МәдениетСалт-дәстүрАйдар, тұлым, кекіл: қазақ балаларына неге ерекше шаш үлгісін қойған?

Айдар, тұлым, кекіл: қазақ балаларына неге ерекше шаш үлгісін қойған?

22 шілде 2026
3 мин
Фото: Tamga Media | ЖИ

Ертеде қазақтар балаларына айдар, тұлым, кекіл сияқты ерекше шаш үлгілерін қойған. Бұл жай ғана сән емес еді. Әр шаш үлгісінің өзіндік мәні болған. Кейде оған қарап баланың отбасындағы орнын, жасы немесе тағдырын аңғарған. 


Қарын шаш


Қазақ халқы нәрестенің ана құрсағында біткен алғашқы шашын қарын шаш деп атаған. Ол сәбидің пәктігінің белгісі саналған. Сондықтан қарын шашты алу да ерекше рәсім болған. Кей отбасы оны сәби қырқынан шыққан соң алса, енді біреулері бір жасқа толғанда алған.


Қарын шашты көбіне жасы үлкен, елге сыйлы, «қолы жеңіл» адам алған. Қазақтар шашты жерге тастауға болмайды деп сенген. Сол себепті оны отқа жаққан немесе ошақтың қуысына сақтаған.


Кей өңірде бұл рәсім үлкен қуанышқа айналған. Әсіресе көптен күткен немесе жалғыз баланың қарын шашын алғанда ағайын жиналып, мал сойып, той өткізген.


Кекіл


Кекіл – ұлға да, қызға да қойылатын шаш үлгісі. Қарын шашты алғаннан кейін маңдай тұсында бір шөкім шаш қалдырған. Халық арасында «ашық маңдайлы балаға көз тез тиеді» және «кекіліне періште ұялайды» деген сенім болған. Сондықтан кекіл баланы тіл-көзден қорғайды деп есептелген. Осыдан «кекілді бала», «кекілді қыз» деген еркелету сөздері шыққан. Мысалы, бұған халық әніндегі «Қарағым, айналайын, кекілдім-ай, көгілдір аққудың секілдім-ай» деген өлең жолдары дәлел.


Айдар


Айдар – ер баланың төбе тұсында ғана шаш қалдырып өсіретін шаш үлгісі. Ал оның айналасындағы қалған шашты түгел алып тастаған. Айдар көбіне көптен күткен, ұзақ жылдардан кейін дүниеге келген ұлға немесе жалғыз ұлға қойған. Қазақтар айдарды тіл-көзден сақтайтын ырым деп сенген.


Кейде ел билейтін әулеттің мұрагеріне айдар қойған. Сондықтан айдар баланың ерекше орны мен оған артылған үміттің белгісі саналған. Халық арасында осыдан «Айдарлы бала – айбарлы бала» деген сөз қалған.


Баланың айдары өскенде оған маржан моншақ тағып қойған деседі. Ұл бала есейіп, ұзын айдарынан ұялатын жасқа жеткенде немесе сүндетке отырғызар алдында немесе алғашқы мүшел жасына толғанда айдарын арнайы рәсіммен қиған. Бұл да баланың ер жетіп келе жатқанын білдіретін дәстүр саналған.


Байдалы


Қазақта байдалы шаш ер баланың мәртебесін білдіретін ерекше шаш үлгісі болған. Оны көбіне 12 жастан асқан ұлдарға қойған. Кейде айдары алынғаннан кейін ертерек те өсірілген.


Жаугершілік заманда батырлар жекпе-жекте жеңілсе, қарсыласы оның басын емес, төбесіндегі байдалы шашын кесіп алатын болған. Бұл жеңістің белгісі саналса, ал байдалысынан айырылған батыр үшін үлкен масқара еді. 


Тұлым


Тұлымды көбіне қыз балаға қойған. Екі самайына шаш қалдырып, өріп, ұшына бау таққан. Сондықтан қазақтар қыз баланы «тұлымды қыз» деп еркелеткен. Этнографтардың айтуынша, тұлымның бірнеше мәні болған. Өңкей ұлдың арасында туған жалғыз қызды тіл-көзден сақтау үшін немесе қыз көрікті, сұлу болып өссін деген ниетпен тұлым қойған.


Кейбір деректе хандардың ерекше жақсы көрген мұрагеріне де тұлым қойылғаны айтылады. Бала мүшел жасқа жеткенде тұлымы қиылған. Қазақ арасында осы арқылы ауру-сырқау мен жамандық бірге кетеді деген сенім болған.


Желке шаш немесе кежім


Қазақ дәстүрінде барлық шаш үлгісі қуаныш пен мейірімге ғана емес, қайғы-мұңға да қатысты болған. Мысалы, ата-анасынан ерте айырылған немесе жетім қалған баланың желкесіне бір шөкім шаш қалдырған. Мұны «желке шаш» немесе «кежім» деп атаған. Бұл – айналадағы адамдарға баланың жетім екенін үнсіз білдіретін белгі еді. Мұндай баланы көрген жұрт оны ренжітпеуге, қорламауға тырысып, керісінше ерекше қамқорлық танытқан.


Бұл дәстүр тек қазақта ғана емес


Балаға ерекше шаш үлгісін қою немесе алғашқы шашын арнайы рәсіммен алу дәстүрі әлемнің көптеген халқында кездеседі. Әр елдің салты әртүрлі болғанымен, бәрінің мақсаты ұқсас – баланы жамандықтан қорғау және оның өміріндегі жаңа кезеңді атап өту.


Қырғыз, қарақалпақ, алтай, тыва сияқты көптеген түркі халықтарында да қазақтар сияқты балаларына айдар, тұлым, кекіл қойған.


Моңғолдарда алғашқы шаш қию рәсімі «дааг үргээх» деп аталады. Бұл күні баланың шашын ең сыйлы адамдар кезекпен қиып, оған ақ бата береді.


Үндістанда нәрестенің ана құрсағында біткен шашын арнайы «мундан» рәсімімен алады. Үнділер мұны баланың жаңа өмірге қадам басуының белгісі деп санайды.


Малайзияда малай халқының «Cukur Jambul» (шаш қию) дәстүрі бар. Ол көбіне сәби туғаннан кейінгі жетінші күні немесе анасының қырқынан шыққан соң өткізеді. Бұл рәсімде баланың шашын алып, оған ақ бата беріп, сәбиді отбасы мен қауымға таныстырады.


Иудей дәстүрінде ер баланың шашын үш жасқа дейін алмайды. Үш жасқа толғанда өткізілетін «упшерин» рәсімі баланың білім алуға дайын болғанын білдіреді.


Ежелгі Мысырда балалардың шашын түгел алып, бір жағында ғана өрім қалдырған. Бұл «Гор бұрымы» деп аталып, баланы жамандықтан қорғайды деген сенім болған.


Таиландта балалардың төбесіне бір шоқ шаш қалдырып өсірген. Тайлардың сенімі бойынша, бұл шаш баланы жын-періден, тіл-көзден және түрлі бәле-жаладан қорғайды. Бала есейгенде арнайы «Кон Чук» рәсімімен шашын қиып, есейгенін тойлайтын.


Қорытындыласақ, қазір айдар да, тұлым да күнделікті өмірден жоғалып барады. Алайда бұл дәстүрлер қазақ халқының балаға ерекше мән бергенін көрсетеді. Қай халықты алсақ та, шашқа қатысты ғұрыптардың түпкі мақсаты бір болған: баланы тіл-көзден қорғау, дені сау өссін деп тілеу және оның өміріндегі маңызды кезеңдерді ерекше рәсіммен белгілеу.

Бөлісу: