөле ме – өз еркі екенін ұмытпаған жөн. Осыған жағдай жасап, сол уақытта үй мен балаға қарап, жауапкершілікті мойныңызға алыңыз.


3. Тіл мен мәдениеттегі стереотип


Көз алдыңызға басшыны, хирургты немесе ғалымды елестетіп көріңізші. Көбіміздің ойымызға ер адамның бейнесі пайда бола ма? Стэнфорд университетінің когнитив психология саласындағы зерттеулері мұны «маскулин дефолт» деп атайды. Яғни қоғамда «адам» автомат түрде еркек ретінде қабылданады. Ал Implicit Association Test зерттеуі адам миының бейсаналы түрде мансапты ер адаммен, ал отбасын әйелмен байланыстыратынын дәлелдеген. Тіл мен сөйлеу мәнеріміз біздің қабылдауымызды тікелей басқарады. Сондықтан мамандық иесінің кім екені нақты белгісіз болған жағдайда, мидағы осы қатып қалған стереотипті бұзу үшін оны әйел адам ретінде елестетіп көріңіз.


Сонымен қатар тілімізге сіңіп қалған жасырын сексизммен күресу – микрофеминизмнің басты мақсаты. Кез келген ортада әйелдерді кемсітетін әзілдерді қалыпты деп қабылдамаңыз. Біздің менталитетте жиі айтылатын «әйел бастаған көш оңбас», «шашы ұзын, ақылы қысқа» деген тіркестерден, сондай-ақ көлік айдайтын әйелдерге қатысты арзан әзілдерден аулақ болу керек. Бұған қоса «еркек қой енді», «еркекке бәрі жарасады» немесе «қатын ұқсамашы» деген сияқты ерлердің кез келген қатесін ақтап алатын және әйелді төмендететін сөздерді лексиконнан мүлдем алып тастаған дұрыс. Қандай бұрыс әрекет болмасын, ол жынысқа бөлінбейді.


Кейде әйелдерге комплимент, тілек айтылғанда «әрқашан осылай гүлдей жайнап жүре бер», «бағың ашылсын», «жақсы келін бол», «ортаның сәні бол» деп, оның құндылығын тек сырт келбетімен немесе «әйелдік міндетімен» шектеп қояды. Бұларды мынаған алмастырып көріңіз: «Сенің кәсібилігіңе тәнтімін» немесе «өз ісіңнің нағыз мықты маманысың» деген сөздер әйелдің қоғамдағы құндылығын арттырады.


Ер адамдарға бұдан не пайда?


«Феминизм әйелдерге ғана керек» деген – қоғамдағы ең үлкен қате түсінік. Шын мәнінде, теңдік ер адамдарды ауыр жауапкершіліктен босатады.


Патриархат қоғам ерлерден әрдайым «мықты», «эмоциясыз» және «асыраушы» болуды талап етеді. «Ер адам жыламауы керек», «эмоцияны көрсету – әлсіздік» деген қасаң түсініктер ерлердің психикалық саулығына ауыр соққы болып тиетіні ғылыми дәлелденген. Микрофеминизм ер адамға өз эмоциясын еркін көрсетуге, шаршағанын мойындауға және бала тәрбиесіне толық араласуға мүмкіндік береді.


Қоғамда әйелін сыйлайтын, үй шаруасына көмектесетін немесе баламен үйде отыратын ер адамдарды «подкаблучник», «етекке жабысқан» немесе «ез» деп мазақтайды. Бұл – токсик маскулиндіктің жемісі. Микрофеминизм осындай «стандарттарды» жойып, жұптарымен қалыпты, тең әрі сау қарым-қатынас құрғысы келетін ер азаматтарды қорғайды. Ал ер адам да теңдік орнатуға атсалысқанда ұйымдағы немесе отбасындағы өзгеріс әлдеқайда тез әрі жеңіл жүреді.

Бөлісу: